• Тіл
  • 17 Сәуір, 2009

Тіл ғылымы тілімізге тірек болсын

Көбей Шахметұлы ХұсайынРеспублика Білім және ғылым министрлігіне қарасты АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫ – қазақ тілінің, түркітанудың іргелі әрі қолданбалы мәселелерімен шұғылданатын ғылыми мекеме. Институтта қазақ тілінің құрылымы мен құрылысы, тарихы мен диалектологиясы, ономастика мен терминологиясы, қоғамдық қызметі, туыстас тілдермен байланысы, мәдени өмірдегі орны, т.б. салалары, көне түркі, орта ғасырлық, кейінгі орта ғасырлық түркі жазба ескерткіштері бойынша зерттеулер жүргізіледі. Аталған ғылыми мекеме басшысы, филология ғылымдарының докторы Көбей Шахметұлы Хұсайынмен болған төмендегі әңгімеде институттың бүгінгі тыныс-тіршілігі, болашақта атқарар жұмыс жоспарлары сөз болады.

– Сіз басқаратын тіл білімі институты қашан, қандай мақсатта құрылды? Ғылыми мекеме өзіне жүктелген міндетті қалай жүзеге асырып жатыр? – Қазақ тілінің ғылыми тұрғыдан жүйелі зерттелуі ең алдымен ғұлама ғалым, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының есімімен тығыз байланысты. Ахаң халық ағарту комиссиариатында құрылған Академиялық орталықтың (Академцентр) тұңғыш төрағасы ретінде (1921-1922 ж.ж.), Қазақстандағы ғылымды академиялық жолмен басқаруды ұйымдастырудың негізін қалады. 1932 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақстан базасы жасақталып, 1936 жылы оның құрамына 1934 жылы құрылған Ұлт мәдениеті институты берілді. Осы институттың тіл, әдебиет, халық шығармашылығы және тарих секторлары аталмыш базаның негізінде 1938 жылы шаңырақ көтерген КСРО ҒА Қазақ филиалының Тіл, әдебиет және тарих институтының құрылуына (1941 ж.) негіз болды. 1945 жылы осы аталған институттың құрамынан Тарих, археология және этнография институты бөлініп шықты, қазақ тілі, түркітану және т.б. мәселелермен Тіл және әдебиет институты (1945) шұғылданды. Осы аталған институттың әдебиеттану бөлімінің негізінде 1961 жылы Әдебиет және өнер институты өз алдына шаңырақ көтерді. Осы кезден, яғни 1961 жылдан бастап институт «Тіл білімі институты» деп аталады. Тіл білімі инстиутының ұйымдық құрылымындағы ұйғыртану бөлімі 1989 жылы құрылған Ұйғыртану институтына, кейіннен Шығыстану институтына негіз болды. Сөйтіп, Тіл білімі институты қара шаңырақ болып, оның ұйымдық құрылымынан бірнеше академиялық ғылыми-зерттеу мекемелері бөлініп шықты. 1990 жылы 26-ақпанда Тіл білімі институтына Ахмет Байтұрсынұлының аты берілді. Қысқаша тарихы осылай. Ғылымның мақсаты жалпы алғанда қоғамның материалдық және рухани байлығын заман талабына сәйкес жетілдіру, дамыту. Тіл – рухани байлық, ал капиталдың 60-65 пайызын рухани байлық құрайды, сонда 30-35 пайызы ғана материалдық байлық болады. Олай болса, институт ана тіліміз арқылы ұлттың рухани дүниесін зерттеуді сонау құрылған кезеңнен бері мақсат етіп келеді. Атап айтқанда, қазақ тілінің құрылым-құрылысы, қоғамдық қызметі, әлеуеттік мүмкіндіктері мен күш-қуаты адам, қоғам, ұлттық сана, таныммен байланысты қарастырылады. Қоғамның сұранысына жауап беруге, оны өтеуге қызмет етеді. – Сіздерде қолға алған жұмысты ойдағыдай жүргізуде кездесіп отырған қиындықтар бар ма? – Әрине бар. Сол қиындықтардың ең бастысы институттың ғылыми базасын жақсартуға байланысты. Мәселен, «Тілдерді қолдану мен дамыту мемлекеттік бағдарламасында» Елбасы Н.Назарбаев: «Мемлекеттік тілді дамыту мәселелерін ғылыми қамтамасыз етуде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты басым рөлге ие болуы тиіс. Осы мақсатта оның материалдық-техникалық базасын күшейту, мамандар құрамын ұлғайту, іргелі және қолданбалы лингвистикалық зерттеулерді әзірлеуге мемлекеттік тапсырысты кеңейту қажет. Институт теориялық және қолданбалы мәселелері бойынша сараптамалық бағалау мен қорытындылар беруде жетекші орында болуға тиіс», – деп ашық айтқан. Алайда осы талап бүгінгі күнге дейін ойдағыдай іске аспай келеді. Осымен байланысты әлеуметтік және компьютерлік лингвистика сияқты жаңа салалар бойынша жас мамандарға зәруміз, мамандардың біліктілігін жетілдіру үшін алыс және жақын шетелдерде тәлімгерлікке жіберуге қаржы жағынан мүмкіндігіміз болмай отыр. Докторантураға біраз жылдан бері орын бөлінбей келеді. Тағы бір қиындық – кадрлар тұрақтамайды. Себебі жалақы көлемі аз. Институттан кандидаттық, докторлық диссертация қорғағаннан кейін жалақысы мол орындарға кетіп қалады. Бұл – бір. Екіншіден, институтқа қазақ тілін жақсы білетін, жоғарғы оқу орындарын үздік бітірген мамандарды аламыз. Ал олардың дені ауылдық жерлерден келгендер, баспанасыз жүргендер. Бұндай мамандар әлеуметтік жағынан қолдауды қажет етеді. Алайда әлеуметтік мәселені шешуге институттың қауқары жоқ. Ең болмағанда білікті жас мамандарға арналған жатақхана болса ғой. – Институтуқа кадрлар қалай іріктеледі? Бұл бағытта проблемалар бар ма? – Кадр іріктеуде жоғары оқу орындарын жақсы бітірген, қазақ тілін жете меңгерген мамандарға артықшылық берілетінін жаңа айтқан едік. Кейінгі жылдары кадр іріктеуде жоғары оқу орындарын бітіріп келгендердің біліктілігі ойдағыдай болмай жатқаны кедергі келтіреді. – Қазіргі таңда қандай жұмыстарды қолға алып отырсыздар? – Қазіргі кезде институт қазақ тілі бойынша іргелі зерттеулер бағдарламасы аясында ізденістерін жалғастырып келеді. Сонымен бірге «Мәдени мұра», «Тілдерді қолдану мен дамыту» мемлекеттік бағдарламаларына да белсене араласып отыр. Оның сыртында институт ұлттық идеяға байланысты қолданбалы зерттеулер бағдарламасын жүзеге асыруда. Ғылыми-зерттеу мекемесі болғандықтан, әрине, біз үшін іргелі зерттеулер маңызды. Осы жылдан бастап институт ұлттық тіліміздің Уақыт пен Кеңістіктегі тарихи, құрылымдық, мәдениеттанымдық, когнитивтік тұрғыдағы зерттелуіне арналған жаңа іргелі бағдарламаны қолға алды. Тіл қоғаммен, оның дамуы, өзгерісімен тығыз байланысты, Институт іргелі зерттеудің нәтижесін қолданбалы мақсатқа пайдаланып келеді. Мәселен, жұртшылық қолына тиіп жатқан қазақ тілінің орфоэпиялық, орфографиялық, синонимдер, диалектілік түсіндірме сөздіктері тіліміздің қазіргі жай-күйіндегі тұрақтанған нормаларды ғана көрсетіп қоймайды, сонымен бірге олардың болашақтағы даму үрдістерінен де ақпарат береді. Осылардың барлығының негіздері сол іргелі зерттеулердің нәтижелері бойынша жасалды. Жалпы алғанда, тәуелсіздік алғаннан бергі іргелі зерттеу бағдарламаларымыздың дені мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің, оның қолданыс мәдениетін жақсарту мен қолданыс әлеуетін барынша тиімді пайдалану, мүмкіндіктерін жетілдіру мен дамытуға бағытталған тақырып аясында жүргізіліп жатыр деуге болады. Ал енді, тағы бір ерекше айтып кететін жайт, институттың 2007 жылы ұлттық идеяға арналған қолданбалы зерттеулер жұмысын қолға алды. Әрине, бұл зерттеулер де қазіргі қоғам сұранысына жауап беретін қолданбалы мақсатқа арналғандығы өз алдына, жастарымыздың зерттеуші ретінде жаңа деңгейге көтерілуіне түрткі болды. Себебі осы бағдарлама аясында біздің институт ұжымы тілдің қоғаммен, қоғам дамуымен байланысын мақсатты түрде зерттеп отыр. Бұл біздің кадрларымыздың тәжірибесін шыңдап, жаңа бағытқа мамандануына едәуір мүмкіндік береді. Осы тұста институтымыз тек қана осы іргелі зерттеулер бойынша ғана қаржыландырылатыны, сонымен бірге тек осы салада ұзақ жылдар еңбек еткен жоғары білікті мамандардан тұратынын айтып кеткім келеді. Мұның себебі, соңғы жылдары іргелі зерттеулерді ЖОО кафедралары да атқара алады деген пікірлермен байланысты. Сөз жоқ, кафедралар зерттеу жүргізе алады, алайда жылына 1000 сағаттық оқу жүктемесі бар оқытушыға бұл ауыр салмақ. Сонымен бірге кафедраларда жүргізілетін зерттеулердің дені ғылымның жекелеген және де оқыту-әдістемелік мәселелеріне байланысты болып жатады. Ал қазақ тіл білімінің жеке ғылым саласы ретіндегі әрбір құрылымдық, салалық, салаларалық деңгейлерін кешенді әрі жүйелі түрде әлемдік лингвистиканың жаңа бағыттары тұрғысынан маманданған ғылыми мекеме ғана жүзеге асыра алатынын айтқым келеді. – Алда межелеп отырған жоспарларыңыз қандай? – Қазақ тілінің сөз байлығы – сарқылмас қазына. Мұны жинап компьютерге енгізу алдағы үлкен мақсат. Бұлай етілген қазақ тілінің сөздік қоры ұлттық тілдің сөздік корпусының негізі болады, сонымен бірге үздіксіз толығып, жетіліп отыратын ашық жүйге айналады. Іргелі, қолданбалы зерттеулер жүргізуден басқа да институтымыздың ғылымдағы ғана емес, қоғамдағы рөлін арттырумен байланысты жоспарларымыз көп. Алдымен Алматы қаласы бойынша қазақ тілі кафедраларымен байланысты жандандыруды көздеп отырмыз. Себебі олар біздің болашақ кадрларымызды дайындайтын білім орындары. – Институттың шет елдердегі осы тектес ғылыми орындармен байланысы қандай деңгейде? – Өзіңізге де белгілі, кеңестік кезеңде Ғылым академиясы құрамындағы зерттеу институттарының республикааралық байланысы көп болатын. Одан кейінгі жылдары бұл байланыстар біраз әлсіреп қалды. Институт әсіресе түркітану орталықтармен байланыс орнатуға мүдделі. Мұндай байланыстардың алғашқылары министрліктің Ғылым комитетінің көмегімен іссапарлар негізінде жүзеге асты. Өткен жылы институттың біраз ғалымдары Түркиядағы Стамбул Меймар Синан университетіндегі түркі жазба ескерткіштерін зерттейтін институтпен, Қытайдағы Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясымен, Өзбекстандағы Ғылым академиясы Тіл білімі институтымен, Ресейдегі Тіл білімі институтымен байланыс орнату жөнінде келісім-шарт жасастық. – Сіздердің «Мәдени мұра» бағдарламасына қатысты атқарған істеріңіз туралы оқырмандарға айта кетсеңіз? – Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының «Тілтаным» секциясына біздің мекеме жетекшілік етеді. Бұл бағдарламаның еліміздің рухани қазынасын халыққа жеткізудегі рөлі өз алдына, ал институтымыз үшін біздің ұзақ жылғы іргелі зерттеуелеріміздің нәтижелерін практикаға енгізуге жол ашқаны тіпті маңызды. Бұл бағдарлама аясында қазақ тілінің ғылыми-лингвистикалық базасын құрайтын әлеуметтік маңызы, қоғамдық сұранысы жоғары қазақ тілінің бірталай нормативті сөздіктерін жарыққа шығардық. Олар: «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі», «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі», «Қазақ тілінің синонимдер сөздігі», «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі», сондай-ақ 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі». Бұл сөздіктердің барлығы әлемдік тәжірибедегі сөздік жасау ісінің жаңа жетістіктерін пайдалана отырып, мазмұны мен сапасы жағынан жаңарып шыққан академиялық сипаттағы сөздіктер. Аталған сөздіктердің ішінде институт үшін 15 томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» орны ерекше. Бұған дейінгі 10 томдық сөздіктің тәжірибесін пайдалана отырып, қазіргі заман сұранысына жауап беретін сөздік жасауға «Мәдени мұра» бағдарламасы жол ашып, мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта әлеуметтік-мәдени маңызы ерекше қазақ кісі есімдері мен жер-су атауларын нормалауға байланысты еңбектерді дайындау қолға алынбақ. Бұл жұмыстарымыздың жүзеге асуына Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза мен Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мырзалар қолдау көрсетіп отырғанын атап айтар едік. – Жеке адамдар тарапынан «Бізде жеке Қазақ тілі институты болу керек» деген пікірлер кездесіп қалады. Осыған көзқарасыңыз қандай? – Қазақ тілінің мәселесі шексіз. Халық барда – тіл бар, қоғам барда – оның қызметі бар. Әр заман тіл ғылымының алдына өз талаптарын қояды, соған қарай ғалымдар тілді зерттеп отырады. Олай болса, қазақ тілінің мәселесімен айналысам деушілерге ешқандай бөгет жоқ. Алайда зерттеудің мақсаты қандай болу керек, қандай мақсатқа жұмылу керек, мәселе сонда дер едім. «Қалай зерттеу керек, қандай міндеттерді шешу қажет?» деп мәселені дұрыс қоя білу маңызды. Себебі тіл ұлттың жүрегі, ал оны шынайы маманның қолына тапсырған жөн болар? Сондықтан институт құрылып жатса, сөз жоқ, осы мәселелерді ескеру керек. Жеке-жеке зерттеу орындарын құруға да болады. Сонымен бірге қолда бар, дәстүрі бұрыннан қалыптасқан, өз алдына қара шаңырақ болып отырған институтты кеңейтіп, сөз басында айтып кеткеніміздей Елбасының тапсырмасын орындап, оның базасын күшейтіп, кадрларын жақсартып, штатын кеңейту игілікті іс деп ойлаймын. Себебі қоғамдық ғылымдар ішіндегі тіл ғылымының бүгінгі күні маңызы ерекше болып отыр. Сондықтан оны зерттейтін мекеме де соған сәйкес болу керек қой. Қазіргі заманда ғылым томаға-тұйық дамымайды. Ортақ мәселелері әсіресе ұлттық мүддеге қызмет ететін мәселерді бірлесіп қарайтын, зерттейтін жайттары көп. Тіл білімі, Әдебиет және өнер, Тарих және этнология, Шығыстану, Археология, Философия және саясаттану, Экономика т.б. қоғамдық институттар Қоғамдық ғылымдар академиясы деген үлкен ғылыми шаңырақтың астына топтастырылған дұрыс па деп ойлаймыз. – Қазіргі қоғамдағы қазақ тілінің жағдайы жөнінде не айтар едіңіз? – Қазіргі кезде мемлекеттік тілдің жағдайына байланысты мынадай оң құбылыстар байқалып отыр. Ең алдымен тіліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде қолданылуы кеңейіп келеді. Оған мысал ретінде Премьер-министр Кәрім Мәсімов мырзаның «Бұдан былай қазақ тілінде сөйлеймін» деп жұрт алдында сөз беруі және де солай істеуге талаптанып отырғанын айтуға болар еді. Сонымен бірге, өзімнің байқауым бойынша мына Президент әкімшілігінен, Парламенттен, облыс, қала әкімдіктерінен қатынасхаттар қазақ тілінде келіп жатады. Алайда, бір өкініштісі, соларға қарасты орта буындағы – департамент, комитеттердегі бас маман, жетекші маман сияқты кейбір қызметкерлерден мұндай талпыныс көп байқалмайды. Тіпті қойған талаптарға құлақ аспайтын жайттар да кездеседі. Солар дайындаған құжаттар мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде келіп жатады. Бұл – мемлекеттік тілдің басқару жүйесіндегі қолданысындағы жағымды да жағымсыз құбылыстар болса, ақпарат жүйесіндегі көрініс бұдан өзгешелеу. Бұл саладағы қазақ тілінің қолданыс кеңістігі тар. Ақпараттық кеңістікті орыс тілді құралдар жаулап отыр. Бұл мемелекеттік тіл саясатының дұрыс жүзеге аспай отырғанын көрсетеді. Себебі онда тілдердің үйлесімді қызметі, яғни мемелекеттік тілдің өз мәртебесінде, басқа тілдердің өз мәртебесінде қолданылуы көзделген. Ал ақпарат саласындағы жағдайды әлі күнге дейін «үйлесімді» деп айтуға келмейді. Мемлекеттік тілдегі ақпарат құралдарының иеленген кеңістігі, саны мен сапасы тиісті деңгейде, тіпті қоғамның артып отырған сұранысы деңгейінде емес. Қоғам сұранысы артып отыр дейтінім, бүгінгі таңда қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалар саны көбейіп келеді, ауылды жерлерді былай қойғанда, қалалы жердің басқа ұлт өкілдері балаларын жетектеп қазақ балабақшалары мен мектептеріне әкеп тапсырып жатыр. Сонда қазақ тілді ақпаратты тұтынушыларының саны артып отырғанымен, оларды қамтамасыз ететін құралдар саны жеткіліксіз. Ал сан аз жерде сапаның да қандай болатыны белгілі. Сөзімді көпке белгілі «тек қазақ тілінде ғана сөйлейтін теледидар жоқ, ауыл- ауылдарға түгелдей тарайтын газет, радиоарна саны бірлі-жарым ғана» дегендермен дәйектемей-ақ қояйын, қазіргі қазақ арналарындағы орыстілді бағдарламалардың көрермендері жоқ екендігін айтқым келеді. Себебі орыстілді көрермен сапасы жағынан әлдеқайда жоғары тұрған Ресей арналарына артықшылық береді. Сонда теледидардағы асыл уақыт көрермені жоқ бос бағдарламаларға кетіп жатыр. Осыны ескеру керек. Ал енді мемлекеттік тілдің ғылым саласындағы қолданысы туралы айтсақ, бұнда да оң құбылыстар жеткілікті. Кейінгі жылдары мемлекеттік тілде жазылған диссертация, монография, ғылыми мақала саны артып келеді. Алайда, бір өкініштісі, техника, жаратылыстану саласында қазақтілді еңбектер де, ғалымдар да аз. Сондықтан да бұл салада да мемлекеттік тілдің қолданысы ақсап отыр. Мұның себебін мен қоғамның техникалануымен, яғни техниканың, технологияның басымдық рөл атқарып отыруымен түсіндірер едім. Қазіргі кезде техникалық, жаратылыстану салаларының мамандары қоғамда күшті позицияларды иеленіп отыр. Алайда олардың барлығында гуманитарлық ғылымдарға, соның ішінде қазақ тіліне тиісті мән берілмейді, оған қосалқы пән ретінде қарайды. Сондықтан техникалық ғылым салаларын гуманизациялау керек және оны қазақ тілін үйретіп-оқытудың негізінде жүзеге асыруды қолға алу аса қажет. Сонда ғана ғылым да қазақ тілінде дами алмақ. Менің әңгімені басқару, ақпарат және ғылым саласынан бастауымның себебі бар. Бұл үшеуі кез келген тілдің қолданыс аясын құрайтын, өміршеңдігін арттыратын алып кит іспетті. Сонда осы үшеуіндегі тілдің қолданысы жақсарса, қазақ тілінің мәртебесін арттыруда мол жетістіктерге жете аламыз. Біз қазақ тіліне кінә артуға тиісті емеспіз. Қазақ тілі – әлеуеті зор, мүмкіншілігі мол, саламатты, дәстүрлі жолмен тарихи даму кезеңдерден өтіп келе жатқан жүйелі де, бай құрылым. Сондықтан мәселе – тек оның қолданысындағы бағын байламау болып отыр.

Әңгімелескен Нұрперзент ДОМБАЙ

5106 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы