• Әдебиет
  • 03 Сәуір, 2009

Сейіт Қасқабасов: Ұлт мұрасын ұрпаққа жеткізу парыз

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы 13 маусымда өткен «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысында берген тапсырмасы бойынша бағдарламаның екінші кезеңі – «2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасы» әзірленген. Осы жобаны жүзеге асыру мақсатында Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед үстіміздегі жылы ақпан айының аяқ шенінде Алматыдағы Ұлттық кітапханада қоғамдық кеңестің алғашқы отырысын өткізгені белгілі. Сол алқалы басқосуда министр «Әдебиеттану, фольклортану және өнертану» секциясының атқарған жұмысын айырықша оң бағалады. Оқырмандарды осы жетістіктермен таныстыру үшін аталған секцияның төрағасы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, академик С. Қасқабасовпен жолыққан едік. Секция төрағасы алтын уақытын қиып, газетіміздің тілшісіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарып жатқан абыройлы жұмыстары жөнінде әңгімелеп берді. «Бабалар сөзі» – көненің көзі – «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында біздің институт қолға алып отырған үлкен жоба – жүз томдық «Бабалар сөзі». Кеңес кезінде «Қобыланды», «Алпамыс», «Қамбар», «Ер Тарғын» сияқты батырлар жыры, тіпті ертегі, мақал-мәтел сияқты халық әдебиетінің шағын нұсқаларының өзі түзеліп, күзеліп шығып жатты. Ол кездегі саясат – «Әрбір ұлтта екі мәдениет бар: біреуі буржуазиялық, біреуі пролетарлық. Біз пролетарлық мәдениетті қолдаймыз», – дейтін Лениннің қағидасы болатын. Соған байланысты ұлтқа ортақ бір мәдениетті екіге бөліп тастағаннан кейін біздің көп дүниеміз халыққа жетпеді. Осыларды ескеріп «Бабалар сөзінің» жүз томдығын жоспарладық. Бұған сол кездегі Премьер министр И.Тасмағамбетов, Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед, С.Әбдірахманов, Әлібек Асқаровтар ерекше қолдау көрсетті. Қазірге «Бабалар сөзінің» 50 томы жарық көрді. Оның алғашқы 30 томы Кеңес кезінде жарыққа шықпаған шығармалар. Айталық, діни дастандар, шығыс елдерінің сюжетіне құрылған хикаялық, ғашықтық дастандар 20 томға жүк болса, Қытайдағы қазақтардың халық ауыз әдебиеті он томға топтастырылды. «Бабалар сөзіндегі» әр томда орта есеппен көлеміне қарай 10-15 мәтін бар. Біз әр мәтінді «халықтың аузынан қалай жазылып алынды? Қолжазбада қалай? Болмаса Қазанда, Ташкентте ХІХ ғасырда жарыққа шыққан нұсқасы қандай?» деген сұрақтар төңірегінде жан-жақтылы зерттеп, мүмкіндігінше ешбір сөзін өзгертпей, сол қалпында беруге тырыстық. Әр мәтінге қашан, қайдан жазылып алынғандығы, кім жазып алғандығы, қолжазбаға кім тапсырғандығы, жырды кім жырлағандығы туралы ғылыми түсініктеме бердік. Діни дастандарда Құран сөздері, пайғамбарлардың аттары көп кездеседі. Соған байланысты тарихи-діни есімдерге анықтама, жер-су аттары, ескі араб, түркі, парсы сөздеріне түсіндірме сөздік берілді. Бұған қоса әрбір томның соңында ағылшынша, орысша қысқаша түйіндеме бар. Сонымен, «Бабалар сөзінде» Кеңес кезіндегі жарыққа шықпаған дүниелерді түгел қамтымасақ та 85 пайыздайы қамтылды. Тіпті, бұрыннан шығып жүрген «Алпамыс», «Қобыландыларды» топ-топ қылып жанрға бөліп, ең тәуір деген нұсқаларын беріп отырмыз. Қазір жүз томдықтың 53-54 томдарына келдік. Мұнда «Қыз Жібек» эпосын Мұсабай, Жүсіпбек қожа секілді жыршы, ақындардың шығармашылығындағы нұсқаларымен ұсындық. Ал «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосы Жанақ, Шөже, Мәшһүр Жүсіп және Н.Ильминский жариялаған нұсқаларымен берілді. 56-60 томдарға XVI-XVIII ғасырда өткен тарихи оқиғаларға қатысты жырлар, Абылай ханға байланысты тарихи жырлар және Ресей мен Қоқан отаршылдығына қарсы бағытталған тарихи жырлар енеді. Одан әрі шығаруды күтіп жатқан ертегілер, шешендік сөздер, мақал-мәтел, жұмбақтар бар. Әрине, жұмыс барысында өзгерістер болуы мүмкін. Өйткені, кейбір мәтіндер біз ойлағандай деңгейде сауатты болуы екіталай. Кейбірі үзік-үзік болып жеткен. Бұлар зерттеушілерге керек болғанымен қалың оқырманға қызық бола қоймайды. Ол жағын да ескеріп отырмыз. Біздің секция жылына он том «Бабалар сөзін» шығарып отыр. Яғни айына бір том деген сөз. Қазақтың төл мұрасы, халық ретінде туғызған байлығын жарқыраған күйінде көрсету үшін аз адаммен он томнан артық шығарамыз деп асығыстық жасамадық. Оның үстіне бұл шығармалар болашақ ұрпаққа өте керекті дүние болғанымен қайталап шықпауы да мүмкін. Министр М.Құлмұхаммедтің өзі «Шаң-тозаң басқан ескі қор. Әркімнің әр түрлі жазған қолжазба. Алуан түрлі әліпби. Оны танып оқу, компьютерге теру, саралау, салыстыру» деп санамалап берген қиындықтарды еңсеріп жарыққа шығарған «Бабалар сөзінің» таралымы көңіл көншітпейді. Өйткені, облыстық халықтық кітапханалар мен жоғары оқу орындарының кітапханаларының өзі сегіз мыңнан асады. Үш мың данамен шығып жатқан біздің кітаптардан әр кітапханаға бір данадан да тимейді. Орны бөлек он томдық 2003 жылғы Президенттің халыққа Жолдауы мәдени мұраны зерттеу, жинау, насихаттауды қолға алып, әдебиет тарихымызды қайта таразылап, бай ауыз әдебиетімізді жарыққа шығаруды міндеттеді. Бұл Жолдау еліміздің мәдени өміріне үлкен сілкініс әкелді. Ол кезде біздің институт 2004-2006 жылдарға бағыттап «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ өнерінің тарихы» дейтін екі үлкен жобаны дайындап жатқан. «Мәдени мұра» бағдарламасы осы жобаларымызға тіпті де қанат бітірді. 2004 жылы бастаған «Қазақ әдебиетінің тарихын» 2008 жылға дейін төрт жылда он том етіп жарыққа шығардық. Бұл он томдықта біз төл әдебиетіміздің тарихын со¬нау сақ, ғұн, үйсін дәуірлерінен бастап, 1991-2001 жылдар аралығын, яғни Тәуелсіздік тұсындағы бостан әдебиетке дейін келіп тоқтадық. Осы барыста біз қазақ әдебиеті тарихының, оның ішінде жазба әдебиеті тарихының екі жарым мың жылдық жүріп өткен жолын көрсетіп шықтық. Қилы замандарда тыйым салынып, халыққа бейтаныс жатқан дүниелердің барлығын қайта қарап, тың жаңалықтарды оқырмандарға ұсындық. «Мәдени мұра» бағдарламасы көптеген қиындық¬тарды жеңуге жәрдемдесті. Жалпы жұмысты бас¬қа¬руға барлық томдарға ортақ бас редак¬ция құрылған. Алқа төрағасы – әдебиеттанушылардың ақсақалы, акаде¬мик Серік Қирабаев. Атап айтар болсақ, бі¬рінші томның жауап¬ты редакторы – мен, екінші томда – Н.Келімбетов, үшін¬ші томда – Н.Ке¬лім-бетов екеуміз. 4-5-ші томдарды дарын¬ды әдебиетші, марқұм Асқар Егеубаев басқарып, жеріне жет¬кізіп кетті. 6-шы томға Ж.Ысмағұлов, 7-8-9-шы томдарға С.Қирабаев, 10-шы томға Ш.Елеукенов жауапты редактор болды. Барлық жұ¬мы¬сқа институттың жетекші ғалым¬дары бір кісідей атсалысты, университеттердің де профессорлары қатысты. Қазақ мұрасы – таусылмайтын қазына «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында «Қазақ музыкасының антологиясы» деген үлкен бес томдық ғажап дүние шығардық. Кеңес кезінде тыйым салынған жарапазан, жар-жар, бақсы сарыны, сыңсу, жоқтау, қоштасу, беташар сияқты халық мұраларын мәтінімен, нотасымен қосымша түсініктерімен бердік. Әрқайсысының көлемі энцклопедияға тұрарлық. Бұл жағынан профессор С.Күзембаева батаған музыка мамандары, консерватория ұстаздары да атсалысып, көп жұмыс істеді. Орыс тілінде дайындалған «Әлемдік әдебиеттану» мен «Әлемдік фольклортанудың» үш томдықтарының да орны бөлек. Ендігі жаңа жобамыз Серікқазы Қорабай басқарып отырған жиырма томдық «Әдеби жәдігерлер» сериясы. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жеті институттың ғалымдары, 16 секция жұмыс жасайды. Осында айта кететін нәрсе әр институт жылына жеке экспедиция жібереді. Меніңше кешенді, жүйелі зерттеу жасайтын біріккен экспедиция ұйымдастырсақ тіпті де қолайлы болар еді. Бастаған жұмысты аяқтау – мемлекеттің ғана емес әрбір азаматтың арманы. Сондықтан, қалай болғанда да «Мәдени мұраны» мәресіне жеткізуіміз керек. Президенттің өзі «Бабалар сөзін» өте жоғары бағалады. Өйткені, қазақы ортада өсіп, қазақы қасиетті сіңіріп өскен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлттық құндылығымызды ұлықтайтын «Мәдени мұра» бағдарламасына айтарлықтай жанашыр болып отыр. Кітап оқуға халықтың қызғушылығы артып, асылынан алыстап қалған елдің беті қарап келеді. Оқырмандарға оңтайлы болу үшін шығарып жатқан кітаптарымыздан электронды оқулық жасауға тырысып жатырмыз. Сондай-ақ, 2009-2011 жылдарға «Бабалар сөзін» 84 томға дейін жеткізу, 20 томдық «Әдеби жәдігерлер» сериясын бітіру, «Қазақ музыка антологиясын» жалғасты шығару міндеті тұр. Ұлық жобаның айналасында шығып жатқан кітаптарды орта мектептерде, жоғары оқу орындарында көмекші оқу құралы ретінде пайдаланса, ғылыми ізденіске, білім жетілдіруге өте үлкен жәрдем береді. Сондай-ақ, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарыққа шыққан елеулі еңбектерді сапалы аударып, шетелге танытуға Елбасымыз Н.Назарбаев та айырықша көңіл бөлген. Бірақ бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Өйткені, қазір бізде шетел тілін оқып жүргендер кәсіптік аудармашылар емес. Ғылыми стиль қалыптастырмаған. Ғылыми еңбектерді аудару өте ауыр жұмыс. Бір ғана мысал, Шоқан Уәлихановтың бес томдығын әлі толық аудара алмай отырмыз. Жалпы еліміздің ҚазҰУ сияқты жетекші оқу орындарынан аудармашыларды дайындайтын факультет ашу қажет сияқты. Түйіндей келгенде, «Мәдени мұра» бағдарламасы болашаққа жол тартқан абыройлы шаруа. Қазақтың таусылмайтын мол рухани қазынасы әлі талай жобаның арқауы болады. Классикалық қазақ романдарының, поэмаларының, пьесаларының сериялары қазақша-орысша шығарылса, қазақ поэзиясының, романдарының тарихы жеке жазылса деген үлкен ой-армандар бар. «Тәуелсіздік үшін күрестің қазақ әдебиетінде бейнеленуі» дейтін ірі тақырып та зерттеуді күтіп жатыр. Өйткені, Елбасы жолдауында «Тәуелсіздік – біздің ең басты мұратымыз. Халқымыздың сан ғасырлық арман аңсары» деп атап айтты. Міне, мұның бәрі ұрпақтардың еншісінде деп ойлаймын.

– Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдауынан

Жазып алған Біләл ҚУАНЫШ

4624 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы