• Білім және ғылым
  • 29 Қаңтар, 2009

Аңызға айналған Айдынғали

Кезінде белгілі жазушы, киносценарист, «Көшпенділер» фильмінің сценариін жазған Рустам Ибрагимбеков: «Дүниежүзі әлімсақтан бері ковбойлар, самурайлар, сондай-ақ рыцарлар туралы жақсы біледі. Енді әлемге номадтар хақында мағлұмат беретін кез жетті» – деген соны пікір білдірген болатынды.

Тарихтан белгілі гладиаторлар арасынан құлдар көтерілісінің атақты қолбасшысы Спартак, жапон самурайлары екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де ел қарулы күштердің негізгі бөлігін құраса, рыцарьлардың да өзіндік ережелері болғандығы көзі қарақты оқырманға аян.

Украинада гайдамактардың, Венгрия, Молдава және Балкан түбегі елдерінде гайдуктардың, Голландияда теңіз гездарының ерліктері мен батылдықтары, әділдік пен заңдылыққа, еркіндік пен бостандыққа, қайғы мен қасіретке, кекшілдік пен өшпенділікке, қайсарлық пен жанкештілікке толы өмірлері халықтың сана-сезімінде жатталып қалды.

Ал, Әзербайжан қаламгері айтып отырған «номадтар дегеніміз кімдер осы?» деген заңды сұрақтар көкейде тұрады. Оны екінің бірі біле бермеуі де мүмкін. Номадтар – дала көшпенділері. Кеңестік кезеңінде де тарихнамада номад атауы көп қолданылмады. Көшпенділерді варварлар, түзімдіктер, тағылар, жабайылар, бандылар деп атауға көбірек ден қойылды.

Номадтар – кең сахараның еркін ойлы, еркіндігін аңсаған дала перзенттері. Осы даланың ұлы перзенттері – нағыз номадтар, дала рыцарлары өз уақытында өздерінің қандай жандар болғандықтарын ірі кесек даналық мінездерімен дәлелдеп кеткені кейінгі ұрпақтарының есінде мәңгілікке жатталып қалғаны бүгінгі күндері куәміз.

Оның айқын дәлелі б.з.д. VII-III ғғ. Сақ тайпаларының ханшайымы Тұмардың (Томирис), сақ жауынгері Шырақтың (Ширак), XV ғасырдағы елінің елдігін жырлаған қарға бойлы Қазтуған, XVII-XVIII ғасырды «күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер күн қайда» деп төкпелеген Ақтамберді, ХІХ ғасырда жазиралы – қазақ даласын буырқандырған Сырым, Қаратай, Арынғазы, Қайыпқали, Исатай-Махамбет, Кенесары, Есет, Сыздық... Ал ХХ ғасырда ше?

Бұл ғасыр номадтарға – яғни дала көшпенділеріне салқын қабақ танытты. Оған негізгі себеп көшпенділер өмір сүріп келген қоғамның сұмдық дәрежеде саясаттанып кетуі еді. Бұл дегеніміз ықылым заманнан бері таза, тұнық табиғат аясында алаңсыз күн кешкен номадтарға бесенеден ұнамады. Олар саясаттанған қоғамнан өздерінің еркіндігін, бейғам жатқан тірлігін аңсап, бұлқынды. Ұлы даланың ұландары өздерінің бостандықтары үшін бастарын бәйгеге тігіп, ақыры бастарын беріп тынды.

Олар Нарында Аманғали Кенжеахметұлы, Тайсойғанда Құныскерей Қожахменұлы, Арқадағы Кейкі (Нұрмағанбет) Көкімбайұлы, Жетісу өлкесіндегі Рысқұл (көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері, Тұрар Рысқұловтың әкесі) сияқты арыстар болатын. Сол дәуірде ноқтаға басы сыймаған аталған номадтардың есімдері мерзімді басылымдарда әр кезгі жарық көрген мақалалардан таныс болатын.

Жастай кеткен, артынан бір ғана мұра қалдырған Ақан Нұрманов кезінде Кейкі батыр туралы «Құланның ажалы», Латифолла Қапашевтың «Банды Аманғали ісі», Марат Мәжитов Құныскерей туралы «Құмдағы із», Мұхтар Әуезов «Қараш-қараш», Шерхан Мұртаза «Қызыл жебе» деген романдар жазғанын көпшілік оқырман қауым біледі.

Осы күндері күнделікті баспасөз беттерінде нақты тарихи деректерге сүйенбей, «сөйткен екен», «бүйткен екен», «болыпты-мыс» деген сияқты топшылаулар мен пайымдарға толы дүниелер көбейіп кетті. Біз бұл мақалада ондай дүлдамал, сенімсіз нәрселерден барынша бойымызды аулақ салып, нақты мұрағаттық мәліметтер мен деректерге сүйеніп отырмыз.

Ресей Федерациясы Астрахан облыстық мемлекеттік мұрағатында өлкемізге қатысты құнды да бағалы тарихи құжаттардың көптігі тарихшы ғалымдарға мәлім. Дегенмен де ғасырлар қойнауынан сыр шертетін сол тарихи деректердің бүгінгі таңда ғылыми айналымға көпшілігі әлі түсіп болмағаны да өз алдына бір атанға жүк болатындай бөлек әңгіме. Жоғарыдағы мұрағат қорындағы (Астрахан азаматтық губернаторы канцеляриясының 1 қоры, 2 тізбе, 908 іс) «өте құпия» деген белгі соғылған «Қырғыз (қазақ) даласындағы атаман Айдынғали Трумбетовтың қарақшылық отрядын жою жөнінде (9 наурыз-8 сәуір 1908 жыл)» атты іс жоғарыда аталған дала номадтарының батыл іс қимылдарының бір бөлшегі ғана баяндалады.

Бұл бұрын ешкімнің қолына түспеген Астрахан облыстық мемлекеттік мұрағатындағы «дала қарақшысы» Айдынғали Трумбетов жайлы материал бізді қатты қызықтырды. Сондықтан «Ана тілі» оқырмандарын да қызықтырар деген мақсатта таза архив материалдарын беріп отырмыз.

Самара губернаторы 1908 жылдың наурызында №1433 қатынас қағазы арқылы Астрахан губернаторына төмендегідей жағдайды хабарлаған. Ол 1907 жылдың қыркүйек айының орта шенінде Новоузень уезінің территориясында Айдынғали Трумбетов бастаған алты «тонаушы», «қарақшының» пайда болғанын және олардың барлығы да қазыналық найзалы винтовка, револьвер, қанжармен мұздай қаруланғанын жеткізеді. Уездің полиция бастығы өзінің 29 ақпандағы №2583 жазған рапортында бұл қарулы топты орыс хуторларын тонаумен айналысқанын жеткізе отырып, ақпан айының басында Орал облысының аймағында орыс хуторларының ғана емес, сонымен бірге қазақ байларының ауылдарын тонап, дала төсін бұрқандырып жатқанын жедел мәлімдеген. 1908 жылдың 5 ақпан күні Новый Казанкадан шыққан балық тиеген шаналарды (обоз) тоқтатып, Бұзулан уезінің Любимовка селосының шаруасы З.А.Тростяшковты Айдынғалидың өзі винтовканың сүңгісімен шаншығаны туралы өз хатында келтіре кетуді ұмытпаған.

Бұл шағын топтың соңына полиция бақылаушысы Казанский бастаған атты отрядты салғанымен, топтың ізіне түсе алмай, көп қиыншылықтарға тап келген. А.Трумбетовтың жылдам із жасыруы, оны ұстауда көп қиындықтар келтіргенін, сонымен қатар қазақтар жағынан оны ұстауға шаралар қарастырылмағанын және олардың оны жасырып отырғандарын ескерткен. Казанский топты ұстауға арнайы казак отрядтарын жіберуді сұраған. Осыған байланысты Астрахан губернаторы Нарын құмындағы Ставкаға жедел телеграмма жібереді. Ал 15 наурыз күні Астрахан уезінің полиция бастығына губернатор Соколовскийдің өзі құпия түрде жедел хат жолдап, онда хан ставкасындағы Уақытша Кеңестің төрағасына жедел түрде 4 атты қарулы казак-орысты жіберуді қатаң ескертеді. Барған қарулы казактарды 20 күн бойы көлікпен, азық-түлік, жем-шөппен қамтамасыз етуді Ордадағы Уақытша Кеңеске айрықша тапсырғаны туралы да ескерте кеткен. Губернатордың жіберген хатынан байқайтынымыз Айдынғали тобын жақын уақытта қолға түсіре алмайтындығын, жергідікті қазақтардың оны ұстап беруге аса ықыласты емес екендігі байқалады. Жоғарыдағы хатпен қатар Хан ставкасындағы Уақытша Кеңестің төрағасына жіберген телеграммасында жергілікті тұрғындарды аталған топты ұстауға жұмылдыруды және Новоузень уезінің полиция бастығына, Орал облысындағы үкімет әкімшілігіне де көмектесуге тапсырма берілгендігін, Сайхин станциясынан тағы 4 қарулы казактың 18 наурызға дейін жететінін хабардар етеді. Барлық оқиға барысымен өзіне телеграф арқылы мәлімдеп отыруға айрықша тапсырма берген. Архив материалдарына қарағанда 1908 жылы 12 наурызда Айдынғали, Дияр және Аққоян Ирмухановтар Қамыс Самар бөлімінің №16 старшиндығының қазағы Құлмұхамед Менетаевтың үйінде түнеген.

Уақытша кеңестің төрағасы Вольфрец Астрахан губернаторына жіберген телеграммасында, А.Трумбетовтың ізіне көмекші Меңдіхановтың түскенін, оның хабары бойынша 16 наурыз күні А.Трумбетов өз адамдарымен Гурьев уезінің Горы селосында болғандығын, ал Индердің басқарушысы лоарды ұстаудан бас тартқанын және Ілбішін басқармасына телеграф арқылы хабарлағанын мәлімет еткен. Вольфрец 3 сәуірдегі телеграммасында дала номадының соңына өз кезегінде Ілбішін полициясымен бірге Орал облысының №1 округінің депутаты Чукиннің түскенін хабарлайды. Айдынғалидың тобы 28 наурыз күні Торғын бөлімінің қазағы Ырзағали Бегисаевтың үйіне түнеп шыққаны белгілі болған сәтте 28 уряднигі бар Адавин жедел жасақталған отрядымен суыт жүріп отырып ауылға жеткен болатын. Бұл уақытта топ аттанып кеткен еді. Бірақ келгендерге үй иесі Мырзағали есікті ашпай қарсылық көрсетіп, Никитин, Токарев және Хмылков сияқты казактарды қанжармен жарақтаған соң, оны атып өлтірген.

Бұл уақытта Айдынғали тобы орыс хуторларына, орыс сауда кірелеріне шабуыл жасап, үрей тудырып жатқаны Астрахан губернаторының берген телеграммаларында анық көрсетілген.

Казталовка поселкесіне іс-сапармен келген кеңесші Климовка, Новоказановкаға барып Айдынғали Трумбетовтың тобын ұстауға қарулы жасақ ұйымдастырып, Қамыс Самар бөлімінің басқарушысы Шынтаевпен бірге отырып, ізге түсуге тапсырма беріледі.

Сонымен Климов пен Шынтаевтың отряды 23 наурыз күні Гурьев (Атырау) уезіне қарасты Горы селосынан аттанып, Меңдіхановтың тобымен кездесіп, Айдынғали тобын бірге ұстауды жоспарлайды. Бірақ Айдынғали өзінің тобымен 17 наурыз күні Орал бағытына өтіп кеткені белгілі болады. Индер болысының жергілікті тұрғындары Меңдіхановтың отрядына ешқандай көмек қолын созбай, керісінше өшпенділікпен қарсы алған. Жергілікті қазақтардың патша өкіметінің өкіліне көмектеспегеніне қарағанда Айдынғали Трумбетов қарапайым халық өкілдерін тонап, зорлық жасамағанын мұрағаттағы құжаттар нақтылай түседі. А.Трумбетовтың ізін кесе алмаған губернатор кеңесшісі Климов 4 адамымен Астраханға қайтқанымен, 29 наурыз күні Чукин Ілбішін уезінің бастығына Айдынғали тобының ізіне түскендігін хабарлаған. Астрахан облыстық мемлекеттік мұрағатындағы қордағы А.Трумбетовтың ісі жайындағы материалдар осы жерде үзіледі. Одан кейінгі оның іс-қимылы, өмірі жөнінде ешбір материал жоқ.

Сондықтан А.Трумбетовтың қалай қолға түскені туралы ақпаратты ұсына алмай отырмыз. Дегенмен ол туралы ақпараттың Ресей мұрағаттарында бар екенін ішіміз сезеді.

Ахмет Аққали,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Атырау мемлекеттік университетінің

доценті

5810 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы