• Тіл
  • 05 Мамыр, 2009

Сөз түзеудi әрiптерден бастасақ

Дүние жүзi халықтарының тiлдерi мемлекеттердiң алыс, қашық орналасуына қарай өзара байланыс жасап, ықпал етiп бiр-бiрiн байытуы табиғи жағдай. Ол күнделiктi тiршiлiкте бiздiң ықтиярымызсыз, үздiксiз жүрiп жатыр. Мұның жақсы да, жаман да жағы бар. Жақсысы — бiр-бiрiн толықтыруы. Жаманы — енген тiлiн шұбарлауы. Қазақ тiлi осының екеуiн де бастан кешiп келедi. Бұрын, ана тiлiмiздiң құдiрет-күшi тұғырында тұрғанда, өзге тiлден енген сөздер ұлттың сөйлеу үлгiсiне бағынып, сол тұлғада айтылып, сол тұлғада жазылатын едi де әлгi кiрме сөз қазақтың төл сөзiндей болып кете баратын (бөшке — бочка, бәтеңке — ботинки). Ал Кеңес Одағы тұсында билеушi ұлттың ұстанған саясатына қайшы келедi-ау деп, сырттан енген сөздердi орысша қалай естiлсе, солай айтуды, қалай жазылса, солай қатесiз жазуды қалыптастырдық. Бұған мысал өте көп. Мен соның екi әрiпке қатыстыларын ғана айтсам деймiн. Дүние жүзiнде қанша тiл болса, күнделiктi жазу-сызудан, теледидардан байқайтынымыздай, солардың тек бiреуiнде ғана (орыстарда ғана) «э» деген әрiп бар-ау деймiн. Естiлуi, дыбысталуы осыған ұқсастау болса да өзгелер оған еншi бермей, оны «е» деп таңбалайтынын көрiп жүрмiз. Мысалы, бiз орыстардан қағып алған «электрик, энергетика...» сөздерi ұлы тiлдердiң бәрiнде дерлiк «е» әрпiмен басталып жазылады. Балтық бойындағы естондар өз елiнiң атын «Эстония» демей, «Естония» деп картаға түсiрген. Орыс тiлiнде «е» әрпi жоқтай, әлi күнге дейiн ұлы жазушымыздың тегiн «Ауэзов» деп келедi. Және мұнысын тiптi қате екен деп те ойламайды. «Бұларың дұрыс емес» деп ескерту жасап жатқан да жоқпыз. Еттен өтiп, сүйекке сiңген дегеннiң нақ өзi осы болар, шамасы. Орыс тiлiнен енген «э-ге» қатысты үлгiнiң дұрыс-бұрыстығына бiздiң ғалымдар кезiнде мән берiп жатпады-ау деймiн. Көзсiз қабылдата салған. Содан осы уақытқа дейiн «э» дыбысын дұрыс айтпақ болып, тiлiмiздi бұрап келемiз. Оның сарыны спорт атауында да баршылық. Мысалға «каратэ» деп жүргенiмiздi осы күрес түрiн ойлап тапқан жапондар «карате» дейдi, «таэквондо» деп жүргенiмiздi кәрiстер «таеквондо» дейдi. Бұрын Қазақстанда «пауэрлифтинг» деген спорт атауы болмайтын. Болса, дене тәрбиесi мен спорттың Қазақстан Республикасының Үкiметi жанындағы Мемлекеттiк терминология комиссиясы екшеп-елеп, 2000 жылы жарыққа шығарған қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздiгiне енер едi ғой. Бұл спорт тәуелсiздiктен кейiн қолға алынып, қарқынды дами бастады. Темiртаулықтардың мұндағы табысы әлемге аян. Ғажабы сол, ағылшын тiлiндегi «пауэрлифтинг» қазақ газеттерiнде де, орысша басылымдарда да айна-қатесiз, осылай жазылып жүр. Орыс тiлiндегiсiнде менiң шаруам жоқ. Бiрақ, бұл сөздiң қазақша мағынасына бiздiң журналистер назар аудармай, орысша қалай аталса солай ала салғандары қынжылтады. Оны аудару үшiн сөздiк бетiн парақтап, бас қатырып жатпай-ақ, осы спорт түрiнiң мамандарынан мағынасын сұрап алсаңыз, мұның «салмақ көтеру» деген қазақша атауын ұғынар-ақ едiңiз. Менiң орыс тiлiнен енген «э» әрпiне шұқшиып отырғандағы айтпағым мынау: құрамында «э» әрiпi бар кiрме сөздердiң денi атаулық термин. «Э» дыбысы қазақты құдай жаратқаннан берi тiлдiк артикуляциямызда болмаған соң, «ауыз етiмiздi» бұрап, әуреге түспей-ақ «э» құрамдас сөздердi өзге тектi тiлдердегiдей өзiмiздiң өте жатыңқы «е» әрпiмен жазсақ деймiн. Тағы бiр әрiп, ол — «фы». Осы үшiн ернiмiздi сүйiрлеп, жел шығармай-ақ қойсақ, бiздердi орыстар кiнәлай ма? Орыс тiлiнен енген «фы» бiзде «пы» болып естiледi. Мысалы, фабрика — пабiрика, физика — пизика. Бұл әрiптен басталатын орыс тiлiндегi екi-үш сөздi қазақша айтқанда мағынасына нұқсан келетiнiн еске алмай-ақ қоялық. (Футбол федерациясы — Футбол педерациясы, Федор Фердинандович — Педор Пердинандович. Орыс тiлiне сырттан енгенiн ескерiңiз). Орыс ағайындар ғасырлар бойы қазақ тiлiндегi «о» өздерiнде болса да «а-ға» айналдырып алып, беттерi былш етпей «Отанды» — «Атан» деп, «Олжасты» «Алжас» деп келдi ғой. Онысы үшiн ешкiм орыстарды сотқа тартпады. Олар ұялмай, үйреншiктi әдетiмен әлi де айтып жүр. Сондықтан, «педерация», «Пердинандiбiш» дегенiмiздi әбестiк санаудың қажетi жоқ деп бiлем. Бiр тiлдегi қайсыбiр сөздер тiлде басқа мағына берiп, тiптi айтуға келмейтiндей тұлғада жазылатынын көрiп те, оқып та жүрмiз. Сондықтан тырнақ астынан кiр iздемей, өзiмiздiң ана тiлiмiздi қоқыстан тазартуды ойлағанымыз дұрыс қой деймiн. Сонымен, арнаулы нұсқау, реформа күтпей-ақ, орфографиялық сөздiкке үңiлiп, әуре-сарсаңға түспей-ақ, кiрме сөздердегi «э» мен «фы» әрiптерiн «өз ауылына қуып тастап», оларды бұдан былай өз тiлiмiздiң заңдылығымен жазып, бiрте-бiрте көз үйретсек қайтер едi дегiм келедi оқырмандарға. Сұлтанғали Қаратайұлы

3198 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы