• Тіл
  • 13 Сәуір, 2009

Не істемек керек?

«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп айтылған сөзге ешбір қарсылығым жоқ. Ол сөздерді нақтылап айтсақ: ата-ана – баласымен, ата-әже – немересімен, құрбы – құрбысымен, дос – досымен, әріптес – әріптесімен дегендей ана тілінде шүйіркелесуі керек. «ТМД елдерінде шашылып жүрген шешендерден үлгі алыңдар, олар ұлттық балалар бақшасында, мектептерінде балаларын оқытпаса да өз тілдерін біледі» деп дәйек келтіргенге менің айтар қарсы бір-екі пікірім бар. Шешен тілін елінен жат жерде жүріп білсе – ол өз еліне сан жағынан симай жүрген халық шығар. Сондықтан оны тарихи отанынан алыс жат жерлерде жүргенде жақындататыны тілі мен дәстүрі болар. Мысалы, біздің шетелдерде жүрген қандастарымыз да солай ғой. Балабақшасыз-ақ, мектепсіз-ақ тілді де біледі, дәстүрге де берік. Ал елде отырған қазақ неге ондай емес? Меніңше бұл сұрақтың жауабы бірнеше мәселеге келіп тіреледі. Біріншіден, елдегі қазақ елін, жерін қалай қадірлейтінін білмейді. Елім, жерім менікі десе – ол ұлтшыл болады. Ел мен жер бізде басқа ұлттармен ортақ. Содан барып елі мен жерінің атауына дейін толып кеткен – Максимовка, Петровка, Александровка, Сергеевка, Покровка, Полтавка, Третьековка, Тимофеевка болғалы жүз жыл болса да ол ыңқ етпейді. Өйткені Отан ортақ, жер ортақ, су ортақ... Екіншіден, өз елінде отырып он баласының тоғызы орысша тілін шығарса, қазақша сөйлеймін деген бір баласы қалғанымен қалай тіл табысады? Айт, айтпа, орысша оқытып, тәрбиелеген балабақша мен мектеп баланың тілі мен ойын бұрып әкетеді. Білім тілі орысша болған жерде отбасында үйренген қазақ тілі оған қарсы тұруға пәрменсіз. Сондықтан қазақты қазақпен қазақша сөйлеткіміз келсе балабақшалар мен мектептерді қазақыландыруымыз керек. Мұны талап етіп жатқан қазақ бар ма? Табандылық таныта алатын қазақ бар ма? Бар болса, ол тағы да ұлтшыл қазақ атанудан сескенеді. Мұның бәрі не деген сөз? Оның бәрі билік басындағылардың дегенінен шыға алмай отырмыз деген сөз. Бүгіндері дұрыс ішкі саясат жүргізбей отырған басшыларды қызметтен шығаруға дәрменсізбіз. Олар болса, аталарынан қалған тақта отырғандай көпшіліктің, қоғамның, тіпті болмаса қазақтың мүддесін ашық түрде қорғауды, оған адал қызмет етуді мақсат етпейді. Бұл жерде бәрін қаралап отырған жоқпын. Бірен-саран ұлтына жаны ашитын басшылар бар. Олар бірақ азшылық етіп отыр. Содан барып не істеуіміз керек? Ұран тастап, намысты шымшылап қойып отыра беру керек пе? Әлде нақты іске ауысамыз ба? Сәлім НАЗАР, Ақмола облысы

3077 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы