• Мәдениет
  • 29 Қаңтар, 2009

Орыстың «Жаяу Мұсасы» қазақшаны қазақтан кем білмейді

Юрий Валентинович Лялин деген азамат осы Құрманғазы ауданының төл перзенті, ата-бабалары да сонау Құрманғазы Сағырбайұлының заманынан бермен қарай қазақ ауылдарын бірге қоныстанған тұрғындар. Юра қазақ балаларымен бірге өсіп-ойнады, қазақшаға жасынан-ақ «судай» болып танылды. Тіпті анығын айтсақ, ол бұл тілде сөйлегенде бірқатар «шала қазақтарға» шаңын көрсетпей кетеді. Өзі жасынан әр салада басшылық қызметте істеп жүр. Мен Юрий Валентиновичті алғаш көріп, қазақша сөйлегенін естігенде таңқалғаным еске түседі. Ол кезде бұл кісі Утера селосындағы «Қызыл таң» колхозында басқарма төрағасы болатын. Біз іссапармен бара қалдық. Жаздың кезі-тұғын. Төраға кабинетінің есігі ашық екен. Юра бір адаммен телефон арқылы сөйлесіп жатты. Даусы анық естіледі. «Қосағасы, айтуыңыз дұрыс, бірақ оның бір «мәшурасы» болып тұр» деген сөзді естідік. Телефон тұтқасы әлі Юраның құлағында екен, бір ардагермен сөйлесіп жатқанын түсіндік. Біз өз көзімізге өзіміз сенбедік. Анадай таза, еш қатесіз қазақша айтқаны таңырқатты.

Жақында Ганюшкин селосында Кенжеғалиева Марфуға есімді кейуана дүние салды. Ақырғы сапарына аттандырарда қаралы жиын өткізіліп, қоштасу рәсімі жасалды. Кезегі келгенде Юрий Валентиновичке сөз берілді. Ол таза қазақша сөйледі: «Біз марқұм Марфуға анамызбен анау Алтыншы ауылында көп жылдар көрші тұрдық. Кәдімгі екі үйдің бірі болып араластық. Енді бұл кісіні ақырғы сапарына аттандыруға қатысуды өзіме үлкен борыш санап тұрмын. Қош бол, Марфуға апа, алдыңнан жарылқасын, топырағың торқа болсын». Мұны тыңдаған қазақтар қайран қалысты. Юрий Валентинович мұнымен шектелген жоқ. Село шетіндегі мұсылмандардың қазақ қорымына бірге барды, талай жыл дәмдес болған көрші апайының қабіріне көппен бірге топырағын салды, құран-дұға оқылғанда отыра қап қол жайып, бет сипады. Біздің қазақ мұны да таңырқап жатыр. Юра саспастан: «Апайға жасаған соңғы құрметім, қоштасуым ғой, одан маған келіп-кетер зиян жоқ. Мына құрдастарым «Әй, орыс, сен не біліп бет сипайсың» деп әзілдейді. Осылардың өздері де ештеңені біліп тұрмаса керек. Өлімнің жолы ауыр демей ме, мәңгілікке аттанған апайға қолдан келер құрметімді көрсетіп тұрмын», – деді.

Юрий Валентиновичтің өз қызметі жайында әңгімелегенде, «Мен Жаяу Мұса» болып жүрмін» деп күлдіреді. Оның сыры мынадай. Лялин мырза көп жылдардан бері облыстық табиғат қорғау және экология жөніндегі мекеменің Құрманғазы ауданындағы жалғыз жаяу өкілі болып жүріп жатыр. Бір кезде қасында көмекшісі және «УАЗ» автокөлігі болып еді, енді олардың бірі де жоқ. Астындағы автокөлігін алып кеткен соң, атынан айырылған Жаяу Мұса болғанын шебер юмормен аңғартады.

Өткенде Исатай ауданының орталығында Каспий теңізінде «Оңтүстік Жанбай, Оңтүстік Забурын» ЖШС-нің ұйымдастыруымен теңізге бұрғы салу рәсімі бойынша қоғамдық тыңдау өткізілген еді. Сол жиында Юрамен қатар отырдық. Аталған кәсіпорында қызмет жасайтын екі маман қазақ жігіттері біреулердің жазып бергенін ана тілінде оқи алмай итзықысы шыққаны бар. Ақыры тыңдаушылар «босқа жаныңды қинамай орысшасын оқы» деді. Юрий Валентинович төмен қарап үнсіз жымияды, байқатпай басын шайқайды. Намысы бар өзгелерге оңай соқпайтын көрініс.

Көргенде «Ассалаумағалайкуммен» амандасады, қарияларға барғанда дастарқан шетіне малдас құрып отыра кетеді. Біздің ортамызда осындай бір «Жаяу Мұса» жүр.

Рахмет Иманғалиев

Атырау облысы,

Құрманғазы ауданы.

3218 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы