• Тіл
  • 17 Сәуір, 2009

Қатеге бойымыз үйреніп барады

Бұл күндері ана тіліміздегі сауатсыз жазылған жарнамалар мен көшедегі тақтайшалардағы қателіктерге бірте-бірте көзіміз де, тіпті өзіміз де үйреніп бара жатқандаймыз. Мүмкін айтудан нәтиже шықпаған соң да солай шығар. Масқара болғанда, өз қазағымыз да жарнамасын сауатсыз жазуға көшкендей. Бұған бойымыз үйренді десек те, дәл мына жағдай шектен шыққандық емес пе?! Қаламыздағы Республика сарайының алдында «Саржайлау» қымыз орталығының (дұрысында«Сарыжайлау») ұйымдастыруымен ұлттық сарындағы үлкен, игі іс-шара өткізілді. Жиналған қауымға дәстүрлі әндерден шашу шашылып, саятшылық өнер, ұлттық дәстүрмен қатар, ұлттық ыдыс-аяқтар мен ат әбзелдерінен көрме қойылды. Біз мұндай іске, әрине, қуанамыз. Ұлттық дәстүріміз өз биігінен төмендеп қалған қазіргі таңда бұндай игі шара жүрегі қазақ деп соғатын әр азаматты бей-жай қалдырмасы анық. Десек те, осы шараның жаныңды ауыртып, ұлттық намысыңа тиетін тұстары болды. Бұл шараны ұйымдастырып, дәстүрімізді насихаттап жүрген азаматтар өз ана тілдерін қаншалықты «құрметтейтіндерін» жұртшылық алдында ашық көрсеткендей. Кез келген кең көлемді шараның кемшіліксіз болмайтыны белгілі. Жіберілген қателік ұйымдастырылған концерттен, көрмеден кетіп жатса, кешіріммен қарайтынымыз белгілі. Ал, кемшілік алдын-ала дайындалған жарнамадан, көпке таратылатын жарнама кітапшаларынан кетуі әбестік. Атам қазақ бір істі қолға алар алдында «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген емес пе?! Ілінген жарнамаларында өрескел қателіктер болумен бірге, таратылған кітапшалары мен танысқыларында (визитка) бірінші орыс тілінде жазылыпты. Әрі кітапшаның басым бөлігі орыс және ағылшын тілінде. Қазақ тіліне берілген бөлігі аз ғана. Көрмедегі сатылымда тұрған ұлттық ыдыс-аяқтардың бағасы тек орыс тілінде беріліпті. (Жиналған қауым ішінен өзге ұлт өкілдерін көзіміз шалмады.) Масқара емес пе?! Өз мемлекетімізде өтіп жатқан, оның үстіне өз ұлтымыздың дәстүрін, сусынын насихаттап отырып, орыс, ағылшын тілін бірінші орынға қояр болсақ, басқасы туралы ауыз ашу мүлде орынсыз. Қымыз орталығының ұлттық дәстүрді насихаттаумен шектелуінің аздық ететіні баршамызға белгілі. Жалпы алғанда, дәстүр мен тіл егіз ұғым емес пе?! Оларды бір-бірінен мүлде ажыратуға болмайды. Сонда, бұл шараны ұйымдастырған адамдардың мақсаты қандай болғаны деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сұрағымызға жауап алу мақсатында өзін ұйымдастырушылардың бірімін деп таныстырған қызға жолықтық. Үстіне ұлттық киім киген қызға сүйсіне қарап: « Не үшін кітапшаларыңызда бірінші орыс тілінде жазылған, оның үстіне екінші кезекке қойылған қазақшаларыңызда өрескел қателіктер кеткен?» – дегенімізде, ол : «Биз бул қатемізди тусиндик. Биз буны тузеймуз. Бұл шыгарылып қойылгандыктан уакыттың тыгыздыгына карап осылай жибердик» деген жауап алдық. (Бұл аруымыз ұлттық киімді құр кигені болмаса, өз ана тілін бұрап, шүлдірлеп тұр). Ал жарнамадағы қателіктерге тоқталсақ: «Саржайлау», дұрысында – «Сарыжайлау». Бұл сөзді қалай есітісе солай жаза салыпты. «Ден саулық», дұрысында – «Денсаулық» болып біріккен түбір бірге жазылуы тиіс. Мұқабадағы түсіндірмеде «... доктары» деп жазылған, дұрысында – « докторы». «Зұлхарнай Сейтовтын», дұрысында – «Зұлхарнай Сейітовтің», «Ортылығында», дұрысында – «Орталығында», «Кәмпескеленіпп», дұрысында – «Кәмпескеленіп», «Тіл үйретен», дұрысында –«Тіл үйіретін». «Комадасына», дұрысында – «Командасына». «Күшейтетінен», дұрысында – «Күшейтетінінен». «Сейтовке» – «Сейітовке». «Жаксы қымыыз» – «Жақсы қымыз», «Қадыын» – «Қадірін», «Жане» – «Және», «Көне көз» – «Көнекөз» болуы керек. Бұлармен қоса стильдік те қателіктер жіберілген. Мәселен, «Көне көз қариялардың кеңесімен және де биология ғылымының доктары, профессор Зұлхарнай Сейтовтын басшылығымен осы күнде Саржайлау қымыз орталығында қайтадан дүниеге келд!!! Ішіңізде рақатқа батыңыз!!!» деген сөйлем құрылымы жағынан да, мағынасы жағынан да дұрыс құрылмаған. Тағы бір мысал: «Қымыз және ыдыстар сатып аламыз дегендер мына телефондарға қоңырау шалса болады», дұрысында – « ... сатып аламыз деушілер болса мына телефондарға хабарласуларына болады» деп жазылуы тиіс. Осындай жіберілген қателіктерге қарап, ұйымдастырушы азаматтарымыз өз ана тілінде сауатты жаза алмағанымен қоса, мағыналы сөйлем құрастыра алмайды екен деген ойға қаламыз. Әлде бұл өз тілімізге немқұрайлы қарап, оны менсінбеушілік пе?! Дәл осы қателіктер орыс не ағылшын тілінде жазылған бөлігінде жіберілген болса, «Бұл кітапша шығар ма еді?» деген сұрақ көкейіңді мазалайды. Өзге тілде сауатсыз жазу бізге «ұятты іс» болады да, ал өз тіліміздің халі ешкімді ойлантпайды (ойлантса бұлай болмас еді). Мұндай тұжырымға келуімізге тағы да әлгі бойжеткеннің сөзі себеп болды. «Қазақ тілін неге екінші орынға қоясыздар?» дегенімізде : «Знаете, это очень суровое мнение. Коп Қазақтар қазақ тілін білмейді. И вообще, маркетинг бойынша негізгі бет бірінші және соңғы бет болады. Ал ол беттер қазақша жазылған» деген жауап алдық. (Ал қалай жазылғандығы туралы ойланбапты). Бұдан шығатын қорытынды, бұл шараны ұйымдастырушы адамдардың мақсаты ұлттық дәстүр мен құндылықты насихаттау емес, өз өнімдерінің сатылым аясын кеңейту болса керек. Осы шараны ұйымдастырушы азаматтарға айтарымыз, (жалпы барлық қазақтарға) онсыз да өз биігінен көріне алмай жүрген ана тілімізді одан ары төмендетпей, оның өсіп-өркендеуіне атсалысқанымыз жөн болар. Өз ана тілімізде дұрыс жаза алмай, оны өзгелер алдына осы сауатсыз күйінде шығара беретін болсақ болашағымыз не болмақ? «Біздің мақсатымыз ұлттық сусынды насихаттау, тіл біздің орталықтың мақсаты емес» десеңіз, қателесесіз. Тіл мен дәстүр егіз ұғым. Қыранның қос қанатындай. Бірінсіз бірі болмақ емес! Ұлт болудың ең басты көрсеткіші оның – тілі мен салт-дәстүрі. Осы ұғым әрбіріміздің қаперімізде болса екен, ағайын. Бір құндылықты насихаттаймыз деп, екінші бір құндылыққа зиян келтіріп алмайық. Алиса Нұрланқызы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің  студенті

4714 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы