• Қоғам
  • 17 Сәуір, 2009

«Жол азабын тартқан біледі»

Үкіметтің халықты жұмыспен қамтудың жеті бағытының бірі ретінде ішкі жолдарды жөндеуге баса көңіл бөліп отыр. Осы міндетті орындау үшін тек қана жергілікті жол жүйесін салу мен жөндеуге 52,2 млрд. теңге бөлу көзделген. Қазіргідей қысылтаяң шақта бұл шешім бірқатар шаруаны оңтайлы бітіруге қолғабыс етері сөзсіз. Ең алдымен, жаңадан мыңдаған жұмыс орыны ашылады, яғни халықтың өз нәпақасын өзі тауып жеуіне мүмкіндік туады. Екіншіден, экономикамыздың күретамыры – жолдарымыздың тынысы жаңғырады. Барыс-келіс, алыс-беріс жақсарады. Ең бастысы, қазақы қалпымыздың тіні бұзылмайды. Олай болса, босқа дағдарып, даурықпай, алға нақты міндет қоя білсе, дағдарыс ұйығында да тал қармамай, ұпайыңды түгелдеуге болады екен. Қарауыл неге жол қарайды? Жол азабын тартып отырғандардың бірі, өкінішке қарай, басқа емес, абайлықтар. Оларды басқалардан ерекшелеуімізді ағайын айтпай-ақ ұқса керек. Ұлы ақындар Абай мен Шәкәрімнің кіндік кескен және мәңгіге мекен еткен тұрағы Жидебайдан бастап, қазақың қос перзентіне қатысты тарихи жәдігерлерді іздеп келетіндер көп. Алты алаштың баласын былай қойғанда, алыс-жақын шетелдерде ұлы мұраға, ол дүниеге келген өлкеге құмар жандар қаншама. Алайда, осы бір киелі өңірге жеткізер жол оңалмай-ақ қойды. Алматыдан Аякөз арқылы тура тартсаңыз, Евразия кіндігі – Жидебайға шейін 917 шақырым екен. Ал, Аякөзден өте Семей арқылы жүрсеңіз, 1300 шақырым, яғни алғашқы жолдың тағы да үштен бірін өту керек деген сөз. Екеуінің де оңып тұрғаны шамалы. Оның үстіне артық жүріс не керек, Жидебайға қарай Аякөз арқылы асасың. Осы екі ортаға сыбағалы 1,5-2 сағаттың орнына екі есе артық уақыт кетеді. Неге бұлай? Өзге жұрт өзінде барын дабырайта көрсетуге құмар. Олар, тіпті өз жандарынан ақша төлеп, құрақ ұшады. Ал, бізде ше? Қолда бар асыл қазынамызды неге жарқырата көрсетпейміз? Бабалар рухына тағзым етуге неге жағдай жасалмайды? Бұл сауалдар бүгінде барша қазақты толғандырып отырған қабырғалы мәселе. Сондықтан республикада жол құрылысына және оны жөндеуге бөлінген қаржы ең алдымен Аякөз бен Қарауылдың және Семей мен Қарауылдың арасындағы жолдарды жөндеуге жұмасалуы қажет-ақ. Бұл – халқымыздың біртуар тұлғалары – Абай мен Шәкәрім рухына әбден лайық. Бұл, сонымен қатар, ата-баба мұрасына адал абайлықтарға лайықты тарту. Сонда ғана қонақжай Абай елі бұдан былай жол қарамай, қол қусырып, жолаушы күтер еді. Кредит қылқындырып барады Талайды дағдартқан дағдарыс қырсығының қырдағы қазаққа тізесі батқан жоқ па? Ауылдағы ағайын қайтсе тарықпайды? Бізді алаңдатқан осы сауалдарға біржақты жауап табу қиын. Көк мол шықса, ауыл қысыла қоймаса керек – дейді осы орайда ауыл шаруашылық өндірісінің республикаға танымал ұйымдастырушыларының бірі – Ленин орденді ақсақал Қайыртай Қажығұлов. Бірақ, бірталай жан кредит зардабын тартып жатыр». Шыны да сол, жол бойындағы ірілі-уақты малдың қарасы көп-көрім. Амал не, ауыл халқының біразын кредит құрығы қылқындырып барады. Кезінде кредитті тегін жатқан май құйрықтай көріп, қасқырша ашқарақтана асаған ағайын, енді қақпанға түскендей пұшайман халде. Алайда, бұл кейбіреулер айтатындай, олардың өздерінің ғана кінәсі емес. Халықтың экономикалық сауатсыздығын көріп-біле тұра бұдан сырт қалып, ағайынға тым болмаса, ақыл-кеңеспен ара түспеуді ақтауға болмайды. Тіпті, үстемелі қарыз ақшаның екі-үш жылдан соң-ақ сазға отырғызатынын айтып, сарапшылар дабылдатып жатты. Демек, бұл жұмсақтап айтқанда, халықты құрсанған жауға қарусыз айдағандай еді. Олай болса, қаладағы үлескерлерге көмек қолын созған Үкіметтің ауылдағы ағайынның да жайын ойлағаны абзал. Әрине, әркім өзінің мойнындағы қарызын өзі қайтаруы тиіс. Мәселе, бұл жерде ағайынды текке арам тер қылмай, оған мүмкіндігінше септесуде болып отыр. Тым құрыса, дағдарысты ескере отырап, кредитті қайтару мерзіміне мораторй жариялау дұрыс. Болмаса, жол құрылысына ең алдымен жаңағы қарызын қайтара алмай жүрген аңғал азаматтарды, яки олардың отбасы мүшелерін тарту құба-құп. Болат Жүнісбекұлы,  журналист

2956 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы