• Мәдениет
  • 03 Сәуір, 2009

Нұржамалдың әндері-ай!

Нуржамал2009 жылы 26 наурызда Абай атындағы опера және балет театрында Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, театрдың үздік солисі Нұржамал Үсенбаеваның шығармашылық концерті болып өтті. Концертке Марин театрының солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты Евгений Уланов, Ресей Үлкен театрының солисі, Ресейдің халық әртісі Олег Кулько және Марин театрының солисі, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Татарстанның халық әртісі Ахмед Агади қатысты.  Нұржамал Үсенбаева – Виолетта (Дж.Верди «Травиата»), Алиса (Дж.Верди «Фальстаф»), Мими (Дж.Пуччини «Богема»), Лиу (Дж.Пуччини «Турандот»), Розина (Дж. Россини «Севиль цирюльнигі»), Графиня (В.Моцарт «Фигароның үйленуі»), Маргарита (Ш.Гуно «Фауст»), Микаэла (Ж.Бизе «Кармен»), Сильва (Кальман «Сильва») секілді әлемдік классика үлгілерінің бас партияларын асқан шеберлікпен орындап, көрермендерін таңғалдырып жүрген күміскөмей әнші. Оның қазақ классикалық ән өнеріндегі сомдаған Қыз Жібек («Қыз Жібек»), Дана (Е.Брусиловский «Ер Тарғын»), Ажар (А.Жұбанов, Л.Хамиди «Абай»), Сара (М.Төлебаев «Біржан-Сара»), Гүлбаршын (Е.Рахмадиев «Гүлбаршын») бейнелерінің орны ерек, шоқтығы биік дүниелер. Бүгінде «Carnegie Hall» (Нью-Йорк), «Cortot» (Париж), «Conzertgebaum», «Care» (Амстердам), «Coliseum» (Лиссабон) сынды әлемнің үздік сахналарының сәніне айналған әншінің репертуарында опералық партиялар ғана емес, сонымен қатар камералық туындылар, қазақ халық әндері, заманауи авторлардың шығармалары, тіпті джаз да бар. Сондықтан болар жуырда өткен концерт бай репертуарымен айшықталып, қанық бояуымен есте қалды. Жеті елдің тілінде жеріне жеткізіп шырқаған Нұржамалдың әндері тыңдарманын әп-сәтте баурап алды. Әлем халқы қазақ даласының бұлбұлына теңеген Нұржамал бұл күні қазақ классикалық және фольклорлық музыкасының бар сұлулығын паш етті. Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әнін сызылта салғанда, мүлтіксіз орындалған сұлу сопрано елді еліте жөнелді. Ал Мұқан Төлебаевтың «Біржан Сара» операсынан алынған айтыс қазақ тұрмақ өзге ұлттардың делебесін қоздырып, «Бәрекелдінің» астында қалды. Залға лық толған көрермендердің қошаметі ұзаққа дейін толастамады. Саз бен назға өрілген кеш көрермендердің жүрек төрінен орын алғаны даусыз. Жанар Елдосқызы

5804 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы