• Білім және ғылым
  • 17 Сәуір, 2009

Қазақ кітаптары неге төрден көрінбейді? (ой бөлісу ретінде)

Қазақ кітабы жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Ендеше неден бастасақ екен... Әуелі қазақ кітабы бар ма? Бар делік. «Ал сол қазақ кітаптары көп пе әлде аз ба?», – десек бұл жайында ұстата салар статистикалық нақты мәліметтер жоқ. Ал біздің осы бір жаттанды сауалға жауабымыз дап-дайын: аз! Аз болғанда да өте аз... Оған көз жеткізіп көңіл сендіру үшін көп әуреге түсудің қажеті шамалы. Қаланың қай кітап дүкеніне барсаңыз да көретінің сол көрініс: төбеге тірелген сөрелерде сықиған кітаптардың шет жағындағы «жетім бұрышта» бірінің бірі тасасына тығылып, қысылып, қымтырылып қазақ кітаптары тұрады. Онда да ата-бабасын мадақтаған, кермет өміржолын әспеттеген әлдекімнің кірпіш кітабы. Ен-телегей орыс кітабының ішінде осылай есеңгіреп, келуіңді келіп алып, енді ұялғаннан алтынмен апталып, күміспен күптеліп көз жауын алған кітаптар мен аңсарды тартар алып энциклопедияларды қарағыштап кетерің даусыз. Әрі қарай белгілі – дүкеннен жәй шықпай, омыраудан алар он сан сауалды арқалап шығатының. Иә, бұл қалай деп мен ғана ойламаймын, қазақ кітабын іздеген әрбір жан сауалына жауап таппай дал болары қақ. Қазақ кітаптарының осыншама кітап дүкендеріне бас сұға алмай қалуы қалай? Басқаны былай қойғанда мыңдаған мектебі бар, онда оқитын жүздеген мың шәкірті, студенттері, ол салада еңбек етіп жатқан ұстаздары, ғалымдары, кітапханалары бар еліміздің еңсесін тіктегелі бері өз ана тілінде оқитын кітаптары қайда кеткен? Енді оның – қалайына? – өзімізше жауап іздеп көрелік. Былай алып қарасақ қазақ кітаптары шықпай жатқан жоқ, шығып жатыр. Аталамы әжептеуір, сапа шарқы да көп-көрім-ақ. Бірақ қалың оқырманның көзіне түсе бермейтіні несі сонда? Әрине бүгңнгң дүкендер баяғы дүкендер емес, бәрі жекеменшік. Оның иесі – жатып қалмай лезде өтіп кететін кітаптарды қалайды. Оның үстіне Резейдің өзіндік құны арзан кітаптары ағылып келіп жатыр, орыс тілді оқырман көп, өнімдері өтімді. Мұның қалай дей алмайсың, қалалық жерлердегі кітап дұһүкендерінің қазіргі саясаты осы. Ал қазақ кітаптарының қалың оқырманы ауылдық жерлерде екені белгілі. Бірақ қазақ кітаптары барар аудандық, ауылдық елді мекендерде кітап дүкендері мүлде жоқ деуге болады. Шығып жатқан қазақ кітаптарының өрісі осылай тарылып, оның аяғы қазақ кітаптары өтпейді деген желең ұғым тудырып отыр. Әйтсе де оқулықтардан бөлек көптеген баспалардан сан алуан тақырыпта жаңа кітаптар легі таралымы аз болса да тоқтамай шығып жатқанын жоққа шығаруға болмас. Қазақ халқының 47 пайызы тұратын ауылдық жерлерде кітап дүкендері болса қазақ кітаптарының сөз жоқ таралымы артар еді. Ендігі бір мәселесі – не шығып жатыр? Кітаптың шығарылымы әрқалай сипатта. Жекелеген адамдардың өз қаржысына том-том етіп кітап шығаруын сынап мінеудің қажеті жоқ болар. Өйткені оқылатын кітап пен оқылмайтын кітапты айыратын да, оны тани білетін де көзі қарақты оқырман ғой. Оқырманның таңдау жасауына біз барынша мүмкіндік жасауымыз керек. Ол мүмкіндіктің бастысы – кітаптардың сөреде тұруы, қалада ғана қалмай ауылдық қауымға жетуінің жолын ашу. Мұнымен айналысудың өзі бизнес. Бірақ қазіргідей Ресейдің арзан да аталымы мол кітаптарын оп-оңай, көтермемен әкеліп, шапшаң сатып шала байып отырғанда қазақ кітабының қамы үшін бел шеше қояр бизнесмен табыла қояр ма екен? Ресейдің кітабына шекарадан өтерде белгілі бір салық салынбай, сөйтіп құнын көтеріп бизнесменнің бейілін бәсеңсітпей осы қалпымызда қала беруіміз қауіпті. Қазақ кітабының тағы бір түйткілі – жақын жамағаттың да, алыстағы ағайынның да қандай кітап шығып жатқанынан мүлде бейхабарлығы. Біздің ақпарат кеңістігімізде қазақ кітабы жайлы ауыз толтырып ештеңе айтылмайды. Жүздеген таныстыру сұхбаты, болмаса танымдық-тәлімдік мәдени талқылаулар, тағы сол секілді түрлі насихаттық-жарнамалық түсірілімдер мүлде берілмейді. Бұған жер-жерлерде кітап жәрмеңкелерінің мүлде өккізілмейтінін қосыңыз. Насихаттың жоқтығы дегеніміз осы. Ал насихат жақсы болуы үшін әуелі қазақ кітабының құны мен таралымының қалың оқырманға оңтайлы болуына жағдай жасалуы керек. Ол үшін әр салада қолданылып келе жатқан жеңілдікті енгізуге әбден болады. Айталық бір жылға қазақ кітабынан қосымша құн салығын алып тастаса яғни маротори жарияласа одан елдің қазынасы ортая қоймас. Қайта оқырманның да, қазақ кітабының да өрісі кеңейіп, еңсесі тіктеле түсер еді. Кітап жаршысы керектігін айтып қоңыраулатпасақ та қамшылауы жете қоймай ортамызға кешігіп жетті. Оған енді-енді мән бере бастадық. Өмірді ағындаған жеделдікпен түсіндіріп, деректік-мәліметтік деңгеймен қанықтыратын ақпаратпен, интернетпен, электрондық басылымдармен ғана шектелетін, кітапты қазіргі заманның қажетсіз дүниесіне жатқызатын болсақ қоғам қазынасынан айырылып, барына мәз базарымен ғана қалады. Рухани қайнары суалады, ұлттық мәдениеті мен әдебиеті тамырынан солады. Мұндай да өзгенің өзеурік идеологиясы өз дегенін істейді. Қазақ кітабының өз жаршысы болуы керек деуіміздің мәнісі осы одағай жайдың алдын алу қамы, ертеңді де ойлаудың қажеттігін еске салу. Бұл орайда орыс тіліндегі кітаптардың насихаты қызықпасыңа қоймайды. Өйткені олардың жарнамасы ұмыт болып жағада қалған жоқ. Қайта әп дегеннен тындырымды жұмысқа кірісті. Айталық, орыс тілінде шығып жатқан кітаптарды дер кезі жарнамалап, жар салып жазып отыратын басылымдары баяғыда бар да, қазақ тілінде осы күнге дейін арнаулы бір де бір басылым болған жоқ. Бұл пародокс! Жақында ғана «Кітап жаршысының» (бас редакторы Қанат Қайым) шыға бастағанына шүкір деп отырмыз. Шығып жатқан жаңа кітаптарды жер-жерлердегі кітапханалар да білмейді. Білуге еш мүмкіндіктері жоқ, тіпті баспагерлердің өздері, авторлар не шығып не қойып жатқанынан бейхабар. Жаңа шыққан кітаптардың аңдатпасы, қай баспадан, қашан шыққаны жазылып, мекен-жайының тізімін беріп отыратын белгілі бір басылымның жер-жерге таралуы баспа мен оқырманның арасыа тартылған алтын көпір болар еді. Таралым жайы – көптен бері айтылып келе жатқан жай. Бұл ретте талай басылым беттерінде айқара айтылған мәселе – қазақ кітаптарының таралымының тым аздығы. Қазіргі таңда оның межесі – 1000-2000 данадан аспайды. Өйткені баспа оны өтуіне, сұранымына қарай шектейді. Баспалар әрине қынжылады, авторлар ренжиді, оқырман аң-таң? Бұл жерде ешкім оған міндетті емес. Сауда нүктелері жоқтығынан баспа осылайша сақтанады. Мұның бер жағында баспа, қаламгер, сатушы ұштағанының бір бағыттағы үлес тірлігінің үйлесім таппай жатқаны да түйіні шешілмеген бағзы проблема болып отырғаны анық. Ортақ шаруаның нақты іске айналуы үшін қазіргідей нарықтық жағдайда баспалардың, кітап таратушылардың, кітапханашылардың, баспаханашылардың біріккен қауымдастығы құрылып, ол қазақ кітабының мүддесі жолында белсене жұмыс жасауы керек. Мұның бәрін тіліміздің күн тәртібіндегі хал-жағдайына қарап сараптамай болмайды. Қазіргі тілдік ортаның қалай қарай ауып бара жатқанын аңдауымыз керек. Бір ғана дәйек: жылдан-жылға қазақ мектептері көбейіп келеді. Бұл деген қазақ оқушыларының саны да өсуде деген сөз. Екінші жағынан қазақ мектебін бітірушілердің де саны артауда ғой. Білдік кеңістіктің бір саласының бағыты осындай болса оған ұсынылатын қазақ кітабының да қажеттігі өзіне өзі туындайды. Туындаған сұранысты толтыру – қазақ тіліндегі сан түрлі салалық кітаптарды тасқындатып шығару керектігін алға тартады. Мұндай әлеумен сұранымы кез келген кітап дүкенінде қазақ тіліндегі кітаптардың өзге кітаптармен тең дәрежеде иық тірестіріп тұруын талап етеді. Ол баспалардың ғана шаруасы емес, құзырлы орындардың қамқор қолдауы арқылы шешілер жай. Айналаңа қарасаң өзін сыйлап ертеңін ойлаған өзге елдердің бәрі де өз басылымын, өз телеарналарын, өз кітабын, өз тілін қорғау мақсатында арнайы заңдық құқы бар тежеулер мен қорғаулар енгізіп реттеп отыратынын аңдаймыз. Осылайша өз өнімінің өркендеуіне жол ашып отырған жүйелі үлгілердің аңдатпасының астары да түсінікті. Рухани саланы өз бетімен жіберуге болмайды. Одан ұлттық иммунитетімізге орны толмас опыныс әкелерін кеш біліп қамшы ұстап қалуымыз бек мүмкін. Жаңа заманның жаңа шығармалары тумай жатыр деген сауалдың да осы орайда шыға келуі орынды. Рас оқырманды елең еткізер тумысы бөлек тың туындылар жоқ. Егер осы қалпымызбен жақсы дүние – жақсы туындыларды уақыт тудырады, қорыту керек, күту керек дейтін болсақ қатты қателесеміз. Жаңа туындыларды тудыру әрекетін жасауымыз керек. Ол әрекетті ойлап табудың қажеті шамалы. Оны өмір сынынан өткен танымал жолын таңдап алсақ та жетеді, яғни оның жолы – тапсырыс беру, тапсырыспен жазу. Арғы-бергі тарихта тапсырыстың арқасында туған ғажайып туындылар аз ба? Былтыр ақын Ұлықбек Есдәулетұлы «Қазақ әдебиеті» (15.02.2008) газетінде Джузеппе Вердидің ғасырлар бойы тыңдаушысын таңқалдырумен келе жатқан әйгілі «Аида» операсының Суэц каналының құрметіне арналған тапсырыспен жазылған туынды екенін айта келіп, ортаға орынды мәселені ашығынан қойды. Тапсырыстан үркудің қажеті жоқ, тапсырыс беруді тірілту керектігін, Тәуелсіздігіміздің өзі тапсырысқа сұранып тұрғанын алға тартты. Тіпті, тапсырыс жайы өз мысалымызда да жетерлік. Жетісу елінің атақты байларынан Есенғұл Маманов жақсы роман жаған адамға 200 сом бәйге жариялағаны мәлім. Сол кездің өзінде «Қазақ» газетінің 117 номерінде: «Былтырғы роман жарысының мезгілі жақындады. Бәйгеге қосыламыз деген талапкерлер «Қазақ» басқармасына білдіріп тұрса керек. Енді солардың жазғандарын қарау жұмысы – сыншы азаматтардың мойнында. Сыншылар бір жерге жиылып, кеңеспей болмас. Жиылуға Семей шаһарын ыңғайлы көрдім. Өйткені, сыншылыққа шақырып отырған мырзаларымыздың бірсыпырасы сонда көрінеді. Ардақты азаматтар! Жаңа көтеріліп келе жатқан әдебиетімізге бір қызмет бола ма деп бастаған ниет еді, бұған әрқайсыңыз ілтифат етіп, ұлт әдебиетінің құрметіне сыншылықты қабыл етуіңізді өтінемін», – деген Есенғұл Мамановтың елге хаты ертеде жазылса да еске алуға лайық ескерту секілді. Жылдың үздік кітабы – деген мәртебелі атақты да қалыптастыру баспалар мен авторлардың өз еңбегінің жемісін анықтауда ерекше мәнді шара болар еді. Бұл автор – баспа – оқырман байланысына жаңа серпін беріп ізденіске құлшындырып, ізгі іске жұмылдыра түсер еді. Мұндай игі істің де игілігін оқырман көріп жатса қазақ кітабының мерейі өсе түсер еді. Кітап қамы – болашақ қамы. Елдің бүгіні мен ертеңін, өсіп келе жатқан ұрпағының қандай болатынын ойлау, жоспарлау, өзге елден кем түспеу жағын және өзгенің өзегінде кетіп қалмау жағын ойлаудың бәрі ұлттық мұрат, мемлекеттік міндет. Ендеше өзіміздің мүддеміз үшін болуы керек бәрі. Біздің өнерімізді, мәдениетімізді, тілімізді, кітабымызды түрлі жолдармен ығыстыруға бағыт алған барлық бөгде «үлгілердің» бәріне бейқам қарауға хақымыз доқ. Кітап дүкендерінің төрінен орын алу үшін қазақ кітабының проблемаларын шешудің түп тамыры тіліміздің тұғырына барып тірелетін мәселе екенін, ұлттық тағдырымызға қатысты мәселені шешу болып табылатынын түйсіктей алсақ жарады. Тек осыған ден қою жағы бізде әлі шамалы ма деп қаламыз. Қазақ кітабының толғақты түйіндерін кешенді бағдарламалар мен қаржылық-заңдық жүйелерде реттеу ісі ұдайы ұмыт қала беретіні өкінішті. Дегенмен уақыттың пісіп-жетілер сәті де болады. Оған өзіміздің белсенділігіміз қосылса шеті шертілмей келе жатқан шаруаның қолдау табарына да күмән жоқ. Өйткені қазақ кітабы көбейсе – ана тіліміздің абыройы арта түскені, ана тіліміздің өресі мен өрісінің кеңейе түскені. Аз айтылып жатқан жоқ мұның бәрі. Бірақ біз айта беруге тиіспіз. Өйткені кітап дүкендеріндегі қазіргі көріністер көңілді құлазытады. Ондағы қазақ кітабы именіп табалдырықта тұрғандай боп елестейді. Оны төрге шығару кімнің қолында, кімнің парызы? Бәсе дейікші: бұл сауал да енді бәрімізге ой салып, бәрімізге үміт артады деп білейік. Жақау Дәуренбеков, қаламгер, «Ана тілі» баспасының директоры

4369 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы