• Әдебиет
  • 26 Сәуір, 2009

Байсақал керуен басы

Ұлы Жібек жолынан бастау алған керуен жолдары әр кезеңдерде түрліше аталды. «Ұлы жібек жолы» Жер орта теңізінен Қытайға дейін аралықта жатыр. Еуразия жерімен өтетін керуен жолдары тоқсан тараулы болып келген. XVII-XVIII ғасырларда Түркістан, Сауран, Қалмақ, Ноғай ірі керуен жолдары аталып, кейбір өңірлерде Шымбай жолы, Сәтбай жолы тағы басқа болып аталған. Керуен жолдары XIX ғасырдың 60-шы жылдарына дейін жалғасқан-ды. Ендігі сөз XVIII ғасырмен XIX ғасырдың басында есімі біраз жерге жайылған Байсақал керуенбасы туралы болмақ. Байсақал Тілекеұлының арғы бабасы Өтетілеу би Қасқаұлы 1738 жылдың 3 тамызында патша өкілі Татищев мырзаға ант берген билердің бірі. Ол өз заманында озық ойлы би болыпты. Оның айтқан кейбір ұлағатты сөздері бүгінге жетіп отыр. Керуен тартып сауда-саттық Байсақалға сол Өтетілеу бабасынан тараған болу керек. Оның керуен-көштері қоңыраулы нар, қоршалған қызыл қоршау, жүк артқан түйелерде қалы кілем, ұл қыздары сән-салтанатпен киінеді екен. Өтетілеу биден (керуен басы) басталған керуен басылық Өміртай Тілекелерге ауысқан. Біз әңгіме еткелі отырылған Байсақал осы Тілеке батырдың баласы. Орынборға қараған қазақтар (XVIII) Жаманқала, Орынбор, Тройцкі Үргеніш, Бұхара арасында сауда саттық жүргізген. Сол кезден қалған болу керек Қызылорда қаласында Шымбай керуен жолы басталған жер (орын), бүгінде Шымбай көшесі аталады. Байсақал керуен басының әкесі Тілеке Өтетілеуұлы әрі би, әрі батыр болған кісі екен. Ол хан сұлтандар мен қатар Ресей генерал-губернаторларымен сыйластықта болыпты. Нұралы ханды тақтан тайдыру мақсатындағы Екатерина ІІ патшайымға (1785 жылы) хат жазған билердің бірі Тілеке батыр. Есімі Кіші ордаға белгілі шаңырақта өсіп-өнген Байсақал сауда жолын тиімді деп тауып керуен жүргізумен айналысады. 1803-1805 жылдардағы мұрағат құжаттарында Бұхара мен Тройцкі арасында сауда жасап, керуендердің аман-сау оралуын басқаратын ағайынды Көбек, Ақсақал, Байсақал екені айтылған. Олар сонымен қатар өздеріне қарасты Жаппастың 6-бөлімдеріндегі 7200 шаңыраққа билік жасайтыны нақты жазылған. Сонда Байсақал шамамен 1780 жылдарда туып, 1849-1850 жылдарда өмірден озса керек. Өйткені оның есімі қазақ, орыс қатынас құжаттарында 1803-1830 жылдарда көрініс берсе, әке жолын қуған ұлы Ахметтің билікке араласуы 1840-1850 жылдарда басталған. Демек, бұл кезде билік Ахмет Байсақалұлына ауысқан. Құжаттарды сөйлетсек Байсақал керуен басының 1817 жылдың тамызында Александр 1-ге жолдаған хатында өзінің жаппас руының керуен басы екенін, осыны растап қол қойып, арнайы мөрін басқанында хабардар еткен. 1819 жылдың 27 шілдесінде көптеген билермен бірге патшаға генералдары арқылы хат жазып, өздері ұсынып отырған сұлтан Арынғазыны Кіші ордаға хан етуді сұраған. Мұнда да Жаппас руының биі екенін растап қол қойып таңбасын басқан. Байсақалдың екінші қырын И. Казанцевтың «Описания киргиз-кайсаков» атты кітабынан танып білуге болады. Онда Байсақалдың белгілі сұлтан Баймұхамедпен сыйлас, дос болғаны және өзінің балаларымен керуендегі жігіт шуақты еңбегіне, ерлігіне қарап бағалай тұра, Орта ордадағы Сұлтан Тұқыманы бесік құда болып аталастырылып қойылған қызы Ұлбектің кедей жігіт Шуақ пен көңіл жақындығын естіп, жазаламақ та болады. Жазалаудан қашқан екі қашқын орыс купесі Деевті паналайды. Мұндай оқиғаларды естіп білген Баймағамбет сұлтан Байсақалмен әңгімелесіп екі жастың отау тігуіне ықпал етіпті. Сөйтіп Байсақал ақсақал Ұлбек пен Баян қызының тойын бірге өткізген екен. Ғалым Аманқос Мектептегі өзінің бұдан 4-5 жыл бұрынғы мақаласында Байсақал қызының жасауына 500 жылқы құнына тұратын сый берген деген деректерді келтірген. Баласы Ахметтің 1849-1850 жылдары бір өзінде 700 жылқының барлығын ескерсек, Байсақал керуен басының жылқысы 1000 мыңнан асатынына күмәндануға болмас. Қазақ билерімен батырлары мөрлеріннен оның мөрі өзгеше болған. Оны академик М.П. Вяткиннің «Сырым батыр» атты (1951) кітабындағы мына сөздерімен бекітіп алайық... «Ерекше бір сирек кездескен мөр ретінде Байсақал деген старшина мөрін атап өтуге болады, оның мөрінде (арабша) Байсақал Тілекеұлы Жаппас деген жазу бар». Ғалым жазғанындай біз зерттеген мөрлердің басым көпшілігінде ру аты жазылмаған. Демек оның есімі сонау Бөкей ордасы, Орынбор аймағымен Қостанай, Тройцкі, Сыр бойына, Бұхара Үргеніш жаққа кең тарағандықтан да руын жазған деп есептеуіміз керек. Байсақалдан туған Ахметтің есімі Ресей құжаттарында 1840-1841 жылдарда хатқа түскен 1844 жылы оның 43 дистанцияның бастығы, заряд-хоружний атағы бары және жасының 35-те екені, жаз Тобыл мен Торғай өзендерін жайласа, қыста «жаңа шепте» қыстайтыны, мінезінің жайлылығы, сауатсыз екені де жазылған. Сондай-ақ Байсақал баласы Ахметтің тұрмысының жақсы екенін 1839 жылғы Хиуа экспедициясына түйемен көмектескені үшін 1843 жылы Зауряд-Хорунжиі атағы беріліп, күміс медальмен марапатталады. 1849 жылғы деректе Ахметтің жасының 39 жаста екені, дистанция бастығы, хорунжий атағын келтіре отырып, бойының ұзындығын, денсаулығының мықты екені, бет жүзі аққұбалау, көзі көкшілдеу, қарасақалды, шашының қара екені, жеке өзінің мөрі барлығының, отбасынан хабар берген. Онда Ахмет Байсақалұлының үш әйелінен, үш ұлы, төрт қызы барлығын, Бұхаралықтар мен жақсы қатынаста болғаны айтылған. Сондай-ақ Ахметтің өте қанағатшыл, кедей кепшіктерге көмек бергісі келіп тұратындығын да жазған. Осы Ресей құжаттарындағы кейбір деректерді саралап қарап, талдап жазсақ, көп нәрсені түрлі оқиғаларды білуге септігі тиері сөзсіз. Өтетілеуден бергі керуен жүргізумен айналысқан Байсақалдың орны ерекше, оның керуенінде көздің жауын алатын шығыс кілемдері, Бұхара жібек маталары, түйе жүнінен жасалған шекпендер, қыз-келіншектерге арналған киімдер мен қатар, азық-түлік, мал айдаған үлкен керуен болыпты. Әке ісін жалғастырған Ахметке әкесінің кең далада көшіп қонып жүрген қазақтар арасындағы асқан беделді көмектескенін аңғару қиын емес. Өтетілеу, Тілеке, Байсақал, Ахметтер жайында «Қазақ тарихының материалдары», Илья Казанцевтың Санк-Петерборда 1867 жылы шыққан «Описание Киргиз – Кайсаков» аты және «Казахско-русские отношения в XVIII-XIX веках» кітаптары мен Қазақстан мемлекеттік мұрағаттың №4, №383, №384 тағы басқа қорларда құжаттар сақталынған. Осы мақаламызға билікке 1839-1840 жылдары келген Байсақал керуен басының баласы Ахмет Байсақаловтың мөрін ұсындық. Тынышбек Дайрабай, зерттеуші, этнограф

4613 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы