• Қоғам
  • 03 Сәуір, 2009

Түнгі қала ұйықтамайды. Көгілдірлер

Әмірі күшті Хақ Тағала нұрдан туған періштелерге топырақ тәнді Адам Атаға сәжде қылуды бұйырған екен. Ібіліс Раббысының айтқанын аяқ асты етті. Бәлкім адамның пендеге айналу дәуірі сол сәттен басталған болар. Бәлкім содан бері алғашқысының кейінгісінен кек алу кезеңі өрбиді. Бірақ мәселе ненің неден, кімнің кімнен бұрын жаратылғанында емес, мәселе алғашқысының соңғысына деген өшпенділігінде болар. Оттан туған періште Адамға деген қастығының кесірінен Ібіліске айналды. Ал Адам ше? Ал Адам Атаның кей ұрпағы қабырғасынан жаралған жартысынан жерінді. Кімге айналып бара жатқаны бір Құдайға белгілі. Ал түн болса бәрін жасырып бағады. БАТЫРЛАР КӨШЕСІНДЕГІ «БАТЫРЛАР» ҮЙІ Алматыда гей-клуб бар деп естігеніме біраз болды. Оңтүстік астанаға алғаш студент болып келгенде қалалық қыздардың қызығушылық танытып жүргенін құлағым шалып қалып, шүбә келтіргенім рас. Дегенмен соңғы кездері бұл жайындағы алып-қашпа әңгімелер көбейіп кетті. Жұмада аталған мекенді өз көзіммен көруге бет алдым. Мекен-жайын табу оңайға соқпады. Көпшілік естігенімен, нақ қай жерде орналасқанынан бейхабар. Интернеттен білгенім, бұрында мұндай клубтардың біреу емес, бірнешеу болғаны. Бүгінде жұмыс істеп тұрғаны жалғыз. Аты – «REAL». Көрсетілген нөмірге бірнеше рет хабарластым. Ар жақтан тұтқаны алған ешкім болмады. Үмітім үзіле бастағанда танысымның достары әлгі мекеме жайында естіп, кіріп шықпақ болғандықтарын айтты. Жұма, сенбі күндері баруға кеңес берді. Клуб мектеп ғимаратында орналасқан көрінеді. Дереу мекен-жайын жазып алдым. Қаладағы қызыққұмарлар жорыққа шығатын кез осы жұма мен сенбі. Мешітке бармаса да, олар ойын-сауық мекемелерінде ине шаншыр жер қалдырмайды бұл күндері. Көлік Райымбек көшесімен сырғанап келіп, Наурызбай батыр көшесінің қиылысынан өте бере тоқтады. Аялдаманың тұсындағы ғимарат тақтайшасындағы «Колледж»» деген жазуға көзім түсті. Ар жағында көмескілеу жанған шамдардың жарығы байқалады. Құдды ауылдағы би кештері сынды. Қара шыт шүберекпен, кейде газетпен терезелерді көмескілеп қойып, спорт залдарында, дәліздерде өтетін кәдімгі би кештері. Ауылдың клубы да, кітаханасы да, қысылса, тіпті тойханасы да сол жалғыз мектеп емес пе? Аяңдап, жақынырақ бардым. Темір торлы есіктің ар жағынан әлсіз жарық «көзін қысып қояды». Қолтықтасқан екі жігіт алдымды орап кетті. Арттарынан мен де ілесіп барамын. Күзетші шығып, ескі танысындай қуана қарсы алды әлгілерді. Жылдам басып мен де артынша тақап келдім. – Сәлеметсіз бе! Кіруге бола ма? Күзетші таңырқай қарады. – Қайда келгеніңізді білесіз бе? Сөзінің төркініне қарап «адаспағанымды» аңғардым. Дәлізде жұмсақ орындықтарға жайғасқан жұптар отыр. – Бұл гей-клуб емес пе? – дедім сыбырлай. Ондағым «жігіттер» естіп, шамданар деп ойлағаным. Байқаймын қабақ шытқан ешкім жоқ. – ... Иә, қыздарға 2500 теңге, жігіттерге 1000 теңге. Өте беріңіз. Күзетші күлім қағады. – (Жігіттерге дейді-ау!) Жо-о-қ, ертең жұмыс істейсіздер ме? – Әрине, түнгі 11-ден таңғы 5-ке дейін. – Онда ертеңге дейін. Есік сырт етіп жабылды. Екі қараңғылықты еуропалық ақ есік қана бөліп тұр. Сілейген қалпы, бұрылып, басқыштан түсіп барамын. Шекем қап-қара түнге барып тарс тиді. Артымнан шүйдемді тесіп кетердей қап-қара әлем қарап тұр. Үйге келе сала, қасыма серік қылып құрбымды емес, досымды ертсем бе деген ой келді. Діттегенім – қыз атаулыға мойын бұрып қарамақ түгілі көз қиығын салуды «ар санағандардың» тамырын басып көру. Алдымен рұқсатын алайын. Интернетте жазылған нөмірді тере бастадым. 233-57-26. – Алло, «REAL». Тыңдап тұрмыз. – Ертең досыммен келсем бола ма? – Жігітпен? Жоқ, болмайды. Бірақ күзетші қарап көрсін. Егер сыннан өтіп жатса... Бәлкім рұқсат беріп те қалады? Ертеңіне гей-клубқа жалғыз кіруге бел будым. «ҚЫЗДАРДЫҢ» ӘҢГІМЕСІ Қос батырдың атындағы көшенің қиылысындағы «батырлар» үйі. Жүрегімнің дүрсілі жиілей түсті. Темір тордың ар жағындағы әйнекті тоқылдатып едім, ешкім көрінбеді. Қол ұстасқан екі жігіттің есікке тақап келуі мұң екен, күзетші бой көрсетті. – Тимочка, дорогая, заходи, – деп әлгілер қол ұстасып кіріп барады. – Жалғызсың ба? – деп таңырқай қарады күзетші маған. Жауабымды күтпестен: – Сырт киіміңді өткіз де, ақшаңды сол жерге төле, – деді. Есік кілттеніп жатыр. Қолым дірілдеп кетті. Сезік тудырмайын деп дереу бойымды жинап алдым. Толықша келген орта жастағы орыс әйелі киімдерді қабылдап жатыр. –Тимочка, красавица, как дела? – деп ескі таныстар шүйіркелесе кетті. Екеуі майыса басып, жоғары көтеріліп барады. Нәзік саусақтарымен бір-бірін сабалап қойып, әңгіме айтады-ау. Арттарынан ілестім. Басқышпен екінші қабатқа көтеріліп барамыз. Ұзындығы – 10 метрдей, ені – 5-6 метрдей кең алаңша. Кіре беріс қабырғаға жақын жерде бөлменің сол жақ бұрышына қарай бар орын тепкен. Сопақша пішімде. Ортасында қызмет көрсетіп жиырма бестер шамасындағы қыз бала тұр. Айнала қоршай 5-6 жігіт сүйеніп отыр. Араларында екі қыз бар. Екеуі де бойшаң. Бірінің бұйралана келген сары шашы беліне жеткен. Кигені – ақ көйлек, тыртысқан қара шалбар. Екіншісінің қысқа қара шашы иығына сәл жетіңкіремейді. Пердесі түрілген сахнадай шашының бір жағын құлағының артына қыстырып қойыпты. Үстінде құлын мүсінін менмұндалап көрсеткен жылтыр қара көйлек. Жақынырақ барып бос орындыққа мен де жайғастым. Бажайласам, жаңағы қыз дегендерім қызға ұқсамайды. Әңгімелеріне құлақ түрдім. – Мила-я-я!!! Сенің қасың қа-андай әдемі! – Жұлу, керек, дорогая, жұлу керек! – Бәсе, мен онда қырып жүрмін ғой. – Әрине сосын орман боп өсіп кетеді. Үйреніңдер менен. Кыз бейнесіндегі екі жігіт «жүрек қылын шерткен» сырларын емен-жарқын бөлісіп отыр. ГЕЙЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ЖІГІТ Түн ортасынан асып барады. Келушілер көбейе бастады. Әр жерде – бір жұп. Бір-біріне тас кенедей жабысқан жігіттер. Бірін-бірі аймалап, елжіреп барады. Еденге жата қап арпалысып жүргендер қаншама? Солай да солай, көргенге көз, айтуға ауыз ұялады. Бүйткен зерттеуі құрсын. Теріс айналдым. Жанарым көкпеңбек көздермен түйісіп қалды. Тесіле қараған ақ жейделі арықша келген орыс жігіті жымиғандай болды. Өзгелерге ұқсамайды. Көзқарасы, түр-сипаты да бөлектеу. Не де болса, әңгімеге тартуды ұйғардым. Алдымен бардағы қыздан бір стакан сусын сұратайын. АҚШ-тың қара лайдай болған Коласын сыздықтата еріксіз ұрттап отырмын. Әлгі жігіт қасымнан кетер емес. Кілт бұрылдым. – Алмас, деген жігітті танымайсыз ба? – Іздеп жүрсіз бе? – Иә, кішкентайдан бірге өскен досым еді. Қалаға оқуға бірге келгенбіз. Жуырда ғана гей екенін айтып, ұшты-күйлі жоғалып кетті. Ата-анасы алаңдап, екі көзі төрт болып отыр. Бәлкім осы жерден табармын деп келіп едім. Өтірік қарша борады. Арасында қабағымды түйіп, жыламсырап қоямын. Бірақ онсыз да жылаудың аз-ақ алдында отырмын. Түнек дәлізде күлгін сәуле адасып жүр. Бұлқынып қояды. Қашып құтылғысы келеді. Әрі-бері айқұш-ұйқыш ойнақтап, тыртық қалдырып жатыр түннің денесіне. Әй, сәуле адасып жүрген жалғыз сен бе?... Сәуле сөйлей бастады. Қателестің дейді ол маған қарқылдап. Ол адасып жүрген жоқ, асыр салып ойнап жүр екен. Азғындықтың биін армансыз билегеніне мәз екен. Әй, беті қалың қараңғылық. Алмас қылышпен кесіп түссе де қан шықпас-ау жүзіңнен. Сергей әңгімешіл болып шықты. Самарадан Алматыда тұратын әпкесіне қыдырып келгеніне бір апта болған. Гей клубқа төртінші рет келіп отыр. Ресейлік теңіз әскери флотында оқыған. Оқуын бітірмей тастап кеткен сыңайлы. Бәлкім шығып қалған да болар. Өрімдей жап-жас. Он сегізде ғана. Айтуы бойынша «көгілдірлерге» ешқандай қатысы жоқ. Балалық шағында журналист болуды армандаған. Әр нәрсені өз көзімен көріп, танып білгенге әуес. Бұл жерге де ертіп келген сол қызығушылық көрінеді. Бұған тағы біраз себептерді қосуға болады. – Мен мұнда жаңадан келдім. Бетім ашылмаған соң бәрі менің көңілімді табуға тырысады. Сыра дегеніңіз тегін. Бірімен-бірі таласып жүріп әкеледі. (Оны өзім де байқадым) Бәрі маған қызмет етеді. Қызық. Өзімді қыз секілді сезінемін. Сенесің бе? Алдында ыдыс жуатын жігіт маған ғашық болып қалыпты. Кеше бір «америкос» шап беріп ұстап алғанда, шыңғырып жібере жаздадым. Сұмдық. Барлық жағдайыңды жасап беремін, пәтеріңді жалдаймын, астыңа көлік беремін, тек менімен бірге тұршы деп жалынғандар қаншама? Қазір де сенімен бірге отырғанымды қызғанып жатыр бәрі. Қыздарды иттің етінен жек көреді. Оларды «Селетка» деп атайды. Сасық деп жиіркенгені ғой. Дегенмен отызға тақап қалғанда көгілдірлердің көпшілігі үйленіп, бала сүйеді. Бірақ, гей-досымен қарым-қатынасын үзбейді. Біраздан соң әлі лесбианкалар келеді. Шетінен ірі, етжеңді. Негізінен олардың күндері дүйсенбі. Байқа, саған көз салып қалуы мүмкін. Сұрап жатса, қызым бар дей сал. Ал гейлерге жігіттер қызықтырмайды дегейсің. Сенің қауіпсіздігің үшін айтып жатқаным ғой. Зуылдап, әңгімесін айтып тауысар емес. Бір жігіт қайта-қайта қасына келіп, биге шақырып қоймады. Құлағына сыбырлап әлденені айтып кетеді. Сергей арасында барып билеп келеді. Мен де өтірігім шығып қалмасын дегендей, аракідік Алмасты еске алып қоямын. Алаңдаған, мұңайған сыңай танытамын. Міне тағы бір жігіт Сергейді клуб ортасына сүйрелей жөнелді. КЛУБТАҒЫ ҚАЗАҚТАР НЕМЕСЕ 50/50 САЯСАТЫ Ортадағы алаңшада «жігіттер» мың бұралып билеп жүр. Әне ұзын бойлы келген бір «сұлу» селк-селк етіп, оқыс бұрылып лақша ойнақтап, басын оңға-солға айналдырып, ирелеңдеп барып кілт тоқтады. Арасында айнала тұрған «жігіттерге» қасынған тайыншадай сүйкеніп қояды. Қара шалбар оқтаудай түзу аяғын паш етіп тұр. Үстіндегі ақ жейдесі де денесіне жабысыпты-ақ. Бел тұсы ашық-шашық. Қолын ербеңдеткен сайын кіндігі үңірейіп, еріксіз көзге шалынады. Бойшаң сыптай болған бұл жігіт сән әлеміндегі кез келген аруды шаң қаптырады. Дегенмен анау тұрған орташа бойлы жігітке жетпейді. Түріне қарасаң ешқандай ерекшелік аңғармайсың. Бірақ қозғалуы мұң екен, «көгілдірлер» үйінің тұрақты клиенті екендігіне шүбә келтірмессіз. Бөксесін ары-бері қимылдатып, сазға елтіген әбжыландай жоғары-төмен ирелендейді. Алда-жалда әуен тоқтап қалса, бетіңе шапшып келіп атылатындай. Әр «жігіттің» қасына бір барып, көңілдерін аулап жүр. Өзін тәкаппар, кербез ұстайды. Орта бойлы, қабырғасын санайтындай арық емес, десе де семіз деп те айта алмайсың. Дәл осы тұрқы оның «көзіріндей». Менің таңырқап отырғанымды Сергей де байқады-ау шамасы. Терлеп-тепшіп барға оралды. – Оған мұндағылардың біразы ғашық. Қарамайсың ба қалай «сындырып» жүргенін. Керемет қимылдайды, ә-ә? – деді Сергей әлгі жігітті нұсқап. Анасы кезінде Қазақстанға танымал балет бишісі болған екен. Үйленген, әйелі, бір баласы бар. Гейлердің көпшілігінің мамандығы стилист, шаштараз, маникюр, педикюр жасайтындар. Араларында педагогтар да бар, сенесің бе? (Шықылықтай келіп күледі) Олар қарым-қатынаста актив, пассив болып бөлінеді. Алғашқысы жігіттің, соңғысы қыздың рөлінде дегенім ғой. Сергей сыздықтатып отырған түтікті шетке ысырып қойып, шөлмектің аузынан іше бастады. – Гейлер түтікпен ішеді. Қойшы, тәйірі, жалығып кеттім, – деді ыржыңдап. – Қазақтар көп пе? – 50 пайыздан кем емес. Елу де елу саясаты бұл жаққа да жетіпті-ау. Айналама қайта көз тастадым. Сергей қателескен сыңайлы. Қазақтар сөзсіз басымдық танытып тұр. Бардың ар жақ бетінде жалғызсырап әне екі-үшеуі отыр. Олар «ғашықтарға» қызыға қарап, сыраларынан ұрттап қояды. Күнделікті өмірде кезіктірсем гей деп ойламас едім. Сергей сәлден соң шоу-бағдарламалар, қойылымдар көрсетілетінін айтып жатыр. Ақырындап ұялы телефонымның сағатына қарадым. Түнгі бір жарым. Бойды үрей билегені соншалық уақыттың қалай өтіп кеткендігін де байқамай қалғаным. Байғұс жүректің бұдан ары шыдамасын сезіп отырмын. Сергейге қайтатынымды айтсам, еріп шыға ма деп сезіктендім. «Сәл дамылдап алайын, бір-екі минуттан кейін қайтып ораламын» дедім де асыға басып бірінші қабатқа түстім. Нөмірлі қағазды тапсамшы сөмкемнен. Асығып-үсігіп күртешемді алдым. Жұмсақ орындықтардағы отыздар шамасындағы екі-үш жігіт «Қыршын кеттіңіз ғой» деп қағытып салды. Жүрегім тас төбеме шықты. Сыр білдірмеуге тырысып, аяңдап басып келемін. Ішкі есікке тақап, ашпақ боламын. Қозғалатын түрі жоқ. Меңіреу кейіп танытып, міз бақпайды. Бір қадам артқа жылжыдым да, сілейіп тұрып қалдым. Кіретін із бар, шығатын із жоқ ертегідегі үңгірлер есіме түсті. Қым-қуыт ойларға шырмалып тұрғанда, қол ұстасқан екі жігіт көтеріңкі көңіл-күймен есікті өздеріне қарай тартып, оп-оңай аша салды. Асыға басып арттарынан ілестім. Басып озып сыртқы есікке бірінші болып жеттім. Алдыға-артқа итерем, есік тағы ашылмайды. Тұтқаның астындағы кілтті көзім шалды. Дереу оңға қарай бұрай бастадым. Сырт-сырт. Қоңыр салқын самал жүзімді желпіп өтті. Шымылдық-Түн азғындықтың жүзін қашанғы жасырады екен? Әлденені қуған, әлденеден қашқан көліктер зулап жатыр. Үйге келген соң да есімді жия алмай ұзақ отырдым. Үшінші мың жылдықта қазақ үш ұйықтаса түсіне кірмеген кеселдерді жабыстырыпты. Кезінде «Қыз мінезді жігіт» деп ердің бойынан сыпайылық пен мейірімділік іздегенімен, ерсі қылықтарын байқап қалса, «Қызтеке» атап, әжуаның астына алмаушы ма еді. Иә, қазақта «еркекшора» деген сөз қалған. Бұл қыз баланың әке үйіндегі еркелігі ғана еді. Әрі кәмелет жасқа келіп бойжеткенде кәмшат бөрігі мен шәй көйлегін киіп, құлпырып шыға келетін. Батыс елдерінің бірінде ерлердің юбка киуі ұлттық киім үлгісі. Қазақта мұндай атымен жоқ. Бірақ мұның бәрі аңыздай естілетініне ішің ашиды. ҚҰДАЙЫ КӨРШІЛЕР Тақтайшадағы колледж деген жазу есімнен кетер емес. Қараңғыда атын атап, түсін түстеп қарай да алмадым. Не де болса күндіз бір көріп қайту керек. Оның сәрсенбіде сәті түсті. Ғимаратта Алматы мемлекеттік технология және менеджмент колледжі орналасқан екен. Түнде жарқырап тұрған іргелес есік мемлекет ішінен мемлекет құрғандай болып, темір тормен қоршалып қойыпты. Әуелдегідей емес, қой терісін жамылған қасқырдайын күндіз момақан күйде монтиып тұр. Не болса да колледж директоры Насымжан Жанбекқызына жолығуды жөн көрдім. – Сіз басқарып отырған ғимараттың оң қанатында қандай мекеме орналасқанын білесіз бе? – «Руслан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, есік-терезе сатумен айналысатын компания – Ал гей клуб жайында естімедіңіз бе? – Жо-о-қ, – деп таңырқай қарады басшы әйел. – Мүмкін емес – Өз көзіммен көрген соң айтып отырмын. Мұны оқушыларыңыз да жақсы біледі. – Кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектердің ортасында мұндай тақырыпты көтеруге қандай құқығыңыз бар? Біз білмегенді, олар қайдан біледі? – Мен тек темір тормен қоршалған іргелес есіктің неге жабық тұрғандығын сұраған едім, жамырап, шулап қоя берді. Әгәреки сіз білген болсаңыз, қандай шешім қабылдар едіңіз? – Мемлекеттік органдармен біріге отырып, меншік иесі Пономаренко Владимир Николаевичпен келісімге келер едік деп ойлаймын. Дегенмен қала әкімдігі бұл жайынан хабардар болар. – «Құдайы көршісі» сіз білмегенде, олар біледі деп ойлайсыз ба? – Бір-екі рет есік алдында аз-маз шу шығып, күзетші «РУВД»-ға хабарласқан болатын. Енді өздеріңіз саралап көріңіз, бір ғимаратта бас қосқан колледж бен гей клуб жайында кімнің біліп, кімнің «өмірі естімегендігін». ЭПИЛОГ ОРНЫНА Пенделер Адам Атаның қабырғасынан өрбігендерге қарсы жорығын бастап кетті. Қорқыныштысы бұл індет бізге де жетті. «Көресіңді көрмей көрге кірмейсің»! Бәрінен де өкініштісі гей-клубтарда жүргендердің 60-70 пайызы – қазақтар. «Қарағай басын шортан шалған» заман туды. Әйтпесе, қай қазақтан еркекқұмар еркек болыпты дегенді естіп едік. Көгілдір көктемнің жаймашуақ күнінде «көгілдір өмір» кешіп жатқандарды ойласам әлі күнге дейін денем түршігеді. Қазақ көк шөп, көгілдір аспан, көгілдір көктем дейді осы бір түске ең тамаша ұғымдарды сыйдырып. Қор болған қайран қасиетті сөз! Бет шымшымасы Әлем тарихында көгілдірлердің тамыры тереңде. Бұл індетке шалдыққандардың арасында атышулы суретшілер, сәулетшілер, патшалар да бар. Гейлер сол ұлыларға ұқсайтындарын айтып мақтанады, ал маған ақталатындай көрінеді. Сондықтан азғындаған бастыста гей дегендер жаңалық емес. Франция сынды Еуропа мемлекеттерінде жігіттердің 50 пайызына дейін көгілдірлер деген ресми емес ақпараттар да бар. Гейлердің Амстердам сынды «астаналары» да бар. Қоғамның қарсылығына қарамастан, бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде гей-шерулер де жиі-жиі ұйымдастырылып жүр. Кейбіріне тіпті қала басшылары қолдау көрсететінін қайтесіз. Биыл 16 мамырда мұндай шеру Мәскеуде де өтпек. Демек, азғындықтың ауылы Алматыдан да алыс емес. Ал 2005 жылы Сан Паулуде өткен гей-шеруге 2 миллион адам қатысқан. Көп қорқытып, терең батырып жүрмесе игі еді деп ойлайсың осындайда.

Жанар Елдосқызы

8887 рет

көрсетілді

69

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы