• Тіл
  • 05 Мамыр, 2009

Алдымен, өзімізден бастайық

Шымкенттегі Бақытжан шайыр Алдияр «тілім, тілім деп, тілім-тілім боп жүрміз» дейтін еді баяғыда. Қазақ тілі туралы сөз болғанда, елең етпейтін қазақ жоқ. Дегенмен тілдің жайы түзеліп келеді. Мысал дерсіз. Айтайық. Осыдан біраз бұрын қазақ тілінің жайын қоғамдық ұйымдар немесе жекелеген тұлғалар көтеретін. Түрлі ғылыми-теориялық конференциялар, жиындар, мәжілістер мен мәслихаттар ұйымдастырылып жататын. Бірақ көбіне-көп оған атқарушы биліктің қатысы болмайтын. Біз қоғамдық ұйымдар мен тұлғалардың еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Десек те, олардың көтерген мәселесі көп жағдайда орындалмайтын еді. Айтылған сөз айтылған жерінде қалған уақыт та болды. Соңғы жылдары қазақ тілінің өркен жаюына билік араласты. Оған дәлел мынау: Үкіметте Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің арнайы басшылық етуімен «Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы» жұмыс істейді. Мұндай топ тек Үкіметте ғана емес. Ол Қазақстанның әр қиырында орналасқан әкімдіктерде де бар. Ал оларға жергілікті әкімдер басшылық жасайды. Кеше Алматы қаласы әкімінің жанынан құрылған «Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы» бас қосты. Бұл басқосуда Алмалы және Жетісу аудандары әкімдерінің, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, Сәулет және қала құрылысы, Құрылыс және Мәдениет басқармалары басшыларының есептері тыңдалды. Қалалық құрылым басшылары өздері тындырған істің бәрін тәптіштеп баяндады. Мекемелердегі қазақ тілінің жайы кеңінен сөз болды. Мәселен, Алмалы ауданында мемлекеттік тілде ісқағаз жүргізудің көрсеткіші 56,8 пайызды құрапты. Шындығы керек, Алмалы секілді ірі ауданда мемлекеттік тілдің жайы аса мәз емес екен. Дегенмен аудан әкімі Марат Пірінбетов аталған олқылықтың орнын толтыруға уәде етті. Біздің мына мәселеге назар аударғымыз келеді. Алматыдағы Алатау ауданы іс-қағаздарын толығымен қазақ тілінде жүргізуге көшіпті. Шыны керек, бұл – қуанарлық жағдай. Сонымен қатар Жетісу және Медеу аудандары да қазір қазақша сайрап тұрған көрінеді. Ал жергілікті басқармалардың ішінен Мұрағат және құжаттама басқармасы толықтай ана тілімізге бет бұрған. Сонымен қатар Мәдениет, Білім басқармалары да мейлінше туған тілге көңіл бөлу үстінде екен. Атқарушы биліктің мемлекеттік тілге назар аударып, оның кең қанат жаюына, өрісін өркендетуіне атсалысып жатқаны көңілге шуақ орнатады. Дей тұрғанмен, отырыс барысында біз біршама келеңсіздікті байқадық. Ол не? Баяндамашылардың басым бөлігі әлі толықтай тіл сындырмапты. Қазақ тіліне әлі де болса шорқақ. Мәселен, «ұлтшылдық» дегенді «ұлшылдық», «туған» деген сөзді «тұған», «іс-қимыл» дегенді «іс-қылмыс», «өлең» дегенді «өлем» деп оқығандар болды. Осыған орай жиналысқа қатысқан «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры Жұмабек Кенжалин мынадай пікір айтты: – «Менің атым Қожа» деген кино бар ғой. Классикалық туынды. Сонда Қожа айнаның алдына отырып алып, өз-өзіне есеп бермей ме? Мына жерде тілдің проблемасы тәп-тәуір көтеріліп жатыр. Бірақ біз бірінші мәселені өзімізден бастау керек емеспіз бе? Баяндамашылардың сөзі маған түрпідей тиіп отыр. Алдымен, өзімізді түзеп алайық,– деді. Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының жанынан «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы құрылған. Бұл орталық мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілінен сабақ берумен, әртүрлі салаларға арналған сөздіктер шығарумен айналысады. Білікті мұғалімдер бар. Сабақ өтетін сыныптар дайын. Бірақ сабаққа қатысушылар келмейді. Орталық жетекшісі Мамай Ахетов жергілікті басшыларға «Қазақ тілін үйренушілер сабаққа тұрақты түрде қатысып тұрса» деп өтініш айтты. Қысқасы, мемлекет қазақ тілін одан әрі дамытуға мүдделі. Бірақ тіл үйренушілерде құлық болмай тұрған сияқты. Отырыс соңында «Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы» Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке өз ұсыныстарын жіберді. Біржан БЕКТӨРЕ

2870 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы