• Әдебиет
  • 05 Мамыр, 2009

Міржақып киген ішік мұражайға табысталды.

Қазақ тарихында өшпес сызат боп қалған 1937 жылғы қырғын талай арыстарымыз бен қоғам қайраткерлерінің, жазушылардың өмірін қиды. Жазған дүниелері өртелді. Тіптен елім деп еңіреген ерлердің шығармашылығын, еңбектерін сақтаған адамды да айдатып жатты. Зұлмат заманның құнды жәдігерлері жойылып кетті. «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш» деп ұрандаған Алаш ардақтысы, көрнекті қазақ ағартушысы, көсемсөз шебері – Міржақып Дулатовтың қызы, тұлпардың тұяғы Гүлнар апа көненің көзі ретінде осы уақытқа дейін бізге тарихи мұраларды – хаттарды, Ахаңның жазбаларын да мұрағат қып жеткізіп берген-ді. Гүлнар Міржақыпқызы құнды бұйым боп отырған әкесінің тай терісінен жасалған ішігін дәл сол қалпында сақтапты. Жағалы киім болғандықтан кең пішіліп, етегі тобыққа жетеқабыл тігілген. Ішікті Міржақып 1925 жылдан бастап үш жыл кисе керек. 23 сәуірде 70 жылдан астам сақталған ішікті асылдың сынығы Гүлнар Міржақыпқызы ҚР Президенттік Мәдениет орталығының мұражай қорына тапсырды. Соңғы рет ішікті бауырына басып тұрып: «Әкемнің көзіндей болған ішік тек маған емес, бүкіл халыққа тиесілі. Әкемнің көптеген дүниелерін сақтай алмадым. Қолымда қалған кейбір қағаздары мен суреттері достарымның көмегімен бүгінге әрең жетіп отыр. Ішікті де тығып ұстадық. Қалған заттары Торғайдағы Ахаң мен әкемнің мұражайында тұр», – деп көзіне жас алды ақын ұрпағы. Асыл мұраны мұражайға қабылдаған Бибінұр Санақұлованың сөзіне құлақ түрсек: «Ішікті терең зерттеуден өткізіп, бастапқы қалпына келтіру керек. Аса құнды жәдігер болғандықтан, қай жылдары тігілгенін анықтауымыз қажет», – дейді ол. Қазақ даласында тұңғыш роман жанрын дүниеге әкелген, халқы ардақтаған Алаш арысының иісі сіңген ішік ҚР Президенттік Мәдениет орталығы музейінің қақ төрінде Абылай ханның қамқа тоны, Балуан Шолақтың кісе белдігінің қатарынан орын алмақшы. Ақниет Бейімбет

2987 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы