• Ақпарат
  • 13 Сәуір, 2009

Бөгде жұрнақсыз төлқұжат таңдады...

1-1Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» 1996 жылғы 2 сәуірдегі № 2923 санды Жарлығына сәйкес, «Зерде» Тілдерді дамыту жөніндегі инновациялық орталығы азаматтардың құжаттарын қазақшаландыру ісіне ұйытқы болып келеді. Ал өткен аптада аталған мекеменің ұйымдастыруымен елордадағы Ә.Марғұлан атындағы № 40 орта мектеп ұстаздары өз еріктерімен ата-тектерін қазақ тіліне аудартып, жаңа жеке бас құжаттарын қолдарына алды. Мектеп қызметкерлерінің жеке құжаттары қазақы түрде, орыстың «ов», «ова» жұрнақтарынсыз көпшілік деңгейінде алғаш рет ресімделіп отыр. Енді олар өздерінің нағыз қазақ ұлтының өкілдері екендерін жүректерімен сезінетін болды. Шыны керек, бұл жарияға жар салып қуанатын жағдай емес. Себебі, баяғыдан-ақ осылай болуы керек болатын. Бірақ, халқымыздың «кеңестік» кезеңнің бодандығынан санасы тазара алмауы, бізді осылай жар салуға мәжбүрлеп отыр. Сондықтан да, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазының: ¬ – Біз қарастырған статистикалық мәліметтерде бір есімнің түрліше жазылуы 13-ке дейін жетіпті. Аты-жөннің қате жазылғанымен қоймай оған бөгде тілдегі «ов», «ова», «ев», «ева» тәрізді қосымшалардың жалғануы ұлтын, туған халқын сүйетін азаматтардың қабырғасын қайыстырмай қоймасы хақ. Сондықтан мына құжатты алғаннан кейін, төс қалтаңа салғаннан кейін, енді өзге тілде сөйлемеуге тырысыңыздар. Өйткені қазақ тілі – ана тілің, қазақ тілі – мемлекеттік тілің! Мынау ұланғайыр жерді әперген ата-бабамыз. Біз бірінші қазақ емеспіз, біз соңғы қазақ емеспіз. Біз тілімізді анау әлімсақтан келе жатқан қазақтан қабылдап алып болашақ қазаққа жеткізушіміз ¬– деп төлқұжат тапсыру салтанатында қуанышын жасыра алмай, толқығаны да бекер емес. Үнемі осындай жақсы істің басы-қасында жүретін «Зерде» инновациялық орталығының басшысы Ғабит Халықұлына Оразкүл Асанғазықызы көпшілік алдында алғыс айтты. Негізінен кезінде осы бастама көтерілген жиынға қаланың 63 мектебінің басшылары қатысқан екен. Алайда солардың арасынан бірден қоштағаны алтауы ғана көрінеді. Қазақтың ғұлама ғалымы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектептің директоры Ербол Іргебай осылардың ішінен мектеп ұжымын бір кісідей шешім қабылдауына ықпал еткені шара барысында айқын байқалды. – Шіркін, Ербол Ісләмұлының басшы ретіндегі өнегесін, біздің кейбір министрлерге берсе ғой... Осы істі ешкімге айтқызбай-ақ іші біліп, Елбасымыздың жарлығын жарғақ құлағы жастыққа тимей жарнамалауға тиіс Әділет министрлігі неге ойланбайтынына таңымыз бар. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген ғой. Тәрбие басын балабақша мен мектептен бастаған тиімді екенін ескерсек, Білім және ғылым министрлігі де осыған ықпал еткені жөн. Бәлкім министрлердің мұндай «ұсақ-түйек шаруалармен» айналысуға уақыттары жоқ шығар. Бірақ, ол кісілер шешім қабылдаса, біз құжаттарын жүгіріп жүріп өзіміз-ақ ауыстырып берер едік, – дейді «Зерде» инновациялық орталығының директоры Ғабит Молдамұрат. Сонымен қатар, Астана қаласы бойынша №4 орта мектеп пен № 29, № 75 балабақша ұжымдары да қазақша жаңа жеке бас куәліктерін қолдарына алғалы отыр. Ал, № 10 мектеп пен № 5 балабақша кезекке тұрып қойыпты. Ербол Ісләмұлы басшылығындағы ұжымда Президент жарлығын қолдап, құжаттарын қазақшалауға ниет білдірген қызметкерлер көп көрінеді. Қазірдің өзінде 80 пайызының құжаты қазақшаланыпты. Салтанатты рәсімге мұғалімдермен қатар ата-аналар комитетінің мүшелері мен оқушылар да қатысты. Мектеп ұжымының, ұстаздарының көрсетіп отырған үлгісі шәкірттеріне өнеге боларлық іс болды. Сондай-ақ, шараға Алматы ауданы бойынша № 1 халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Данияр Медетбек, Сарыарқа ауданы бойынша № 2 халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Самат Әлімбеков қатысып, есімі мен тегін қазақ тілінде жазғызамын деген азаматтарға мекеме қызметкерлері кез-келген уақытта, ешқандай қиындықсыз қызмет көрсететіндіктерін атап өтті. Расында, ата-тегіміз әлі күнге «ов, ев», «овна, евна, евич» жұрнақтарымен жазылып жүргеніміз үшін намыстануымыз қажет. Ал «ов, ова» деп жазу, баяғы кеңес өкіметінің құйтырқы саясатының сарқыншағы бізді бодандықтан босатпай келе жатқан секілді. Осыдан арылуымыз қажет. Бұл жайында аталған министрлік басшылары да, Парламент депутатары да ойланып бір шешімге келіп жатса, қане. Қазақ өзін-өзі қазақшаламай ешқашан біреуді қазақыландыра алмайтыны анық.

Бейбітгүл ИСАЕВА

3514 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы