• Қоғам
  • 03 Сәуір, 2009

Қағаз қала

Өзім жап-жаспын және болашақтан өте үлкен үмітім бар. Сол себепті, несиеге болса да ел қатарлы баспана қарастырдым. Анау-мынау емес, ақыр алған соң осы жөн ғой деп ең қазыналы, ең таңдаулы, ең... ең... ең... қаладан ойып отырып үш бөлмелі үй алмаққа нық бекідім. Әңгімені аш ішекше созып қайтемін, ұзын сөздің қысқасын айтқанда, жиырма бір жасымда берген өтінішіме қырық жетіден еркін асқанда бір бөлмелі құжыра келді. Қымбат қаланың қақ ортасындағы отыз қабатты үйдің жиырма тоғызыншы қабатынан тиген хан сарайыма әке-шешем, үш ұл, үш қызым, туған әйелім, әйелімнің бір сіңлісі мен әкпесi, менің бір-бірден іні-қарындасым бар - барлығымыз әне-міне дегенше аспаннан түскендей топ ете қалдық. Қабырғалары әлі толық сыланбаған, немесе, сыланған жерлері көтеріліп кеткен, жә, оны да қойшы, жаңбырлы күндері төбе мен терезелерден су өтіп, әр қайсысымыз бір-бір шүберекпен соны құрғатып ойнаймыз демесеңіз, басқа алаңдайтын түк те жоқ. Бәріміз оңға да, солға да аунамастан қаз-қатар тізіліп жатып ұйықтаймыз. Екі-үштен кезек күтіп тұрып... ауысып-ауысып тамақ ішеміз... Қаланың аптасына алты-жеті рет соғатын мінезі қызық желі кейде бір шындап буырқанғанда біздің отыз қабатты үйіміздің басы балқурайдай майысып барып, жерге тиер-тимес, тиер-тимес қалыпта тербеліп тұрады да қайта орнына келеді. Ә дегенде затымыздың астында қалып, ауырлауы кез болып қалса талып қалып әтуеріміз кетіп жүрді. Кейін уақыт өте келе мұның да әдісін тауып алдық, боран көтерілсе болды ұшқалы отырған торғайға ұқсап қомдана бастаймыз. Үйіміз шайқала бастаса лып етіп жұмсақтау жерге түсетін болдық, ең бастысы, теңселуден талмайтын бесіктей баспанамызға да үйреніп қалдық. Содан қойшы, күндердің бір күні қайдан тапқанын білмеймін, кіші балам қойдың құмалағындай ғана бір қорғасынды тастамай ұстап жүргенін байқадым. Еденнің үстімен ары-бері домалатып, өзі де алақандай бөлмеде зыр қағып жүрген ұлымнан әлгіні алдым да бұл не қылған пәле екен деп, айналдыра қарап шықтым, тістеп көріп едім тісім батпады. Салмағы тәп-тәуір-ақ ауыр екен, лақтырып, қағып алып, лақтырып, қағып алып, ерігіп отырғанымда көзім төбеде жарбиып тұрған қара шыбынға түсе қалды. Өз үйімде отырмын ғой қорқамын ба, бар пәрменімді салып, қолымдағы қорғасынмен әлгі шыбынды періп кеп жібердім. Дәл тиді ме, тимеді ме, оны шыбын айтпады, ал, қорғасын әлгі жерді тескен күйі үстіміздегі көршіміздің үйіне өте шықты. «Ойпырмай, мынау ұят болды-ау» деп, әлгі үңірейіп қалған тесіктен сығалағанымша болған жоқ, қорғасыным төбенің тағы бір жерін тесіп өз үйімізге қарай түсті. Екі тесікті бірдеңе қылып бүтіндерміз, ең бастысы, қорғасыны құрғырды таптым-ау дегенімше болған жоқ, ол төбеден сорғалаған күйі келді де өзіміздің еденді де тесіп өтіп төменге кетті. «Қап, бір абыройсыз іс болды-ау» дедім де, емпеңдеп мен де ұмтылдым. Бізден төмен тұратын көршіммен ауыз жыбырлатып амандасатыным бар еді, оған өйтіп-бүйтіп бірдеңені түсіндіріп, үйіне кірдім. Қорғасыны түскір бұл үйге де аялдамапты. Әлі ештеңенің байыбына барып үлгермеген үй иесін ертіп алып, одан төмен тұратын қоңсыма бардым. “Сіздің үйге қорғасын түскен жоқ па?” “Біздің үйге қорғасын қайдан түсуі керек еді?” “Жоғарыдан, яғни, біздің үйден” “Сіздер не, үйлеріңізде қорғасын қорытасыздар ма?” Қысқасы, біз бұл үйді де бір сүзіп шықтық. Қорғасын бұл үйге де келген, бірақ тоқтамаған. Әр үйдің есігін қағып, үйіне басып кіріп жүре беретін әкім-қара, немесе, қарақшы емеспіз, қорғасынды подвалдан бір-ақ тосып алмақ болып құлдыраңдап төменге тарттық. Қашанғы біз қателесе бермекпіз, үмітіміз ақталыпты. Құмалақтай ғана қорғасынымыз аман-есен подвалда жатыр екен, еденге құйылған цементке жартылай кіріп, бүп-бүтін қалпында бір жамбастай қисайыпты. Көрші біткен қорғасынмен ойнаған мені жазғыра ма, қатты бір қадам жасасаң өзіңді де осы подвалдан бір-ақ шығаруы мүмкін өз едендеріне кінә арта ма, осыны ұға алмай аңтарылып ұзақ тұрды. Сосын, барлық тұрғындардың басын қосты да үйге ауыр заттар кіргізбеуге, айғайлап сөйлемеуге, қатты жүрмеуге, секірмеуге, мүмкін болып жатса, еденді мүлде баспауға серт берісіп, үйді-үйлеріне тарады. Айтпақшы, мен сіздерге үйге қақаған қыста көшіп кіргенімізді айтпаппын ғой: қыс бойы жылудың болмай қалуы, газдың жиі өшуі, су құбырларының жарылып кетуі сияқты кез келген отбасын айналып өтпейтін өзекті мәселелердің бізді де ешкімнен кем тұтпай мазалап жүргені көңілге кәдімгідей-ақ мақтаныш сезімін туғызып, адамға біз де енді ешкімнен кем емеспіз, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз деген бір тәтті көңіл-күй сыйлайды екен. Сондай күндердің бірінде балаларымыз ойнап отырып бойынан жылуы қашқан жылу жүйесіне тілдерін тигізеді ғой, сөйтсе бұл үйге, бұл жылу жүйесіне әрең жеткенімізді тіл қайдан білсін, құрғырың аяздан тікенектеніп тұрған темір құбырға жабыса кетеді. Бәріміз тобымызбен келіп, олай қараймыз, бұлай қараймыз, құбырдың түрі жаман, тілді өз еркімен жіберетін емес. Амал жоқ, бір білсе осылар білер, бастары қазандай болып күні бойы кеңседе отыр ғой деп әкімшілікке хабарластық. “Үй жылымаса жылымай-ақ қойсын. Енді сол жылу жүйесінің жанынан жүрмейік. Бізге баламыздың тілін қайтарып беруге көмектесіңіздерші”. “Бұл біздің міндет емес. Оны сонымен айналысатын өздеріңнің жергілікті мекемелеріңе айтыңдар” дейді әкімшілік. Жер-көктен іздеп жүріп, жергілікті мекеменің басшысын әрең дегенде қолға түсірдік. “Бұл үйге жылуды келесі жылдан бастап беретін шығармыз” дейді ол. “Оған дейін темірге баланың тілі емес күллі тұлабойы жабысып қалады ғой”. “Онда ең болмаса жазға дейін шыдаңдар, үш-ақ ай қалды ғой”. Басшылардың алтын уақытын бөліп, тілдескеніне тәуба айттық та, қағаз жағып, ыстық су құйып, әупірімдеп жүріп баламыздың тілін құбырдан сұрап алдық. Ұл байқұс бірнеше күн сөздің басын құрай алмай быды-быды деп былдырлады да жүрді. Тәп-тәтті көңіл-күй сонда да сол алғашқы әсерден арылған жоқ. Негiзi, қалалықтар бiр үйде бiрнеше адам тұрғанын жақтыра бермейдi ғой. Ал, бiз үшiн сонша адамның қуықтай ғана бiр бөлмеде өмiр сүрiп жатқаны әсiресе осы қыста өте жақсы болды. Бiрiмiзге бiрiмiз тығылып, бір қырындап, ел түнде шешiнiп жататын болса, бiз керсiнше үйдегi бар киiмдi киiнiп, көрпе ғана емес, кiлем-паласқа дейiн жамылып алып бір-ақ ұйықтаймыз… Мұның бәрін қойшы, нағыз қызық көктеммен бірге келді. Қыс бітіп күн жылынғанда, қара жермен бірге біздің үй де ери бастады. Алдымен, қақаған қыста құйылған іргетастар жіпсіді, бірте-бірте үйдің күллі қабырғаларынан айғыз-айғыз болып тер ақты. Бойынан артық судың бәрі ағып болған соң үйіміз кәдімгідей аласарды. Бірақ алыстан қараған адамға байқамай шапанының түймесін жоғары түймелеп алып, бір етегі ұзын, бір етегі қысқа болып тұрған шал сияқты біздің үйдің де бір қабырғасы биік бірі аласа болып қалды. Бұған да шүкір, енді осымен болған шығар деп отырғанымызда әбден кепкен үйлердің қабырғаларына сызат түсіп, әр-әр жерден қақырай бастады. Кәдімгідей, шәй ішіп отырып, терезеге қарағандай керегеге қарасаңыз, саңылаудан сізге қала қарап тұрады. Немесе, тура үйіңізбен үйі бір көршіңіз өзінің жарылған қабырғасынан сізге «Бүгін де ыстық болатын сияқты ә» деп қояды. Ауа райы жылы болған соң бірте-бірте бұған да көніп алдық. Енді жауынды күндері үйіміздің сыртындағы әлем-жәлем ою-өрнек пен түрлі суреттері бар мың сан бояуға малынған әшекейлер көшіп түсе бастады. Көп ұзаған жоқ, үйіміз кәдімгі қара сылақпен ғана қалды. Е, бұ да дұрыс. «Мынандай үйді қаншаға алдыңыз? Үндемей жүріп, үймек-үймек ақша жинап алған екенсіз ғой» деген сөздерді азырақ еститін боламыз деп шешкенбіз. Сол сол-ақ екен, жиырмасыншы қабаттан аяқ астынан өрт шыға қалды. Газ құбыры ашық қалған дей ме, найзағай түскен бе, кім білген, өртіңіз енді анау-мынауға бой берер емес. Ең қиыны, бар бала-шағамызбен шырылдап жиырма тоғызыншы қабатта біз тұрмыз. Хабарлай салып, бір сағат болмай өрт сөндіргіштер, бір жарым сағат болмай сақшылар мен жедел жәрдем де келіп үлгерді. Бұл уақытта жиырмасыншы қабатыңыз өртке толықтай беріліп, өз міндетін түгел орындап бітіп, а-у-п деп шөге кетті де, аяқ астынан біздің астымыздағы үй жиырма жетінші, біз жиырма сегізінші қабат болдық та шықтық. Үйді айнала шұрқырап көрші-қолаң жүр. Оларды былай бір мыжып өтіп, олай бір мыжып өтіп, өрт сөндіргіштер мен жедел жәрдем жүр. Өрт пен халық бір-біріне қарсы келіп қалмасын деп әр-әр жерде қара таяқтарын салбыратып сақшылар тұр. Алдымен өрттен де қызыл көліктер тізіліп келіп тұрды, сосын құлаш-құлаш құбырларын өрт шыққан жаққа қаратып қойып, ақ көбікті шашты дейсіз. Қайран ғана ақ көбік қанша ышқынса да тоғызыншы қабатқа жетер-жетпес, жетер-жетпес жерден қайта қайтып, босқа ысырап болды. Өз көбіктеріне өздері малынып жаны қысылған өртсөндіргіштер енді керегенің әр тұсынан сатырлатып отырып сатыларын қойып шықты. Олардың болымсыз тірлігіне анда-санда бір жалаңдаған тілін шығарып, мазақтап қойып от шіркін де өз жұмысын атқарып жатыр. Ол тағы бір а-у-п дегенде біз өзімізден-өзіміз жиырма жетінші қабаттың тұрғындары болдық та қалдық. Өртсөндіргіштер де қарап отырған жоқ, енді сатыларға өрмелей бастады. Саты шүкір деп айтайық, оныншы қабатқа еркін жетті. Қызды-қыздымен арсалаңдап оныншы қабатқа шығып алған өртшілер ары қарады, бері қарады, өздерінің бойынан өрт сөндіре қоятын ештеңе де таба алмады. Ең болмаса қызыл көліктердің біреуін неге ала шықпаған. Ойбай-ау, менде ақымақпын ә?! Оларды бұл жерге дейін көтеріп шыға алмайды екен ғой, құбырдың өзін ғана алып шыққаннан еш пайда жоқ, ал бұлар әрең жеткен оныншы қабаттың тұрғындарында өмірі бір машина көбік болған емес. Енді не істеу керек? Реті келіп тұрған осы бір тұста айта кетейікші, бұлардың бастықтары өз пайдасын білетін, бір ақылды адам еді, шетелден пәленбай миллионға, елбасы араласқан жерде ғана көрсетем деп, кран тәрізді, он бес-он сегіз қабатқа мойны еркін жететін бір өртсөндіру машинасын сатып алып қойған. Бірақ оны бұл жерде пайдаланайын десе қара бұқарадан басқа ешкім көрмей қалады. Мемлекет басшысы мүлде естімейді. Қайдағы бір жиырма тоғыз қабаттық үй үшін оны қозғап не керек. Бопты, пайдаланбай қоя тұрайын десе жақын уақытта үкімет үйі сияқты қымбат ғимараттар өртенетін емес. Техника көз алдында текке тозып барады. Шынымен-ақ енді не істеу керек? “Басекең не десе сол болады ғой” –деп, құйрығын бұлғаңдатып қарап тұратындай өрт жағымпаз үкімет емес, “құрсын, не болса сол болсын” – деп, көзін тарс жұмып алып отыра беретін депутат та емес, әне-міне дегенше, бізді өрт жиырма алтыншы қабаттың тұрғындары етіп үлгерді. Өртсөндіргіштер енді бір көліктің құбырын бір көліктікіне жалғап, сатыға саты қосып, жаңа ойын түрін бастап кетті. Минут пен секунд санап біз төменге қарай жақындап келеміз. Осындайда құр тұрғанша деп мен бір ой ойлаймын ғой: біздің мына үйлер қандай мықты есеппен жасалған. Түгел өртеніп кетсе де бір машина күл шықпайды екен-ау. Бұрынғы өкімет жынды ғой, бес қабат үй салса да іргетасын бір жыл құяды, оны бір жыл кептіреді. Сосын әр керегесін зеңбіректің оғы өтпейтіндей етіп қалайды, шеге кірмейтіндей етіп сылайды, бір үйді бес жылда әрең салып бітеді. Өңшең ақымақ! Қазіргілер ғой, қаңтардың бірінде іргетасын құяды, екісінде қанша қабат болса да керегесін көтереді, үшінде іші-сыртын сылап бітіп, төртінде қолыңызға кілтін береді. Қаңтардың бесінен бастап үйлі болдым деп күнде тойлап, басыңызды көтере алмай алшиып сiз жатасыз. Ойым әлдене солқ ете қалғанда үзіліп кетіп еді, аман-есен тағы бір қабатқа төмендеп алыппыз. Өртсөндіргіштер ғой өйтіп-бүйтіп он бесінші қабатқа жетіп қалыпты. Бұлардан күдерін мүлде үзді ме, жаңа ғана мен жиырма тоғызыншы қабатта тұрғанда жайнап тұрған табиғат жарықтық қабағын түйіп, қатуланып-ақ келе жатыр екен. Ә дегенге келтірмей дауылдатып, жауындатып, арнайы тапсырыспен келген таңдаулы сарбаздардай есік демей, тесік демей шелек-шелек жаңбырды бас-аяғымыздан армансыз-ақ құйды. Тіпті, бас сауғалап қажеті жоқ екенін бағана бір айтып едім ғой, ең бастысы, бірдеңенің астында қалып қоймай немесе керегенің жарығына қыстырылып қалмай бір жерден мықтап ұстап тұрсаң болғаны. Бұл сендерге аз дегендей, үйді алай бір ала қашып, бұлай бір ала қашып, жауынның тиюіне лайықтап үйді майыстырып беріп, жел де өз парызын өтеді. Сақшы біткен шапқылап өз көлігіне қашты, малмандай болған өртсөндіргіштер түкке керегі жоқ құбырларын жинап әуре, түк бітірмесе де бақырып-шақырып мені көрдіңдер ме дегендей жедел жәрдем жүр. Ұзын сөздің қысқасы, айналасы он-он бес минуттың ішінде өрт те сөнді, жауын мен дауыл да демін алды. Дүние өз қалпына қайта келіп, абыр-сабыр басылғанына анық көздері жеткенде ғана алдымен өртсөндіргіштер, сосын барып жедел жәрдем жерге түсті. Ә дегенде “Ауа райына хабар берген кім? Ақпаратты кім таратты?” деп бірін-бірі қағып-соғып жөн-жосықсыз жосып кеткен сақшылар ауа райының ешқандай министрлікке қарамайтынын естігенде “Қой, рас па?” деп қатты-ақ таң қалды. Сосын барып, сол маңдағы халықты қуып жүріп жинап, құжаттарының бәріне өртсөндіргіштер бұл жерге өрт шықпай жатып келіп алған. Ал, жедел жәрдем кешелі бері осында. Сақшылар бұрыннан осы үйлерде тұрып жатыр. Кісі өліміңіз не, бұл маңда өрт те болған жоқ. Үй бұрыннан жиырма алты қабат болатын деп жазғызып, әр қайсысына жеке-жеке қол қойғызып алған соң қиқулатып кетті де қалды. Мені ғой енді бұдан былай жиырма бесінші қабаттан тауып қаларсыздар...

Қанағат Әбілқайыр

7414 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы