• Әдебиет
  • 05 Шілде, 2012

Елбасы жастарға үміт артады

Жастар саясаты. Аясы ауқымды, мағынасы мәнді ұғым. Егер тереңінен үңілсек, бүгінгі аға буын­ның ертеңгі арқасүйері – жастар. Сайып келгенде жастар­дың бойындағы белсенділік, баста­машылдық – өсуіміздің, өркендеуіміздің нақты бағдар­ла­масы іспетті. Бұл орайда, көптен бері көкейімізде пісіп-жетілген ой­ларымызды ортаға салсақ деп едік.  Жалпы қазіргі қазақ жастарының елішілік қоғамдық-саяси үдерістерден қалыспай, қордаланған проблемалардың түйіншегін тарқатуда өзіндік ой-пікірлерін білдіріп отыруы белгілі бір дәрежеде дәстүрге айналып отыр. Жөн-ақ дейміз. Елбасымыз атап өткендей, қазіргі Қазақстан, әлемдік саяси сахнаға көрермен көзімен қарайтын үйренуші елден өсіп, енді үйретуші ел деңгейіне жетті. Бұл – бұлжымайтын байлам. Сол сияқты осы жиырма жылда жастардың да санасы өсті, ойы серпілді, қоғамға деген көзқарасы өзгерді. Бірақ «бес саусақ бірдей емес». Жастарды ортақ идеяға ұйытып, ұлт мүддесін ұлықтау жолында жұмылған жұдырық қылатын ауызбіршілік, тоқтамды талқы жетпей жатқандай көрінеді кейде. Мысалға, ресми дерек бойынша еліміздің әр тарабын­да 50-ге жуық ірілі-ұсақты жастар ұйым­дары бар екен. Дегенмен, солардың ішінде қаншамасы халқымыз үшін қандай қызмет істеуде? Жалпы осыншама жас­тар ұйымдарының арасынан атына сай іс атқарып, жұмыс жасап жүргендері бар ма екен? Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ жасырмай айтатын ащы ақиқат бар. Қазіргі жастар ұйымдарының біразы өзара билік және оппозиция атты кереғар ұғымдарға бөлініп алғаны жасырын емес. Сөйтеді де, бір-бірлерін сын садағына алады. Әркім өз ақиқатын алға тартып, «шындығына» шаң жуытпай қорғайды, ал қарсы ой айтқан тарапты қаралағанда алдарына жан салмайды.

Еларалық қордаланған көп мәселенің шешілмеуінің бір себебі де осыда жатқан сияқты. Иә, арамызда ел серкесі боларлық жастар жетіп артылады. Бірақ сөзіміздің басында айтқандай, солардың басын біріктіріп, ой-пікірлерін ең алдымен ел, тіл, діл мүддесі үшін бір арнаға тоғыстырған маңызды. Егер Елбасымыздың әрбір Жолдауын мұқият тыңдар болсақ, онда жүктелген міндеттер, ең алдымен, жастарға жүктелген жауапкершілік екенін аңғарар едік. Президентіміздің ай­туынша, мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаты лайықты тұлға ретінде болашақ пат­риотты тәрбиелеу болып табылады. Сондықтан қазіргі аға буын «қызыл қоғамның» шарпуына шыланбаған, коммунистік идеологиямен уланбаған Тәуелсіз Қазақстанның жастарына ай­рықша үміт артады. Елдің ертеңі жастар деп қарайды. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінін нұрландырып, ертеңін гүлдендіретін ұлағатты ұрпақ деп біледі. «Шын мәніндегі бақытты кезеңде өмір сүріп жатқан жастарға өзін таныту үшін мүмкіндіктер өте көп, бұл туралы аға ұрпақ жастық жылдарда армандай алмайтын. Бүгінгі күн – талантты, жігерлі, өзіне сенетін адамдардың, арманға бай және олардың жүзеге асыруға ерік-жігері жететін адамдардың уақыты. Мемлекет жастар үшін барлық жағдайды жасап отырса, одан артық қандай бақыт бар. «Жастық, жалынды шақ – бұл тамаша нәрсе; ал оны рәсуа ету қылмыс» деген екен атақты Бернард Шоу. Қарап отырсақ, осы бір ұлы тұлғаның пәтуалы пікірінің астарында бүгін де, ертең де бұлжымай тұратын тұжырым бар. Бұл – «жас болсаң күш-қуатыңды аямай еңбек ет, сонда ғана алға қойған арманыңа қол жеткізесің» деген қалпы бұзылмаған қағида. Осы ретте Елбасымыздың жастарға жа­уапкершілік артқан қамқорлығы, әрдайым алға итермелейтін игілікті істері еске түседі. Жастар ұйымы туралы сөз еткенде аузымызға алдымен бүгінде бас партиямыз «Нұр Отан» ХДП-мен бірге жұмыс жасап отырған «Жас Отан» Жастар қанаты оралады. Бүгінде «Жас Отанның» жолын қуып жасыл желектей жайқалып келе жатқан жастар ұйымдары қаншама?! Бұл тұрғыда Тәуелсіздік идеологиясын жастар арасында кеңінен насихаттап отырған бірден-бір тұлға Елбасымыз дер едік. Мысалға, былтырғы жылы Мемлекет басшымыздың тікелей қолдауымен елімізде тұңғыш рет біртұтас «Жас Ұлан» бірегей жастар қозғалысы мен «Жас Қыран» атты жаңа балалар ұйымы құрылды. Таяуда Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстандық жол: тұрақтылық, бірлік, жаңғырту» тақырыбында болып өткен Қазақстан халқы ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасымыз еліміздің әлі балаң мемлекет екендігін, әрбір екінші қазақстандықтың жасы 30-ға да жетпегенін, еліміздің келешекке серпінді самғауында өзінің жастардан үлкен үміт күтетінін айта келіп, Үкіметтің алдына алты міндет жүктеген еді. Соларды санамалай кетсек, биылғы жылдың қараша айының басында Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы жасалады. Біздіңше, бұл жобаға еліміздің бетке ұстар жастар ұйымдары, ойы озық, пікірі озат жастары көптеп атсалысуы керек. Елбасымыз жылдың соңына дейін мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша түбегейлі жаңартуды; Білім және ғылым министрлігінің қанатының астынан Жастар саясаты жөніндегі комитет, ал облыстарда тиісті басқармалар құруды; жастар үшін жаңа әлеуметтік лифтілер қалыптастыру қажеттігін, бұл тұрғыда жүйелі кесте әзірлеудің керектігін қадап айтқан болатын. Сонымен қоса жас­тар арасындағы үрдістерге терең зерттеулер жүргізу қажет екендігін және Білім және ғылым министрлігіне Гумилев атындағы Еуразия университеті жанынан «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығын құру туралы мәселені ойластыруды тапсырды. «Жас Отан» жастар қанатының жұмысын күшейте түсу қажеттігін, «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратына «Жас Отанның» 2020 жылға дейінгі іс-қимыл стратегиясын әзірлеп, бекітуді тапсырған болатын. Президентіміздің жастар саясатын же­тілдірудегі Үкімет алдына қойған тапсырмаларына қарап-ақ алдағы уақытта ауқымды жұмыстар жасалатынын аңғарамыз. Бұл жастар мәселесі әрдайым Елбасы назарында екендігінің айғағы жастарға тән проблемаларды шешуде нақты қадам жасалынып жатқанының, жасала беретіндігінің көрінісі. Н.Назарбаев Қазақстан жастарын халықара­лық проблемаларға атсалысуға да белгілі бір дәре­жеде бейімдеп келеді. Бұған Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымының жанынан құрылған Жастар кеңесі анық дәлел. 2009 жылдан бастап белсенді жұмыс жасап келе жатқан бұл ұйымға мүше мем­лекеттердің жастары қарым-қатынасты дамытып, білім беру саласы, мәдени, ақпараттық салаларда біраз қомақты іс-шараларды жүзеге асырып, өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуда. Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жас­тар кеңесінің соңғы үш басқосуы да Қазақстан жерінде өтті. Былтыр Қазақстан жастары осы кеңеске төрағалық етіп, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Сөзіміздің тобықтай түйінін айтар болсақ, жастар саясатын жетілдіруге Елбасымыз айрықша мән беріп отыр. Бастысы, еліміздегі екпінді жастардың тың пікірлері мен нақты ұсыныстары Президентіміз көтерген келелі мәселелерімен ұштасып, іргелі іс атқара берсе екен дейміз. Айдар Қырықбайұлы, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық АҚ-ның баспасөз хатшысы

10854 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы