• Ақпарат
  • 14 Наурыз, 2013

Қалада ұлттық атаулар неге аз?

Кез келген мәдени, тарихи өзгерістер міндетті түрде тілдік өзгерістер мен трансформацияларға алып келетіні белгілі. Сондай өзгерістердің айқын көрінісінің бірін урбанистік тілдік-әлеуметтік кеңістіктен көруге болады. Урбанизм деген сөз латынның «urbanus» – қалалық деген сөзінен шыққаны белгілі, яғни бұл сөз адамзат мәдениетінде қала рөлінің артуына байланысты өнер мен әдебиетте қала тіршілігін бейнелеуден туындады, сондықтан бұл ұғым әлемдегі урбанизация үрдісінің жылдан-жылға өсуінің заңды мәдени нәтижесі болып табылады. [caption id="attachment_12547" align="alignleft" width="192"]Жұмазия АБДРАХМАНОВА,  филология ғылымдарының кандидаты, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті қазақ тілі теориясы және оқыту технологиясы кафедрасының меңгерушісі Жұмазия АБДРАХМАНОВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
қазақ тілі теориясы және оқыту технологиясы кафедрасының меңгерушісі[/caption] Енді лингвистиканың бұл саласы да біздің елімізде өз орнын табады деген сенімдеміз, себебі қаланың рөлі барған сайын артуда, ауылдан қалаға қоныс аудару жылдан-жылға үдеу үстінде, соның ішінде бұрынғы көшпелі, кейінгі ауылдық мәдениеттің өкілдері барған сайын қалалықтарға айналуда. Яғни бүкіл әлемде болып жатқан жергілікті жерден қалаға көшу, қаланың өсу үрдісі біздің елімізде де көрініс табуда. Соның нәтижесінде көп жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі комонимикалық атауларды зерттеуден урбонимикалық атау жүйесін талдауға бетбұрыс урбанизациялық үрдістен туындайды. Демек, бізге қалалық топонимиялық тезаурусын, соның ішінде эргоурбонимдер тезаурусын жасақтау, зерттеу қажеттігі туады. Сонымен бірге біздің қалалардағы ономастикалық-топономиялық үдеріс осыған байланысты тек қазақи сипат алу үстінде екен, болмаса қазақ тіліндегі атаулар мемлекеттік тіл болуына байланысты басымдықта екен деп айтуға тағы болмайды, себебі қаладағы онимдер, ономастика жүйесінде шетелдік, басқа тілдік, екі немесе үш тілдік құбылыстар жиі кездеседі, тіпті олардың саны кейде қазақ тіліндегілерден көбірек екенін мойындау керек, бұл әсіресе осы біз талдап отырған эргоурбонимге әбден тән құбылыс болып келеді. Сондықтан осы тілдік феномен де өзіндік талдау­ды, жүйелеуді, лингвомәдени жалпы лингвистикалық талдауды қажет етеді. Сондай-ақ этнолингвистикалық, этнолингвомәдени атаулардың заманауи эргоурбоним түрінде қалыптасуының ұлттық-дүниетанымдық мәні мен жасалу жолдары да ерекше құбылыс болып табылады. Ол құбылыстардан қазақ халқына тән мәдени-лингвистикалық айшықтарды іздеу, олардың тілдік және дүниетанымдық сырын ашу да дәстүр мен жаңашылдықтың, көшпелі мәдениет пен қалалық өркениеттің арасындағы сабақтастықтың қазіргі көрінісі ретінде тілдік және мәдени ерекше қызық құбылыс болып табылады. Қалалық ономастиканы зерттеу бір жағынан жалпы ұлттық, әлемдік ономастикалық зерттеулердің аясындағы мәселе болса, сонымен бірге этнолингвистика тұрғысынан бұрын негізінен жер-су атауларын, ауыл-аймақ атауларын зерттеп келген біздер үшін қызықты әрі болашағы зор ғылыми ізденіс бағыты болып табылатыны сөзсіз. Екіншіден, бұл үнемі зерттеліп жүрген таптаурын мәселелерден шығып, жаңа, тың бағыттар іздеудің жолы, үшіншіден, бұл Егемен еліміздегі қалалардың мәдени-тілдік құрылымын айқындауға көмектеседі, соның ішінде қалалық тілдік кеңістіктегі мемлекеттік тіл – қазақ тілінің орны мен рөлін, болашағын талдауға, болжамдауға мүмкіндік береді, себебі қазақ тілінің бүгінгі жағдайы мен болашағы оның қаншалықты қалалық (урбонизациялық) тіл болып, қаланың әлеуметтік-коммуникативтік кеңістігінде қолданысқа ие болуымен тығыз байланысты. Егер ол қаланың тілдік мик­ро кеңістігіне кең қанат жаймаса, таралмаса, қазақтың сөздері, атаулары барлық қалалықтар еркін пайдаланатын, қолданыста бұрмаланбайтын, басқа тілдік топтардың негативтік қатынасын шақырмайтын ономастикалық бірлік­терге айналмаса, ол ешқашанда толық­қанды мемлекеттік тіл бола алмайды. Қалалық ономастика кең диапазонға ие құбылыс. Оған көше атаулары, шағын аудандар, әлеуметтік-мәдени құрылымдар (мектеп, аурухана, балабақша және т.б.) атаулары сияқты көп нәрселер енеді. Осының бәрі қалалық әлеуметтік-кеңістіктегі тіл құбылысын қамтиды. Бірақ біз үлкен құбылыстың бір ғана саласын – қаладағы іскер кәсіпорындар, жалпы экономикалық іскерлікпен, кәсіпкерлікпен байланыс­ты атауларды қарастырғымыз келеді. Бұл бағыт – қазір «эргоурбонимдер» деген атау алған тілдік, лингвомәдени зерттеу саласы болып табылады. Атау екі сөзден құралады, ол «эрго» – грекше «ergon» – жұмыс және түбірі «қала» сөзінен тараған «урбоним» сөздерінен құралған. Бұл терминді енгізген зерттеуші ретінде ресейлік филолог Р.И.Козлов саналады. Осы салада тағы бір зерттеуші Ю.В.Вайрах есімі де алғашқылардың бірі ретінде танымал. Біздегі эргоурбонимдер де қоғамдағы қалыптасқан мәдени, тілдік, дүниетанымдық қайшылықтар мен құбылыстардан хабар беруге тиісті, міне, осы саладағы зерттеулердің маңызы да осында. Ұлттық тіл мен ділдің (менталитет) қалалық лингвомәдени кеңістікке ену, оны игеру жағдайын қазіргі заман үшін аса маңызды болып табылатын бизнес, кәсіпкерлік саласы бойынша зерттеу маңызды тілдік ақпарат көзі болып табылады. Осы тұрғыдан еліміздегі экономикасы дамыған, шетелдік инвесторлар кең тараған қала ретінде – Атырау қаласының эргоурбонимдері ерекше орын алатыны сөзсіз. Бұл облыс халқы негізінен қазақ халқы болып келетін аймақтардың бірі болып табылады, бірақ соған қарамастан эргоурбонизм тұрғысынан тілдік құрылымы мүлдем басқа көрініске ие болып келеді. Қаладағы эргоурбонимдерді бірнеше салаға бөлуге болады: сауда-саттық орындар, қызмет көрсету орталықтары, фирмалар, кіші кәсіпорындар және т.б. Олардың қалалық тілдік кеңістіктегі орын алу, көріну түрлері: маңдайшалар, жарнамалар, боннерлар және т.б. Жалпы түрде Атырау қаласының эргоурбонимдік номинациялар номенклатурасын мынандай деңгейге бөлуге болады: 1.Халықаралық эргоурбонимдер; 2.ТМД көлемінде туындағандар; 3.Шығыстық тілдік мәдени сипаттағылар; 4.Қазақстандық немесе автохтондық эргоурбонимдер. Қалада басқа тілдегі атаулардың көптігі назар аудартады, негізінен олар орыс, ағылшынша және түрік тілінде болып келеді. Ал банк саласы сияқты ірі бизнес құрылымдарда ұлттық атаулардың өте аздығы да қынжылтады. Қаладағы іскерлік сала атауларын топтастырып, жүйелеп қарайтын болсақ, ірі өндірістер: мұнай, газ өндірісі мен оларға қызмет ету саласында шетелдік атаулардың көптігін байқаймыз, себебі бұл бағытта шетелдік инвесторлар, жұмыс істеуші компания­лар көп, ал басқа бағыттарда, мысалы, компьютерлік техника сату, оған қызмет көрсету сияқты бағытта орыс тілінің кең қолданыс тапқаны байқалады. Этноэргоурбонимдердің супермаркеттерде, дүкендерде, балабақша, мейрамхана, базар, шаштараз сияқты кәсіпкерлік саласында көптігінен көз сүрінеді. Қорыта айтқанда, бір ғана Атырау қаласының іскерлік орындары, мекемелер атауы эргоурбонимдерге қысқаша шолу жасаудан бірнеше заманауи үрдістерді көреміз, олар қаланың тілдік кеңістігінің үш-төрт деңгейін көрсетеді, ұлттық тілде, ресми тіл әрі ТМД халықтарына кең тараған орыс тілінде және әлемдік іскерлік қатынас тілі ағылшын тілінде, бізде іскер топтары әр салада кең тараған туыстас түрік тілінде, сонымен қатар қалада тұратын ұлттық-мәдени орталықтар өкілдері, басқа да ұлттар тілінде аздаған атаулар бар екендігін атап кеткен жөн. Сондықтан Атырау қаласы жаһандық іскерлік, мәдени қарым-қатынастардың көрінісін беретін заманауи қала болып табылады деуге болады. Бірақ мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің аясы іскерлік атаулар саласында әлі де тарлығы, өзге атаулардың тым басымдығы алаңдатады. Сондықтан бұл үрдістер осы бағытта жұмыс істейтін арнаулы мемлекеттік орындар мен жеке кәсіпкерлер, мекемелер, билік орындары үшін тек жай ғана лингвистикалық номинация немесе жарнама ғана емес, мемлекеттік, азаматтық, ұлттық, патриоттық деңгейдегі мәселе болып табылатынын ескерген жөн. Қаладағы әлеуметтік-коммуникативтік кеңістіктегі тілдік бәсекелестікке төтеп берген жағдайда ғана қазақ тілі толыққанды мемлекеттік тілге айналудың бір мүмкіншілігін жеңіп алады. АТЫРАУ

5029 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы