• Тіл
  • 26 Сәуір, 2009

Әсіресе саясаттандыру тілге абырой әпермейді

Кенжехан Матыжанов, Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы: – Кенжеке, Сіз қалай ойлайсыз, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі не себепті қағаз жүзінде қалып келеді? – Әрине, бұл сұраққа бір ауыз сөзбен жауап беру қиын. Сонда да болса, ең басты деген бір мәселеге назар аударғанды жөн санаймын. Меніңше, біз тілге қатысты шаруаны әсіре саясаттандырып , тіпті бюрократтандырып жіберген сияқтымыз.  Есіңізде болса, тіл үшін күрес алғашқы кезде, нақтылай айтсақ, 80-жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басында қоғамдық негізде басталған жоқ па еді? Сол кезеңде құрылған «Қазақ тілі» қоғамына деген халықтың ықыласы, жұртшылықтың белсенділігі қандай еді?! Бірақ өкінішке орай, тілге саясат ықпалы күшейген сайын қоғамдық ортаның, әлеуметтің, мемлекеттік емес ұйымдардың белсенділігі мен мемлекетке деген ықпалы бәсең тартты. Тіл әлеуметтік мәселеден саяси ойындар ортасына ауысты. Тіл саяси ұпай жинаудың құралына айналды. – Сонда Сіз тіл мемлекет қамқорлығынсыз да дамиды деп ойлайсыз ба? – Жоқ, олай ойламаймын. Тілдің мемлекет қамқорлығында болғаны дұрыс, тіпті оны қажеттілік деуге болады. «Мемлекеттік тіл» деген мәртебеге ие тілді мемлекет дамытпай, кім дамытуы керек? Бірақ тіл әсіре саясаттың «тұз көзіріне» айналмауы керек. Мәселе, тілдің қоғамдық қатынас құралдарының басқа салаларынан, тіпті өнерден де басқаша сипатқа ие екендігінде. Тіл мен жазу – халықтың күнделікті тіршілігіне, қоғамдық қатынастардың барлық саласына қан тамырындай таралып, ауадай қажеттілікке айналған мәдени құндылық. Сондықтан оны халықтан, әлеуметтен, қоғамдық ортадан бөліп алып дамыту мүмкін емес. Тілді әлеумет қолданбаса, қолдамаса, оған деген қажеттілік болмаса, құр сөзден ештеңе шықпайды. Ал бізде тіл саясаты аспанда қалықтап, әлеуметтік ортаға қона алмай жүрген сияқты. Саясаткерлер мен лауазымды шенеуніктер «тілді олай дамытамыз, былай дамытамыз» деп аспаннан уәде жаудырады, ал әлеуметтің ана тілі банкіден өз ақшасын алуға жарамай жүр. – Осы ойыңызды тарата кетсеңіз... – Оған сансыз көп мысал келтіруге болады. Біздің елімізде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі жөніндегі саяси шешім әлдеқашан қабылданған. Ата Заңымызға, «Тіл туралы» заңға «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп айғайлатып жазып қойдық. Бірақ осы саяси шешімді жүзеге асырудың нақты жолдары, тетіктері толық жасалмай келеді. Мәселен, әңгімені Тіл туралы заңнан бастап көрейік. Осы заңның алғашқысының қабылданғанына 20 жыл, екіншісіне 12 жылға аяқ басты . Бірақ осы Заңның атын білгені болмаса, оны күнделікті тіршілігіне тірек етіп жүрген қарапайым адамдар да, мемлекеттік қызметшілер де тіптен аз, тіпті заңгерлердің өзі бұл заңға зер салып, мән бере бермейді. – Иә, Тіл туралы заңға мән берілмейтіндігін бәріміз де байқап жүрміз... – Оның себебі қарапайым, Тіл туралы заң тым саясиланған заң. Өйткені бұл заңның ішінде азаматтардың қоғамдық ортадағы күнделікті тілдік қарым-қатынасын реттейтін тетік жоқ. Онда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деген саяси декларация ғана бар. Ал осы саяси шешімнің қалай жүзеге асырылатындығы нақты белгіленбеген. Қайта адамның миын айналдыратын бір-бірімен шарпысып тұрған баптардан көз сүрінеді. Мәселен, Сіз Қазақстандағы кез-келген сауда орталығына, банкке, немесе мемлекеттік емес мекемелердің біріне барып менімен неге қазақша сөйлеспейсіз немесе жарнамалардың, тауарлардың аты-жөні неге қазақша емес деп талап қойып көріңізші. – «...Орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», дегенді алдыға тартады ғой. – Олай деп жатса да шүкіршілік айтуға болар еді. Олар: «Сіз менің азаматтық құқымды аяққа таптамаңыз, ұлтаралық достыққа сызат түсіресіз, Қазақстанның бүкіләлемдік саясат алдындағы беделіне нұқсан келтіресіз» деп саяси уағыз айтып, шаптығып кетуі мүмкін. Немесе «Бізде барлық тілге еркіндік берілген. Қай тілде сөйлесем де, жазсам да өз еркімде. Қолыңнан келгеніңді істеп ал!», - деп дүрсе қоя береді. Өйткені Тіл туралы заңда мемлекеттік тілдің құқығын қорғайтын бір де – бір бап жоқ. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын тарылтқаны үшін мынадай жауапкершілікке тартылады деген нақты шараны таба алмайсыз. Сенбесеңіз «Тіл туралы заңдарды бұзған үшін жауаптылық» деп аталатын 24-бапты қараңыз. «Қазақстан Республикасының тіл туралы заңдарының бұзылуына кінәлі ...тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады... немесе ...Қазақстан Республикасының заңдарында жауаптылыққа әкеліп соғады», – деген сияқты сөзбұйда тармақтарды оқисыз. Меніңше, қандай заң болмасын әсіре саясаттан ада, нақты болуы керек. Демек заңның мынадай бабын бұзғаны үшін мынадай жауапкершілікке тартылады деп анық жазса, ол заңмен барша жұрт санасар еді, әркім өзінің тілдік құқын да батыл қорғар еді. Мәселен, кәсіпкерлер Салық туралы кодексті білмей жұмыс істей ала ма? Ол бұл заңмен күнделікті бетпе-бет келеді, өйткені онда салықтан жалтарғаны үшін жауапкершілік нақты көрсетілген. Салық дегеннен шығады, Тіл туралы заңда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» , - деп жазылған. Меніңше , бұл заңға емес, моральдық кодекске жазылатын сөйлем сияқты. Салық Кодексіне «Қазақстан халқының әл-ауқатын көтерудің маңызды факторы болып табылатын табыс салығын төлеу – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы», – деп жазып қойсақ, қалай болар еді? Мұның бәрін былай қойғанда заңда көрініс тапқан баптарды сақтау мен орындаудың тетіктері де жете ойластырылмаған. Мәселен, Тіл туралы заңның 7-бабында «Қазақстанда мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің қолданылуына және оларды үйренуге кедергі келтіретін лауазымды адамдардың іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады», – деп жазылған. Бұл жерде «кедергі келтіретін лауазымды адамдар» деген тіркесті «жағдай туғызбаған лауазымды тұлғалар» деп жазған жөн еді. Себебі осының алдындағы 6-бапта «Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызу жөнінде қамқорлық жасайды», – деп жазылған. Лауазымды адамдардың жауапкершілігі осыған келіп саймай ма? Оның үстіне тілге қарсы ашық «кедергі келтіріп» отырған адам жоқ. Тілді дамытуға жағдай туғызатындай әрекет жасалмаса, кедергіні қайдан жасайды? Қош дейік. Ал заңға солай деп жазған күннің өзінде ондайларға қолданылатын шаралардың түрі Қазақстан Республикасының ешбір заңында көрсетілмеген. Алғашқы Тіл заңының қабылданғаннан бергі 20 жылдық тарихында осы баптар бойынша бірде-бір лауазымды тұлғаның жауапқа тартылмауы да заңның солқылдақтығының дәлелі. Заңда мұндай дүдамал туғызатын баптар өте көп. Демек, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудің заңдылық негізі бүгінгі заман талабын қанағаттандырмайды деуге әбден болады. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін орнықтыруға қызмет ететін басты құжаттың бірі – Мемлекеттік бағдарлама. Тіл туралы заңның 23-бабының екінші тармағында: «Тілдің дамуы мемлекеттік тілдің басымдығын және іс қағаздарын жүргізуді қазақ тіліне кезең-кезеңімен көшіруді көздейтін Мемлекеттік бағдарламамен қамтамасыз етіледі», – деп анық жазылған. Бірақ Бағдарламаны әзірлеу барысында бұл талап өзгеріп кетті. Алдымен «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-210 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» деп оның аты күлбілтеленді. Бағдарламаның мақсатына: «Қазақстан халықтарының тілдерін дамытудың стратегиясы үш негізгі мақсатты айқындайды: мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту мен нығайту; орыс тілінің жалпы мәдени қызметін сақтау; этникалық топтардың тілдерін дамыту;» деген жалпылама сөйлемдер жазылды. Бұл жерде заңда көрсетілген «мемлекеттік тілдің басымдығы» жөнінде бір ауыз сөз жоқ. Сонымен қоса, бұл бағдарламадан «іс қағаздарын жүргізуді қазақ тіліне кезең-кезеңімен көшірудің» кестесі де түсіп қалған. Бұл да әсіре саясаткерлердің орынсыз «сақтығынан» болған жағдайлар. Сондықтан қағаз жүзінде ғана көз алдауға болатын Мемлекеттік бағдарлама дүниеге келді. Бұл олқылықтың соңғысы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қалпына келгендей болды. Бірақ осы бағдарламаның жүзеге асуы ешкімнің көңілін көншітпейді. Біз еліміздегі тілдік ахуалды түзеп, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру мәселесін нақты ойластырудың орнына, тілді елдегі саяси ахуалды тұрақтандарудың құралы ретінде танып, «барлық тілді дамытамыз» десек, саяси қателікке ұрына қоймаспыз» деген жалпақшешей көңілжықпастыққа ұрынып, әлеумет көкейіндегі тілге қатысты өзекті мәселелерді айналып өтуге тырыстық. Бұл тек мемлекеттік тілге ғана емес, басқа тілдерге де қатысты көзбояу саясатқа ойысты. Бұл – мемлекеттік тіл саясатына деген елдің сенімсіздігі мен немқұрайлылық сезімін қалыптастырды. – Оған қандай мысалыңыз бар? – Мәселен Алматы қаласында жиырмадан астам ұлттық мәдени орталықтар бар. Солардың тең жарымы өз ұлттарының тілдерін оқытумен айналыспайды. Олардың барлығы баяғыда орыс тіліне көшіп кеткен, қазір өз ана тілін де, қазақ тілін де игеруге енжар. Соған қарамастан біз олардың барлығының тілін дамытамыз деп алашапқын боламыз. Әрине, мемлекет олардың ұлттық мәдениеті мен тілін сақтауына қамқор болуы тиіс, бірақ ол сұранысқа қарай болуы керек қой. Ұлттың атын жамылып мәдени орталық ашып алғандардың бәріне қол соза берсек неміз қалады. Мұндай келеңсіздіктің астарын ашып айтатын ақжүрек азаматтар да бар. Мәселен, Алматы қаласындағы Әзербайжан ұлттық мәдени орталығының төрағасы: «Біздің ағайындардың ешқайсысы өз тілін оқығысы келмейді. Маған ол үшін қаражат бөлмей-ақ қойыңдар» деп ақиқатын айтқаны бар. Міне, бұл өтірік айта алмайтын адамның сөзі. Ал бізде төрт адамның басын қосып мәдени орталық құрып жүргендер де баршылық. Бұл да ұлт пен тіл мәселесін әсіре саясаттандырудың бір көрінісі. Заңда көрініс тапқан тағы бір мәселе – «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді», – деген тұжырым болатын. Бірақ осы заң талабы 20 жыл бойына орындалмай келеді. Міне, осындай мәселелерді санамалай берсек, саусағыңыз жетпейді. Егер біз әлемдік өркениетке ұмтылған өнегелі ел боламыз десек, өз заңымызды бұлталақсыз орындауға тиіспіз. Егер орындауға болмайтын болса, оны өзгертуіміз қажет. Біртұтас мемлекеттік тіл саясатын жүргізудің әлемдік тәжірибеге негізделген, жан-жақты жетілдірілген құқықтық базасын жасау және оны үнемі жетілдіріп отыру - мемлекеттік тіл мәртебесін орнықтыруға қатысты барша күрделі шаруаның түп тиянағы болып табылады. Сондықтан Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алдыңғы жылы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында атап көрсеткендей «Тілдер туралы Заңды қайта қарап, заман талабына сай өзгерістер енгізу», «2010 жылға дейін жасалған Тілдерді дамыту туралы бағдарламаға тиісті толықтырулар енгізу» мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Тіпті, көптеген өркениетті елдер тәжірибесіндегідей «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдасақ, соған сай мемлекеттік тілдің (тілдерді емес) заңды мәртебесін иеленетін бағдарлама қабылдасақ, еліміздегі тіл саясатының көші түзеліп нұрлы жолға түсер еді. Өкінішке орай осы мәселеге келгенде Үкімет пен Парламент әсіре сақтық, енжарлық танытады. – Сонда осындай игілікті шараларды жүзеге асыруға қолбайлау болып отырған не? – Менің ойымша, Елбасы белгілеп беріп отырған мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудағы атқарушы биліктің оралымсыздығында немесе құлықсыздығында дер едім. Мен бұл жерде жекелеген тұлғаларды кінәлаудан аулақпын. Мәселе, ғылыми негізделген, алыс келешекке жоспарланған жүйелі, нақты жұмыстың жоқтығында болып отыр. Елбасы әр жылғы халыққа жолдауында болсын, Ассамблея жиындарында болсын, журналистермен сұхбаттарында болсын тіл саясатына байланысты стратегиялық бағыттарды тынбай айтып келеді. Ал соның күнделікті өмірдегі атқарылу нәтижесі қандай!? – Иә, мәселеге нақты келейікші. – Мәселен, тілді оқыту үйрету ісін алып қарайықшы? 2004 жылғы мағлұмат бойынша Алматы қаласында Тілдерді дамыту басқармасына келгенде қала бойынша 5000-ға жуық адам тіл үйретуге тартылған деген ақпар бар еді. Бірақ солардың ішінде тілді меңгеріп шыққан 5 адам болған жоқ. Оның мәнісі мынада: тілді оқыту үйірме сипатында ұйымдастырылған. Әкімдік аудан әкімдеріне, мекеме басшыларына мемлекеттік тілді оқытыңдар деп тапсырма береді, ал олар өз кезегінде бір мұғалімді шақырып, аздаған тиын тебен төлеп, тіл білмейтіндердің тізімін береді. Ал ол мұғалімнің не дайын бағдарламасы, не қалыпқа түскен оқулығы, сабақ өткізетін тұрақты бөлмесі, жаңа талаптарға сай құрал-жабдығы жоқ. Әркім өз шамасынша оқыта бастайды. Оқуға деген құлқы жоқ шәкірттер мен оқытуға деген жағдайы жоқ мұғалімнің сабағынан не нәтиже шығушы еді? Бірақ пәлен адамды оқытып жатырмыз деген ақпар беріліп жатады. Міне, біз осы берекесіздікті жүйеге салуды қолға алдық. Сөйтіп, қаладағы тілді оқыту ісін орталықтандыруды ұйымдастырдық. Сөйтіп Алматы қаласы әкімдігінің «Тіл» оқу-әдістемелік орталығын аштық. Оқыту ісіне қала бюджетінен қомақты қаржы бөлінді, сөйтіп алғашқы жылы қала әкімінің резиденциясы мен алты аудан әкімдігі мен оқушылар сарайында 8 мултимедиялық кабинет аштық. Қазір олардың саны 12 жетіп отыр. Кабинеттердің барлығы интерактивті тақтамен, электронды оқулықтармен, тиісті көрнекі құралдармен жабдықталған. Мұғалімдері байқау арқылы іріктеліп алынған. Былайша айтқанда тілді үйретіп шығаруға барлық жағдай жасалған. Бірақ нәтиже ойдағыдай емес. – Сіздің көп жылдан бері тіл саясаты төңірегінде жүрген маман ретінде айтарыңыз көп сияқты. Енді ойыңызды қорытындылап, нақты ұсыныстарыңызды айтсаңыз. – Әрине, тіл туралы толассыз айтылып келеді. Тіпті, бұрынғы айтқандарымызды қайталап, еселеп айтатын болдық. Жұмысқа дендеп кіріскен сайын алдыңнан жүздеген жаңа проблемалар шығады. Оны бір сұхбатқа сыйғыза алмасымыз хақ. Бірақ жиырма жыл бойына « Тамшы тас теседі» деген мәтел жүзеге асатын түрі әзірге көрінбейді. Осы шаруаның «отымен кіріп, суымен шығып жүрген» адам ретінде бірер ұсыныс айтып көрейін. Ең алдымен, мемлекеттік тіл туралы арнайы заң ауадай қажет. Онда мемлекеттік тілдің қолданылу аясы нақты көрсетіліп, оны қорғау мен жүзеге асырудың тетіктері жасалуы шарт. Мемлекеттік бағдарлама да осы заңға сәйкес мүлде жаңа сипатта қайта жасалуы керек. Оның мерзімі де келесі жылға дөп келіп тұр. Екіншіден, тіл шаруасын саясаттандырудан көрі әлеуметтендіруге қарай бет бұру керек. Демек, тіл – саяси декларация емес, қарапайым әлеуметтік ортаның қарым-қатынас құралы, олардың күнделікті шаруасы мен ісін жүргізетін, мемлекеттік тұрғыда іскерлік байланыстарын жасайтын, ақпарат алмасатын, отбасынан бастап қоғамдық ортадағы барша әлеуметтік- мәдени сұраныстарын өтейтін рухани азығына айналуы шарт. Қоғамдық- әлеуметтік қажеттілікке айналмаған тілді жалаң саяси үгіт-насихатпен өркендете алмаймыз. Сондықтан тіл шаруасына тек үкіметтік ұйымдар ғана емес, мемлекеттік емес мекемелерден бастап, қаржылық-әлеуметтік топтар сияқты нарықтық қоғамның барлық институттары белсене қатынасып, жауапты болуы керек. Заң осы мәселені міндеттеуі тиіс. Бізге қазір жетпей жатқаны осы әлеуметтік ортаның белсенділігі мен мақсаткерлігі, жауапкершілігі. Әсіресе, қазір қала тіршілігіне қазақ тілін дендеп енгізбей оның өрісін кеңейту мүмкін емес. Бұл - бүгінгі қалалық қазақтардың асыл парызы. Ал қаланың басым бөлігін мемлекеттік емес ұйымдар мен қазақ тілді еместер құрайды, олардың бетін бері қаратпай тіл шаруасының көшін түзеу қиын. Оған мемлекет мүдделі, халық бейілді болуы керек. Үшінші бір мәселе, Қазақстандағы тілдік ахуалды сараптап, тіл саясатын, ғылыми жүйелі, оңтайлы, үйлесімді, жоспарлы, нәтижелі жүргізу үшін Қолданбалы лингвистика орталығын құру керек. Оның аса зәрулігіне бірер дәйек келтірейін. Мәселен, біз қазіргі қазақтардың ана тілін қаншалықты білетіндігін әлі күнге дәл біле алмай жүрміз. Біреу, 20, енді біреу 40, үшіншісі 60 пайыз қазақ ана тілін білмейді дейді. Оны зерттейтін әлеуметтік лингвистика дейтін ғылым саласы. Бұл бізде кенже дамыған ғылым. Тек ол ғана емес бүкіл республикадағы тілдік ахуал әлеуметтік лингвистикалық зерттеулерге, мониторингтерге зәру. Әрбір облыс пен қалаларда, аудандар мен аймақтардың өзіндік тілдік ахуалын анықтайтын зерттеулер керек. Соған лайық жүргізілетін жұмыстардың бағыт-бағдары мен ауқымы анықталуы тиіс. Ол және оқтын-оқтын жүргізіліп тұруы тиіс. Ал біз бүкіл республикаға ешқандай зерттеу негізі жоқ, шынайы өмірден алшақ он жылға (!) арналған бағдарлама жасаймыз да, соны ащы ішектей созып жүреміз. Сол сияқты оқыту ісіндегі мәселелерді саралап отыратын, ғылыми-әдістемелік, сараптамалық жұмыстарды жүргізу үшін де орталық керек. Ал терминология мен ономастика мәселесін жүйелеу мәселесі де айтыла-айтыла жауыр болды. Тілдің күнделікті қолданылу аясын саралап, зерттеп, оны кеңейтудің, дамытудың жолдарын бағамдап отыратын саланы әлемдік ғылымда «қолданбалы лингвистика», «функциональды лингвистика» деп атап, оған айырықша мән береді. Бұл салада сандаған ғылыми институттар жұмыс істейді. Ал бізде, тілдің тарихымен, теориясымен айналысатын жалғыз А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты бар, оның қолданбалы лингвистикамен айналысуға мүмкіндігі жоқ. Ал, республикалық тіл комитеті мен облыстық басқармалар тек тіл саясатын үйлестірумен айналысады. Сондықтан тілдің қолданылу аясын зерттеп, өзекті мәселелерін анықтап, оны ғылыми жолмен шешудің жолдарын белгілеп отыратын қолданбалы лингвистика орталығын ашу аса зәру мәселе. – Әңгімеңізге рахмет. Нұрперзент Домбай

3402 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы