• Қоғам
  • 14 Мамыр, 2009

МОЛДА – МАЙДАНГЕР

Алапат соғыстың алғашқы кезі Кеңес Одағы үшін ақырзаманды елестеті. Сталин еріксіз Құдайды мойындап, дін өкілдеріне еркіндік беруге мәжбүр болды. 1943 жылы мешіт, шіркеулер майдан үшін жұмыс істей бастады. Жау Сталинградқа шабул жасағанда Сталин Ресей мұсылмандарының мүфтиі, хазірет Ғабурахман Расуловты қабылдап, әңгімелескені өзалдына әңгіме. Ұлы Отан соғысына байланысты діндарлардың «ғаузат соғыс» деп халықты ерлікке шақырып, майдан үшін елден жылу жинаған әрекеттері бұрын айтылмады. Бір ғана Алматы облысының мұсылмандары Бөйіт сопының уағыз-үгітінің арқасында миллион сом ақша жинап, бұл қаржыға атақты батыр Луганскидің ұшағы жасалады. Алматыдағы мұсылман мешіті қайта ашылып, «майдан үшін» қайта жұмыс істеді. Райымбек әулие басына келіп, зират етіп, майданға аттанғандардың арасында аман-есен оралған жауынгерлер болды. Өйткені Құдайдың құдіретінде шек жоқ қой. «Құдай сақтанғанды сақтайды» деген рас екен. Бұған молда-майдангер Қабылбек қарияның өмірі куә. Молдадан білім алып, құранды жатқа білетін жас жігіт Қабылбек бір Аллаға сыйынып майданға аттанады. Адам қаны селдей аққан бір сұрапыл соғыста ауыр жараланып, бірақ аман қалады. Соғыста жаралануына байланысты партизандарға қосылып, Украинада оқ-дәрі тасиды. Бомба түсіп тағы жараланып, Алла-тағала мейір-шапағатын тигізіп, тірі қалады. Алла-Тағаланың аман қалдырғаны үшін жаратқан Иеге жалыну, ғибадат ету Қабекеңнің өмірінің соңына дейін жалғасады. Майданнан оралғаннан кейін колхозда (Қордай ауданы) әртүрлі жұмыстар атқарып жүріп, Құдайға құлшылығын тоқтатпайды. Ауылдағы жалғыз имам молда осы кісі еді. Кеңес Үкіметі дінге қарсы болғанымен оның кейбір парыздары мен міндеттерін шектей алмады. Мұсылмандар арасында «бала сүндеттеу» мен қазада «жаназа шығару» парызы сақталды. Ауылды жерлерде ораза ұстамасада намаз оқитын әже, аталар болды. Майдангер молда-имам Қабылбек қария ауылда имандық тәрбиесінің ұйытқысы болды. Әр-түрлі ұлт өкілдері тұратын ауылда ол адамдарды бірлікке шақырып, адал еңбек етуге үндеді. Маскүнемдіктің зияны мен кеселін ел жиналған жерде айтып отыру Кеңестік кездегі молданың сауатты ісі еді. Атын айтпай ауыл түгел «молдекең» дейтін Қабекең ел ішінде балаларға азан шақырып ат қойды, сүндетке отырғызды, жоқ-жітіктерге көмектесті, жаназа шығарды. Қайтыс болғандарды арулап қою-сол кездің өзінде ол кісіге парыз болды. Арқадағы Файзолла ишан секілді Қабылбек Нүсіпұлы сегіз қырлы, бір сырлы әрі діндар, әрі ұста-іскер еді. Киім тігіп, ою-өрнек жасайтын шеберлігі тәмам жұртты тәнті еткен. Өрнектеп тақия тігіп, оны өзі жақсы көрген балаларға сыйлау молдекеңнің әдеті еді. Ұмытылған Наурыз мерекесі тарихқа сұңғыла, діндар осы қарияның арқасында сол дәуірдің өзінде Қабекең ауылында тойланып отырған. Қабекеңнің анасы Алла-Тағалаға қасиет дарытқан ерекше емшілік өнері бар кейуана Айжанды ел-жұрт күні бүгінге дейін аңыз қылып айтып отырады. Тағдыр мен жазмыш, қайғы мен қасірет жандарын жаралап, рухтары түскен талай жан Айжан апаға келіп, жазылып, жолдары ашылған ғой. Тараз қаласында Қабекеңнің қызы белгілі ұстаз Күләш Қабылбекқызы мен күйеу баласы Сәлке Төлеуліұлы тұрады. Бұлардан тараған ұрпақ 16 немере – Қабекеңе жиен шөбере болып, жалғасады екен. Бірі ұстаз, бірі ұзақ жыл шаруашылық басқарған бұрынғы кеңшар директоры Ахтанбердиев әулеті қазір өскен бір «қауым қазақ» десек артық айтқандық емес. Өйткені ата-тек жақсы, зәу-зәт қасиетті. Молдекеңнің қызы Күләш таза дін жолына түскен. Намаз оқиды, ораза ұстайды, тағы да басқа ғибадаттарды орындайды. Күлекеңнің жолдасы Сәлке бұрынғы Свердлов – қазіргі Байзақ ауылында «әулиеата» асыл тұқымды сиырларының санын көбейтіп, кезінде сүттен дария ағызған шаруашылықтың білікті басшысы болып, зейнетке шыққан белгілі азамат. Сәкең сол кездегі Республика басшысы Қонаевтың көзіне түскен, кемеңгердің ілтипатына бөленген басшысы болды. «Құдайдың рахымы, Пайғамбардың шапағаты түскен» дейді қариялар ежелден. Пайғамбар үмбеті Қабылбек молданың шапағаты ұл-қыздарына тисе керек. Ахтанбердиевтер әулетіндегі ізгілік пен имандық және білім мен кәсіп осыны дәлелдеп тұрғандай. Ораз Ай Суретте Қабылбек қария және Қонаевтың Байзақ ауданына келуі

3108 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы