• Әдебиет
  • 26 Сәуір, 2009

Едіге - түркіге ортақ тұлға

«Едіге» – түркі халықтарына ортақ мұра. Қазіргі күні оның қазақ, ноғай, татар, башқұрт, қарақалпақ, өзбек, түрікмен тұжырымдар айтылады. Дүниежүзі фольклорының алтын қорына кіретін эпоста өзінен бұрынғы түркілер әдебиетінің дәстүр сабақтастығы сақталған. Соның бірі «Қорқыт ата» жырымен байланысы болып табылады. «Қорқыт ата» жыры түркі тайпалары арасында туып, ХV ғасырда Кавказ жерінде хатқа түскен делінеді. Бұл жыр мен Едіге эпосының арасында дәстүр сабақтастығы бар. «Қорқыт ата кітабы» мен «Алпамыс батыр» эпосының арасындағы өзара байланысты В.М.Жирмунский «Тюркский героический эпос» деп аталатын іргелі еңбегінде жан-жақты көрсеткен. Сондықтан осы үш жырдың арасында өзара байланыс болуы заңды деп есептейміз. Мәселен, «Қорқыт ата кітабындағы» Аруз қожаның пері қызына үйленуі «Едігедегі» Баба Түкті Шашты Әзиздің пері қызына үйленуіне ұқсас. Сол сияқты Қорқыт оғыздардың үлкен ханы Баян дүрдің кеңесшісі, көпті көрген қария, ақылгөй жырау сипатында көрінсе, «Едіге» эпосындағы Сыпыра бейнесі де соған ұқсас. Екі шығармада да ел билеушілер өз басына қиын істер түскен уақытта ақылгөй қарттарды шақырып отырады. Мәселен, «Қорқыт ата кітабында» Төбекөз дәу оғыздардың ел халқын қырып-жойған кезде Дәумен келісімге келу үшін Қорқытты шақыртады. Мысалы, түрікмен нұсқасында: «ОгузДепегөзе кәр кылмады, үркди, гачды. Депегөз оларың өңүнден чыкып, ызына гайтарды, хич яна гойбермеди, әңки юртларында гондурды. Гараз оба еди керен үркди, Депегөз хем еди керен ызына гайтарды. Огуз Депегөзүң элинде зебун болды. Бардылар, дәде Горкуды чагырдылар, онуң билен геңешдилер, гелиң, Депегөзе кесим кеселиң, – дийдилер» [Горкут ата. Тадымы түркмен эпосы. – Ашгабад: Түркменистан неширяты, 1990. – 125 бет]. «Едіге» эпосының ұлттық версияларында Тоқтамыс пен Едігенің арасы шиеленісіп, Едіге елден қашып шыққан кезде енді не істерін білмеген хан Сыпыраны шақыртады. Сол сияқты «Қорқыт атада» Аруздың баласы Бисат Төбекөз дәуді өлтіргені туралы жыр бар. Екеуінде де Дәулер – атса оқ өтпейтін, шапса қылыш кеспейтін мықтылар. Екеуінің де бір-бір осал тұстары бар. Ұзақ ұйықтайтын дәулерді осы осал тұстарын тауып өлтіруге болады. Төбекөз де Ұзынбұлақ деген көлде ұшып жүрген перінің қызынан туған. Төбекөздің пері шешесінің Қойшыны тастап кетердегі айтқан сөзі мен Қаратиын алыптың пері анасының Едіге туралы айтқан көрегендік сөзі ұқсас. Мысалы, «Бисат» жырында Төбекөздің шешесінің Қойшыға: «Енді бұл бала Оғыз елінде бүлікшілік салады» дегені расқа айналып, Төбекөз ер жеткен соң адам жейтін мешкей дәу болып шықса, «Едіге» дастанында Қаратиын алыптың анасы баласына Едігенің атқан оғынан өлесің деп болжау айтады. Едіге мен Қаратиын алыптың шешелері бірге туған болса, Бисат пен Төбекөз дәу бір адамның – Арзудың балалары болып шығады. «Бисат» жырында елге жау шауып, дүрліккенде, Бисат анасының қоржынынан түсіп қалып, ормандағы арыстанның сүтімен қоректенеді. Едігені шешесі далаға тастап кетеді. «Тұлым би» дастанында Тұлым бидің перзентсіз болғаны үшін жазаға тартылғаны сияқты, «Қорқыт ата» кітабындағы «Дерсе хан ұлы Бұқашхан туралы» жырда Дерсе хан перзентсіз болғаны үшін Баяндүр ханның жазасына ұшырайды. Салыстырайық, «Едігенің» өзбек версиясында: «Ганжабой куса бош кутариб айди: – Эй хужам, бу боргода уғиллиға урин, қизлиға қирин бор. Хар ким уғилсиз, қизсиз булса анга хурлик билан зулм бор турур. Эй хужам, подшонинг амри турур, – Тулумбекнинг кулидин мухрин олиб айди: Турғил, боргодин чиқғил, бу юртдин узга юртга кетгил, булмаса хурлик қилиб бу юртдин чиқарсан, – деб, Ганжабой куса» [Тулумхужа. –Тошкент: Алишер Навоий номидаги Узбекистон Миллий кутубхонаси нашриети, 2006 ж. – 11-12-беттер], «Қорқыт ата кітабында»: «Кім де кімнің ұлы, қызы жоқ, қара отауға қондырыңдар, қара киіз астына төсеңдер, қара қойдың етін алдына тартыңдар, жесе жесін, жемесе тұрсын да кетсін, – депті. Ұлы барын ақ отауға, қызы барын қызыл отауға қондырыңдар, ұлы, қызы жоқты Алла Тағала қарғапты, біз-дағы қарғаймыз, мейлі білсін» [Ежелгі дәуір әдебиеті. Хрестоматия. – Алматы: Ана тілі,1991. – 48-бет], – депті. Түрікмендердің «Қорқыт ата» кітабында «Салыр» және «Игдир» деген тараушалар бар. Салыр деген қайратты жігіт күнде аң аулайды. Бір күні бозала таңда аңға шығып келе жатса, астындағы аты үркеді. Атының басын тежеп, зер салып қараса, алдында перде жамылған біреу отыр екен. Жігіт «кімсің?» деп сұраса, «мен перінің қызымын» дейді әлгі адам, содан соң бетін ашады. Оның алдына барған жігіт қыздың сұлу дидарын көріп ғашық болып қалады. Салыр: «Мен саған ғашық болдым» дейді. Пері: «Мен сенің іздеген қызыңмын» дейді. Жігіт қосылуға ұсыныс жасайды. Сонда пері: «Менің саған қояр үш шартым бар», – дейді. Салыр келісіп, шарттарын сұрайды. Қыз: «Мен суға түскенімде денеме қарама, екіншіден, шашымды тараған уақытта назарыңды салма, үшіншіден, етігімді шешкенімде, кигенімде қарама» дейді. Жігіт уәде беріп, екеуі қосылып бірге тұрып жатады. Күндердің күнінде жігіттің есіне әйеліне берген уәдесі түсіп, көңілі бұзылады. Өтірік ұйықтаған болып аңдиды. Таңға жақын әйелі басын қолына алып, шашын тарай бастайды. Жігіт бақылауын жалғастырады. Бір күні түн өте ыссы болады. Пері құдықтан шелекпен су алып, шомыла бастайды, сонда Салыр оның көп емшекті екенін көреді, аяғының теріс екенін аңдайды. Кейін бұл көргендері жігіттің ішіне сыймай, көрген-білгенін әйеліне айтып, «Сен қандай адамсың?» дейді. Сонда әйелі ренжіп: «Пері екенімді әуелде айтқанмын, уәдеңе тұрмаған сен нәмарт екенсің, уәде бұзылған соң мен сенімен бірге тұра алмаймын», – деп кепке айналып, ұшып кетеді. Жігіттің жалынғанына қарамайды. Үлкен қайғыға батқан Салыр оны көп іздейді. Бір күні пері әйелі кездесіп, қолындағы баланы «сенің балаң» деп, жігіттің қолына ұстатып кетеді. Салыр баласын аулына әкеліп, той істейді. Тойға Қорқыт ата да келеді, саз шалады, нама айтады, сөз сөйлейді. Баланың атын Игдир қояды. Сол баланың нәсілінен кейін шәудірлердің игдир тайпасы өсіп-өнеді [Горкут ата. Тадымы түркмен эпосы. – Ашгабад: Түркменистан неширяты, 1990. – 182-183-беттер]. Салыстыра берсе, «Қорқыт ата» кітабы мен «Едіге» жырының нұсқалары арасында сәйкестіктер көп. Осыған қарап, IX ғасырда туған «Қорқыт ата» кітабы мен ХІV-ХV ғасырларда туған «Едіге» жырының арасында дәстүр сабақтастығына орай үлкен байланыс бар екендігін айқын көруге болады. Осы аталғандар «Едіге» жырының генезисі қайдан шыққанын толық аңдатады. Эпикалық жыр түркі халқының бұрыннан бар ертегілер мен дастандарының заңды жалғасы екенін көреміз. Яғни жырдың өзіндік өзгешеліктері болғанымен, дәстүр сабақтастығы берік сақталған. Жұбаназар Асанов, филология ғылымдарының кандидаты

4557 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы