• Әдебиет
  • 23 Мамыр, 2009

Үш батыр

1972 жылдың жазында Қалижан Бекхожин ағамыз күтпеген жерден менi iздестiрiп, «тез телефон соқсын» дептi. Дереу хабарласа қойып ем, әй-шәйға қаратқан жоқ: «Павлодар облысының Май ауданына жүремiз, Жазушылар Одағымен келiсiп қойдым. Жолға дайындалу керек, ақылдасатын шаруа бар. Қазiр Ленин көшесiндегi жаңадан салынған «Үш батыр» деген үйдiң алдына келе қал. Берағаң екеумiз сенi сол жерде күтемiз, тез!» — дедi де, тұтқасын тастай салды. Тiптi, жағдайымды айтуға да мұрша берген жоқ. «Барсаң да барасың, бармасаң да барасың» дегенi ғой бұл. Қайран, Қалекем-ай... Ал, жаңағы «Үш батыры» қай маң болды екен? Берағасы — Берқайыр Аманшин. (Жасының кiшiлiгiне қарамастан, Қалағаң оны осылай атайтын). Ол кiсi Ленин көшесiнiң бойында тұрады. Үйiн бiлем. Демек, «Үш батыр» дегенi де сол маңнан алыс бола қоймас. Сұрастырып жүрiп тауып алармын дедiм де, солай қарай аяңдадым. Жаңадан салынған бұл алыпты менен басқа жұрттың бәрi бiледi екен. «Әне, — дестi олар, — «Үш батыр» зәулiмi!!!». Қатар тұрған мына үш үй, шынында да, үш батыр десең үш батыр екен. Қиялы жүйрiк кез келген адам бұл зәулiмдердi көрген бойдан-ақ суретшi Васнецовтың осы аттас әйгiлi картинасын көз алдына елестетерi хақ — Илья Муромец, Добрыня Никитич, Алеша Попович... Сол-ақ екен, менiң көңiлiмдi қайдағы бiр мөлдiр қызғаныш баурай ала жөнелдi. Дес берер түрi жоқ. Бұл әупiрiм үш батырды орыс халқына қимағандықтан емес, әрине. «...Дәл осындай тарихи ұғым, өмiршең мұра, ел iшiне сiңiстi боп кеткен көркем нұсқа қазақ өнерiнде неге жоқ? Классикалық туындыларға кейiпкер бола алатындай айтулы тұлғалар бiзде жоқ болғаны ма? Неге бiз осындайда өзге халықтың өнер-өнегесiне қарап жүгiремiз, соларға жүгiнемiз?! Күнделiктi өмiрде, күнделiктi тiрлiкте айналадан айбарын, айдаладан айбынын асырып тұратын шабытты туындылар қайда, қайда, қайда...» Мен осы ойымнан айықпай, алыс сапарға аттандым. Арқаның алып атырабын аралап жүргенде де осы ойдан арыла қойғам жоқ. «Үш батыр, үш батыр, үш батыр?..» Өмiрдiң өзi новелла! Сонда, сонау Ақирек-Аршалы маңында оңайлықпен естен шыға қоймайтын ғажап бiр оқиғаға тап болдым. Тура, көктен сұрағаным жерден табылғандай күй кештiм. Суреттегi үш батырға емес, өмiрдегi үш батырға жолықтым! ...Совхоз еңбеккерлерiмен кездесу үстiнде ағайынды озат диқаншы Қабаевтар жайлы сөз боп қалды. Олардың: Тарғын, Қамбар, Алпамыс деген есiмдерiн естiген шақта жүрегім өзгеше дiр ете қалды. Аттары қандай айбынды. Балаларына осындай айбарлы ат қойып жүрген ата-анадан айналып кетсең болмас па?! Япыр-ай, мына үш батырдың өздерi қандай болды екен? Менiң ендiгi есiл-дертiм: соларды бiр көру! Аудан өкiлi менiң бұл өтiнiшiмдi ескерiп, маршрутты өзгерттi. Бұған Қалекең ме Валентин Смирнов та қарсы бола қойған жоқ. Мiнеки, жолдамыз. Ойыма, бiртiндеп болса да, өлең жолдары орала бастады: Ойға түсiп, өрге шығып, Жарып өтiп шалғынды, Желдей есiп, кең көсiлiп, Дала жолы таң қылды. Баста алға, дала жолы, Достар, құшақ жайыңдар. Бақытыма балап оны Келе жатқан жайым бар. Жинармын-ау күштi ақырғы Сапар егер болса алыс. Келем iздеп үш батырды: Қамбар, Тарғын, Алпамыс. Күнi бұрын айта кетейiн, сонда қуаныш үстiнде, ара-тұра қойын дәптерiме түсiрiп отырған бiраз «шатпағымды» еш қайда жария еткенiм жоқ. Шынымды айтсам, Васнецовтың «Үш батырынан» кем түспейтiн атақты шығарма туындата алмасаң, шалабыңды текке шайқамай-ақ қой десем керек өзiме. Ендi болса, мiне, мендегi сол жастық максимализмнiң, албырт атойдың бiраз саябыр тапқан кезi. Сондықтан болар, «болғаны болды, барға қанағат» деп, тым ұзақтау өлең-очерктен үзiндi келтiрiп сiздермен сырласқалы отырмын... Несiн жасырамыз, қазiргi кезде еңбек адамы десе тыжырына қалатын әдет шығардық. Құдды, олардың орны толмас кем-кетiгi, жетiспейтiн бiрдеңесi бар жандай көремiз. Немесе, шетелдiктерге жалданатын құл деп есептеймiз. Ал, мен Қабаевтармен кездескен сонау жылы, ойымда әлгi айтқан өрескел пайымның ұштығы да болмаған. Үш батыр есiмiн иеленген iнiлерiмнiң жүзiнде өздерiнiң аттарына сай өктемдiк бар едi, жалынды романтиканың жасампаздығы бар едi, «Бiз — халқымыздың болашағымыз, түбi бiздiң дегенiмiз болады!» дейтiндей жiгер бар едi. «Үш батыр» атты өлең-очеркiмде мен осындай асқақтықты жыр етпекшi болыппын. Осы кездесудi пайдаланып, Тарғынмен радиосұхбат жүргiзбекшi едiм, ол жұмыстың тым қауырыт кезi екендiгiн айтып, бөгелгiсi келмедi. — Аялдашы, тапшы мұрсат, Бар едi бiр сауалым... — Бөгемеңiз, әр сәт қымбат, Берем кейiн жауабын. Орақ бiте, ақын аға, Жолығармыз алаңсыз, — Бар айтқаны осы ғана, Үнсiз қалдық амалсыз. Менiң сәл абдырап қалғанымды сезген бригадир: «Мынау азамат — Егор Шостак, Қабаевтардың тәлiмгерi, олар жайлы қандай сұраққа да жауап бере алады» дедi. — Жоқ тағдырға өкiнiшi, Бередi оған қолқабыс. Соңына ерген екi iнiсi — Қамбар менен Алпамыс. Комбайншы үшеуi де, Үшеуi де азамат. Аумай қалған түсi-өңi де, Шәкiрттерiм ең озат. Тағдырлары әйгi маған, Табысқа жол бар төте. Сөйлесе олар — айнымаған Төле, Қазыбек, Әйтеке... Мен диқан iнiлерiмнiң әр қимылынан ынта мен ықыласты көрдiм. Ынта деген құдiреттi қолыммен ұстап тұрғандай сезiндiм. Қолмен жасап ғаламатты, Не құрметке хақылы, Көз ұшында бара жатты Даланың үш батыры. Әрқашан да болшы мықты, Құтты болсын бар табыс, Үйiп жатқан молшылықты Қамбар, Тарғын, Алпамыс! Иә, дала төсiнде батырлар жүр. Қандай эпика! Махамбеттiң мына сөздерi еске түседi: «Өтемiстен туған он едiк, онымыз атқа мiнгенде, жер қайысқан қол едiк!» Бiзге осындай оптимизм жарасады. Батырлар көбейсiн!

3307 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы