• Мәдениет
  • 13 Сәуір, 2009

«Көшпенділер құпиясы»

Қазіргі жаhандану заманында ұлттық әуезіміздің біржола жұтылып кетпеуі үшін этнофольклорлық музыканы жастар сүйіп тыңдайтын рок, поп-музыкаға қосқан дұрыс шығар. Себебі біз осы арқылы ұлттық өнерді, ежелден келе жатқан көне аспаптарды насихаттаймыз. Әрі жастар арасында дәріптейміз. Ондай бағытты ұстаған өнерпаздар да жоқ емес. Мәселен ДЭККО жанры арқылы домбыраға дем бітірген Жасарал мен Асылбек Еңсеповтарды айтуға болады. Олар домбыраға эстраданы, қазіргі техникалық мүмкінішілікті қоса отырып, осы ата-бабадан келе жатқан көне аспапты дәріптеп келеді. Ал 1995 жылы қазақтың небір сырға толы ұлттық аспаптарын Батысқа насихаттау мақсатында «The Magic of Nomads» (Көшпенділер құпиясы) тобы құрылды. Бұл қазақ өнеріндегі үлкен жаңалық еді. Өйткені бұл топ алғашқы болып фольклор, джаз, рок, эстрада жанрларының бірігуінен синтезделген музыкалық шығарма тудырды. Оны музыканттар «этно фьюжн» деп атайды. Қазақтың ұмыт болып бара жатқан көне сыбызғы, сазсырнай, қамыссырнай, шаңқобыз, жетіген тәрізді аспаптарының әсем үндерін де осы топтың шығармаларынан аңғаруға болады. Мұндағы музыканттардың барлығы да өз саласында кәсіби шебер маман ретінде танылған, өнерде өз орны бар азаматтар. «Бұлбұл заман» Бұл топтың «Бұлбұл заман» атты алғашқы альбомының тұсау кесері өткен жылдың жазында Астанада өтті. 17 шығармадан тұратын осы туындыны тыңдасаңыз, бұл қазақтың дәстүрлі әуендерінің жаңа үні екеніне көзіңіз жетеді. Аты альбомға берілген алғашқы «Бұлбұл Заман» шығармасының музыкасын Еділ Құсайынов жазған. Музыканттар осы жинағы арқылы бүкіл әлемге қазақтың өнерін, мәдениетін танытуға тырысты. Бұл жөнінде домбырашы, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның домбыра кафедрасының меңгерушісі Сәлімгерей Садықов: «Елбасы елу елдің қатарына кіруді жоспарлап отыр. Біз де қазақтың өнеріне, мәдениетіне өз үлесімізді қосып, мемлекетіміздің беделін асқақтатсақ деген ниетпен жұмыс істеудеміз. Лондондағы студияда қазақтың тұңғыш тобы ретінде музыкамызды жазып, шетелге жоғары дәрежелі альбомымызды таратып, қазақтың өнерін таныстыруымыздың өзі осы идеяны жүзеге асырудағы алғашқы қадам десе болады. Біз бұл студияның қорына қазақ топырағынан естелік ретінде туымызды, кәдысыйымызды тапсырып кеттік»,– дейді. Әрине Лондондағы студияда альбомды жазу арзанға түсе қойған жоқ. Әрі оған музыканттардың шамасы да келмес еді. Олардың өнеріне, жалпы қазақтың мәдениетіне жаңашырылық танытқан азаматтардың арқасында осы алғашқы альбом дүниеге келді. Жобаға Н. Абдуллин көмек көрсетті. «Бұлбұл заман» альбомын тыңдай отырып, тұнып тұрған ұлттық иірімдер мен түптамырлық сөз жәдігерінің куәсі болдық. Попсаланып кеткен жеңіл-желпі дүние емес, үлкен жұмыстың өнегелі басыбайлы нәтижесі. Бұл сөз жоқ нағыз музыка өнерін бағалай білетін тыңдарманның рухани азығы. Жинаққа кірген «Гәкку», «Ақсиса», «Адай», «Балбырауын» секілді қазақтың көне шығармалары қазіргі заманның үніне қосылып, жаңаша бір тыныспен шыққан. Бұл әуендерден көшпенділер мекен еткен кең даланың исін сезініп, ғажайып әсерде қаласың. «Бұлбұл заман» шығармасы шаңқобыздың әуенімен басталып, Еділ Құсайыновтың көмеймен ән орындауына ұласады. Әуенді сазсырнай, сыбызғы, жетігеннің дыбыстары көркемдеп тұрады. Осы көне музыкалық аспаптардың барлығында фольклор зерттеушісі Еділ Құсайынов ойнайды. Сонымен қатар белгілі композитор, музыкалық продюсер Ренат Ғайсиннің де «Құлан», «Аңсау», «Жусан қыз» атты төл туындылары да осы жинаққа кірген. Оның соңғы шығармасынан сирек кездесетін үрмелі қамыс сырнайдың ерекше үнін естуге болады. Жоба бір жағынан қазақтың ескі әндерін сақтап, келер ұрпаққа жеткізу мақсатында құрылғандықтан да «Япурай», «Ахау керім», «Дедім-ай-ау», «Елігай» атты халық әндері де олардың репертуарынан тыс қалған жоқ. Мәселен «Елігайда» қобыздың әуені жеңіл джазбен үйлесе әсерлі берілген. Ал «Дедім-ай-ау», «Ахау керімде» топ мүшелері хормен ән шырқайды. Сонымен қатар, Құрманғазы, Ықылас, Жаяу Мұса, Қазанғаптың шығармаларын да осы альбомнан кездестіруге болады. Бұл жинақ арнайы киізден жасалған тұмармен қапталған. Топ қалай құрылды? Жалпы көне музыкалық аспаптарда ойнайтын және ата-бабадан жалғасып келе жатқан өнерімізді шетелдіктерге таныстыратын ұжым жинау Қазақстанның Германиядағы бұрынғы елшісі Қайрат Сарыбаевтың идеясы еді. Жобаның жетекшісі, қобызшы Ғазиза Ғабдрахимова, музыкалық продюсер, белгілі сазгер (музыка өңдеуші) Ренат Ғайсин, композитор, ұлттық аспаптардың бірнеше түрін жетік меңгерген әрі көмеймен ән орындаудың майталман шебері Еділ Құсайынов, музыкалық аспаптардың әр түрінде ойнайтын сан қырлы орындаушы Ермек Дияров, домбырашы Сәлімгерей Садықовтан тұрады. Еділ Құсайыновты әріптестері бір басына бірнеше өнерді сыйғызғаны үшін «оркестр адам» деп атайды. Әрине өнер ортасында мұндай «сегіз қырлы бір сырлы» музыканттар сирек кездеседі. Ол «Бұлбұл заман» атты төл туындысында, Құрманғазының «Адай», Асан Қайғының «Айтысында» көмеймен ән орындайды. Еділ Құсайынов «Көмеймен ән айтуды Алтайға, Моңғолияға барып үйрендім. Себебі ол жерлерде бұл өнер түрі жақсы дамыған. Көп жылдардан бері жолдас болып жүрген алтайлық Болот Байырышов деген шебер орындаушыдан да сабақ алдым. Ол маған көмеймен ән орындаудың шарттарын үйретті. Қызылорда жерінде де осы өнерді жетік меңгерген Алмас Алматов, Руслан Ахметов деген шебер орындаушылар бар. Солардың орындауындағы өнерді тыңдай отырып игердім. Көмеймен ән орындаудың ерекшелігі– адам бір ғана дыбыс шығарса, ал көмеймен ән орындаушы бір сәтте екі дыбыс шығарады. Алтайда Б. Байыршовтың мектебі бар. Сол азаматтан үйренген соң, Қатон-Қарағайға барып, табиғатпен оңаша қалып, көмеймен алғаш рет дыбыс шығардым. Алматыда орындау шарттарын білсем де, нәтижеге жете алмадым. Бұл табиғаттың, бір тылсым күштің шапағаты болар деп ойлаймын. Содан соң Моңғолия, Якутия, Туваға барып сабақ алдым»,–дейді. Батысқа бағытталған жарық 2005 жылы топ Германияның Штутгард, Мюнхен, Кельн, Франкфурт, Ганновер, Берлин қалаларында өнер көрсетті. Осы алғашқы гастрольден кейін-ақ топтың бағы жанып, тыңдармен қауым ерекше қызығушылықпен жылы қабылдап, олардың аты шетелге таныла бастады. 2007 жылдың қараша айында олар Лондонға барып, өз өнерлерімен ағылшындарды тәнті етіп қайтты. Ал сонда топтың әуендерін берген «БИ-БИ-СИ-дің» бір сағаттық хабары «Мерзімнің таңғажайыбы» деп аталды. Сол жылдың қаңтарында өткен Нью-Йорктегі Джаз фестиваліне де қатысты. Бүкіл әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған әріптестерінің өздерінің шығармашылығына деген қызығушылығын тудырды. Ренат Ғайсин «Мен осы топта алғашқы ашылған сәттен бастап жұмыс істеудемін. Қазақтың көне туындыларын өңдегенде, бастапқы әуенді көп өзгертпеуге, оның үнін сақтауға аса үлкен мән беремін. Музыканы өңдеу процессінде әріптестерімнің де пікірін ескеремін»,– дейді. Белгілі скрипкашы Марат Бисенғалиев та осы жобаны қолдап, топ мүшелерінің әлемдік деңгейдегі атақты продюсерлер мен дыбыс режиссерлерімен жұмыс істеуіне мүмкіндік жасады. Жинақтың дүниеге келуіне өз үлесін қосқан ағылшын продюсері Александар Ван Инген «Алғашында бұл топ ойнаған аспаптар қарапайым көрінді. Алайда кейін тыңдай келе, көне аспаптардың құдіреті мол екеніне көзіміз жетті. Орта Азия халықтарының әуенін тыңдап жүрмін. Бірақ мұндай өнер туындысына алғаш рет куә болдым. Музыкалық индустрияда осы музыканы қолдануға болады»,– деп баға беріпті. Аты ағылшын, заты қазақ Неге? Қазақтың өнерін мұхиттың ар жағына насихаттауды мақсат еткен қандас бауырларымыздан құралған топтың аты неге «Тhe Magic of Nomads»? «Көшпенділер құпиясы» деп тек аударма ретінде қолданылады. Осының себебін Ғазиза Ғабдрахимова былай деп түсіндірді: «Біз бұл жобаны шетелге қазақ халқының өнерін, ұлттық аспаптарын таныстыру мақсатында құрдық. Сол себепті де шетелдіктердің есінде сақталып қалуы үшін осылай атадық. Қазақша «Көшпенділер құпиясы» деп берсек, оларға айту қиын әрі есінде қалмайды. Алайда бұл біздің Батысқа еліктеп, бағытымыз соларға бұрылады деген сөз емес. Керісінше қазақтың исі аңқып тұрған әуенді жаңа қырынан таныстыруды мақсат етеміз. Мәселен Ренат Ғайсин, Еділ Құсайыновтың қай шығармасын алсаңыз да жаңаша бетбұрыс болғанмен ұлттық аспаптардың мүмкіндігін көрсету үшін жазылғанын аңғаруға болады»,– дейді. Топтың құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да, олар осы мақсатына жетті. Қазіргі таңда оларды шетелдіктер өз елдеріне концерт беруге жиі шақырып тұрады. Себебі топ Еуропада танымал. Еділ Құсайыновтың өзін жеке музыкант ретінде шетелдіктер жақсы біледі. Ол шетелдің Карнеги Холл тәрізді белгілі сахналарында өнер көрсетіп жүр. Жақында Венада жеке концертін беруді жоспарлап отыр. Оның өнерін тамашалауға Джимми Картер, Клинтон, Кондолиза Райс келген екен. Қазақ неге бұл топты танымайды? Бұл топ Батыста танымал болғанмен, Қазақстанда белгілі бір орта ғана болмаса көпшілік жұрт олардың шығармашылығы жөнінде біле бермейді. Еділ Құсайынов «Бізге келіп, концерт беріңдер» деген шақырулар Батыстан жиі келеді. Ал өз туған жерімізде ондай қызығушылық жоқ. Себебі бізде көпшілік жеңіл-желпі музыкаға үйір болып кеткен»,–дейді. Осыған байланысты жүргізген сауалнаманың нәтижесінде халықтың этностильдік бағытты ұстанған бұл топ жөнінде білмейтінін байқадық. Тек кейбір азаматтар Ренат Ғайсинді– музыкант, композитор ретінде біледі екен. Мұның басты себебіне келсек, қазіргі таңда даусы, дарыны жоқ болса да осы күнгі техникалық мүмкіншілікті пайдалана отырып, әртүрлі бейнеклипке түскен әнші-сымақтармыз көбейіп кетті. Телеарналардың қайсысын қоссаңыз да жеңіл-желпі әуенді насихаттайтын бейнеклиптерден көз ашпайсыз. Ал бұл музыканттар қазақтың қасиетті көне аспаптарын тірілтіп, әсем әуезді әуенімен сонау Батысты мойындатып жүрсе де өз елінде басқалар тәрізді жарнама арқылы танылуға мән бермей келеді. Тіпті олардың әлі күнге бейнеклиптері де жоқ. Бірақ алдағы уақытта бейнеклип түсіру жоспары бар. Домбырашы Сәлімгерей Садықов: «Топ мүшелерінің әрқайсысының жеке жұмысы бар. Біз тек осы жобамен айналысып, пайда табайық деп жүрген жоқпыз. Қазақ халқының өнерін шетелге насихаттауға арналған үлкен жобада бәріміз басымызды қосып, концерт береміз. Ал негізінен әр музыканттың жеке тіршілігі жеткілікті. Бейнеклиптің жобасы дайын, тек дағдарысқа байланысты оны түсіру жұмыстары кейінге шегерілді» деп айтып өтті. Тақырыпқа орай Әнші, продюсер Нұрлан Абдуллин Бізде көптеген халық аспаптар оркестрі, ансамбльдер бар. Ал бұл жоба негізінен ең мықты музыканттардың басын қосты. Сол себепті де шетелге ұялмай ұсынатын альбом дүниеге келді. Қазір бұл жинақ Батыстағы музыкалық дүкендерінің сөрелерінде Қазақстанның тобы ретінде тұр. Бұл үлкен жетістік. Жалпы бұл жобаны Батысқа Қазақстанның өнерін насихаттау үшін жасаған едік. Біздің елде көне аспаптарды кәсіби деңгейде жазатын дұрыс студия жоқ. Сондықтан да қылқобыз, сазсырнай, жетіген, сыбызғы сияқты ұлттық аспаптарды шетелдегі студияда сапалы түрде жазып, ұлттық мұра ретінде халыққа тапсыруды көптен армандап едік. Сол мақсатымызға жеттік деп есептеймін. Мен жақында «The Magic of Nomads» тобының көмегімен, яғни музыкалық сүйемелдеуімен өзімнің жеке альбомымды Лондондағы «Abbey Road» студиясында жаздым. Оған да қазіргі заманға сәйкес өңделген қазақтың халық әндері кірді. Сол еңбегімді күзде халыққа ұсынуды жоспарлап отырмын. Бұл топтағы музыканттарды жоғары деңгейлі маман ретінде бағалағандықтан да, оларды өз жинағымды дайындауға көмектесуге шақырдым. Қазақтың өнерінің дамуына үлес қосатын, мақтаныш боларлық дүние шықты деп сенемін. Халық жылы қабылдайды деп ойлаймын. Мира Майшығұлова

4379 рет

көрсетілді

82

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы