• Әдебиет
  • 14 Маусым, 2012

Тілді қолдаушы ма, әлде қорлаушы ма?..

«Балық басынан шіриді». Осы сөз қашан, қалай айтылса да халық пікірінің замандар легінен сұрыпталып, іріктеліп барып орнығып қалған ұғымы ретінде ескіруді білмей, ұдайы жаңарып естілуімен таңдандырады. Ұлттық тіліміздің жалаугері «Ана тілі» газетінің жуықтағы №23 санында жарық көрген «Төраға неге тулады?» деген материалды оқығанда осындай ой келді. Ана тіліне жаны ашиды, оның барын базарлап, жоғын түгендейді деп қолына қоғамның аудандық ұйымының тізгіні берілген төраға А.Жолдыбаевтың қазақша сөйлеген адамды «сотқа беру керек» деп шамдануы, сыпайылап айтқанда, біріншіден, төрағасы осындай ұйымның кемелділік деңгейінің қандай екендігін айғақтаса керек. Екіншіден, А.Жолдыбаев, сөз жоқ, ащы да болса айтуға тура келеді, «аты бар да, заты жоқ» дейтіндей жағдайға келген халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бүгінгі айнасы.

Қоғам басшылығына ойланатындай уақыт болып еді, енді заман басқа, заң басқа дегендей ұрпақ ауысты, рухани сананың міндеттері мен талаптары да өзгеше, соған сәйкес қызмет те жаңаға бейімделіп, өзгеруі керек еді. Амал жоқ, ұйым әлі күнге дейін тіл туралы ескі үлкен дүбірдің алғашқыда біршама нәтижеге жеткізген, алайда жаңа жағдайдағы талаптарына жауап беруге дәрменсіз екпінімен келеді. Бейнелеп айтқанда, тіл қоғамы желкенді кеменің тағдырын сипаттайтын секілді. Ілкіде халық дейтін асау толқынның қуаты, екпінімен барар жағымызға тез жетеміз деп айдынға шыққан кеме кейін дүбір-жел басылғасын енді қайтіп, қалай жүзерін білмей қайраңдады да қалды. Бұл жағдайға тек кінәлі ұйым басшылығы емес, соған жаны ашитын бәріміз де айыптымыз. Автор оқырмандарға қаратып: «Сіздер не айтар екенсіздер?» деумен мақаласын аяқтаған екен. Біз бәріміз де тіл дейтін ұлы руханиятымыздың терең мәнісін түсінбегендіктен кемшіліктердің себептерін Үкіметтен, қазақша сөйлей білмейтіндерден, «жетілмеген» заңдардан көріп, олар түзелсе тіліміз де түзеледі деп тым таяз ойлаумен күн кешуліміз. Сіз бен біз біле бермейтін шығармыз, бірақ дұрыс лингвистер мен дұрыс филологтар адамдар тарихында тіл мәселесін билік шешкен тәжірибені мысалға келтіре ала ма? Тілді әдейі жаттап үйренуге болар, оны кешегі Кеңес дәуірі көрсетті, ал зорлықпен үйретудің қандай үлгісі бар? Тіл – рухани сала, ал рухты Заңмен реттеу деген не? Коррупция дейтін бәлені болдырмауға байланысты Заңдар жетерлік. Ол Заңдар орындалатын болса неге орындалмайды, қайта өршіп барады... Заңның аясында жұмыс істейтін Тілдер­ді дамыту басқармалары­ның өзге ұлт өкілдеріне қазақ­тың бағзыда киген, бүгінде тұрмыста жоқ шапандарын кигізіп, қуыршақ фестиваль жасаудан өзге нәтижелі ісі көрінбейтінін білеміз. Сосын, бізге, қатардағы көп жұртқа тіл мәселесіндегі кемшіліктердің себептерін мәнді-мәнсіз әр нәрседен көріп, жақын тұрған бір-бірімізді түрткілейміз. Ал ол түзелмейді, қайта елдестердің арасына араздық түсіріп алыс­тата береді. Түрте қалсақ, көзге түсіп қалған көрінгенді емес, жалпыға ортақ мәселені шешу­ге ықпал жасауға міндетті би­лік­ті де жөнімен түртейік. Мысалы, тілге қатысты құзырлы орын­дар не бітіріп отыр? Тілді дамыту­ға бөлінген қаржы еселеп өсуде. Қайтарым қандай? Жауғаш­ты шырақ, Сізді сол ауыл адамдары қатысқан ресми жиналыс­та «болтун» деп сөккенде селт еткендер, сірә, болған жоқ. Сіздің абыройыңызбен бірге қайран тіліміздің абыройын түсірді деп азаматтық тұрғыда, тіл қоғамының сол аудандық, облыстық ұйымдарына баға берілді ме? Сірә, берілген жоқ. Неге олай болып отыр? Мақала авторының сауалына менің пікірім осы. Шәңке Байдәулет Ақтөбе

2590 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы