• Мәдениет
  • 05 Маусым, 2009

«Сен сахнаға жаралғансың!»

Көкшедей кербез әнші «Арқада Бурабайға жер жетпейді!»... Сонау Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбы-райдан бастап Мағжан, Сә¬кен, Ілияс ақынға дейін жырға қосқан көгілдір Көкшенің көркіне сүрінбеген көз болар ма? Осынау Табиғат – Ана сұлу жаратқан өлкенің төл перзенті болған соң ба, оның да жаны сұлулыққа құштар. Сұлу сөйлеп, сұлу жүреді. Әдемі даусымен әуелете ән салады. Бұл –Үкілі Ыбырайдың немересі дарынды домбырашы Мұса Асайыновтан дәріс алған, қазақтың «екінші Мұхиты» атанған Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, дәстүрлі әндерімен дүйім жұртты аузына қаратқан Қапаш Құлышева. Осы сәтте еріксіз «Замандас, Кездескенде есіңе алып амандас...» деп келетін ән жолдары есіңізге түсіп, танадай көзі төңкерілген келбетті де кербез жан көз алдыңызда тұра қалған шығар. Әрине, назарыңыз оның қолындағы домбыраға аумауы мүмкін емес. Оның сахнада өткен қырық жыл өмірінде қара домбыра айнымас серігіне айналды. Ол үшін бұл домбыраның орны ерек. Бұл домбыраны оған он тоғыз жасында Рейхстагқа ту тіккен қайсар қазақ Рахымжан Қошқарбаев ағасының өзі сыйға тартқан. Рахымжан ағасы ғана емес, қазақтың мүйізі қарағайдай ұлылары Қапаштың өнеріне сол кезде-ақ тәнті болып, жүректерінен тілектерін ақтарған-ды. Әйтсе де ағаларын ағалау, жағалыларын жағалау деген Қапашқа тән емес-тін. Содан шығар, «ҚР Еңбек сіңірген әртісі» деген атақты әрең алса, «Халық әртісі» атағына сегіз рет ұсынылып сегіз рет белінен бір-ақ сызылыпты! Бір қызығы, бұған титтей де өкініш білдірмейтін Қапаш апай осы туралы сұрай қалсақ «Кім біледі, атақ алуға я мінезім, я басқа бір себеп болған шығар» деп ақ жарыла күліп алады. Кей кездері ат үркетін атақтардың өзі әлдекімдердің тақымында кетіп жатқанын көре тұра «дәметкенсіп» есік қағып, табалдырық тоздырмады. Кім біледі, өнер өлкесіне Көкшедей кербез, Сексенкөлдей мөлдір қалпында келген Қапаш осысымен Оқжетпестей биік беделге ие болған шығар... Бір ғажабы, Қапаштың өмірі кездейсоқтыққа толы. Әсіресе оның есінен мына бір сәт кетпейді. Тұңғыш рет эстрада-цирк студиясының бір топ жас өнерпаздары Жазушылар Одағының сахнасында концерт қойды. «Гүлдер» ансамблінің құрыла қоймаған кезі. Сол жастардың арасында он жеті жасар Қапаш Құлышева да бар еді. «Гүлдердің» бишілерінен кейін әнімді айтып бола бергенім сол еді, «Ойбой-ой, ойбой, мынадай қыздар болмады ғой біздің кезімізде, ойбооой!» деген дауыс шықты залдан. Мұндайды күтпеген мен тұрған жерімде қазықтай қаттым да қалдым. Сол кезде байқағаным алдыңғы қатарда Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқмағанбетов, Ғабиден Мұстафин сынды қазақ әдебиетінің классиктері отыр екен. Солардың ішінен Ғабит ағам бар денесімен артқа қарай қозғалып: «Әй, Мұқағали, қойсайшшш, отырмыз ғой біііііз де» деп маңғаздана жауап қатты да маған қарап: «айта бер, қалқам, әніңді» дегені. Еріксіз күліп жібердім. Әдемі әзіл. Ұтқыр жауап. Әдеби орта мен өнер ортасының ортақ еркіндік деген осы шығар, сірә... Концерттен кейін киімімді ауыстырып бола бергенімде, сені біреулер шақырып тұр деді. Шықсам, Мұқағали ағам, қасында бір адам бар. «Жанары жарқыраған қыз сенсің бе, айналайын?! Сен сахнаға жаралғансың!» деп алғысын білдірді. Осы жерде оның жанында тұрған адам кейін өмір бойы туған ағамдай қамқор болып өткен Рақымжан ағам екенін сонда білдім. «Әдебиет пен өнер, ерлік егіз ұғымдар. Сол кездегі шынашақтай маған абзал ағаларымның айтқан алғысы ата-бабадан келе жатқан мирас – ұлы өнердің аманатындай көрінеді де тұрады», – дейді ол сол кезді сағына еске алып. Бүгінде Мұхиттың, Үкілі Ыбырайдың, Ақан серінің мұрасын жаңғыртып, дәстүрлі әнді келер буынға дәріптеп келе жатқан әнші Қапашты қазақы орта жақсы көреді, сахнадан ұзаса сағынысып сұрап жатады. Әлі күнге ұлттық киімімен үкісі желбіреп, сахнаға шығып әніне басқанда делебесі қозған кей қазақтар «Бәрекелді!», «Айналайын, Қапаштың әнді құбылтуы-ай!» десіп теңселіп кетеді. Қазақ халқы «ән айтасың, жаныңды жеп айтасың» демеуші ме еді. Ал Қапаш жанын жеп айтатын нағыз әнші. Кезінде ұлы ғұламаның өзі «мен ұлы емеспін, ұлылардың сарқытын іштім» депті деседі. Қапаш та өзінің жеткен биігі мен халықтан алған бағасын ұстазы Ғарифолла Құрманғалиевтің еселі еңбегі деп біледі. Ол үнемі «Ұстаздарымыз Ғарекең мен Жүсекеңнің жөндері бір бөлек. Олар сайын даланың академиктері еді ғой! Қайрат Байбосынов, жыр жампозы марқұм Жәнібек секілді біздің буын осындай «ұлы мектептен» шыққанымызға бақыттымыз» дегенді аузынан тастамайды. «Керемет! Ғажап! Әдемі!» Сахнаны кие санайтын Қапаш Құлышева үшін ең үлкен мінбер – «Гүлдер» ансамблінің сахнасы. Қапаш әнші болғалы бері «Гүлдерден» екі елі ажырмады. Бүгінге дейін сол ұжымның ыстық-суығын бірге көріп келеді. «Мен «Гүлдермен» танылдым, сол жерден өмірдегі жартымды таптым. «Гүлдер» – үлкен өнер әрі өмір мектебі. Жастық көктемімізді де «Гүлдермен» гастрольдетіп жүріп өткіздік. «Гүлдердің» құрылғанына биыл қырық жыл, менің сахнада жүргеніме де қырық жыл. Біз «Гүлдермен» әлемнің қырыққа жуық мемлекетіне сапарладық. Бір қызығы, ол кездегі өрімдей жастар – біздер ән айтқанымызға ақша сұрап, жағдайымызды жасауларын ешкімнен талап етпеппіз. Әйтеуір ансамбльмен жүріп ән айтқанымызға мәзбіз. Кей жерлерде қонақүй деген де жоқ. Гүлжихан Ғалиева апамыз вагон жалдап береді, сол жерде өз тамағымызды өзіміз жасап, сол жерде қонамыз. Алуан ауылдарды аралағанда да сол жағдай. Өзімізге өзіміз айна, стилист, гример (күліп). Алайда таңғалатыным сол кезде ансамбльдің бір мүшесінің осындай жағдайға мұрын шүйіріп, жақтырмағанын көрмеппін. Бәріміз бір үйдің баласындай бауырмал, әзіл-қалжыңымыз жарасып күн кештік. Қазіргі «Гүлдер» де негізінен жастықтың жалауын желбіреткен жастардан тұрады. Сондықтан да мен «Гүлдермен» бірге жасара бермекпін», – дейді көзі күлімдеп. Алғаш «Гүлдер» ансамблі Гаванада гастрольде болып қайтқан кезде осы Қапаш Құлышева кубалықтарды өзінің әуелеген әнімен тамсандырған-ды. Концерттен соң бүгінде саясат сахнасынан кете қоймаған «Кубаның кәрі көкжалы» атанған Фидель Кастроның өзі «Гүлдердің» атынан ән айтқан Қапашқа арнайы келіп: «Керемет! Ғажап! Әдемі!» деп қолын қысыпты. Бұл әнші талантының арқасында ұлттық өнерге, қазақтың дәстүрлі өнеріне деген зор баға еді. Қапаш Құлышеваны көп адамдар «Гүлдердің» бойтұмары» деп атайды. Осынау қара шаңырақ пен Қапаштың арасында көзге көрінбес нәзік те берік байланыс бар. Кім біледі, мүмкін ол «Гүлдерге», өнерге деген үлкен махаббат шығар... Көмейінен күй төгілген Қапаш биыл мерейлі алпыс жасқа толады. Базбіреулердей «Алпыс дегенің тал түс екен-ау» деп қарап отырған ол жоқ. Сұлу Көкшенің көгінен өнер көгіне аттанған Қапаш бұл күндері туған елін әуенге бөлеп, ән бесікте тербетіп жүр. Қанша жерден өр мінезді, өткір тілді болғанымен Қапаштың бойында шығыс әйелдеріне тән қасиет басым. Әрдайым өз сөзінде азаматын алға қояды. Әншінің жұбайы Еркін Сілетдинов – қазақтан шыққан тұңғыш саксофоншылардың бірі. Кезінде «Гүлдердің» ұжымында қызмет еткен талантты музыкант. «Өнердегі де, өмірдегі де бағымды ашқан – жұбайым. Менің өнерім үшін кезінде өз өнерін құрбан етті. Қазіргі таңда қайтадан төл өнерге оралды» дейді ол. Бүгінде өнерлі жұптың репертуарында Естайдың «Қорлан», «Япур-ай» сынды халық әндері бар. Жақын күндері қазақ сахнасынан күмбірлеген домбыра мен сызылған саксофон үнінің үйлесімінен көңіл тербеткен күй төгілсе таңғалмаңыз... Тек өмірде сирек кездесетін ән мен жанның, саз бен сәннің сұлулығына сүйсініңіз... Динара СЕРІКҚЫЗЫ

3679 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы