• Әдебиет
  • 14 Мамыр, 2009

ҚАҺАН (Мамытбек Қалдыбай)

Белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбай – Баукеңе, Бауыржан Момышұлына «Ұмытылмас кездесулер», «Атақ пен шатақ» туындыларын арнаған қаламгер.Бүгінде 70-ке толған жазушыны мерейтойымен құттықтай отырып, Бауыржан Момышұлы өмірінен сыр шертетін туындысын газет бетіне жариялап отырмыз. Ішке енсем, Баукең төмен тұқшиып, жазу жазып отыр екен. Иығында – жұқа шапаны, көзінде – көзілдірік. Сәлемімді төмен қараған күйі алды, басын изеп қана қойды. – Сені көріп, бір оқиға есіме түсті,– деді күлімсірей, түзеле отырып. – Қарайым деген халықты білуші ме едің? – Жоқ. – Жер бетіндегі ең аз халық. Энциклопедиядан қара, бар шығар, болмауы мүмкін емес. Олар тағдыр тауқыметін көп тартқан, шартараптан баспана іздеп, бір аралға барған. Арал дегені – Қырым екен. Онда түріктер тұрған. Қырым татарлары дегеніміз, шын мәнінде, түріктер. Қарайымдар сол жерде жан сақтайды. Тағы қарап жүрмей, «Мына жерде не бар екен?» деп Ресейді аралайды. Орыстар Ресейден қуған соң, Литва князьдығының тұтқындығына түседі. Украинада, Польшада да тұқымы бар. Тілдері – түрік пен араб тілі араласқан тіл. Діні «ешкімге озбырлық істеме, Құдайға шүкір» деп өз күніңді өзің көр деген уағызға толы. Өздері – қу, ақылды, бай халық. Олардың заңы бойынша үлкен имамын Қаһан дейтін көрінеді. Қаһан дейтін сөз бұл дүниеде де, о дүниеде де патша деген мағынаны білдіреді екен. Ол – рухани, әкімшілік жағынан ұстаз. Вильнюс қаласында олардың салған мешіті бар. Тракай деген кішкене қаланың тұрғындары – түгел қарайымдар. Мен онда соғыс жылдары болдым. Литва, Латвия, Эстония әскери бастығымын, 9-шы дивизияның командирімін. Бірде Вера Павловна Строева Мәскеуден іздеп келді. Қайтарында Мариампольден Вильнюске апарып салуым керек. Теміржол бұзылған кез. Пойыз сирек жүреді. Фашистер бомбалап, тыныштық бермейді. Амал жоқ, машинамен кеттік. Вильнюс – көне қала. Көшесінің кеңдігі осы бөлменің енінен сәл-ақ кең. Үйлері көп қабатты. Ескі бір қонақүйге тоқтадық. Әйнектен қарап отырмыз. «Әй, пәленше, әй, түгенше» деп көшенің бер жағындағы адамы ар жағындағы үйдің адамымен дауыстап сөйлесіп жатыр. Машина қарсы кездессе, бір-бірімен түйісіп қалады. Бір-біріне жол беру үшін бұрылып, қақпаға кіреді. Ол жерде қақпа жоқ болса, келесі қақпаға жеткенше шегінеді. Мәдениетті, көне қаланың неге бұлай салынғанына түсінбедім. Мүмкін жері батпақ болғандықтан солай шығар. Ондағы адамдар әр метр үшін күрессе керек. Өстіп таңғалып жүргенде, маған бір ой келді. Вера Павловнаға: – Екі күнге тоқтай тұр, қаланың қызығын көрейік. Аралайық,– дедім. Вера Павловна бірден келісті. Жаяу араладық. Көне қала, архитектурасы сұлу. Сенбесең, Вильнюске бар. Оны тұрғындары баяғыда Вилна деп атапты. Онысы «қала, қыстақ» деген мағынаны білдіретін көрінеді. Тас көшелер, асфальттан хабар жоқ. Үлкен бір алаңы бар екен. Содан шығып келе жатсақ, көне архитектура үлгісімен салынған үлкен үй тұр. Маңдайшасына бірнеше тілде жазу жазылыпты. Орысшасы: «Караимский музей». Үйдің алдында ешкім жоқ. Есігі ашық екен, кіріп бардық. Үстінде шапан, аяғында мына сияқты (Баукең сандалын көрсетті) сандал, сақалын еркін жіберген, мұртын басқан, қасы қалың, басында қара сәлдесі бар жетпістердегі қарт адам қарсы шықты. Мен кім екенімді айтайын деп әскери әдетімше қолымды шекеме апардым. Мұнымды жақтырмай қалды. Сөйлесе келе, Інжіл, Тәурат, Құраннан біраз хабарым бар екенін білген соң, іштарта бастады. Қолын кеудесіне қойып: – Қош келіпсіздер, қарақтарым,– деді қазақша. – Төрлетіңіздер. Мәссаған, керек болса. Ауылдағы шалдар есіме түсті. Вера Павловна да қазақша түсінбесе де аң-таң. – Қарағым, түріңе қарағанда қазаққа ұқсайсың ғой. Мен патша заманы кезінде Петербург университетінде штаттағы профессор болған кісімін. Одан кейін Ресейден қашып, Иранға бардым. Иран патшасының қызына ұстаздық еттім. Кейін Ауғанға, Түркияға өттім. Түркияда жүрген кезімде қазақтар әжіге баратын. Әрине, олардың бәрі дәулетті, бай кісілер еді. – Ол кезде автомобиль, пойыз дегендер жоқ. Түркиядан Меккеге түйемен сапар шегетінбіз. Сонда жолбасшы болып көп қазақты Меккеге апарған едім. Қазақша білетінім содан. – Мен жолбасшы болған қазақтардың аттары жазулы дәптерім бар еді, қуғында жүріп жоғалтып алдым, – деп жалғастырды сөзін. Кішкене бөлмесіне ертіп барды. Орындықтарға отырдық. Жүзімнен байқады-ау: – Қарағым, темекі тартқың келсе, тарта бер. Қысылма. Кейіннен жайбарақат отырып әңгімелесеміз,– деді. Түпкі жақтағы есік ашылып, қолында дастарқан, подносы, үш кесесі бар, басына ақ орамал тартқан, ұп-ұзын қара көйлек киген, жетпіске келіп қалған кемпір иіліп келді. – Қарағым, мына кісі – менің зайыбым,– деді.– Қазақтар «қуыс үйден құр шықпа» дейді. Алдымен дастарқаннан дәм татыңыздар. Бұл – қырымдық кофе, – деп барлай қарап отырды да: – Мұны еш жерден таппайсыздар, – деді қазақшалап.– «Кофе» – Еуропаның емес, арабтың сөзі. Медицинада кофеин делінеді. Араб елінің күні ыстық, суы аз. Су ішсе терлеп, он-он бес минуттан кейін денеде әлгі судан түк қалмайды. Ыстық жерде адам қаталағыш келеді. Қан айналымының дұрыс жүруі үшін адам денесі сұйыққа зәру. Арабтарда кафт дейтін бір өсімдік болады екен. Дәні тарының үлкендігінен кішілеу. Өзі қап-қара, жабайы өседі. Соны арабтар кей-кезде теріп жеген. Дәмі өте ащылау болу керек. Ащы нәрсе шөлдеткенде, су ішеді. Су ішсе, шөлі тез қанатын көрінеді. Е, мынау әулие шөп деп қайнатып, іше бастайды.. Бұл кофенің алғашқы кезі. Ол денедегі сұйықты сақтайды, қан айналысын реттейді екен. Кофе кез келген жерде өсе бермейді. Ол о баста Еуропа ақсүйектерінің ғана сусыны болған. Қазір оны арнайы өсіреді. Бағасы қымбат, сондықтан кім болса сол іше алмайды. Шай алдымен Цейлонда, сонан кейін Қытайда өскен. Дегенмен цейлондықтар оның қадірін білмеген, ал қытайлар өздерінше өсіріп, көп пайда тапқан. Олардың қызығатын себебі, шайда наркотик бар. Шайқорлар шайды қоюлап ішеді. Оны ішкен соң «басымның ауырғаны қойды, денем сергіді» дейді. Бұл – наркотиктің әсері», – деп ұзақ әңгімесін бастап кетті. Қаһан шалмен бірінші осылай таныстым. Кейін ол кісімен бес рет жолықтым. Мәскеуге келуіне жәрдем бердім. Вера Павловнаның үйінде бір жеті қонақ еттім. Өзі түрік тілінің нағыз зерттеушісі екен. Есімі – Шапшал. Бірде ол: – Аспаннан төрт кітап түсті. Оларда тәртіп, адамгершілік мәселесі көп. Соны осы күнгі атеистер бір жағынан ғана түсініп жүр, – деп реніш білдірді. – Қарағым, хабарың бар ма, жоқ па, Құранның 117-сүресінде: «Түнде жұлдызың, күндіз күнің болмаса, көлеңкені көрмес едің» деген жазу бар. Төрт кітап бір күннің, бір түннің оқиғасы емес, бұл – тарих, өмір философиясының қорытындысы,– деді. Өзі төрт кітапта жазылғандарды жатқа біледі екен. Айтқанымнан не түйдің дегендей, Баукең маған барлай, сынай қарап: – Ести білу, ұға білу дегенді табиғат әркімге бермеген,– деді. –Ал ана кісі мен айттым демейді, 117-ші сүреде деп отыр. Қандай адал, ә? – Қараңғы болмаса, жарықты көрмейсің, қараңғыны көрдік, енді жарықты көреміз,– дейді. Бұл – алға талпынып, бұғауды үземіз дегендік емес пе? Бұл – интернационалдық, бостандық ой ғой… Күтпеген жерден Қаһанға жолығып, сырласқаныма әлі күнге тәнтімін… – деді де, Баукең қалың ойдың құшағына сүңги берді.

7066 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы