• Әдебиет
  • 21 Маусым, 2012

Суреткер. Қапан Сатыбалдин шығармашылығы хақында

Қапан Сатыбалдин әдебиетке сонау бір қысталаң кезең, отызыншы жылдары келді. Ұлтын сүйген, отаншылдық сезімі орасан қаламгер әуелде поэзиялық туындыларымен танылып, әдеби шығармашылықтың бар саласында қолтаңбасын қалдырды. Қаламгер әдеби өмірдің бар ағысына араласты. Өз дәуіріндегі әдеби даму үрдісінде оның шығармалары публицистік жалынымен, өршіл отансүйгіштік сезімімен, биік мұраттарға беттеген рухани қуатымен ерекшеленді. Қапан Сатыбалдиннің прозалық шығар­малары жаңашыл жазу бағыт­тарымен, халық тілінің қанық бояуы көшкен сұлу тілімен танылды. Сатыбалдин көркем очерк саласында да өнімді еңбек етті. Ол очеркті көркемдік деңгейі жоғары, көркем шығармадай қызыға оқылатын етіп, ширықтыра жазатын. Оның көркем прозадағы, драматургиядағы жеңіл, нақты, қарапайым өмір суреттерін қамтып жазу қолтаңбасының қалыптасуына очерк жанрында төселу машығының өзіндік ықпалы болды десек артық айтқандық емес. Нені жазса да түпкі негізінен тартып тарқатып жазатын, жауапкершілікпен, шығармашылық шабытпен жазатын қаламгердің әр жылдары жазылып, жарияланған «Газиттің аты «Правда», «Қазақстан туралы сөз», «Бейбітшілік берік қолда», «Коммунизм дастаны», «Мейрам күнгі ой», «Екі сайлау арасында», «Жамбылмен жиырма тоғыз күн», «Сәкеңнің кейіпкерлеріне сөз береміз», «Достық құшақтар айқасқанда», «Мыңтеңге», «Кет­пенді адам», «Тың жерліктер мақ­танышы», «Жомарт күз», «Ақмола даласында», «Қазақстан магниткасы», «Қарсы алдымда қара құдай», тағы басқа көптеген очерктері арнайы зерттеуді қажет етеді. Қаламгер очерктерінің тілі көркем, сюжет құрылымы шымыр, жинақы. Деталь ойнатып, портрет жасап, табиғат көріністерін көзбен шола кетіп көкейге қондырып жазу шеберлігі айқын. «Жамбылмен жиырма тоғыз күн» очеркінің көркемдік кестесі бөлек. Бұл очерк қазақ поэзиясының жампозы Жамбыл­дың көзін көрген адамның әсерге толы ес­телігінен тұрады. Жамбыл ақын өмірінің бас­қаға беймәлім сәттерінің сыры ашылады. Халқымыздың ұлы жырауы Жамбыл бейнесін тірілте түсер оңтайлы өмір детальдарын жазушы қаз-қалпында түсіре қояды. Оның аузынан шыққан әр сөз, әр қимыл, әр сәтіне, шығармашылық болмысына әр қырынан аса байқампаздықпен көз тігеді. Жәкеңе ет жеуге болмайды. Дәрігер әйел етті майдалап қана аздап жеуге рұқсат еткен. Жамбылдың, жүз жасаған қарт жыраудың, қай сәті болса да мағынаға толы. Қапан Сатыбалдин өзі куә болған сонау бір алыс жылдардың қазақ баласына қашан да ыстық, сағынышқа айналған Жамбылмен байланысты тарихи сәттерін тірілтеді, суретін сызып көз алдыңа әкеледі. «Жәкең екеуміз бір купедеміз. Қазақ өлеңінің қарт атасы Жамбылға қарай берем. Жәкең көбінесе терезеге қарап, жер көріп отырады. Жасы жүзді алқымдап жүрсе де, жай қарамай, сергек, кейбір қарттар секілді көп қисая бермейді. Қолмен ұстаған әсем таяғын ақырын тықылдатып, ыңылдап өлеңдетіп отырады. Жамбылдың жаратылысынан ақын екені, өлеңсіз өмірі жоқ, күні жоқ екені байқалады, ермегі де, өлең екені байқалады. Ағып тұрған өлең. Бір минут өлеңсіз отырмайды. Оны-мұны өлеңдетіп, қолма-қол ұйқастырып отырады. Аузынан өлең кетпейді. Әттең, жасы ұлғайып кеткеніне өкінесің. Әйтпесе, Жамбылдан лириканың жеті атасы шығар еді» дейді ол Жамбыл жайлы. Жамбылмен жақын болған күндер туралы очерк аяқталмай қалған. Соның өзінде тарихи тұлғаның тағдыр белестеріндегі шуағын сезіне отырып оқисың. Ұлттық драматургияның кеңестік дәуірдегі дамуында өзіндік қолтаңбасы қалған қаламгер Қапан Сатыбалдиннің шығармашылық өрісіндегі прозалық туындыларының көркемдік сипаттары туралы айтылуы да жазушы-драматургтың шығармашылық зерт­ханасының сырларына бойлата түседі. Қапан Сатыбалдиннің «Қараторғай» жинағының аннотациясында былай делінген: «Жазушы Қапан Сатыбалдин жұрт­шылыққа бұрын ақын, драматург ретінде белгілі еді. Автор бұл жолы оқушы қауымға өзінің бірнеше прозалық еңбектерін ұсынып отыр. Мұндағы «Қараторғай» повесіне талант иесінің тағдыры, ал «Сырдария тасыған шақта» Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыл өмірі арқау болған. «Айналайын, Үндістан» мен «Қарсы алдымда қара құдай» атты әрі эссе, әрі лирикалық күнделіктер жазушының шетел өмірінен алынған әсеріне толы. Сонымен бірге бұл жинақта әр түрлі тақырыпқа жазылған оннан астам әңгіме бар. Қаламгердің қай шығармасы да оның шеберлік деңгейіне айғақ. «Қараторғай» жинағы Қапан Сатыбалдиннің «Қаратор­ғай» повесімен басталған. Шығарманың баяндау тілі, автордың портрет жасау, кейіптеу шеберлігі оқушыны бірте-бірте өзіне тартады. Ел өмірінің белгілі бір кезеңі – кеңестік заманның кемелденген тұсындағы шопандар өмірі шынайы суретке толы. Табиғат, тау арасының жанға жылы көріністерімен басталған шығарма адам мінездерін жеткізудегі жазушы мүмкіндігін көрсетіп жатқан баяндау-суреттеулермен үйлесімді сабақтасады. Оқушы композитор жігіт Досай, оның мінез-құлқы, жайлауға ат арытып келген мақсаты – әнші қыз Айгүлдің шопандар отбасындағы өмір көріністері, Тойбазар атты қойшы жігіттің ой-пиғылы, іс-әрекеті Нұралы қарттың қам-мұңы сияқты мәселелердің мән-жайымен ә дегеннен-ақ біршама хабардар болып қалады. Бір жағдайда оқиға желісі Алма­тыдан жалғасын тапқан. Айгүл мұнда көркемөнерпаздар байқауына қатысуға келеді. Қаламгер Қапан Сатыбалдиннің шы­ғармада толып жатқан тіршілік көрі­ністерін сәтін тауып шебер қиюластырып, кіріктіріп отыру дағдысы бірден көзге түседі. Конферансье Сазанбайдың сырт суреті аппаратпен басып алғандай көзде, көкейде қалып қояды. Іс адамының тұлғасын жазушы бір ғана теңеумен ашып тастайды. «Ол осылай дегенде залдың әр жерінен шиқылдаған сұйық күлкі шықты. Бірақ онымен Сазанбайдың жұмысы болған жоқ, өзіне-өзі мәз ол суырша томпаңдап сахнадан тайып тұрды». «Суырша томпаңдап жүрген» деп суреттеу – сәтті. Сенімді. Жазушы теңеулері оқыс, оқшау теңеулерден тұрады. «Көк «Волганың» ешкінің кенейіндей тұлғасы шап-шағын, тарамыс шоферы Медет пен Досай қанша асықтырып, жолақыны үйіп-төккенімен жылдамдықты алпыстан асырған жоқ». «Тым құрыса солай жөндеріңді айтсаңдаршы, құр әкіреңдегенше, – деп мінезі қасаңдай қатты шофер жігіт су тиген көндей жіби түсті». «Солардың ішінде көзі-басы ісінген, екі аяғын біріне-бірін жуытпай талтаңдап жүретін жуан тапал мен аш тазыдай іші қабысқан ұзын бойлы, ақ шашты қара шал осы арадан шықпайды». «Қараторғай» повесінде жазушы жас қыздың қиыны да, қызығы да мол өнер жолына қадам басуын шынайы суреттейді. Жазушы қаламы өмірдің әрбір сәтін қамтып отырып, жедел, жүрдек баяндау­лармен бірталай мәселені қозғайды, көрсетеді. Кезінде әдеби шығармаларға өмірдің қиындығымен күрес, оны жеңіп шығу, бірыңғай жағымды, не жағымсыз кейіпкерлер жасау сияқты міндетті талаптар қойылған тұстар болғаны белгілі. Қаламгер Қапан Сатыбалдин уақыт талабының қалпында көркемдік сапасы көтеріңкі туындылар жазғанына «Қараторғай» повесі арқылы да көзіміз жете түседі. Жас қыздың балаң, албырт қалпы, түрлі ортаға бейімделу, қалыптасу жолы белгілі бір деңгейде шынайы ашылған. Қаламгердің «Сырдария тасыған шақ» лирикалық повесі де – жазу өнеріне аса жауапкершілікпен қараған, үлкен ізденістен туған еңбектің үлгісі. Шығарма бірінші жақтан баяндалады. Мұның өзі кейіпкердің ішкі жан-сезім күйін аша түсудегі оңтайлы бір жазу тәсілі. «Сырдария тасыған шақ» – бойжеткен қыздың атынан баяндалатын шығарма. Бұл повесте қаламгердің төселген, ширақ жазу тәсілі бірден көзге ұрады. Баяндауға тіршілік суреттерін кіріктіре жазғаны жатық, аса нанымды. Әсерлі. Тіршілік динамикасын қалт жібермей, кино кадрына түсіріп алғандай шебер ұтқырлық анық, айқын. Атап айтуымыз керек, соғыс уақытының жайын жазған қаламгер аз емес. Соның ішінде Қапан Сатыбалдиннің осы повесін­де қазақ ішіндегі соғыс сызы, ол әкелген тұр­мыс-күй тауқыметтері мейлінше нақты көрініс тапқан нанымды суреттерге толы. Вокзал басында қызған айырбас сауданың апыл-ғұпыл, жедел, асығыс сипатын жазушы жанды әрекет, табылған сөзбен дәл көрсетеді. Басы артық ұғындыру да жоқ, ұйыстырма көп сөз де жоқ. Бәрі де дөп айтылып, иландырады. Вокзал басында поезд тоқтаған сәт қашан да қарбалас. Соғыс кезеңі ме, бейбіт уақыт па бәрібір. Ал енді соғыстың екпін ызғары ол қарбаласты тіптен қауырт, тым жылдам күйге түсіретіні жазушы баяндауында анық ашылады. Қаламгердің портрет жасаудың да өзіндік оңтайлы тәсілдерін тауып кетіп отыратындығы шығармада әр сәт көрініс береді. Купедегілер тыныстап сыртқа шығысымен орнына қонжиып отырып алған дәудің келтіре сомдалған бейнесін көріп отырғандай әсерде болып, оқушы еріксіз езу тартады. «Желкесі қыртыстанған май басқан адамның не қаласа да бір дырау екені байқалады. Үстінде сұр елтірі жағалы көнетоздау сары былғары тон. Планшеті соған сайма-сай. Бір мезет тоны түстес сары құлақшынды қолына алып, бильярдтың тасындай жып-жылтыр, арбыздай дәу, доп-домалақ үлкен басын шаң-тозаңнан тазартқандай сипалап қойды». Қапан Сатыбалдин табиғат суреттерін, жер жағдайын, адамның кескін-келбетін көрсетуде өмірдің өзінен ойып алған­дай шынайылықты игерген қаламгер болғандығы аталған повесте жан-жақты көрінген. Көп айтып, орағытып, қоспалап әрлеу, қызыл сөз, қысыр сөз жоқ, нақпа-нақ өмір көріністері оқушыны еліте түседі. Жымы білінбей өрілген кестелі тіркестер тіршілік­тің лебімен тыныстап жататыны – қаламгердің сөз қадірін білген, халық тілінің қайнарынан қанып ішкен, тілдік қабаты қалың суреткер болғандығының бір айғағы. Қатира Шакирова, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы

6371 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы