• Қоғам
  • 17 Сәуір, 2009

Жүзі игі азамат

Iс қағаздарын қазақ тiлiне көшiрiскен Сыртынан ертеректен бiлемiз. Және оны бiлмейтiн кiсi де жоқ секiлдi өзi. Өйткенi… аты-жөнi – елде жоқ аттар, оның үстiне оп-оңай, радиодан құлағы бiр естiген, баспасөзден көзi бiр шалған адамның ойында тез-ақ қалады.  Иә, оп-оңай: аты – Итен, фамилиясы – Қарымсақұлы. Итен ағаны ел әсiресе ұзақ жыл бойы құқық саласында қалам тартып жүрген көрнектi журналист ретiнде жақсы таниды. Менiң бiлетiнiме жиырма жылдың бедерi болса керек. Бiрақ жүзбе-жүз ұшыраспаған екенмiн. Осыдан бес жыл бұрын ғана таныстық. «Жүзi игiден түңiлме» дейдi қазақ, Итен ағамен жете бiлiскен соң оның бойынан қарапайымдылық пен мейiрiмдiлiктiң ұшқынын сезiп, тонның iшкi бауындай болып кеттiк. Шамырқанса, шаршы топтың көсемi, сөйлесе, қара тiлдiң шешенi деп бұрынғы қазақ осындай кiсiлердi айтса керек. Сол Имекеңнiң журналистика саласында (кейiнгi он үш жылда прокуратурадағы баспасөз қызметiн қосқанда) қызмет етiп жүргенiне, мiне, биыл елу бiр жыл толады екен. Тұтас бiр ғұмыр. Қарап отырсақ, қазiр жетпiстiң шыңына шықса да, ердiң жасы елудегi жiгiт ағасындай. Әлi тың. Сергек. Тiл-көз тасқа, құдай денсаулықтан айырмасын дейiк. Ұзақ жылғы еңбегiн шолып шықсаңыз, Имекеңнiң түрлi тақырыпқа қалам сiлтегенiн байқайсыз. Және сiлтегенде, сол тақырыптың тереңiне үңiлiп жазады. Оның бәрiн екшеп жатуға бұл жерде мақала көлемi көтермейдi, бiз Итен ағаның бiр ғана қырына ғана тоқталсақ деймiз. Ол – ең әуелi қазақ тiлiне деген жанашырлығы. И.Қарымсақұлы мемлекеттiк тiлдiң әсiресе прокуратура саласында жаппай қолданылуына зор үлес қосып жүр. Алматы прокуратурасы органдарында iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзуге көп күш салып келе жатқан да – осы Итен ағамыз. Алматы қаласы әкiмдiгi ана бiр жылдары қаладағы атқарушы орындарда iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiру туралы шешiм шығарған болатын. Соған сәйкес орталық көшелердегi көрнекi ақпараттар мен жарнамалардың «Тiл туралы» заңның 21-бабына сай ресiмделуiн тексеру мақсатында қала әкiмдiгiнде арнайы жұмыс тобы құрылып, бекiтiлген кесте бойынша iске кiрiскен болатын. Мiне, сол жұмыс тобының қалаға қанат жайып, арқасын кеңге сала жұмыс iстеуiне де прокуратурада отырған Итен Қарымсақұлының көмегi көп болып едi. Өйткенi Имекең қалалық прокуратурада жүрiп бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс жасайды. Өзi де материалдардың қайнаған ортасында отырып, интернетпен жан-жаққа мәлiмет берiп жатады. Қылмыс тақырыбына қатысты материалдарды екшеп, жүйелеп, сараптап, көпшiлiк оқырмандарға талғаммен берiп отыруы да журналистiк шеберлiгiн аңғартады. Үлкен қаланың қылмыс хроникасына байланысты дайындаған материалдары қазақ газеттерiнде тұрақты жарияланып келедi. Жазғыштар туралы жазыла бермейдi Итен Қарымсақұлы 1958 жылы Қызылорда облысындағы Сыдария ауданының № 3 ауылында орта мектептi бiтiрген соң Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазiргi «Сыр бойы») газетiнiң редакциясында хат тiркеушi болып еңбек жолын бастаған екен. Арада көп уақыт өтпей мектеп қабырғасында жүргеннен жазуға бейiмi бар, талапты жасты редакцияның хат бөлiмiне әдеби қызметкерлiкке ауыстырады. Содан соң әскер қатарында жүрiп Ресейегi «Красный боец» деген әскери басылымына жиi материал жазып, штаттан тыс тiлшiсi болып жүредi. 1963 жылы әскерден оралған соң баяғы «Ленин жолы» газетiнде әдеби қызметкер болып 1971 жылға дейiн, 1971-1973 жылдары Торғай облыстық «Торғай таңы» газетiнiң жауапты хатшысының орынбасары, 1973-1980 жылдары Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетiнiң бөлiм меңгерушiсi әрi алқа мүшесi қызметтерiн атқарды. 1980 жылы туған жерi, өскен елi Қызылорда облысына қайта оралып, қалалық кеңес атқару комитетi жалпы бөлiмiнiң меңгерушiсi болып iстедi, 1985 жылы өзi бауыр басқан облыстық газетке ауысып, әуелi тiлшi болып, сосын бөлiм меңгерушiсi әрi облыстық прокуратураның бас маманы қызметiн қоса атқарып, «Прокуратура тынысы» газетiн тұрақты түрде шығарып тұрды. 1996 жылы Алматы қаласына қоныс аударып, күнi бүгiнге дейiн Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз хатшысы қызметiн абыроймен атқарып келедi. Алматы қалалық прокуратурасының тұңғыш басылымы «Прокуратура хабаршысы» газетiн қазақ және орыс тiлiнде шығаруды ұйымдастырды әрi редакциялық кеңестiң мүшесi болды. Имекең - Қазақстан Журналистер одағының мүшесi, Қазақ мемлекеттiк университеттiк университетi журналистика факультетiнiң түлегi. Бәйбiшесi Күләйхан екеуi ұрпақ өрбiтiп, бақытты, бақуатты тiршiлiк етiп жатыр. Ұл-қыздары Серiк, Бақытжан, Сәуле және Сабыржан жоғары бiлiм алған, Алматы қаласында еңбек етедi. Ғалымжан, Олжас, Бауыржан, Абзал, Айдос, Нияз, Елдос деген бiрнеше немересi бар. Осы жерде бiр наз айтқымыз келiп тұр. Журналистер қауымы елiмiзде болып жатқан жаңалықты, елеулi оқиғаны қалт жiбермей жарыса жазып жатады ғой. Бүкiл мамандық иесi туралы қалам тербейдi, тындырған iсiн айтады, жасаған жақсылығын мақтайды. Бiрақ сол айтулы оқиғалардың қайнаған ортасында, көшеде ереуiлдер арасында, қалалардағы құрылыс басында, тiптi жерасты шахталарында жүретiн сирек мамандық иесi – журналистер туралы айтыла бермейдi. Ескерiлiп, елене бермейдi. Жазғыштардың өзi туралы жазыла бермейдi. Ақиқаты осы. Өзiмiз байқап, аңғарып жүрген жайт. Iлуде оқырманнан жылы лебiз ести қалсақ, төбемiз көкке екi елi жетпей қалады. Осы себептi елiмiзге танымал журналист ағамыз Итен Қарымсақұлын құқық тақырыбына қалам тартып жүрген бiрден-бiр қаламгер ретiнде қалай қадiрлесек те, артықтық етпейдi. Нұржан БАЙСАРЫ

6198 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы