• Әдебиет
  • 05 Мамыр, 2009

Майя Веронская: Қазақтай бауырмал халық көргенім жоқ!

Сұңғақ бойды сүйкімді сары қыз маған қарай келе жатыр. Бұрын көріспесек те әудем жерден мені ежелгі танысындай көріп жымиып қояды. Қол сағатыма білдіртпей көз қиығымды салдым. Келіскен уақыттан бір минут кешікпеді! Бұл сүйкімді сары қызды сіз де білесіз. Таңертеңгілік «Қайырлы таң!» деп ұйқыңызды шайдай ашатын қазақшаға судай орыс қызына алғаш қайран қалғаныңыз да есіңізде шығар. Иә, бұл көрерменнің көзайымына айналып үлгерген жүргізуші – Майя Веронская. Ол қазақылықтың қаймағы қалқыған ауылдың емес, қаланың қызы. Ауылдағы кей қара домалақтардың Алматыға аңсары ауып жүрген кезінде, Майяның ауылға кеткісі келетін. Оған себеп те жоқ емес. Бір түйір қазақша білмейтін қызын түрколог-ғалым әкесі 5-сыныпта қазақ сыныбына ауыстырады. Алғаш айналасындағы қаракөздерге ілесе алмай аңтарылып отырып қалған кездері «ауылда дүниеге келгенде ғой» деп армандайтын кездері болды. Қала берді, оқулықтан бас алмайтын болды. Онысы нәтижесіз де емес еді. Әкесінің үкілеген үміті алдамады. Күнұзақ кітапқа телміретін Майя келер жылы-ақ қазақшаға судай болып шыға келді. Оқушы Майяның күнделігі бестік бағаларға тола бастады. Бұл, әрине, талапшыл қыздың ерен еңбегінің арқасында жеткен алғашқы жетістігі еді... Әке жолын қумақшы болған Майя ҚазҰУ-дің филология факультетінң студенті атанды. Бір күні кездейсоқ бір бағдарламаның түсіріліміне қатысқан Майяны тағдырдың тосын сыйы тосып тұрған-ды. Сол сәттен бастап теледидардың тылсым күші Майяны өзіне тарта түсті. Үнемі түсірілім алаңынан табылатын қызға бірде эфирге шығу бақыты да бұйырды. Қатты қобалжығаны соншалық, қонағына қоятын екі сауалын түнімен көз ілместен қайталап жаттағаны есіне түссе әлі күнге езу тартады. Телевидениедегі тұңғыш қадамдарын табысты бастаған оны сол кездегі «Хабар»телеарнасының продюсері Қайнар Олжай жаңа бағдарламаға жүргізушілікке шақырады. Бұдан кейін Майяның экрандағы жұлдызы сәті туды десе болатындай... Таңертеңгілік «Көңілашар» бағдарламасын, кейін «ӘлемАрт» музыкалық жобасын жүргізді. Майя «ӘлемАртты» жүргізіп қана қойған жоқ, сол арқылы қазақтың дәстүрлі музыкасына ынтық болды. Қазақтың өрімдей жастарының ата-бабаларынан келе жатқан ұлттық әуеннің нақышын бұзбай насихаттап жүргенін көргенде еріксіз қызықты. Әсіресе, Майя үшін қазақ халқының төл өнері – күйдің жөні бөлек. Ол Құрманғазының «Адайы» мен Түркештің «Көңілашарын» ұйып тыңдайтынын жасырмайды. Тіпті іссапармен сонау Маңғыстау облысында болып қайтқанда да қазақ ұлттық музыкасының құдіретіне тәнті болыпты. Орыс қызын тәнті еткен қазақтың тілі мен ұлттық әуені ғана емес, салты. Соның ішінде қазақтың тойын ұнатады. «Қазақтың тойына барған сайын олардан асқан бауырмал халықты енді кездестірмейтініме көзім жетеді. Жер бетінде өзіне де, өзгеге де көмек қолын созудан қашпайтын, досқа бай халық солар секілді көрінеді. Елеусіздеу еңбегіңнің өзін ескерусіз қалдырмай ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырып жатқанда Қазақстандай Ұлы Отанда өмір сүретінім есіме түсіп көкірегімді мақтаныш сезімі кернейді», – деп күлімсірейді. Тойдағы ағайындардың бір-біріне арнаған ақ тілектерінің арасынан өзі естімеген ғажап сөздерді естіп, жадына түйе жүретін Майя қамыр илеп, нан жазып, ет асуды да үйреніп алған. «Қазақтың осынау ұлттық тағамын біреулер «бесбармақ» деп атап жүр. Дұрысы – ет қой кәдімгі» ,– деп қояды. Ал Оңтүстік Қазақстанда іссапармен болған Майяға шырайлы Шымкенттің қонақжайлығына қайран қалыпты. Тіпті «Қазақ тілін балаға үйрену қиын дейтіндерге күлкім келеді. Баланы жазғы демалыс кезінде бір айға ауылға жіберіңізші. Ол жерде ақ ішіп, аунап-қунап, бойына қан жүгіріп қана қоймай қазақша сайрап келетін болады. Оған қоса ауыл халқы аузын ашса жүрегі көрінетін ақжарқын келеді ғой» деп қояды. Иә, осындайда кей қандастарымыз қағынан жерініп жатқанда қазақ тілінін қайнарынан қанып ішіп жүрген орыс қызына еріксіз сүйсінесің... Майя Алматыны жанындай жақсы көреді. «Жетісу жердің жәннаты ғой. Ал Алматының мен үшін орны бөлек. Менің туысқандарымның барлығы Ресейде тұрады. Оларға жиі қыдырып барамын. Әйтсе де менің кіндігім Алматыға байлаулы. Өйткені, мен Алматыдай мейірімді шаһарды бұрын-соңды көргенім жоқ. Алматыдан беймәлім жылылық есетіндей...», – деген Майя саябақ ішінде риясыз күліп, ойнап жүрген сәбилерге қарап күлімсіреп қояды. Майямен емін-жарқын әңгіме соңында «Кей жандар сенің мемлекеттік тілді еркін меңгергеніңді «көгілдір экранға шығып, жұлдыз болудың жолындағы құралы ғана» деп бағалайтындар бар. Осыған не дейсіз?», – деген сауал қойдық. Кейіпкеріміз біраз ойланды. Майя экранда әңгімешіл көрінгенімен өмірде өте салмақты екен. Ұстамды қалыппен ойланып жауап бергенді дұрыс көреді. Біраздан соң ғана: «Атақты Сүлеймен патшаның саусағында көздің жауын алатын үлкен жүзігі болыпты. Жанына жиналған жұртшылық оның кей сәттерде жүзігіне қарап ойланып отыратынын жиі байқайды екен. Әйтсе де патша кейбіреулер ойлағандай қымбат та асыл жүзігіне көзі тоя қарап қана қоймайтын. Ғажап жүзіктің сыртқы бетінде «Бәрі өткінші...», ал ішкі жағында «Бұл да өтеді...» деген жазу бар еді. Білесіз бе, бұл сөздің құдіреттілігі сонда, ұлы патша әлденеге қапаланып я мазасызданған кезінде, тіпті мерейі өсіп, мәртебесі тасыған тұста да көз алдында тәубасына түсіріп отыратын да жүзігіндегі осы жазу болса керек. Рас, Отанымның алдындағы борышым деп біліп, мемлекеттік тілді үйренгенім үшін менің абыройымды асқақтатқан да – қазақ халқы. Ал енді қазақ халқының тілін меңгергенімді жеке басымның жайттарымен байланыстыратын жандарға жауабым ретінде жымиып қана қоямын. Өйткені Сүлеймен патшаның жүзігіндегі жазу менің жүрегіме әлдеқашан жазылып қойған», – деп жауап берді. Жүзік пен жүрек жайлы әңгіме өрбіген соң Майяға «Қазақ жігіті сөз салса...», – дей беріп едік, «Дәм-тұз тартса ол да мүмкін», – деп күліп жіберді... Ұзап бара жатқан Майяның саусағында Сүлеймен патшаның жүзігі жарқырап бара жатқандай көрінді маған. Динара ІЗТІЛЕУ

6691 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы