• Әдебиет
  • 13 Сәуір, 2009

НАМЫСЫН НАНҒА САТПАҒАН

Айтан Нүсіпханұлы жайлы бір үзік сыр Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі. Халел Досмұхамедұлы. Өмір – Алла Тағаланың адамға берген сыйы ғана емес, тағдырдың ауыр сыны. Сол сында сынбаған, өзінің емес, өзгенің, ең бастысы – ең алдымен халқының қамын ойлаған терең ойлы тектілер ғана тұлға атты биік тұғырға көтеріледі. Тұлғасы жоқ ел тұл. Құдайға шүкір, қазақ халқында сондай сом тұлғалы тұлғалар кеше де болған, бүгін де бар. Қазақта олар жоқ та емес, көп те емес. Ұлттың ұлы тұлғаларының көш басында Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауыт сынды арыстар тұр. Бүкіл саналы ғұмырларын алты алаштың азаттығына арнаған, түрмеге жапса да, өз қазағы сатса да, отаршылар атса да алған бетінен қайтпаған сол ұлылардан үлгі алған, ұлтжанды, ұлағатты тұлғаның бірі – Айтан Нүсіпханұлы. Мына опасыз жалғанда бар-жоғы елу бес жыл ғана жер басып жүрген оның бүкіл өмірі арпалыспен өтті. Ол сайтан қоғам, сайқал саясатпен өзінің қарақан басының емес, халқының қамы, елінің мүддесі үшін айқасты. Тағдырдың тәлкегімен алыста, арғы бетте қалған Еренқабырғаның төскейіндегі Сайрамның жағасында өмірге келген ол Шыңжанда жүріп те, Пекинде де Шығыс Түркістанның азаттығы үшін күресті. Сол күресте ол жастардың көш бастаған көсемі болды. Сол үшін темір торға да қамалды. Айтанның Қазақстанға қалай келгенін тарихшы-этнограф Әбдісаттар Оспанов былай деп баяндапты: «Пекиннен келген бұйрыққа сәйкес, Айтан Нүсіпханұлын үкіметтің «қолға алатыны» мәлім болды. Сол сәттен бастап ол жасырын жағдайға көшеді. Заң орындары Айтанды іздеп, аласұрып Үрімжінің астан-кестеңін шығарады. Оны «№1 жау» деп жариялап, ұстап берген адамға мол сыйлық тарту етуге уәде етеді. Үрімжінің, Құлжаның, Бұраталаның түркі тілдес талай тұрғындары өз бастарына төнген қауіп-қатерге қарамай, жас көсеміне пана болады. Қайткен күнде де, оны ұлыхандықтардың қолына бермеу үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасап бағады. Ақырында Айтанға құтқармас қауіп төніп келе жатқанын сезген бір топ достары оны орталарына алып, 1969 жылдың қысында шекараны бұзып, Кеңес Одағына өтіп кетеді». Айтан Қазақстанға келген соң бір қуаныш, мың қайғымен өмір сүреді. Оның қуанышы — жас кезінен армандаған атамекенге оралуы, ал, мың қайғысы — өзі құдайдай сенген, құлай сүйген Қазақстанның бодандық бұғауынан шыға алмауы, соның салдарынан қандастарының өз жерінде азшылыққа ұшырауы, ұлттық сана, ұлттық рухтың өшіп бара жатқаны еді. «Батырға да жан керек, ақынға да нан керек» деп ақталатын кейбір әріптестеріндей емес, Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлының: Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, Ойлайтұғын мен емес бір күнгісін. Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын. Ел бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін, — дейтін өлеңін өмірлік мұрат тұтқан Айтан намысын нанға сатқан жоқ. Айтанның Қазақстанға келгеннен кейінгі өмірі де ауыр болды. Алғашқы жылдары Көкшетауда жүріп неше түрлі ауыр жұмыстарға жегілді. Сосын Алматыға келіп, жиһаз фабрикасында жұмысшы болды. «Ұлы орыстық шовинизм күшейгенде ұлтшылдық оянады» депті В.И. Ленин. Айтанның ұлтшылдығын ала бағанның ар жағында қытай шовинистері, Қазақстанда орыс шовинистері оятты. Ұлттық сезімге ерте оянған Айтан ерте есейіп, ерте жетілді. Мен жетелеп өлемін, Өрге қарай қазақты, – деп Шәкәрім қажы айтқандай, өзінің хал-қадірінше қазағын өмір бойы өрге жетелеп өтті. Ұлы ойшыл Лев Толстойдың: «Өмірдегі өзгерістің ешқайсы санадағы өзгерістен артық болмайды» деген сөзінің үдесінен шыға білген Айтан ұлттық рухты көтеруді ұлттық сананы жетілдіру жолындағы күреспен бастады. Сол үшін қуатты қаламын өле-өлгенше қару етіп жұмсады. Оған ол жазған көкейкесті көсемсөздерінің аттары да айғақ. Айтан Шыңғыс Айтматовқа сонау 1987 жылы жолдаған «Тірек іздеу» атты, «Он жыл ілгеріге көзқарасынан» да, өткен ғасырдың сексенінші жылдары жазған «Бірлікті бұзушыларға берік тосқауыл қою қажет», «Тіл теңдігі – саяси мәселе», «Кепілдік суверитентте» атты мақалаларында да, онан кейінірек жарияланған «Ұлт тәуелсіздігі хақында», «Тәуелсіздік бағытымен», «Көсегеміз қайтсе көгереді?» атты еңбектерінде де ұлттық сананы жетілдіріп, ұлттық рухты көтеретін ұлағатты ойлар айтады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де Айтанның қаламы тоқтап, тоқырап қалған жоқ, керісінше ол жаңа бір күш-қуатпен өнімді еңбек етті. Оған оның «Тәуелсіздікті тәлкек етпейік», «Егемендік және басқалар», «Көші-қонның көп түйткілдері», «Тіл туралы заң қабылданар алдында», «Заман және зиялы» атты мақалалары мен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясы мәжілісінде, т.б. биік мінбелерде сөйлеген сөздері, Президент Н.Ә. Назарбаевқа, Қ.Тоқаев, Н.Дәненов, С.Қасымов, М.Әуезов сынды қайраткерлерге жазған хаттары дәлел. Өзі айтқандай Айтан «бұл хаттарды мансап үшін жазған жоқ», ел мүддесін ойлау, халық қамын қорғау сында ұлы мақсат, асыл мұрат үшін жазды. Айтан Нүсіпханұлы қай тақырыпқа қалам тартса да ұлттық проблемаларды айналып өтпейді. Оның көкейден кетпес көсемсөздері де, «өртке тиген дауылдай» дауылпаз жырлары да, қаламдас серіктері, мұраттас достары жайлы жазған мақалалары да, тіпті, мерейтойларда жасаған байыпты баяндамалары да, бәрі-бәрі ұлттық сана мен ұлттық рухты, ерлік пен елдікті асқақтатуға қызмет ететін өрісі кең өрелі туындылар. Айтанның деректі прозасы мен поэзиясының кейіпкерлерінің ұлт мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын ұлтжандылар болып келуі де көп жайды аңғартса керек. Бұған көзі тірі классик Қабдеш Жұмаділов жайлы жазылған «Тағдыры бөлек тарланбоз» атты естелік-эссесі, қазақ поэзиясындағы жарық жұлдыздардың бірі – Жәркен Бөдешұлы, салиқалы саясаткер Сәбетқазы Ақтаев, әнші, қайраткер Әмина Нұғыман мерейтойлары тұсында жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері, Қожа Ахмет Яссауи, Бауыржан Момышұлы, Жағда Бабалақов, Сәкен Иманасов, Зия Сәмедей, Исрайыл Сапарбаев, Нармахан Бегалиев, Сүгірәлі Сапарәлиев, Әкпар батыр т.б. ұлтжанды азаматтарды асқақтатқан жырлары, көрнекті мәмілегер Дастамбет Райымбеков еңбектерін баяндайтын «Мәмілегер» дейтін мақаласы, қытай циркінің өнерпазы Ботагөз және басқалар жайындағы «Бұлар – Мәрсековтер ұрпағы» есімді толғауы толық дәлел. Айтан Нүсіпханұлы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне депутат болу үшін де талпынып көрді. Ұлтжанды азамат мансап үшін емес, ұлтқа қызмет ету мақсатымен ұмтылып еді. Кезінде И.В. Сталин айтқан «Не важно как проголосует, важно, как почитают голоса» деген сөздің кебі келіп, депутат болудың сәті түспеді. Айтан Жоғары Кеңеске депутат болып сайлана алмаса да сайланған депутаттардан гөрі әлдеқайда белсенділік танытып, қаламымен халқымызға қызмет етті. Айтанның ұлжандылығы оның күнделік дәптерінің беттерінде де айқын көрінеді. Соның бір мысалы мынау: «Мұстафа Шоқай «Керенский және Түркістандағы ұлттық қозғалыс» атты еңбегінде өз халқының мемлекеттік құқығымен бірге адамдық құқығын барынша қорғайды. Намысты жібермейді. Сондай-ақ, қиын жағдайда жүріп те халық, ел намысына келгенде ол ешкіммен, ешқашан, ешқандай ымыраға барған емес. Оған бір ғана мысал: «Керенскиймен бірге істеуіме болар еді. Солай еттім де бір мезгіл. Бірақ халқымды хайуанға теңеп қорлауына одан әрі төзе алмадым» деп жазған болатын». Бұдан әрі Айтан былай деп толғанады: «Қазақ енді бір елу, жүз жылда халық болып қала ала ма? Халықты ұлт ететін оның зиялы қауымы. Сонда біздің зиялыларымыз қандай?..» Терең ой тартылмайды, терең құдықтың суы сарқылмайды. Мен білетін Айтан терең ойлы ақиық азамат еді. Әлі есімде, бірде сол кездегі Брежнев, бүгінгі Тәуелсіздік алаңында кездесіп қалып, екеуміз ұзақ сырласып едік. Сонда ол: «Көйлек жыртылса жамалар, көңіл жыртылса жан дүниең қараңғыға қамалар» деп бастап көкейдегі көп ойларын айтып еді. Сондағы оның ойы да, арман, мұраты да Тәуелсіздік туын жықпау жайлы, сепаратизм қаупі туралы, әлі де шешімін таппаған ұлттық проблемалар жайында еді. Ұлттың есесі кетіп жатқан жайларға күйінген тұста мен оның ойлы, мұңлы жанарынан жан дүниесі ел көшкен ескі жұрттай құлазығанын көріп едім. Сол кезде Айтанның тұла бойы ғана емес, іші де отқа оранып, өртеніп жатқандай болып көрінді маған. Адамның көзін аққу шоқып өлтірген, ақыл-парасат емес, алаяқтық пен ақша алға шыққан сұрқия саясат, сұр заманның әділетсіздігін көп көрген кеудедегі күйік тым ащы еді. Тұла бойын тұтас жайлаған сол улы күйік ұлтжанды асыл Азаматтың ажалын тездеткен де шығар. Әділдік іздеп арпалысып, халық үшін аһ ұрған нәзік жүрек өрт пен дертке төтеп бере алмай, ақ жалын боп лапылдап жанып кетті ме деп те ойлаймын... Өкінішке қарай, біздің билік қытай, ұйғыр, орыс тілдерін жетік білетін, қара ормандай қалың қытай мен қамалы берік орыстың тарихына жүйрік Айтанның терең білімін мемлекет кәдесіне жарата алмады. Тек оның өз ынтасымен істеген істері ғана ел мүддесіне қызмет етті. Өмір – өте күрделі жұмбақ, оның шешуін тапқандар аз, тым аз. Темір қоғамға темір төзім, темір сезім ғана серік. Айтанда темірдей төзім болғанмен қатып, семіп қалған темір сезім жоқ еді. Тұла бойын ұлттық намыс кернеген, алпыс екі тамырда ұлттық рух атойлаған Айтан қазақ қамы жолындағы күресте қайратты болғанмен адам ретінде өте сезімтал еді, жаны тым нәзік еді. Оның ойы арманға, өрт болып жанған іші күйікке толы еді. Ол тәуелсіздіктің мәңгілік болуын армандады, ұлттық идеология, ұлттық рух қалыптаспай жатқанына, соданда қазақтың есесі кетіп, жүргеніне күйінді. Халқының қамын көз ілмей ойлаған «Қайран қазақтың қайғысын арқалаған» Айтанның ажалын қорғасындай ауыр ойлар да тездеткен болар... Намысын нанға сатпаған ұлтжанды ірі тұлға Айтан Нүсіпханұлының орыны ойсырап-ақ тұр. Әйтсе де, бір қуаныш қазақтың қамын ойлаған Азаматтың соңында ұлт рухын көтеретін еңбектері қалды, бір жұбаныш сүйген жары Айгүл қасиетті қара шаңырақтың отын өшірмей, шырақшы болып отыр, жәй отырған жоқ тыным таппай Айтан еңбектерін жарыққа шығарумен келеді. Қызы Сәуле ұлы Әлібек келіні Динара Айтан сынды ақиық Азаматтың атына көлеңке түсірмей, адал еңбек етіп жүр. Ұлтымыздың ұлт жанды Ұлы перзенті Бөкейханов құрметіне Әлихан есімін еншілеген бір жарым жастағы немересін атасы көрмеді-ау деп те тебіренді Айтанның жары Айгүл. Бұл жанұя Айтан аманатына адал. Ол аманат Біріккен Италияның тұңғыш премьер-министрі Камилло Ковур (1810-1861) айтқан: «Біз Италияны құрдық. Қәне, итальяндық болайық» деген сөзімен үндес: «Тәуелсіздік алдық. Қәне, қазақ болайық» деген ұлы Аманат! Сәбит Досанов, жазушы

4233 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы