• Мәдениет
  • 13 Сәуір, 2009

Қоштасу (Қарт құсбегінің әңгімесі)

Көктемнің жайдары күндерінің бірі еді. Бүркітін аймалаған қария қалың ойдың құшағында... «Жетім көңіліме серік етіп, 20 жылдай еркіңнен айырып, тұтқын еттім. Енді міне итшілеп жүріп, жалған дүниенің де шетіне жетіп қалғандаймын. Сенімен саятқа шығар еп те, қайрат та шамалы.  Оның үстіне бұл күнде құдайдың жері де тарылып барады. Кең даланың көбі аран, ит ауыз сым темірмен қоршалған. «Әкемнің көзі еді» деп мәпелеп ұстауға тағдыр маған мұрагер де бұйыртпапты. Анау әлем-жәлем киінген бала-шаға, қыз-қырқынның біріне берсем, аяғын тұсаған түлкіге, үй қоянына салып, ол аз болса самсаған сары қолдың (тобырдың), алдында ыдысқа салынған алтын сақинаны әкелуге жұмсап, намысыңды жер қылады ғой. Жазда көк түтін болып түлей алмай, қыста қиядағыға тілей алмай шер көкірек боларсың. Сонау Шегір Баяннан бері Шора, Тіней бастаған құсбегілердің аруағын назаландыруға өйтіп үлесімді қоспай ақ қояйын. Мен саған ризамын. Жалғызсыраумен құсаланудан қорғадың. Сенің «құдіретіңді» көрсетіп, жарты әлемді араладым. Сен болмасаң ол елдер мені неменеге қастерлесін... Қазақтың көңіл-күйінің көрсеткішіндей болған қайран қырандар. Бұл күнде бастарыңнан не қасірет кешбей жатырсыңдар. Кейбір қазақ табиғатына, елдің болмысына қарсылар мен аяқ астынан жеткен арам байлыққа мас болған есалаң «серілер» сендерді сәнге атып тастайды. Табиғатты қазақтан қорғайтын «қой баққан қасқырлар» ең асыл тектілеріңді сырт елдерге қарақшылықпен сатады. «Қыран – ол қазақтың бесінші түлігі» деп қадірін білер деген құсбегі ұжымдарының өзі сендерді еріккенің ермегіне айландыруда. Әттең, сендер жайлы «қара бүркіт» деген толғау жазып Алтынбек Қоразбаевқа ән шығартар ма еді, құдай маған аздап ақындық та қимапты. Ал енді, қош бол, қыраным! Мен саған ризамын. Кешегөр өзімшіл пендешілігімді. Хан Тәңірінің қиясындағы ұяңа бар. Тектестеріңе қосыл. Өсіп, өн. Ұрпақ қалдыр. Шарла аспаныңды. Тарқат шеріңді. Жалғастыр қыран өміріңді»... Қария Қыран Сарысын балақ баудан босатып, сермеп ұшырып жіберді. Өр аспанын аңсаған қыран анадайдағы зәулім теректің ұшар басына қонып, біраз отырған соң жайлап айналып көтеріле бастады... «Енді мен азатпын! Кең жазира тау мен далада, зеңгір аспанда өз тектестеріммен қатарласа, қағыса, соғыса, сыйыса, сыйыспай өмір кешемін. Не болса да азаттыққа не жетсін! Жалғыз өкініштісі, жерде досым қалды-ау. Оның аялы алақаны мен мейірімін мына азат дүниеден таба аламын ба? Сағынғанда зеңгір көктен шолып, мауқымды басып кетер едім. Бірақ ол кезде мен отырған емен тұғыр мен құлдық өмірді бірге өткізген абзал дос бұл пәниде бар болса»... Қарғадай қара ноқатқа айланған қыранның қимас сезімі шырқау биіктегі шаңқылынан жерге талып-талып жетіп тұрды. «Табиғат еркесі» бір кезде Талғардың шыңына қарай сүзе жөнелді. Кәрі көзі жасаурап, қыранын бірде көріп, бірде көре алмай тұрған қарт құсбегі «Үміт пен арманды арқаласқан қайран дос, қош енді» деп күбірлеп, сүйеніп тұрған шарбақтан сырғып жығылып бара жатты. Күллі жер-әлем Қыран Сарымен бірге зымырап көшіп барады... Шынында, жағалауға жетем деп барын салған қарт құсбегінің өмір теңізінде ит малтаумен өткен сейілі аз, сергелдеңі көп сүреңсіз 70 жылғы ғұмырында көңілін аулағаны, қармаған талы осы қырандар еді... Әбілқақ Тұрлыбаев Алматы облысы

3338 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы