• Тіл
  • 14 Мамыр, 2009

Қайратқа мінер шақ осы

Әрісін айтпаған күннің өзінде берідегі тәуелсіздік алғаннан бергі он сегіз жыл мұғдарында мемлекеттік тілге қатысты халықтың талап-тілегін жеткізу үшін өзін қазақ зиялысы санайтындардың жан ұшырып, жұрт алдына шығып, биліктегілерге қарата айтпаған сөзі, газет-журнал бетінде жарияламаған ұсынысы қалды ма екен, осы? Әй, қайдам?! Мемлекет тарапынан азды-көпті жасалып жатқан іс-шараны көре-біле тұрып, жоғарғы жақта отырған қандастарымыздың «игі» ниетіне бұлайша күдік келтіріп, күпірлік етуіміздің өз себебі де жоқ емес. Ол –егер қазіргі саясаттың ығын есіп, осы қалыптан танбай жүре берген жағдайда тағы да осынша уақыт емексігенмен істің оңға басатынына көз жеткізудің күн санап қиындап бара жатқанында. Мұны жеке кісінің ғана емес, қазіргі кездегі барлық қазақ халқының мемлекеттік тілге қатысты ішкі уайымы деп қабылдаса да болады. Солай десек, қазақ зиялыларының (зиялы қауым емес) «Аттан!»-дап көтерген мәселесінің су аяғы құрдымға айналуы қалай? Неге биліктегілер олардың жанайқайына «пішту» деп те қарамай отыр? Шынына көшсек, бұған төске ұрып жүрген бәріміз де кінәліміз. Мемлекеттің идеологиясын жасауға міндетті оқу өтіп кеткен оқымыстыларымыз халық пікірімен биліктегілердің қандай жағдайда санасатынын түсіндіріп бере алмағандары үшін, қарадүрсін біздер сол баяғы қатып қалған қасаң түсінектен әлі күнге дейін арыла алмағанымыз үшін айыптымыз. Оған тағы да бірсыпырамыздың тәжірибесіздіктен, енді бірсыпырамыздың ұлттық дұрыс тарихымыздың жазылмауына байланысты саяси көзқарасымыздың ойнамалылығына сәйкес мәселеге тереңдеп бара алмай жүргенімізді қосыңыз. Биліктегі тізгін ұстап отырған орыс тілділерге керегі де осы емес пе. Олар үшін мәселені сағыздай созуға мұнан артық қандай мүмкіндік керек. Буыны босаң солқылдақ топтың талабын былқылдақ шешім күтпей қайтушы еді. Мұндайда шовинист орыспен ауыз жаласқан ат төбеліндей орыс тілділер қазаққа қазіргі демографиялық ахуалды ескертіп, мемлекеттік тілге көшкен жағдайда табан астында туындауы мүмкін ұлтаралық түсініспеушілікпен сескендіріп, ғылым мен білімнің тоқырап, экономикалық көрсеткіштің құлдырайтынын, дүние жүзілік дағдарыстың басталуына себепші болуы да ықтималын, ақырында Ата заңның кейбір бабынан ауытқып масқараға ұшыраулары мүмкін екенін ұқтырып отыруды неге ұмытсын олар. Сөйтіп мемлекеттік тіл қолданысының кешеуілдеуіне қиналып басын тау мен тасқа соққан жалғыз-жарым жанашыр тұлғаның қарасы көріне қалса, «асықпаған арбамен қоянға жететінін» түсіндіріп қалайша көсемсімесін. Әрине олар мемлекеттік тілдің әйтеуір бір қолданысқа енетінін аңғартып, халықты үнемі үміттендіріп ұстауды да, аратұра жиналысты мемлекеттік тілде жүргізіп өзіміздің даңғойларды даңғазамен кенелтіп қоюуды да ешуақытта естерінен шығарған емес. Сонымен қатар орыс тілінің беделін күн сайын арыттырып келе жатқандары да көзге ұрып тұрған шындық. Әрине егемендікке қол жеткізгеннен кейін ұлттық тәуелсіздікті орната алған жағдайда мұндай мәселе туындамас та еді. Бірақ әзірше Қазақстанда оның төбесі де көрініп тұрмағаны белгілі. Мұның ақыры неге әкеліп соқты дейсіз ғой. Айтайық. Бұрындары биліктегілердің оң шешімінен үмітті жұртшылық енді уақыт өткен сайын олардан түңіле бастады. Қарақұрым халық ат төбеліндей азғантай топқа айтқанын істете алмайтынын білді. Олардың сайлау кезінде берген уәдесін орындамай серттен таятынына, егер халық арасынан реніштілер бой көрсетіп, қатаң талап қоя бастаған жағдайда – ғасырлар бойы мемлекетті қауіп-қатарден сақтау үшін ойластырылған – күштік құрамның сыртында жасырынып тұрып қыр көрсететіндеріне (сот, полиция, әскер т.б.) көзі жетті. Сонда атам қазақ: «Халық қаһарланса, хан тағынан таяды»,– дегенді тектен-тек айтқан ба? Әлде биліктегілерден көңілі суыған халықты қайратына мінгізетін, бізге белгісіз тағы бір басқа күш бар ма? Мүмкін оны анықтау үшін әлемдік тарихқа жүгінерміз. Бәлки сондай жағдайда мемлекеттік тілді биліктегілердің пәрменінсіз-ақ қоғамның толыққанды қатынас құралы ететіндей тәжірибеге кезігерміз. Осы мақсатпен қаншама парақтап кітап ақтарғанмен тұп-тура көшіріп ала қоятындай дайын үлгіні кездестіре алмадық. Есесіне бірлі-жар ой салатындарын ұшырастырдық. Мәселенки Үнді елін тәуелсіздікке жеткізген М. Ганди мен Оңтүстік Африкадағы апартаидтің жолын кескен Н. Мандейлдің жанкештілігін-ақ алайықшы. Олар өздерінің ұлы мақсатына қантөгіссіз, қақтығыссыз қалай жеткен? Бұл сұрақтың жауабын аты әлемге жайылған қай-қай ғұлама да: «Қарапайым халықтың қолдауымен!»,– депті. Біздер үшін әдепкі қарқында мұндай пікірдің қисынсыз көрінетін тұсы да бар. Өйткені «халық» сөзіне географиялық тұрғыдан ой жүгіртсек, ол шеті мен бұл шеті кейде бірнеше мыңдаған шақырымға созылатын белгілі бір аумақтың даласы мен қаласын қоныс еткен қара нөпір жұртшылықты; грамматикалық түсінекке бой алдырсақ, сол территорияда шашылып жатқан миллиондаған жеке-жеке тұлғаның, яғни жалпыны білдіретін ұғымның жалқыға айналдырғандағы атауы емес пе. Олай болса қолынан ұстап тұрып тапсырма беріп, мойнына жауапкершілік жүктеп желкелеуге келмейтін «халық» дейтін жалпы атауға сүйену мүмкін бе? Бір ғажабы егер жолын тапса мүмкін екен! «Қалай? Немен?» – дейсіз ғой. Жауабы:Үндеу және үгітпен! Кімді? Халықты! Алғашқы қарқында – әрқайсысының патша көңілі асқар тау – жеке-дара хал-қадірінше тырбанып тіршілік етіп жатқан, басшылық жасау тек мемлекет құзырындағы хикімет деп түсінетін халыққа үндеу тастап бірнәрсеге қол жеткіземін деп үміттенудің өзі көңілге қонымсыз көрінетіні де белгілі. Солай дегенмен егер байырғы ұлт зиялылары биліктегілерден шындап күдерін үзе бастаған шақта, осы шараға барудан басқа амал таппайды да екен. Және мұны: «Қарапайым бұқараның мыңдаған жылдар бойы биліктегілерді тәубесіне келтіру үшін қолданған жалғыз амалы екен»,– десе де кісі қателеспейді. Бірақ бұл амалды идеологиялық қуатты қаруға айналдыратын үгіт-насихатшылар екенін де айту керек. Егер үндеу жарияланған немесе ауызша таратылған күннен бастап кең ауқымда насихатталмаса, онда қандай жақсы идеяны дәріптегенімен әдіра қалатынын айтудың өзі артық. Сондықтан да бұрынғы өткен бабаларымыз бұл жолды таңдау да, жүзеге асыру да тарихи тұрғыдан қарағанда тек ғана тәуекелшіл жандардың маңдайына жазылған ұлы міндет, ерекше құрмет деп бағалапты. Өйткені олар үгіт-насхатшылардың ел ішіне таратқан идеясы жұтатын ауаға ұқсап көпшіліктің санасына сіңіп кететінін, онан кейін оны ешқандай саяси тәсіл, темір құрсанған қарулы күш тұншықтыра алмайтынын білсе керек. Демек бұл амал ең кемі түптің-түбінде биліктегілерді сескендірмей қоймайды дегенге саймай ма. Жасыратын нес бар, қазіргі кезде қазақты ұлт емес, тобыр деп қарайтын елдер де бар. Олардың арасында: «Өздері жүзге бөлініп қырқыса берсін, әркім өз руының шежіресін жазып іштей ірісін, биліктегілері елінің қазынасын тонап жеке-жеке байысын. Жерінің асты мен үстіндегі байлығын көңілі жеткен көрінген елге үлестіріп ақылынан алжассын. Өйткені билік те, байлық та түптің-түбі біздікі», – деп уақытын күтіп, сыртымыздан мұртынан күліп отырғандары қаншама. Тіпті соларға еріп қазақты ғайбаттайтындар өз арамыздан да шығуда. Бұлардың да айтатындары: «Қазақ ел емес. Ешуақытта аузы бірікпейді. Бәлен кезде бәленшекең бәлеге ұшырағанда халық болып шеруге шықпады». Сөз болғаныңа! Дұрысы: «Халық біреудің соңынан ермейді, халықты біреу соңынан ерітеді» ғой. «Халық табан астында ұрандайтын кісі табылса бітті, соңынан дүрк көтеріліп шұбыра жөнеледі»,– деп ойлау мүлде қате. Кейде біздерге өркениетті елдерде өз құқығын қорғап шеруге шыққандар елдегі саясаттың аңысын аңдап, күреске шақыратын көсемін күтіп отырғандай көрінуі мүмкін. Шындығында олай емес. Біздердің теледидардан көріп жүргеніміз жүздеген, кейде мыңдаған үгітшілердің алдын ала дайындаған іс-шарасының нәтижесі ғана. Себебі халық өздігінен ешуақытта ешкімнің соңынан ермейді. Еруі де мүмкін емес. Оның сыры біріншіден – жоғарыда айтып өткеніміздей «халық» сөзінің жалпы ұғымды білдіретініне байланысты оның ешқандай тапсырманы мойнына алуы мүмкін емес екендігінде болса; екіншіден – әрқайсысы өз тұрмыс-тіршілігін ғана күйіттеген, болашақта атқарылуға тиіс ортақ іс төңрегінде пікірлесіп қалыптаспаған миллиондаған жеке-жеке тұлғаның мемлекет ішінде болып жатқан қандай оқйғаға да әртүрлі, тіпті, кейде қарама-қайшы көзқараста болуының ықтималдығында. Демек, ортақ мүддені қорғаудан бейхабар, уақыты да күнделікті тіршілігінен ауыспайтын, мүмкіндігі де шектеулі миллиондаған жеке-жеке нысанды – табан астында жинала қалып ұлттық ірі мәселелерді шешуге қатыспадың деп ренжу бұл енді кісі таңқаларлық пайым. Осылардың өзінен-ақ «айтқанға көнбейтін, ешкімнің соңынан ермейтін халықты» ұлы мақсатқа үгіттеп, «соңынан ерітудің» амалын қарстырудың қажеттігі туындамай ма! Осы жерде халықты «ермейді» деп күстанаушылардың неге сүйеніп олай дейтіндеріне кісінің түсінуі қиын-ақ. Дегенмен осы бір көпшілік арасына тарап кеткен, негізі жоқ, жаңсақ пікірден арылу үшін, алдымен еншісі ажырамаған ұлы қазақ халқын мемлекеттік тілдің төңрегіндегі мәселе бойынша бір тудың астына топтастырудың маңызы ерекше деп ойлаймыз. Егер осы мақсатқа жете алған жағдайда «қазақ руға, жүзге бөлінгеннен басқаны білмейтін халық» деген жаман атақтан да құтылып, жастарымыз еңсесін тік көтеріп, дұшпанымыз сыртымыздан әжуалауларын доғарып, айылын жиып жүрер еді. Ол үшін алдымен мемлекеттің әр түкпірінен бой көрсететін ынталы тұлғалар әдепкі қарқында өзіне ойы жақын ұлттың зиялы кісілерін іске жұмылдырып барып, солардың көмегімен халық арасына пікір таратуға тиіс болады. Сонда ғана барып көп жалқының басындағы жеке арман-мұраты жалпы халықтық идеяның негізін қалары анық. Ол үшін де үлкен мақсатты көздеген әрбір жеке тұлға ұлт зиялыларын өз идеясына иландыра алуы шарт. Осындай әрекеттерден кейін барып іс оңға басса, жеке кісінің арман-мүддіғасы біртіндеп жалпы халықтық идеологияға ұласатынына олардың өздері де түптің-түбі куә болатынына сенімдіміз. Осы жерде жеке тұлғалар деп кімдерді айтамыз, неге олар ұлт зиялыларын өз идеясына иландыруға тиіс, ұлттың зиялы кісісінің белгісі қандай деген сұрақтың туатынын да білеміз. Алғашқысына – биліктегілер ұлттың рухани құндылықтарын саяси саудаға сала бастаған кездерде тарих сахнасына шығатын жанкештілерді жатқызуға болады. Олардың өз идеясын өткізу үшін көп күш жұмсайтын себебі кейбір зиялы кісілердің бойындағы қабылетін жұртшылық мұқтаж ортақ мүддеден гөрі жеке басының тұрмыс-тіршілігін күйіттеуге бейім тұратынына байланысты. Ал зиялы кісіге – қарапайым қалың бұқара өзінің дәстүрімен, дағдысымен, дінімен, ділімен, салтымен тәрбиелеп, көкірегін білім-білігімен байытқан биік мәртебелі лауазым иесінен бастап; көзі ашық, парасатты, маңдайының терін сыпырып күнін көріп жүрген екі аралықтағы кісінің бәрін жатқызуға болады. Бірақ зиялы кісінің қоғамдағы атқаратын міндетінің деңгей-дәрежесі әрқилы келетіндіктен және қоғамдағы орнын біршама белгілеу үшін шартты түрде оларды – биік мәртебеге көтерілгендер, орташа дәрежедегілер және лауазымсыздар деп үшке бөлуге тура келеді. Ашығын айтсақ, лауазымды қызметте жүрген зиялылардың басым бөлігінің өзінен дәрежесі асып тұрғандардың жанашыры ғана емес, жандайшабы да болып келетіні. Мұның жақсы жағы, кейде пайда болуы ықтимал, мемлекеттің іргетасын шайқалтуға мүдделі ішкі және сыртқы топтың жолын кесуге жәрдемдесетіні десек, жаманы қалайда лауазымы жоғарылардың көңлін табу үшін халықтың мұң-мұқтажы былай тұрсын, тіпті кейде өзінің жеке басының көзқарасын да сыртқа сездірмей құпия күйде ұстап өмір сүретіндігінде. Мұны сонау адам баласы мемлекеттік жүйеде өмір сүре бастаған кезден бері қарай, биліктегілердің өз қарамағындағы бағыныштыларын айтқандарын бұлжытпай орындағандарды материалдық игілікпен жарылқап, ал қыңыр тартқан қисықтарды жазғырып, ылғи да сескендіріп ұстау салдарынан қалыптасқан, ми ішіне еніп алған үрей бақылауындағы, жұрт үстінен күн көретіндердің бәріне тән мінез-құлық десе де болады. (Жалғасы бар) Адам Мекебайұлы, жазушы

2710 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы