• Әдебиет
  • 31 Мамыр, 2009

Құбылыс

"Ана тілі" газеті«Пирамидалар елі» – «пирамидада» Өткен сенбі күні Астана аспанын атақты «Аида» операсы кернептұрды. 140 жылдық тарихы бар әлемнің классикалық туындылардың төрінен орын алған Джузеппе Вердидің бұл операсы «Нұр Отан» партиясы ХII съезінің 800-ден астам делегаттары мен Елорда қонақтарының назарына ұсынылды. Әлемнің әйгілі сахналарында қойылып келе жатқан опера бұдан екі жыл бұрын Астананың онжылдық мерейтойына орай еуропалық опера жұлдыздарының қатысуымен сахналанса, бұл жолы отандық әртістердің орындауында көпшілікпен қайта қауышты. Осы жолы Дж.Верди шығармасының бас көрермені – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еді. Бір таңғаларлығы аталған опера итальян тілінде шырқалды. Бұл қазақ опера жұлдыздарының әлемдік классиканың шыңы саналатын туындыны еркін меңгергенін айғақтап тұрғандай. Аталған туынды төрткүл дүниенің атақты театрларында қойылған десек те, мұны кез-келген режиссердің қолға алуға батылы жете бермейтіні бесенеден белгілі. Атымен емес, затымен танылудың әдемі үлгісі осы опера десек артық айтқандық емес. К.Байсейітова атындағы опера және балет театры «Аиданы» сахнаға шығару үшін табаны күректей тоғыз жыл бойы дайындалыпты. Театр әртістерінің тапжылмай ізденуінің нәтижесінде айтулы дүние жүзеге асты. Қойылымды сахналау үшін де мықты шығармашылық құрам керек екені анық. Сондықтан операның жоғары деңгейде орындалуына 352 адам тер төкті. К.Байсейітова атындағы опера және балет театры мен Абай атындағы опера және балет театры, Ресейдің әйгілі Мария театрының да бұл операға белсене атсалысқанын айта кеткен жөн. Оған қоса 120 адамы бар симфониялық оркестр мен Президент ұланының оркестрі әуенмен әрледі. Қойылымды Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, «Достық» орденінің иегері Юрий Александров сахнаға шығарса, оркестрге Татарстанның халық әртісі Ренат Салаватов пен Күләш Бәйсейтова атындағы ұлттық опера және балет театрының бас дирижері Абзал Мұхитдинов жетекшілік жасады. «Аида» хақында әлемдік опера тарихында жазылмаған заң бар: Өзін-өзі мойындатқысы келетін әр театрдың репертуарында «Аиданың» болуы шарт. Бұл талғам мен танымның ең жоғары көрсеткіші. Керек десеңіз өзін өзі сыйлайтын әр көрермен «Аиданы» кем дегенде 4-5 рет көруі керек» дейді Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры Қуаныш Оразғалиев. Сондықтан әлемдік деңгейдегі бас операның Астанада қойылуы еліміздегі жас өнер ордасының шығармашылық шыңдалуына да үлкен үлес қосты. – Бұған дейін Е.Брусиловскийдің “Қыз Жібек”, М.Төлебаевтың “Біржан-Сара” және өзге де туындыларды сахналағанбыз. Енді әлемдік деңгейдегі шығарманы тәуелсіз еліміздің астанасында тағы бір қырынан жаңғыртып, “Нұр Отан” партиясына келген қонақтарға тарту еттік. Әлемдік тәжірибеде мұндай операны бір театр емес, бірнеше театр бірлесіп сахналайтын тәжірибе бар. Оған дәлел, операны Юрий Александров қойса, Радамес партиясын жерлесіміз, Санкт Петербордағы Мария театрының белді де беделді әртісі Ахмет Агади орындады. Ал Амнеристі Абай атындағы академиялық опера және балет театрының әншісі Сара Есжанова, сол секілді басты кейіпкер Аиданы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының жас әртісі Айгүл Ниязова шырқау биікке көтерді. Сондай-ақ, Амонасро партиясын Бағдат Бекішев сәтті орындап шықты. Жалпы, біз мұндай дүниелерді қазақ топырағына бүгін әкелсек, ертең отандық туындыларды өзге елдерге шығаратын боламыз. Сол арқылы қазақ мәдениетін әлемге танытамыз. Опера — өнердің шыңы. Ендеше біз бағындырар биіктер мұнымен шектелмейді. Мен жылдар жылжи келе Астана өнер орталығы, рухани құндылықтың алтын діңгегі болатынына сенімдімін, – дейді К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының директоры Төлеубек Әлпиев. Әлемді тербеген әуен Менің өнер туралы әбден көзім жеткен өзіндік ойларым бар. Олардан еш бас тарта алмаймын. Джузеппе Верди Әу баста 1968 жылы қазылып бітіп, құрылысы аяқталған Суэц каналының ашылу салтанатына Мысырдың ұлттық нақышы мен аңызының желісін сақтай отырып опера жазуға тапсырыс берген Египет үкіметінің бұл ұсынысына ықылас танытпаған Верди оны кейінге ысыра береді. Кім біледі, қомақты сыйы бар әрі елден ерек деп өзін таңдап отырған «Мысыр үкіметі мен халық көңілінен шыға алмай қаламын ба» деген күдігі басым болды ма, Верди бас тартты. Оған қоса Каирдегі жаңа театрдың шымылдығын да Вердидің сол операсы ашуы тиіс болатын. Бір қызығы, бас тартып кейінге кешеуілдете берген Вердидің 1870 жылы «Аиданың» қысқаша сценарийімен танысып шыққан соң аяқ астынан қызығушылығы оянып сала берді. Бұл сценарийдің авторы Мысыр тұрғыны, француз, танымал мысыртанушысы Француа Огюст Фердинан Мариетт еді. Ол папирустардағы көне жазулардан сыр іздеп жүріп, Мысыр перғауындарының Эфиопия елімен арасындағы ұзаққа созылған шайқасы туралы аңыз табады. Кейіннен атағынан ат үркетін операға себеп болған аңыздың желісін алғаш қағазға түсірген француз либреттисі К дю Локль болса, поэзия тілінде итальянша сөйлеткен – А.Гисланцони. Аңызға көңілі ауған Джузеппе Верди осыдан кейін Мысыр тарихы мен өнеріне құныға түсті. Ең алғаш 1871 жылы 24 желтоқсанда Каир театрында өз шымылдығын ашқан «Аида» тура жеті аптадан соң Миландағы әйгілі «Ла Скала» сахнасында көрерменіне жол тартты. Сол тұстағы «Аиданың» бүкіл көрерменді тамсандырып, таңдай қақтырғаны соншалық оның өнеріне тәнті болғандар Джузеппе Вердиді сахнаға 32 рет (!) шақырды. Екінші рет қана қойылған опера өз авторын күллі көрерменнің қошеметіне бөледі! Осыдан бастап Верди мен «Аиданың» күн санап атағы аспандай түсті. Ол Миланнан кейін 1872 жылы 20 сәуірде Пармде, 7 шілдеде – Падуде, 1873 жылдың 31 наурызында Неаполде қойылды. Бұл аздай «Аида» 1874 жылы 20 сәуірде Берлинде, Вена сахнасында, 1880 жылы 22 наурызда Париждің «Гранд-опера» сахнасында салтанат құрды. «Аида» елге Вердидің есімін ғана әйгілеп қойған жоқ, талантты әртістер мен әншілердің танылуына тура жол болды. Осы сапарларда Аиданың рөлінде чех әншісі Т.Штольцтың даңқы жер жарды. Осынау айтулы опера «Аида» атағының алысқа кетуінің тағы бір себебі мысырлық мифтің менмұндалаған мазмұнында жатса керек. Мысыр еліндегі махаббат бұрышы Туынды көрермендер қиялын Ніл жағалауларына жетелейді, сфинкс пен пирамидалардың еліне бастайды. Көне Мысырлық рух, эфиопиялық күң Аида мен Мысыр әскерінің қолбасшысы Радаместің арасындағы жалынды махаббаты, Аиданың әкесі тұтқындағы Эпиопия патшасы Аманасро, египет абыздарының қатулы жүзі, Амнеристің храмдағы күңіренісі, тірідей жерленген Аида мен Радамес – бәрі-бәрі жан-жүрегіңді еліте жөнеледі. Шығыс сипаттағы итальян музыкасы көңіл тербетеді. Әуезділігі, айқындылығы, қайталанбас болмысымен баурап алған құдіретті саз Верди талантының алдында бас идіреді. Академик Б.В. Асафьевтің «Аиданы» опера тарихындағы энтузиазмге толы ең тамаша қойылымдардың қатарына қосқаны бекер емес-ау. Оның әр көрінісі асқақ рухпен айшықталған. Таң тамаша әсермен әрленген. Алғашында не боларын тағатсыздана күтіп отырған талғампаз көрермен бірінші көріністен-ақ Мемфистегі перғауын сарайындағы тақ залынан бір-ақ шығады. Көкпен тірескен колонналар, алып мүсіндер, аста-төк байлық бәрі алапат күштен, биліктен хабар бергендей әсер қалдырады. Көне дүние күңгірінен күмбір-күмбір күй төгіледі. Даңқы асып-тасқан алтынды мемлекетке қандай ғана ел батылы жетіп, ауыз салар деп ойлайсың сонда. Бірақ «Жау жоқ деме жар астында». Ал Египеттің басына төнген бұлтты найзасымен ысырып салар ердің ері кім болмақ? Басқыншыға қарсы әскерді бастап кім шықпақ? Опера көрермен назарын сарай күзетінің басшысы Радамеске аударады. Демін ішіне тартып, тағатсыздана күтіп жас батыр отыр. Шіркін, жауды жеңіп шықса, бар атақ-даңқты сүйіктісінің аяғына төсер еді! Ол үшін перғауын қызы Амнеристің күңі жас Аидадай інжу-маржаннан артық дүниеде қазына жоқ. Бірақ Құдайлар аға абыз Рамфисқа не айтпақ? Көк жауынгер жүрегінің лүпілін танығандай, сені жорық, жеңіс күтіп тұр деп жар салады. Радаместің де аңсағаны осы. Хан еркесі Амнерис болса, жас қолбасшының арманын тани алмай әлек. Жауды талай рет жеңген еңселі мемлекет бұл бөгетті де еңсерер. Бірақ батыр жеңісін кімге арнамақ? Радаместің Аидаға ұрлана қадалған жанарын еске алса, Амнерис жүрегі қан жылайды. Күні күңнен кем болғаны ма? Ал Аида екі оттың ортасында қалды. Таразының бір жағында Радамес, екінші жағында әкесі мен бауырлары. Кім үшін тәңірден өмір тілемек? Сезім қайшылығынан сыр берер саз тынышыңды алады. «Аттан жауға, Радамес!» деп аңырайды хор. Театр біртіндеп тарих тереңіне бастап барады. Жан-жағынан қаумалаған қызметшілерімен жеңімпазды қарсы алуға асыққан Амнеристің арманы ән болып тарайды. Аиданы есіне алған сайын назы мұңдана түскендей. Не де болса бақталастың тамырын басып көрмек. Ақыры жас сұлуды тексермек боп ханшайым тіліп түсті: «Батыр өлді, соңғы айқаста!». Қайғыдан жүрегі қарс айрылған ғашық жан қалайша жанайқайын іште сақтасын. «Жасыруға дәрменім жоқ» деп аһ ұрды Аида. «Жоқ, ол тірі!». Мұны естуі мұң екен, жасқа толы мөлдір көзде сәуле оты қайта жанды. Иә, ол Радаместі сүйеді! Тағдыр тайталасында «Қалай ғана дәті барды, хан қызымен таласуға» деп паңданады соқыр пейілдер. Аиданың Амнериске «Күндес болсаң, көрсет соны!» дегенімен, өзінің де патша қызы екендігін айтқысы келгенімен, лайықты кез емес. «Кешірерсіз!» дейді иіліп шарасыздан. Бақыт¬¬ ¬- ханым сыбағасы, күңнің күні өксікті әуенге құйылып жатыр. Хан қызына таласқанға жол болсын деп жазғырады оркестр! «Басыңды иіп, бағынуды үйренерсің» дейді тәкаппар үн. Сахна бүккен сырын ақырындап ашып келеді. Фива алаңы халыққа лық толған. Бұқараны биіктен бақылаған патша әулеті. Еңісте еңіреген құлдар. Арасында ай дидарлы Аида. Салтанатты шеру. Марш әуеніне жүрек лүпілін қосқан Мысыр әскерінің даңқты дүбірі қандай! Қымбат қазынаны бұқараға паш етіп, мың бұралып бишілер жүр. Құдай мүсіндері анадайдан менмұндалап, жалаулары желбіреп, олжалары асып-тасқан сайыпқырандар сап түзейді. Күймелер көңіл күйін тербетіп, соғыс аттары тыпыршып тұр. Міне, жиналғандарды қақ жарып, Радамес келеді. «Жасасын, батыр! Ғұмыр берсін қаһарманға!». Байқасақ, жеңімпазға перғауын қызы Амнеристің өзі жар болмақ. Жүрек түбі қылт етеді. Құл арасында адасқан аруды сүйіктісі ұмыт қалдырғаны ма деп ойлайсың. Ғашық жанға бұдан артық ащы өксік болған ба? Күмән мен үміт арпалысқан шақта Аиданы күтпеген сый селт еткізді. Құл тізбектің соңынан шынжырланған әкесін көріп, мойнына асылған Аида сырын тағы да аша алмайды. Өзін әскербасы ретінде таныстырған Аманасро Эфиопия патшасы майданда өлді деп сендіреді. Аяушылық сұрап сыңсиды сұлу әуендер. Радаместің жалғыз тілегі де сол. Әттең ол үшін Аиданың бір тамшы көз жасы Амнеристің бар алтынынан қымбат екенін кім сезген? Біз ойға шомамыз, көрініс көрініске ұласады. Бәрін жуып-шайып Ніл ағады. Аспанда куәгер – ай шуағын төгеді. Әне Изида шіркеуіне неке бақытын тілеп Амнирис аяңдап барады. Әне ғашығын күткен көңілі күпті Аида. Әне қызының әр адымынан хабардар Эфиопия патшасы Аманасро. Қарғыс атқан қаһарлы реңге толы әуен. Алып-ұшып жеткен Радамес. Екі ғашықтың жолын байлаған тағдыр. Әскер құпиясын естіп, масаттанған Эфиопия патшасының маңғаз даусы, күдігіне көзі жеткен Амнеристің азалы үні музыка болып төгіліп жатыр. Ғашығына ғұмыр тілеп, басын өлімге тіккен ер Радаместі Амнерис кешер еді. Бірақ Египет ері Радамес үшін намыс пен махаббат жоқ жерде өмірдің де құны бес тиын. Қайғылы саз бойды билеп алған. Ра құдайы шіркеуінің астындағы тар соқпақтың суығын-ай! Соңғы қаланған тас жарықты тұншықтырып тынды. Өлім күткен Радаместің жанында ғашығының тағдырын бөлісуді күтіп әбден қалжыраған Аида. Енді оларды ешкім де ажырата алмайды. Сызылған сезім әніне шіркеудің тас плиталарын құшқан қаралы Амнерис зары қосылды. Соқыр сенім-нанымдарға екі жастың жан тазалығы, рухани қуаты қарсы тұра білді. Түсінгенге бір нәрсе анық: сезімді өлімнің өзі де жеңе алмайды екен... «Аиданың» артықшылығы «Аида» операсы кең көлемді сахналандыруымен, салтанатты шерулерімен, зор ансамблімен ерекшеленеді. Әйтсе де көне египеттік сюжетке негізделген ол көрініс тұрғысынан ғана емес, үлкен операның театр стилі мен терең музыкалы лиро-психологиялық драмасының үйлесімді бірлігімен көзге түседі. Сондықтан, «Аидада» ойнау әрбір әртіс үшін арман. Бас партияда ойнаған халықаралық байқаулардың жүлдегері Айгүл Ниязова бұған дейін «Евгении Онегинде» Татьянаны, «Отеллода» Дездемонаны, «Біржан-Сарада» Сараны орындаған және Италияға барып тәжірибе жинақтап келген жас әртіс. – Ұлы композитордың операсындағы басты бейненің бірін орындайсың дегенде қатты толқыдым. Жұртшылықтың көңілінен шыға ма, әлде олқы соғып жата ма деп күндіз-түні ойланған сәттерім аз болмады. Алдыңғы толқын тәжірибелі әртістердің ақыл-кеңесін тыңдап, бұрынғы қойылымдардағы партияларды көріп, Аиданың бейнесін бүкіл болмысымен танып-білуге талпындым. Алдағы уақытта кейіпкерді жетілдіре түсіп, ізденістерімді ұштай бермек ниеттемін. Әрине сахнаға шығарда қатты толқыдым. Кейбір көріністерде ондаған адаммен қатар жүресің, сонда даусың елден ерек шығып, көрерменді баурап алуы қажет. Операда өте күрделі драмалық қойылымды көп мәселе жаныңдағы әріптесіңе байланысты. Сондықтан мен Ахмет Агадимен бірге ойнағаным үшін бақыттымын, – дейді Аида-Айгүл. Мария театрының беделді әртісі Ахмет Агадидің «Аидада» ойнауы өзге де отандық әртістер үшін қуанышты жағдай еді. Осы орайда, театр басшысы Төлеубек Әлпиев әртістері үшін қобалжығанын жасырмады. «Әсіресе «Аиданың» ең ауыр партиясын сомдаған жас әртістің үлкен эмоциялы әрі күшті дауысты қажет ететін спектакльді ойнап шығуға шамасы жетер ме екен деп алаңдағаным рас. Себебі хас шебер Ахмед Ағадидің өзіне бұл туынды қиынға соқты» дейді ол. Халықтың алғашқы ден қоятыны сахнадағы опера әншілері, солардың сомдаған рөлдері екені айқын. Басты рөлде ән шырқаған Ресей халық әртісі Ахмет Агадидің жоғары дәрежеде өнер көрсетуі жиылған жұртты риза етсе, Сара Есжанова, Айгүл Ниязова, Жан Тапин сынды әншілеріміз бен Абзал Мұхитдинов секілді дирижеріміздің одан кем түспегені баршамызды қуантты. Сахнадан төгілген хор мен балеттің көрінісі ешкімді де бей-жай қалдырмады. Сондай-ақ, қойылымның көркемдік безендіру декорациясы, сахнадағы әртістердің киген киімдері де өте ұтымды жасалған. Тіпті осы қойылымда киген костьюмдер мен декорацияларды Швеция сұрап отырған көрінеді. ««Аида» премьерасы тынымсыз әрі ұзақ жұмысты қажет етті. Вердиде негізінен екі музыкалық планды сүйемелдейтін екі оркестр ойнау керек болатын. Кез келген театрда үрмелі оркестрге сахна сыртынан тұрып орындауға мүмкіндік бермейді. Бірақ мұның шешімін таптық. Оркестр сахна сыртында тұрған мені монитор арқылы көріп отырды. Міндетім — қойылымның ертерек орындалып, дыбыстардың қатарын бұзып алмауы үшін музыканттарды алдын ала қамшылау. Түрлі темпте дирижерлік жасадым. Нәтижесінде екі оркестр тамаша үндестік тапты, – дейді симфониялық оркестрдің дирижері Абзал Мұхитдинов. ¬¬- «Аиданы» қою әр өнер ордасы үшін үлкен сынақ! Алдағы жылы театрға он жыл толады. Сондықтан да «Аидаға» әбден дайындалдық десек артықтығы жоқ. Әрбір жаңа қойылым – шығармашылық ілгерілеу сатысы. Сондықтан операны дайындау барысында он әншіміз Италияда тәжірибеден өтті. Актерді «қалыптау» осылайша біртіндеп жүргізіледі. Жас әнші алдымен тек әнді орындауға төселеді, біртіндеп әнші-актерге айналады, драмалық орындау шеберлігін шыңдайды. Хор көріністерінде нәзік иірімдер, драматизм, симфониялық оркестрдің қуатты әрі айшықты үні болмаса, «Аида» «Аида» болар ма еді? Керісінше жалаң, тыңдаушыға ешқандай әсері жоқ дүние туар ма еді? Әртістеріміз түпнұсқаның мәтіндерін жақсы біледі, онымен «кіріге» үйлесім табады. Айталық, Бауыржан Әндержанов «Аидада» жаңа қырынан ашылды. Сахнада Елена Ганжа, Бағдат Бекішев, Жан Тапин есте қаларлық бейнелер жасады. Біздің орындаушыларымыз Алматыдан келген айтулы опера әртістері – Сара Ищанова және Бейімбет Қожабаевпен бірге өнер көрсетті. Осы қойылым нәтижесінде жинақталған тәжірибе алдағы уақытта біздің одан әрі жемісті еңбек етуімізге жол ашады. – дейді мақтанышпен Төлеубек Әлпиев. Қойылымнан кейін Ұлы композитор Вердидің замандасы Л.Эскюдье: «Верди үш нәрсеге ынтық еді. Ол үшеуінің күші өте жоғары-тын. Олар: өнерге деген махаббат, ұлтына деген ыстық сезім мен достық» дегені еске түседі. Ендеше Вердидің адамзат тарихында ең биік сезім махаббатты жырлап қана қоймай, төрткүл дүниенің төрт бұрышындағы театр көрермендерін аяқтарынан тік тұрғыздырып қол соқтыруы опера тарихында ғана емес, әлем мәдениеті тарихында сирек кездесетін құбылыс екеніне ешкімнің айтар уәжі де болмаса керек. Аталған қойылымды бұған дейін Мәскеудегі Үлкен театры мен Петербордың Мария театрында және өзіміздің Абай атындағы опера және балет театрында 5-6 рет тамашалаған Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов та «Аида» операсын Қазақстан өнерінің өрісінде үлкен жаңалық ретінде бағалайды. Сөзсіз «Аида» арқылы қазақ опера өнеріне жаңа көзқарас қалыптасты. Енді ұлттық опералар «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Еңлік-Кебекті» көруге ынтықтар көптеп табылатын болады. «Аида» арқылы қазақ опера театрының шығармашылық әрі кәсіби деңгейінің жоғары екенін дәлелдеді. Ал біздің хорды тыңдаған испандық импресарио оның Мадрид театрларында өнер көрсетуіне қолдау білдіретінін жеткізді. Бұған қоса отандық солистерімізді Түркия өзіне шақырып отыр. Сондай-ақ Әзірбайжан мен Ресей тарапынан көңіл қуантарлық ұсыныстар түсіп жатыр. Талантты дирижер Абзал Мұхитдинов отандық үздік опералардың теленұсқасын дайындау туралы ұсынысын жеткізді. Оның ойынша, асығыстыққа жол бермей кәсіби мамандарды жұмылдыра отырып іске кіріскен жөн. Сонда бұл бағдарламалардың міндетті түрде өз көрермені табылады. Ал олар сол операны «тірідей» тыңдау үшін еліміздің түкпір-түкпірінен осы театрға ағылатын болады. Кім біледі, «Абай» мен «Аидаға» асықтар алты ай бұрын билет алып, айшылық жерден ат арытып Астанаға жететін күн де алыс емес шығар... Бейбітгүл ИСАЕВА, Динара ІЗТІЛЕУ, Жанар ЕЛДОСҚЫЗЫ

3856 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы