• Әдебиет
  • 26 Сәуір, 2009

Кезбе

"Ана тілі" газеті

Ұлы адамдар туралы әр түрлi пiкiрталас болатыны белгiлi.У ильям Шекспир шығармаларын өзi жазды ма немесе Американы шынымен де Христофор Колумб ашты ма? Жоқ, сол кездегi «теңiз қасқырлары» атанған викингтер ашты ма деген пiкiрталастар әлi күнге дейiн толастар емес. Тiптi Американы қытайлықтар ашты деген де болжамдар да жоқ емес. Генуя 1451 жылдың жайма шуақ күндерiнiң бiрiнде шiркеудiң баспалдағынан жүзiне күлкi үйiрiлген бақытты ана түсiп келе жатты. Осыдан бiраз уақыт бұрын ғана оның ұлын шоқындырып, атын әулие Христофордың атымен қойған едi. Шiркеудiң маңайында жүретiн сыған әйелi жүгiрiп келiп: – Ақша ұстат, бар шындықты айтып беремiн! – Әй, әрi жүр, бәрiң осылай айтасыңдар, егер де бiлгiш болсаң, менiң соңғы ақшамды шiркеуде қалдырып кеткенiмдi бiлер едiң ғой. – Жақсы, бермесең бермей-ақ, сен бiрақ ,кейiн менi тауып алып алғысыңды айтасың. Сен бiлесiң бе, сенiң қолыңдағы ұлың әлемге аты әйгiлi теңiзшi болады. Ешкiм бiлмеген, көрмеген жерлердi ашады. Оның аты халықтың мәңгi есiнде қалады. – Рахмет жылы сөзiңе, Құдай қолдап жүрсiн. – Ол ұзақ өмiр сүредi, неше түрлi оқиғаларды бастан кешiредi, ал ол қайтыс болған соң, тiптi оның өлiмi де таңқаларлық құпияға толы болады. – Құпия! – Иә, құпия! Оны екi жерге жерлейдi. – Не айтып тұрсың? Құдайдан қорықсаңшы! – Сен мұны көре алмайсың, бiрақ оны бүкiл әлем бiлетiн болады. Қош бол! Сыған әйелi баспалдақтан тез-тез түсiп, көзден ғайып болды, ал сәби көтерген ана аң-таң болып, сенерiн де сенбесiн де бiлмей абдырап қалады. Батыл болжаулар Ол уақытта Италия бiртұтастыққа жеткен мемлекет емес еді. Мемлекет бiрқатар дербес корольдық, герцогтықтан құралған болатын. Кеме жүргiзудiң, басқарудың нағыз шеберi болған Христофор Колумб осы корольдар, герцогтардың ешқайсысы да оған жақсы жарақталған экспедиция құруға көмектесе алмайтынын түсінетін. Оның үстiне ол кезде Италия Испанияның вассалы (тәуелдi) болатын. Испания ол кезде Пиреней түбегiнен арабтарды қуып, соғыс жүргiзiп жатқан болатын. – Жер – бұл өте үлкен шар, – дедi Колумб. Сондықтан бай Үндістанға баратын ең қысқа жолды батысқа қарай жүзiп отырып табуға болады. Оған ешкiм сенбедi. Кейбiреулерi оның сыртынан неше түрлi әңгiме айтып, оны есi дұрыс емес деп ойлады. Барлығы тек бiр ғана жолды бiлетiн. Ол шығысқа қарай Африканы айналып бару. Теңiзшi Колумб Португалия корольдығынан көмек сұрап барады. Бiрақ, олар Колумбқа қолайсыз талаптар қояды, ол Испанияға аттанады. Әрең дегенде ол ханшайым Изабелла Кастильскаяның қабылдауында болып, ханшайымның уәдесін алады. Күтпеген жерден жаңа қиындықтар туындады. Тәжiрибелi теңiзшiлер мен капитандар ешкiм көрмеген, бiлмейтiн белгiсiз жерге аттанудан бас тартады. Олардың әлем сол өздерi тұрған жерде аяқталады деп есептедi. Таверналарда баяғы сыған әйелiнiң сәуегейлiгi туралы айта бастайды. – Еттен, сүйектен жаралған пенде де екi мола болушы ма едi, ол шайтанның iсi, бұл капитанды шайтан қолдайды, ендеше сол шайтанға қызмет етсiн, – дегендер де болды. Колумб аяқ астынан шешiм қабылдайды. Ханшайымның рұқсатымен ол кеме командасына қылмыскерлердi, тiптi өлiм жазасына кесiлгендердi қабылдайды.Әрине, бұл шешемді қабылдау Колумбтың өз өміріне қауіпті еді. Себебі, қылмескерлерден бәрін күтуге болады. – Мен сендерге Изабелла Кастильская атынан уәде беремiн, саяхаттан қайтып келген соң барлықтарыңның жазаларың кешiрiледi. Бiздi алда не күтiп тұрғанын ешкiм бiлмейдi, ал елде қалсаңдар, түрмеде шiрисiңдер. – Ал, өзiң ше? – дедi қылмыскерлер. – Мен флагман кемесiне барамын, – деп жауап бердi Колумб. 1492 жылдың тамыз айының 3-i күнi Палас портынан «Нинья», «Пинта» және «Санта-Мария» атты эскадра керуенi жорыққа аттанады. Олар батысқа бет алады. Американың ашылуы Екi айға жуық Колумбтың кемелерi батысқа қарай жүзiп отырды. 1492 жылдың 12 қазанында ержүрек теңiзшi Колумбтың кемелерi оның өзi ат қойған Сан-Сельвадор аралының жағалауына келедi. – Мiне, бiз армандаған жер, бұл – Үндістан, – дейдi қуанған Христафор. Көп ұзамай ол гүлденген Куба және басқа да аралдарды ашады. Жергiлiктi халық оларды жақсы қарсы алады. Колумб оларды индиялықтар деп атады. – Бұл жерлердi мен Испания королiнiң жеке меншiгi етiп жариялаймын! – деп Колумб аса бiр салтанатпен жерге Кастилия туын қадайды. Ендi команда мүшелерi Колумбтың шайтанның капитаны емес екендiгiне көзi жетедi. Бiрнеше жыл өткен соң Колумбтың белгiсiз үлкен құрлықтың қасында орналасқан аралдарды ашқаны белгiлi болады. Бiрақ ұлы теңiзшi оны ешқашан бiлмей өттi. Ол Триумфпен Испанияға қайтып оралды. – Аса жоғары мәртебелi ханшайым! Мен Үндістанға жол салып келдiм. Бұл жол жақын, әрi ыңғайлы. – Ол жерлер бай ма екен? – деп сұрады Изабелла Кастильская – Өте бай жерлер, жоғары мәртебелiм. – Мен Сiзге «Теңiз – Мұхит адмиралы» атағын беремiн. Жаңа экспедиция жасақтаңыз, адмирал,- дейдi ханшайым. Ендi Жаңа Жерге адмирал Колумб он жетi кемеден тұратын керуендi басқарып барды. Экипаж мүшелерi бұл жолы қылмыскерлер емес, нағыз теңiзшiлер едi. Колумбтың өлiмi туралы аңыз Өкiнiшке орай, бұл жерде алтын аз болып шықты. Испания корольдығында наразылық туындады. Өйткенi, олар өздерiнiң қаржылық мәселесiн осы Вест – Индия арқылы түзетiп алмақшы едi. Колумб қаннен-қаперсiз жүре берген едi. Ол картаға бұрын ашылмаған белгiсiз жерлердi түсiре бастады. Ал, оның жаулары король сарайына адмирал туралы өсек-аяң жеткiзiп тұрды. Алғашында бұл әңгiмелерге Испания ханшайымы көңiл аудармады, бiрақ гу-гу өсектер көбейiп кеткен соң Христофор Колумбты тұтқындауға бұйрық бередi. – Сiз тұтқындалдыңыз, адмирал, – дедi король шенеунiгi, – семсерiңiздi тапсырыңыз! «Теңiз – Мұхит» адмиралының аяқ-қолына кiсен салып, Испанияға жөнелтедi. Колумб Испания ханшайымы алдында өзiнiң кiнәсiз екенiн толық дәлелдеп бередi. Ол өзi ашқан жерлердi зерттеумен айналысты, оны Үндістан деп ойлады. Жаңа Жердi ашу жолында Колумб және оның серiктестерi қиыншылықтардан өттi: белгiсiз аурулармен ауырды, күштi теңiз дауылын да бастарынан кешiрдi. Әбден шаршап, қалжыраған, ауру меңдеген Колумб Испанияға қайтып оралып, қайтыс болады. Колумб қай жерде жерленген? Испандықтар ол Севильяда жерленген дейдi. Мiне, тура осы тұста баяғы құпия еске түседi. Ұлы теңiзшiнiң екi қабiрi Шынымен де сыған әйелiнiң айтқаны келгенi ме? Американың ашылған күнi 1492 жылдың 12 қазаны екенi белгiлi. Американың ашылуының 500 жылдығын атап өту кезiнде үлкен дау туындады: испандықтар Колумбтың денесi Севильяда жерленген десе, Гаити аралының тұрғындары Доминикан Республикасының астанасы Санто-Домингода жерленген деп дауласады. Сыған әйелiнiң болжауы дұрыс болып шықты. Профессор Хосе де ла Пенья-и-Камаро XVI ғасырдан XVIII ғасырға дейiн Колумбтың мәйiтi Санто-Домингоның кафедралдық шiркеуiнiң дiн қызметшiсiнiң үйiнде сақталған екен. Кейiннен испандықтар ұлт батырының денесi әулие Испания елiнде болу керек деп шешiп, Севильяға әкелiп жерлемекшi болған. Оларға рұқсат бермеген соң Колумбтың мәйiтiнiң бiр бөлiгiн ұрлап алып Севильяға алып келiп жерлептi. Сөйтiп, ұлы теңiзшiнiң екi қабiрi бар екенi расталды. Мақсат Рсалин

5409 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы