• Қоғам
  • 05 Мамыр, 2009

«Оралман» – шетелден келген қазақтың атауы емес

Ол – құқықтық-мәртебелік категория Өткен аптада Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл институтында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министірлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Хабылсаяат Әбішовтың қатысуымен «Нұрлы көш» бағдарламасы және оралмандар мәселесі» атты дөңгелек үстел өтті. Белгілі тілші ғалымдар Нұргелді Уәли, Белғожа Жанұзақов, Оқаш Нақысбек және ҚХР-ның халық жазушылары Серік Қапшықбай, Жұмаділ Маман, т.б. зиялы қауым өкілдері қатысқан алқалы жиын негізінен «оралман» атауын талқылауға арналды. Сөздің мәнісі «Оралман» – енді ғана талқыланып жатқан сөз емес. Бұл атау туралы былтыр Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілді газеттердің бас редакторларымен кездесуінде бір ұлтты жергілікті, оралман деп екіге бөлудің қажеті жоқ деп өз көзқарасын білдірген. Оған қара орман халық пен депутаттар да үн қосқан. Дегенмен осы дөңгелек үстелдің ұйымдастырылып, «оралман» сөзінің талқылануына Көші-қон туралы жаңа Заңның жасалып жатқаны себеп болыпты. Отырысты басқарып отырған Көші-қон департаментінің төрағасы Хабылсаясат Әбішов «оралман» сөзі туралы мынадай түсініктеме берді: – «Оралман» репатриат деген сөздің аудармасы. Ол шетелден келген қазақтың атауы емес. Отанға оралып жатқан бауырларымызға мемлекеттік көмек көрсету үшін жасалған құқықтық-мәртебелік категория. Ал оны «отандас», «қандас», «бауырлас» сөздерімен алмастыру меніңше көңілге қонымсыз. Өйткені Қазақстаннан көшіп кеткен неміс те бізбен «отандас», «қандас» десең шетелдіктер шошуы мүмкін... Жалпы «оралман» деген сөз – шетелден келген бауырларымызға азаматтық алғанға дейін ғана қолданатын атау, – деді ол. Қытайдың халық жазушысы, ақын Жұмаділ Маман бұл атауға қарсы еместігін айта келе, «бұл күнде «оралман» деген сөздің артында мемлекеттің қамқорлығы жатқанын «оралғандардың» көбі білмейтінін, керісінше олардың көңіліне кезінде кетіп қалып, кейін қайтып оралған дейтін кейбір адамдардың таяз пікірі көлеңке түсіретінін әңгімемен жеткізді. – Бірде маған осындағы бір белгілі азамат «Жүке, сіз де оралман екенсіз, әке-шешеңіз Қазақстаннан қашан кетіп еді? 30-жылғы аштықта ма?» – деді. «Мен Абылайдың оң қолы Есенгелдінің жоңғарды қуып барған жерінде тамыр тартқан шөбересімін. Сол жеті атамның қонысында тұрғанмын. Шекара сызылған соң ғана бөлініп қалдық. Енді, міне, тәуелсіздік алған еліме оралып отырмын» деп түсіндірген болдым, – деді ақын ағамыз біраз түйткілдің шетін шығарып. Шындығында да, басқаның бауырында қалған өз жерімізді жатқа телитіндер де аз емес қой. «Керуен» қоғамдық қорының президенті Қойлан Ерлан «оралмандардың» аты-жөнінде көп кездесетін «ұлы, қызы» деген сөздің жергілікті ерекшеліктен бөлектеніп, көп жерде «оралмансың ба?» деген сөздің алдан шығуына себеп болатынын айтты. Тіпті үлкен кісінің атын айтпайтын қазақы тамаша дәстүрге жат «-ов» пен «-ова»-дан құтылып, бар қазақтың аты-жөні біркелкі жазылса деген ұсынысын жеткізді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бөлім бастығы Ботагөз Уатқан «оралман» атауын «этникалық қазақтар» деп өзгертсек деген көзқарас білдірді. Өйткені, азаматтыққа құжат тапсыру үшін «оралман куәлігін» алғандардың өзінен Ішкі істер министрлігі «қазақ» деген анықтаманы талап етеді екен. Ботагөздің бұл ойы тарих ғылымдарынң докторы, қытайтанушы ғалым Нұрлан Кенжеахметтың пікірімен сәйкес келді. – Алып Қытай елі шетелдегі қытайларды «хуа чиау» деп атайды. Ондағы «хуа» сөзі ежелден қытай деген ұғымды білдіреді. Бұл тәжірибе біздің ата-бабаларымызда да болған. Айталық, түркмен, түркеш сөздерінің түбірі «түрк» болып сақтаған. Сондықтан шетелден келген бауырларымызды атауда қазақ ұғымы қосылса, – деді ол. Сөздің мәртебесі Жалпы «оралман» деген атау Заңда белгіленгендей керемет дүние болса, ел одан неге «қашады»? Яғни осы сөздің мәніне үңілуге қандай қажеттілік туды? Біздіңше дау тудырып отырған «оралманның» мәні емес мәртебесі. Айтпақшы, Департамент төрағасының ауызынан «заңсыз квота жасаған, квотаны алып кері қайтқан оралмандарға қатаң жаза қолдану, «оралман куәлігі» жоқтарға азаматтық беруді қиындату туралы заң жасалып жатқандығы» айтылды. Осыдан барып «көш не үшін ат басын кері бұрды?» деген заңды сұрақ туады. Біз неге кеткендері жазалау емес, келгендерді кетірмеу қамын неге қарастырмаймыз? Өйткені соңғы жылдары отанына оралушылардың қатары сирегені де жасырын емес. Оның бір ғана дәлелі алғашқы дайындық курсын оқуға 2003 жылы 1300-ден астам жас жеткіншек ниет білдірсе, биыл бұл санның екі есеге кемігендігі айтылып жүр. «Балдырған» журналының қызметкері, ақын Құл-Керім Елемес: – «Оралманды» алып тастаудан ештеңе өзгермейді. Оған намыстанатын ештеңе жоқ. Бізге расында қазақ керек болса бес жылдан бері көші тоқтаған Қытайдағы қазақтарды неге сөз етпейміз? Онда қазақ мектептерінің бәрі жабылды. Екі миллион қазақ елге қарап елеңдеп отыр. Жалпы шетелдегі бес миллион қазақтың тағдыры қыл үстінде. Осындай қаны сорғалаған мәселелер тұрғанда «оралман» сөзін талқылау – уақыттың заясы, – деп өз ойын білдірді. Отырыста «Нұрлы көш» бағдарламасы да әңгіменің арқауы болды. Облыстарда оралмандарға арналып салынған баспаналардың толық пайдалануға берілмегендігін сөз еткен Департамент төрағасы Хабылсаясат Әбішев алда шетелдермен тиімді келіссөз жасап, келем деген бауырларымызға құшақ жайып, оларды әрқашан да жұмыспен, тұрғынжаймен қамтуды мемлекет өз үстіне алатындығын нық сеніммен айтты. Сондай-ақ, «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша шопыр мен қарапайым құрылысшыға бал беріліп, өнер адамдары мен ақын-жазушылардың құралақан қалатынын айта келе, жасалып жатқан жаңа заңда осы кемшіліктер ескерілетінін жеткізді. Осыған орай «Өмірді қорғау» қайырымдылық қорының президенті, ақын Мұратқан Шоқан «Нұрлы көш» бағдарламасын қолдау, оралмандардың мәртебесін көтеру мақсатында «Жас қазақ» газетінде осы бағыттағы мақалаларға жүлде жариялағандығын, Елбасының «Нұрлы көш» сынды сәлиқалы саясатын өзекті әңгіменің тақырыбына айналдыру керектігін тілге тиек етті. «Атажұрт» баспасының директоры, жазушы Жәди Шәкен «Аурып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік» деп көптің көңіліндегі сөзді мақалмен қортындылағандай болды. Өйткені егеменді елін аңсап келген ағайынның тілегені «оралман» деген атау емес, «айналайын бауырым» деген сөз бен алақандай жер. Сонымен дөңгелек үстелдің қортындысы бойынша «оралман» атауы өзгермейтін болды. «Ағайынның» аты сақталды. Тек проблемалалары да сол күйінде сақталмаса болғаны. Жұрт көңілінде осы сұрақ... Біләл ҚУАНЫШ

4466 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы