• Қоғам
  • 03 Сәуір, 2009

Баланың тілін білген соң...

Бал тілді бала тілін барлық ана біле ме? Білмейді десек, талас көп. Өкінішке қарай ана тілінің бүгінгі мүшкіл халі кейбір аналардың бала тілін білмеуінен басталғанына сеніңіз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары журналист Қымбат Әбілдәқызының Қазақ радиосында бүлдіршіндермен жүргізген хабарлары бала тілі – ана тіліне қатысты ерекше серпіліс туғызып еді. Ал, XXI ғасырда Қымбаттың «Айгөлек» журналы қазақ баспасөзіне құбылыс боп енді. Оған ешкімнің шүбә, күдігі болуы тиісті емес. Дәлел керек болса, төмендегі лебіздерге көз жіберіп, ой жүгіртіңіз: – Қазып алғандайсыз қат-қабат жердің астынан, байқаусыз жатқан бала қабілетімізді көміліп. Алтын Толатова. Құрманғазы ауданы, Атырау облысы. – Қуат алып, ғарыштан, ой қозғайды алыстан. Жаратылған жан екен, тұла бойы намыстан. Гүлрайхан Усманова. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. – Сіздей батыл да батыр қызды өсіріп, жетілдірген әкеңіздің арманы жоқ дер едік. Сіз бәрімізге керексіз! Ақмарал Есенқұлова. Арыс ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы – Терең ойлы көздеріне қарашы, Жүрегінде қазағының баласы. Шырылдайды шындық үшін асылым, Ол халықтың Мәншүгі мен Сарасы. Альмира Оспан. Ұлытау ауданы, Қарағанды облысы – Ұлылықты ұғындырдың, алыстағы ұстазым. Жақсылықтың сырын ұқтық, «Айгөлектен» қыс-жазы. Нұрсұлтан Ақжігітов. Маңғыстау облысы. «Айгөлек» журналының бас редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты Қымбат Әбілдәқызының атына мұндай хаттар айына мыңдап ағылуда. Кез – келген басылым басшысы қызығатындай да, қызғанатындай жәйт. Өткен жылдың сәуірінде бір күнде келген жүздеген хат-хабардың арасынан Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Жалпақтал орта мектебінің директоры Райхан Каримуллинаның хаты көзіне оттай ұшырап, сонау жастық шақты көзалдына ап-анық елестетті. Бұл мүлдем бөлек әңгіменің өзегі болса да бір шындықты мойындау абзал. Қымбаттың әр жылдар сыйлаған достарының жан әлемі, талғам, таразысы, жүрек лүпілі, тіпті сағыныштарының өзі ерекше... Қымбаттың өмірінде хаттардың алатын маңызы зор. Адам жанына, рухына қатысты сыр, құпияны зерттеп жүргендіктен төмендегі екі хатты берудің жөні кеп тұр: – Түсімді бейсенбіден жұмаға қараған түні көргенім де тегін емес-ау. Нұрлыгүл Аққұлова, Бейнеу ауданы, Маңғыстау облысы. – Менің түсімде «Айгөлек» атты кең даланың билеушісіне қасқыр шауыпты, содан кейін еш адам осы шаһарға жоламапты. Көз алдым қап-қара бұлттан айрылмады, алыстан сіздің өкінішке толы даусыңыз естіледі. Қайта, қайта «Алла, Алла» дей бересіз. Аллам сізге жар болғай. Түн ортасы оянып, таңға дейін көз ілмедім. Көрген түсімді ешкімге тіс жарып айтпадым. Апа-ау, сізге не болды? Бір нәрсеге ұшырап қалмадыңыз ба. Өнеріміз жетім қалмай, сіз аман болыңызшы. Өзіңізге көп көңіл бөліңіз. Мен сізді қатты жақсы көремін. Қызыңыз: Назерке Сланбекова, Қарағанды қаласы. Назерке мен Нұрлыгүлдің көрген түстері Қымбаттың жеті сағат бойы есі кірмей ауруханада, емделген уақытымен дәл тұстасқаны қайран қалдырады. Бұл енді тап-таза психология әлемінен, өзі жазып жүрген «Түс-саяхаттар» кітабының кезекті тарауы. Қандай қиындықта да атасы мен әжесінің аруағы желеп-жебеп, бір Алланың құдіретімен кейде тіпті шыңыраудан алып шығатыны өзіне аян. Бұған бәлкім ой, мақсаттарына жол ашып берген мыңдаған жасөспірімдердің аппақ тілегі де әсер ететін шығар. «Айгөлектің» кейіпкерлері мен авторларының алғашқы легі қазір республикамыздың жоғары оқу орындарында оқып жүр. Олар журналмен байланыстарын үзген жоқ. Керісінше Қымбат апайдың қасында жүреміз деп, жиырма шақтысы Алматыда ана-ұстаздарымен қоян-қолтық араласып, арман қанатын қатайтуда. Сондай-ақ жағдайын жазған ондаған жетім бала үшін әкім, қараға, тиісті мекемелерге қайта-қайта хат жазып, қыр соңдарынан қалмай жүріп, баспаналы болып, жәрдем алуға ықпал етті. Қымбат апайларының есімін «Айгөлекпен», Отанмен ұштастырған балалар салған портреттер – тұтастай галерея. Жеке өзіне арналған өлең, тілек, суреттер, егер шығарса, том-том кітап болар еді. Мен де газет, журнал шығарумен айналысамын, балалардың хаттарын өңдеп-дайындау инемен құдық қазғандай екенін білемін. Оған кез-келген маман төтеп бере алмайды. Біреуінде төзім, екіншісінде мейірім жетіспейді. Ал, Қымбаттың саналы уақыты журналға, әсіресе балалар шығармашылығына шұқшия мән беруге жұмсалып жатыр. Оған бар махаббатымен беріле кіріскендіктен өзі ләззәттанып қана қоймай, өзгені де баурап, тартып алғаны ешкімге жасырын емес. «Мықты журналиспін, ерекше ұстанымға құрылған «Балбұлақ» пен «Дертке дауаны» шығарып жүрмін», – деп күпінгеніммен, таралымына келгенде, Қымбат іскерлігінің шаңына да жете алмаймын. Балалар баспасөзінің арғы, бергі тарихында тура Қымбат Әбілдәқызындай жанкештілік төңкерісін жасаған ешкім жоқ. Қаламгер сөзге сыйғызар-ау, көзбен көріп, қолға ұстаған жоғарыдағы хат иелерінің пікірі ең әділ төреші екені аксиома. Балалық шағы – ертегі. Ұнатқанын киіп, қалағанын ішіп-жеген бір үйдің жалғызы. Қысы-жазы саумал, қымыз, сүр, қазы-қарта, қаймақ, ірімшік, жент дастарқаннан үзілген емес. Құлып салынбайтын үйде, есік әркез ашық. Хат танып, сауатын ашқаннан-ақ атасы мен әжесі «Қыпаным кітапты заулатып оқиды, өскенде мұғалім болады. Алматыдан газет-журнал, кітаптар алдырып берші» деп, өздерінің зейнетақысын пошташы Мақсұтқа ұстатумен өтеді. Сөзі өтімді, ауылдың беделді адамдарының бірі, дүкенші Бәкәрам: «ұлдармен асық, топай ойнап, ұтылса төбелесіп жүретін Қыпандарыңыздан түк те шықпайды. Одан да қолына сыпырғыш ұстатып, үй шаруасына үйретіңіз» десе, жалғызына жан теңгермей жақсы қылықтарын тізе жөнеледі екен әжесі. – Көрерсіңдер, құдай біледі дейін, әлі-ақ атасының жақсы атын шығарады. Класының жалғыз «әтлешнегі» де сол емес пе... Той ма, қаза ма, ата-әжесінің қасынан қалмай, қуаныш пен өкініштің қатар жүрерін тым ерте ұқты. Үйлерінен адам арылмайтын. Ұдайы қайнап тұрар сары самаурынмен бірге көршілес апалар да қоса кіріп-шығып, әжесі «іш, же, ал» деп, құрқол қайтармайтын. «Жөні бар.., сауап болады, обал» сөздерін әжесінен жиі естіп, табалдырық аттағанның бәріне бірдене ұстатуға кішкентайынан дағдыланған. Әдетте қысқы соғымнан алыс-жақынға арнаған сыбағаны Қымбатқа таратқызып, «қандай бата берді» деп егжей-тегжей қызықтай сұрап, «айтқандары келсін» дейтін беттерін сыйпап. Жаңа киім тіккізіп киген бала-шағаға, киіз басып, сырмақ сырып, алаша тоқып, құрақ көрпе құрап, түскиіз тіккен қыз-келіншекке көрімдігін ала жөнелетін. Атасы мен әжесі – мәңгілік тақырыбы, таусылмайтын дастаны, таңғажайып балалық шағы. Қызық, есейген сайын екеуінің қасиетін, қайталанбас мектебін әлдеқайда тереңірек түсінгендей. Он төрт жасына дейінгісі жадында мықтап сақталған, қас қағымына шейін көз алдында, қиял-ғажайып қисса көріністері кино лентасындай жалғасады да жатады Сол бір ораза айтына қалай дайындалғандары әлі есінде. Жуынып-шайынып, мұнтаздай таза киінген қос қария айттың алғашқы күні ағайын-туған, көрші-қолаңды қонаққа шақырды. Әңгіме өзегі айналып кеп өсиетке тіреле берді. Қос кейуана алқалы топқа Қымбатты тапсырғандай ма, қалай... Жиған, тергені, қорадағы, өрістегі... үйір жылқы, табын сиыр.., ойдағы, қырдағының бәрі Қыпанның меншігі. Көздерінің ағы мен қарасы, құндызы, жұлдызы, айы, күні – Қыпаны. Оны ешкімнің ренжітуіне болмайды... егер Қыпанды бір күні өкпелетсеңдер, түстеріңе енеміз. Жасытып алмаңдар... бетін қақпаңдар, меселін қайтармаңдар... есті тентек... есіркеп-мүсіркемей-ақ қойыңдар. Қыпан ақылды... Көпшілікке дәм татқыза отырып, ел-жұртқа Қымбатты өсиеттеп, бірінен соң бірі көз жұмды ауырмай-сырқамай. Қымбат бір сәтте есейді, ата-әжесін жоқтап, бүкіл жұртты жылатты. Қаршадай қыздың сол жоқтауын еске алып көздеріне жас алатындар әлі де кездеседі туған өлкесінде. Сегіз баласы түгелдей шетінеп, қайғыдан көз ашпаған Әбілдә қарттың атын бүкіл отбасына берген Түлкібай ағатайы Қымбатты бауырындай көріп, «Әбілдәқызы» деп өтті өмірден. Өзінен бастап, бала-шағасына шейін Әбілдә атасының атына жазғызды. Шүкір, Қымбат Әбілдәқызы, Қарақат Әбілдина бұ күнде өнер, мәдениет, білім кеңістігінде жұлдыздай жарқырап, әрқайсысы өз саласында лайықты тұлғаға айналды. Халықтың сүйікті әншісі Қарақат жеткен бүгінгі дәреже, атақ-абыройда Қымбаттың ұшан-теңіз еңбегі бар. Кішкентайынан жетектеп жүріп, қалай тәрбиелеп жеткізгені бізге жақсы мәлім. «Сенің наның кітаптан болады» дейтін ата-әжесінің құран кітабы мен таба нанды ақ қалтаға салып, Қымбаттың жастығының басына қою күнделікті дағдысы екен. Әулие болмыс Әбілдә атасы мен Дәмелі әжесі перзенттерінің тағдырын алдын-ала болжап кетіпті, енді пайымдаса. Он үш жасына шейін құстөсекте екеуінің ортасында ұйықтайтын. Көзі ұйқыға кеткенше, ата-әжесінің неше алуан тақырыптағы әңгімесін тыңдайтын. Ертегі, аңыз, мақал-мәтел, жұмбақ, батырлар жыры, дастан, салт-дәстүр сияқты құндылықтарға деген құмарлығын оятқан да сол кейуаналар еді. Шеңберге сыймайтын мінезі мен қылығы бірде нөсер, бірде өрт. Бетегіден биік, жусаннан аласа болуға үйрене алмағандықтан жолы тақтайдай тегіс емес. Өзі де жұртқа жаппай ұнауды мақсат тұтпайды, құласа да, сүрінсе де шындыққа, әділдікке сенеді. Қандай шаруа атқарса да «қашан ұлттық намысы күшті қазақ болар екенбіз?» деген ой толғандырып, күш-жігерін, қайратын халық мүддесіне жұмсаудан аянғысы жоқ. Ешкімнің сілтеуінсіз, үкіметтің қолдауынсыз, тек жүрек қалауымен ғана ағартушылық, танымдық, тәлімдік тәрбие мектебін құрған үркердей топ бар бізде. Ол бағыты, ұстанымы әбден жауыр қылған жаттанды жүйеден мүлдем өзгеше. Арпа ішіндегі жалғыз бидайдай, солардың бірегейі Қымбат Әбілдәқызы. Ұлттық сананы сілкіндіріп, рухани жеңіске жетелейтін де осындай жандар екені даусыз. Марал ЗЕРЕНДИНА, журналист

7740 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы