• Тіл
  • 03 Сәуір, 2009

Қателерден көз сүрінеді

Мен қазақ тілімен қартайған қазақпын. Менің ұстанымым, қалай болғанда да, тілді тазартуымыз керек. Қазіргі журналистеріміз қазақтың байырғы әдеби тілін ұмытқан. Осы тілде көркем әдебиет оқымайды. Үкімет тарапынан ана тіліміздің бұзылып, сәні кетіп бара жатқандығына назар аударылмайды. Қазіргі шенеуніктердің ұлт тілін жетік білейін деген құлқы жоқ. Өйткені, орысша оқығандар. Осы кезге дейін қызметке көбіне орыс мектептерінде оқығандар алынды. Қазақ тіліне аударылып жатқан кинофильмдерде қателер өріп жүр. Мысалы «Милая Анна» фильмі – «Асыл жанды Анна» деп аударылған. Егер «Аяулы Анна» десе орысшасына бір табан жақын болар еді. Киноларда «ренжіме» демейді, «ашуланба» дейді. Қазақта «ренжу», «кею», «өкпелеу», «ашулану» деген сөздердің айырмашылығы әртүрлі. Тағы да мысалдар. «Автомобильная пробкадағы» «пробка» тығын деп аударылып жүр. Келіңкіремейді. Тығын шөлмекте болады. Айта берсек кейбіреулер өздері білмегенімен тұрмайды, тілді көпе көріне бұзып жүр. Мысалы, «Вода – источник жизни» деген сөйлемді «Су – өмір көзі» деп аударған, ал оның дұрысы – «Су – тіршілік көзі». Тағы бірнеше мысалдар келтірсек. Дауылпаз ақын Махамбет Баймағамбет сұлтанға: «Сендей нар-қоспақтың баласы Маған оңаша жерде кездессең Қайраңнан алған шабақтай, Қия бір соғып, қылқ етсем – Тамағыма қылқаның кетер демес ем!» – дейді. Адам суды жұтқанда қылқылдатып жұтпай ма, қылқ етсем дегені жұтып жіберсем дегені. Оны осы кездегілер білгіш болып, қылқ етсем дегенді «ас етсем» деп түзейді. Сонда Махамбет ашығып ас іздеп жүр ме? Махамбет жылдарында республиканың 5-6 облыстарының қазақ драма театрлары Оралға келіп «Махамбет» спектаклін қойды. Махамбеттің рөлінде ойнаған артистердің барлығы да сахнада «ас етсем» деп айқайлады. Осыны есітіп жаным түршікті. Тоталитарлық жүйенің басынан осы кезеңге дейін қазақ халқының бес ұрпағы ауысты. Ұрпақ жаңарып, қоғам өзгерген сайын ана тіліміз бай мазмұнынан ажырап баралы. Бұқаралық ақпарат құралдарында, Үкімет қаулыларында (қазақ тілінде) өрескел қателер жіберіліп жатыр. Жоғарыдан келіп жатқан қатынас қағаздарда, орысшадан қазақшаға аударылған құжаттарда қателер көп. Мысалы, «реабилитация инвалидов» дегенді «мүгедектерді оңалту» деп аударған. Мүгедектер мал емес, малды (арық, көтерем) әдейі күтімге алып оңалтады. Мүгедектер кемтар адамдар, оларды сауықтыруға болады. Қазіргі дәуірде қазақ тіліне қожа жоқ. Қазақ тілі көкпар болып жүр. Қой дейтін қожа, әй дейтін әже жоқ. Бірқатар жоғарғы лауазымды шенеуніктер радиода, не теледидарда халықтың алдына әзірленіп келмей, сауатсыз сөйлейді. Осы жағдайға зығырданым қайнайды. Қате қолданылып жүрген сөздер: «халайық» (халық), «құттықтау», «жаңа жылыңмен», «туған күніңмен», «мейрамыңмен», «қуаныштымыз», «тілек тілеймін», «әрекет», «берекет», т.т. Мұндай сөздер өте көп. Айтылып тұрған ойға, сөйлемнің мазмұнына ешбір әсері жоқ «жаңағы» деген қыстырма сөзді сансыз пайдаланып жүрміз. Бұл бір әдетке айналған. Мәдениетті, қазақша таза сауатты сөйлей алмаймыз. Маған қазіргі таңда мемлекеттік тіл қазақ тілі еместей көрінеді. Мемлекеттік қызметте отырған қазақтар орыс тілінде сөйлейді. Балаларын орыс мектептеріне беріп жатыр. Реті келгенде бір мысал келтіре кетейін. 2004 жылы 26-30 қазан күндері мен Қазақстан делегациясының құрамында Украина жерінде болдым. (Украина жерінің басқыншылардан босатылғанының 60 жылдық мерекесі өткізілді. Делегацияның құрамында екі генерал – Талғат Бигелдинов пен Сағадат Нұрмағамбетов болды). Осы күндерде Киев қаласының көшелерін араладым. Тәуелсіз мемлекет деп Украинаны айтуымыз керек. Бір ғажабы көшелерде ешқандай орыс не ағылшын тілдерінде жазу жоқ. Жазулардың барлығы тек қана украин тілінде. Ал, радио, теледидар күні-түні, тәулік бойы тек қана украин тілінде сөйлейді. Біз орналасқан қонақ үйдің маңынан орыс тілінде газет таппадық, украин тілін түсінбегендіктен «Неге бұлай?» деп сұрағанымызда, алған жауабымыз: «Украина жерінде орыс тілінде ешқандай газет шығарылмайды». Ал, Қазақстанда, біздің Орал қаласында орыс тілінде 15 газет шығарылады. Ал, мемлекеттік тілде небәрі 3 газет шығады. Қазақ тілінің мәртебесін арттыра түсуде Үкіметтің тарапынан нақты шаралар алынуы тиіс, сонымен қатар біздің әрқайсысымыз да тілдің жанашыры болуымыз керек. Төреш Мұрадымов, соғыс ардагері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер ОРАЛ қаласы

4424 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы