• Қоғам
  • 29 Қаңтар, 2009

Газлиға ма, Газлиге ме?

Өзбекстандағы осы қаланың атына есімі өте ұқсас Фазли деген кішкентай түрік баласы биылғы оқу жылында Жамбыл облысы, Шу ауданы, «Белбасар» аулындағы Шоқан Уәлиханов атындағы қазақ орта мектебінің 1-сыныбына барды (1962-1969 жылдар аралығында менің өзім де осы мектепте мұғалімдік қызмет атқарғанмын). Мен сол Фазлидің атасы боламын. Кейде ауылға барғанымда оның дәптерлерін қарап қоямын. Бала жалпы жаман оқымайтын сияқты.

Менің назарымды аударған мына жайлар болды:

1. Фазлиді оқытатын мұғалима қарындас баланың дәптерлерінің сыртына «Фазлидың... дәптері» деп жазады екен. Мен мұны қарындашпен «Фазлидің» деп өзгерттім. Ол менің түзетуімді қабылдамай, қайтадан «Фазлидың» деп өзгертіпті (тіпті жаңа тыспен қаптапты). Бірде баланың шешесіне бір записка жолдап, онда «Фазлиға» деп жазыпты. Мен мұғалиманың біліміне ешқандай күмән келтірмеймін, тек осы септік жалғауларын жалғау жағына күдіктенемін. Меніңше олардың жуан я жіңішке болуы септелетін сөздің (Газли, Фазли, т.б.) соңғы буынындағы дауысты дыбыстың жуан я жіңішке болуына байланысты. Мұны жоғары сыныптардағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерімен талқылап алуға да болар еді. Сонда бұл сөз былай септелсе керек: Фазли, Фазлидің, Фазлиге, Фазлиді, Фазлиде, Фазлиден, Фазлимен. Бұған не дейсіздер, қазақ тілінің жанашырлары?

2. Фазли 1 «б» сыныбында оқиды. Неге «б», неге «ә» емес?! Қазір «ә» сыныптары республика көлемінде де, Алматы, т.б. қалалардағы мектептерде де көп қой. «Б» сыныбы кеңестік кезеңнен келе жатқан үрдіс. «Ә» әрпі сол кезде де қазақ әліпбиінде бар болатын. Бірақ оны қолдану «ұлтшылдыққа» қарай қисайып кете ме деген түкке тұрғысыз қауіп бар еді. Сондықтан орыс мектептерінде қалай болса, қазақ мектептерінде де солай болды. Бұл қызыл идеологияның кесірі болатын.

Мен осы пікірлерімді білдіріп, мектеп директорының атына хат жаздым. Хатымның оның қолына тигенін естідім. Бірақ қалай қабылданғанын, қандай нәтижеге ие болғанын білмеймін. Меніңше, бірнеше бір деңгейдегі сыныптың екіншісі, сөз жоқ, «ә» әрпімен белгіленуі керек. Сіз қалай ойлайсыз?

Фадли ӘЛИ,

түріктанушы

АЛМАТЫ

2788 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы