• Әдебиет
  • 17 Сәуір, 2009

Тұрсынбек Кәкішев: Елжанды ерен тұлға еді

Мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі қаламгер Балғабек Қыдырбекұлы тірі болса биыл 80 жасқа келер еді. «Жазмыштан озмыш жоқ». Дегенмен көрнекті жазушыны көзінен кетсе де көңілінен таса қылмайтын замандастары бар. Төменде филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Тұрсынбек Кәкішевтің ҚазМУ-де бірге оқыған досы Балғабек Қыдырбекұлы туралы аз-кем естелігін ұсынып отырмыз.   Мен 1945 жылы 20 қазанда Балғабектердың қатарына қосылдым. Ол кезде біз оқыған қазіргі ҚазҰУ-дің журналистика бөлімі тарих-филология факультетінің құрамында еді. Біздің оқытушыларымыз – тұңғыш рет журналистикадан диссертация қорғаған Қайыржан Бекхожин, Шынаров деген бүркеншік атпен жазатын атақты фельетоншы Сәйділда Төлешов, белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаевтар болды. Топбасшымыз тым «пысық» жігіт болғандықтан бірінші жарты жылдықты аяқтағаннан кейін-ақ факультетке оны ауыстыру жөнінде өтініш білдірдік. Сөйтіп оның орнына Балғабекті бірауыздан топбасшы қылып сайлап алдық. Дегенмен біздің Балғабек те оңай шағылатын жаңғақ емес екен, мінезді болды. Бірақ оның жұмысына тиянақтылығы мен адалдығы басым еді. Не керек, Балғабек сол сайланған күйі бес жыл біздің топбасы болды. Бір қызығы 50, 60, 70 жылдық мерейтойымызды өткізерде де ол топбасылық міндетін атқарды. Тіпті арамыздағы біреу-міреудің басына ауыр күн туса да оған жәрдем беруді Балғабек ұйымдастыратын. Үйреніп қалғандықтан ба, әйтеуір, сақалымыз ағарып саркідір тартқан күнде де оның айтқанына көнетінбіз. Маған «Журналистік қолынан келмеген соң профессор болдың» деп әзілдейтін. Қазір ойлап қарасам қоян-қолтық араласқан достардың ішінен Балғабек мені жақын тартыпты. Олай дейтінім аяқ-табағымыз үзілмей торқалы той, топырақты өлімде бірге болдық. Жұбымыз жазылған жоқ. Оның қонақ шақыруы да қызық болатын. Отбасындағылары өздері қонаққа баратындай мұздай киініп алады. Арақ-шараптарды сән-салтанатымен арбамен алып жүріп, «Сізге қайсысы керек еді» деп мезірет жасайтын... Ал Балғабек Қыдырбекұлының Жетісу өңірінің тарихи бейнесін сомдаған екі томдық «Алатау» романы мен «Түп-түқияннан өзіме шейін» дейтін Қазыбек бек Тауасарұлының еңбегін жарыққа шығаруы өз алдына үлкен әңгіме. «Алатау» – Балғабектің қазақ жандылығының нақты белгісі болса, «Түп-түқияннан өзіме шейін» – кейбір талас-тартыстарға қарамастан қазақ тарихына жаңа өзгеріс әкелген елеулі еңбек болды. Бұл кітаптың қайсыбір тұстарына тарихшыларымыз күмән келтіргенімен, оның негізі бар екендігінде дау жоқ. Ондағы тың деректер қазақ тарихына жаңа тыныс әкелді. Кеңес өкіметі тұсында «малдың соңында жүрген халық едіңдер, енді естеріңді жиып, адам қылған біз едік» деп көзге шұқығандар көп болған. Қалай болғанда да бұл шығарма сол адамдардың «қазақ Октябрьде ғана халық болып қалыптасты» деген пәлсапасын жоққа шығарды. Жалпы «Түп-тұқиянынан өзіме шейін» деген сол кітапты мен ерте кезден-ақ білетін сияқтымын. Өйткені бұл кітап жарыққа шығудан бұрын Балғабек маған «Мынау арғы атамның қалдырып кеткен дүниесі еді» деп бір үлкен дәптерді көрсеткені бар. Қалай болғанда да біз тарихымызды жан-жақты қарауымыз керек. Себебі, Кеңес заманының ең үлкен қиястығы – біздің тарихымызды ұмыттырды. «Орыстан басқа ел жоқ, сендер осының түлегісіңдер» дегенді ашық айтты. Өзіміздің де «Сауатсыз болдық, ештеңе білмейтін болдық» дегенді орыстардан асырып жіберген кездеріміз жоқ емес... Қазақстан Республикасының депутаттығына дейін көтерілген Балғабектің «Жоғарғы кеңесте» жүрген кезі одақтық байланыстар үзіліп, еліміздің егемендік алған, тәуелсіздік алған жылдарымен тұспа-тұс келді. Сол кезде ол жас мемлекетіміздің іргесін бекемдеп, нарықтық экономиканың алапат қиындығын еңсеруге бар күш-жігерін салды. Әсіресе, тіліміздің мемлекеттік мәртебе аулына айырықша күш шығарып, халқымыздың рухын көтеруге орасан зор үлес қосты. «Мен коммуниспін», «жерді сатуға болмайды» дейтін ұстанымынан танбады. Меніңше нағыз коммунист болған адам – жаман адам емес. Бұл күнде социализмды жамандауда алдыға жан салмайтын жаман әдет таптық. Бірақ оның да жақсы жақтары барын жоққа шығаруға болмаса керек. Түптеп келгенде социализм – орыстың да, біздің де еңсемізді көтеріп ел болуымызға түрткі болған жүйе. Өйткені Ресей империясы ол кезде жер бетіндегі жарымаған ел еді. Оны жаһандағы мықты мемлекетке айналдырған осы социализм. Социализмнің қазіргі замандағы жарқын үлгісі – экономикасы гүлденіп-көркейген алып Қытай. Сондықтан да мен Балғабектің «мен коммуниспін», «жерді сатуға болмайды» деген идеясын күні бүгінге дейін құптаймын. Себебі бұл күнде еліміздегі дау-дамайдың көбі жер сатудан шығып жатыр. Ал Балғабек марқұм дархан даланың ауасымен кең тыныстап өскен қазақтың даласыз, малсыз күні жоқ екенін жанымен түсінетін. Қортындылай келгенде, фамилиясына «ұлы» деп қосудың өзін ұлтшылдық деп түсінетін заманда «Момышұлынан» кейінгі «Қыдырбекұлы» атанған Балғабек қазақтың атақты журналистерінің, сықақшыларының бірі еді. Оның еңбектері ел жадында мәңгі сақталады... Жазып алған Біләл ҚУАНЫШ *«Ана тілінің» анықтамасы Балғабек Қыдырбекұлы (1929-1995) 1929 жылы 15 сәуірде Алматы облысы, Жамбыл ауданы, «Балғабек» ауылында (қазіргі қаламгер атындағы) дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Ол әр жылдарда «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакциясында әдеби қызметкер, фельетонист, бөлім меңгерушісі, редактордың бірінші орынбасары, редакторы, сондай-ақ Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы болып жемісті қызмет еткен. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Қаламгердің алғашқы фельетондар жинағы «Ешкімге айтпа» деген атпен 1968 жылы жарық көрген. Ол 1995 жылы өмірден өткенге дейін 30-дан астам сатиралық және көркем очерктер, зерттеу мақалалар кітаптары арқылы оқырман ықыласына бөленген қарымды қалам иесі болатын. Әсіресе екі томдық «Алатау» романы өзі туып-өскен Жетісу өңірінің ХХ-ХХІ ғасырлардағы тарихи көркем бейнесі деуге болады. «Шайтанның шатағы» сықақ әңгімелері, «Ораз Жандосов» очеркі, «Шойын құлақ» фельетондар жинағы, «Жетім бала» поэмасы, «Қара сандық», «Маздаған шырақ», «Ұрының еншісі», «Ақпа құлақ», «Мысық тұтқыны», «Ақымақтың миы» сияқты әзіл-оспақ жинақтары, «Түгел сөздің түбі бір», «Қым-қиғаш жылдар» сияқты кітаптары қалың көпшіліктен жоғары бағасын алған туындылар. Қаламгер Мемлекет және қоғам алдындағы зор еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы орденімен, көптеген медальдармен, мақтау грамоталарымен марапатталған.

4850 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы