• Ақпарат
  • 29 Қаңтар, 2009

Демікпе демография

Қазақстан егемендік алған алғашқы күндерінен-ақ аумақтық көшбасшылыққа ұмтылды. Бас-аяғы 15 жылда бұл бағытта айтарлықтай жетістіктерге жетті десе де болады. Тіпті әлемдік қауымдастық: «Қазақстан жабық саяси жүйе болуды доғарып, көп ұзамай лидерге айналады. Лидер болып алғасын көршілес елдердегі ішкі-сыртқы баланстарды басқаруға кіріседі» дегенді айта бастады.

Бұл – Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы рөлін қабылдап, сол аумақтағы барлық бастамалар мен үрдістерге жауапты болады деген сөз. Мұның өзі саясаттанушы Дмитрий Нерсесовтың сараптамасына сүйенсек, төрт негізгі түрткі арқылы жүзеге асып отыр:

Біріншіден, еліміз кеңестік залалды мұра –атом қаруларынан бас тартып, АҚШ пен РФ-ның қамқорлығына уәде алды. Кейіннен бұл кепілдік ШЫҰ-ның қарарларымен бекітіле түсті.

Екіншіден, біздің жақ мұнай-газ қорларымен һәм транзиттік мүмкіндіктер арқылы мүдделі әлемдік ойыншыларды өз жағына тарта білді. Атап айтқанда, Бейжіңнен Мәскеуге, Бакуден Вашингтонға, Брюсселден Токиоға дейінгі тасымал бізге байланысты. Өз кезегінде бұл өте шеберлікпен жасалды. Ақ орда оларды өзара бәсекелестікке салып, алдында құрақ ұштырып қойды. Мәселенки, Қазақстанның позициясына Баку-Джейхан, Одесса-Брода, Набукко, Каспий шеңбері, Қытайдың энергиямен қамтылуы, Пәкістанның ірі Гвадар портының өркен жаюы қарап тұр. Осыдан-ақ байтағымыздың әлемдік эканомика мен саяси текетірестердің ортасында қалғанын байқаймыз.

Үшінішіден, Қазақстан ішкі тұрақтылығын нығайтып, жаңаша ойлайтын Батыс пен Қытайда білім алған жігерлі элитасын қалыптастырып үлгерді.

Төртіншіден, Қазақстан айналасындағы көршілерінің ішкі істеріне қол сұқпай, бедел жиып, олардың арасында «қазекем қол ұшыңды бер» деп көмек өтінетіндей жағдайға жетті. Бүгінгі таңда Астана Орталық Азиядағы интеграцияның бастамашысы ретінде танылып отыр. Осы қазірдің өзінде-ақ «Ақ орданың аумақтың тұтастығы идеалын таратушы һәм сақтаушы ретінде жауапкершілікті мойынына алар күні алыс емес» деп кейбір сарапшылар батыл жасайды.

Дегенмен еліміздің алдында айқара ашылып келе жатқан осындай керемет көкжиекті жоққа шығаруы мүмкін факторлар да бар. Соның ішінде өзінің әсері мен салдары жағынан ең ауқымдысы әрине, демографиялық фактор. Американдық саяси сарапшы және мемлекеттік қайраткер Патрик Дж. Бьюкенен Ресей тағдырына қатысты жасаған «Катастройка» болжамында Орталық Азияның демографиялық өсіміне де айрықша тоқталып өтеді: «Ақиқатында Ресейге Қытайдан кейінгі екінші кезекті қауіп оңтүстігіндегі елдерден болмақ» дейді ол өз зерттеуінде. Яғни, Орталық Азиядағы халық өсімі мынадай болып келмек:

Түркіменстан 2000 жылғы санақ бойынша 4,5 млн болса, 2025 жылға қарай 6,3 млн-ға жетпек. Тәжікстан 6,2 млн-нан 8,9 млн-ға, Қырғызстан 4,7 млн-нан 6,1 млн-ға, Ауғанстан 22,7 млн-нан 44,9 млн-ға көбеймек. Ал Қазақстан 16,2 млн-нан бар болғаны 17,7 млн-ға өседі. Айналасы жиырма бес жылдың ішінде бар болғаны 1,5 млн. адамға молаямыз. Яғни Ресейге қауіп бізден емес, ең алдымен өзге бауырлас Республикалардан туындамақ. Бізге тақияны аспанға атуға әзірге тым ерте. Осы жерде Қазақстанның бүгінгі динамикалық саяси-эканомикалық дамуына қарама-қайшы үш парадоксты байқаймыз.

Әуелгісі, Ауғанстанға қатысты. Дүниежүзі: Қазақстан аумақтағы көшбасшыға айналып біткесін саяси терминалогияда «қара тесік» аталып кеткен Ауғанстанды жөнге келтіруге кіріседі деп тон пішуде. Жөнге келтіргенде де әскери мағынада емес, эканомикалық-саяси мағынада. Енді қараңыз. 2025 жылы қарай 17,7 млн. халқы бар ел қалайша 45 млн-дық жұртқа ағалық көрсетпек. Рас біз саяси-эканомикалық жағынан, технология мен мәдениетте озық-ақ боларымыз. Бірақ бұл толық үстемдікке кепілдік емес.

Немесе бүкіл тарихы бойында бізді бәсекелесі санап келген Өзбекстанды алайық. 2025 жылы қарай 33,4 млн. өзбек азаматы оңтүстік шегарамыздың ар жағында әріде жасап жатады. Ал сол өзекеңдердің солтүстігінде яғни, бізде одан 2,5 жарым есе кем қазақтар «біз аумақтың көшбасшымыз» деп кеуде соғумен боламыз. Қызық жайт емес пе? 2,5 есе көп олар бізге мойынсұнар ма екен? Қорқыту үшін де көп болу керек. Иә, аумақтық көшбасшы ретінде көтерілетін қолайлы уақытты Өзбекстан әлдеқашан жіберіп алды. Үлгермеді. Үлгеретін болса да стратегиялық жоспар құра алмады. Нәтижесінде бірнеше жылдан бері кеңмасштабты деставилизацияның таразысына түсіп отыр. Бірақ бұдан оны түбегейлі өз амбициясынан бас тартады деп ойламау керек. Өзбекстан қолындағы әзірге Қазақстанда жоқ көзір – демографиялық өсім болып қала береді. Осы ретте «Арық деме арықты, отықса шылқа май болар. Кедей деме кедейді, жөн ұқса бай болар» деген бабаларымыздың ұлағатты сөздері еске түседі.

Жалпы АҚШ-тың сонау КСРО кезінен толғатып жүрген «үлкен Орталық Азия» жобасы бар екені мәлім. Ол жоспар бойынша Орта Азия Қазақстаннан Пәкістанға дейін кеңітілмек. Қашан, қалай жүзеге асырылатынын белгісіз, бірақ бүгінгі заманауи ағысқа қарап, соған біртіндеп келе жатқанын пайымдағандай боламыз. Олай болған жағдайда көшбасшының бірі, яки бірегейі ретінде елімізге түсетін салмақ пен қысым да зор болмақ. Орта Азия әлем үшін геосаяси маңызды аймақ. Демек мүдделі титандармен иық тіресу үшін де ергежейлі болмаған дұрыс. Дәл мұны аса дарынды cтратег, елбасымыз Н.Ә.Назарбаев білмейді емес, біледі. Сондықтан да алдағы уақытта жеделдетіп, қалайда 20 млн-дық межеге жетеміз деп мақсат қойып отыр. Әйтпеген жағдайда демографиялық ахуалымыздың басымызға қонбақ бақ құсын үркітіп, айбарымызды кемітіп, адымымызды қысқартатыны айдан анық нәрсе. Ал «лидерлік неге керек?» дейтіндер табылса, бұл енді басы артық сұрақ. Өйткені көшбасшы болу жақсы. Көшбасшылық ұлттың мерейін өсіріп, келешегін кепілдендіреді.

Абылайхан Қалназаров

3821 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы