• Тіл
  • 05 Маусым, 2009

Бүйректен сирақ шығармайық

«Ана тілі» газетінің 2007-жылғы 42-43-сандарында ғалым Тәуекел Жаңақұловтың «Терминдегі псевдопатриотизм туралы» мақаласы жарияланды. Бұл мақалада автор бұрын қазақ ішінде қолданыста болмаған халықаралық терминдерді жаппай қазақшалау ісін қатаң сынға алған, әрі халықаралық терминдердің казақша баламасын қаншама сәтті таптық дегеніңмен екеуінің мағыналық салмағының теңбе-тең шықпасын ғылыми түрде дәлелдеген. Алайда, көп адамдар мұңдай терең білгірлікпен жазылған мақаланы қолдаудың орнына шәлкес мінез керсетіп, ғалым Тәуекел Жаңақұловқа қарсы дүрсе қоя берді. Сол «Ана тілі» газетінің бетінде (1-қараша, 2007 ж.) Т.Жаңақұловты қолдап, «Халықаралық терминдерді қазақшалауға тыйым салынсын» деген тақырыппен мен де кішкене пікір білдіріп едім, Т.Жаңақұлов екеумізді қосақтап қойып сынағандар табылды. Біздің сынға етіміз үйренген адамдармыз ғой, бірақ сол сынаушылардың тұжырымдарынан ақылға сыйымды дәйек таба алмай қиналғанымызды қайтерсің? Жә, сынаушылар тұра тұрсын, ең алдымен, Т.Жаңақұловтың газеттің екі санына жарияланған аталмыш мақаласын қолдаушылар сапына карай бір сәт ат басын бұрайық. Олардың бірі – инженер-құрылысшы Санақ Құлжағаров. Оның «Бояушы бояушы» дегенге тырнағымызды боямайық» атты кішкене пікірі жоғарыдағы менің пікіріммен косақтастырылып, «Ана тілінің» сол санына, тіпті сол бетіне беріліпті. Танданарлығы сол – бұл С.Құлжағаров өзі инженер-құрылысшы бола тұра мұның тіл туралы пайымдаулары біздегі кейбір аққаптал тіл мамандарының пайымдауларынан асып түсіпті. Нағыз білгірлік деп осыны айтар болар. Инженер-құрылысшы пікірінде біздегі «псевдопатриотизм» дегеннің неден басталғаны, жоғары технологияға байланысты ағылшын тілінің күннен-күнге байып жатқаны өте дәл айтылған. Бұдан әрі жоғары технология тек ағылшын тілді елдерде ғана емес, неміс, француз, итальян, жапон, испан сияқты басқа тілді елдерде де жасалады, тек ол технологияны ағылшындар өздеріне енгізгенде оның ағылшынша баламасын іздеп әуреленбейді, оны сол атауымен қабылдайтынын ұғамыз. Ағылшын тілінің байи түсетіні де содан. С.Құлжағаров «кредит» орнына пайдаланылып жүрген «несие» сөзінің оған тең балама бола алмайтынын айтады. Міне, осындай мысалдарды қаншама келтіргенімізбен аққаптал және аққаптал емес жас тіл мамандарының, кейбір журналист-жазушылардың соған көзін жеткізе алмай келеміз. Бұлай күйінетінім, тап осы тақырыпта баспасөз бетінде мен де бұрын арнайы мақала жариялаған едім. Ол мақалам 2006-жылы Алматыдағы «Қайнар» баспасы арқылы жарыққа шыққан «Ғарыш әні» атты кітабыма да (348-357 беттер) кірген болатын. Амал жоқ, бұл тақырыпқа осымен үшінші мәрте қайта оралуға тура келді. Хош, енді «Терминдегі псевдопатриотизм туралы» атты мақала авторы Тәуекел Жаңақұловқа қарсы пікір айтқан авторлардан бірер мысал келтірейік. Жоғарыда аталған С.Құлжағаров екеуіміздің кішкене пікірлеріміз жарияланған «Ана тілі» газетінің сол санында, сол бетінде филология ғылымдарының кандидаты Бейбіт Жәлелұлының «Сөздің бәрі термин емес» деген қысқаша мақаласы беріліпті. Әділет үшін одан да бір үзінді келтірейік. Философияда өз қарсыласыңды сол өз қарсыласыңның тұжырымдарын теріске шығару арқылы да жеңуге болады дегенге ұқсас қағида бар. Біздің мақсатымыз біреуді жеңу емес, оның дұрыстыққа көзін жеткізу: «Өйткені, адамға бөтен тілден гөрі өз тілі әлдеқайда түсінікті, жетімді болған соң, ең әуелі өз ана тілі немесе ана тіліндей боп кеткен басқа тіл арқылы дүниені оңай танып-біледі. Бірақ сол тілде ғылым тілі қалыптаспаса ше, сіздің қолыңызға алған терминологиялық қазақша сөздігіңіз: «апофиз – апофиз, адсорбация – адсорбация, бутирол – бутирол, бюретка – бюретка, гидролиз – гидролиз, ингредиент – ингредиент, корригент – корригент» деп сөйлеп тұрса, ал қазақша ғылыми еңбегіңіз: «Апофиз абсорбацияланып, бутирал мен бюреткаға гидролизденіп, ингредиенттеледі және корриген түзеді» деп тұрса, не түсінер едіңіз? Осы ма халықаралық терминдермен тіліміздің байығаны, көркейгені? Жалпы сөз немесе термин сөз дегеніміз не? Дүние жүзінің данышпан ғалымдарының айтуынша, ол – айналып келгенде, ұғым мен мағынаның шартты атауы, басқаша айтсақ, ұғым мен мағына – зат десек, сөз – сол зат салынған ыдыс». Айналайын інім Бейбіт Жәлелұлы, осындағы «өйткені» деген сөзден басталатын алғашқы сөйлеміңіз түсінікті, бірақ ол сіз сияқты ғылым адамының аузынан шығатын сөз емес. Ал екінші сөйлеміңіздегі «сол тілде ғылым тілі қалыптаспаса ше» деген тіркесіңіз өте даулы. Ал егер «ғылым тілі» деп, халықаралық терминдерді жаппай қазақшалауды атасаңыз ол мүлде дұрыс емес. Осы цитатадағы «Апофиз» деген сөзден басталатын сөйлемді келтіріп, мұны кім түсіне алады деп дал боласыз. Мүмкін сіз бен біз сияқты филологтар түсінбес, ал физика, химия мамандары неге түсінбейді? Жарайды, сіздің емеурініңіз белгілі. Бейбіт інім, сіз ғылым адамысыз ғой, ғылым дегенің тәжірибе арқылы жасалады. Енді сіз де бір тәжірибе жасаңыз. Осы сөйлемдегі барлық терминдерді қазақшалаңыз да сөйлемді сөйтіп қазақша құрыңыз. Сонда сол өзіңіз құрған қазақша сөйлемнен өзіңіз не түсінер едіңіз? Әрине, түгіне түсіне алмайсыз, сіз не, қандай да бір халықаралық, не ғылми терминді қазақшалай салса ол барша қауымға түсінікті болып шыға келеді деп ойлайсыз ба? Жоғарыда сіз келтіргендей терминдер ғылымның барлық салалары бойынша бар, әрі жылма-жыл әлемдік ғылым дамыған сайын толығып келе жатқан нәрсе. Егер олардың бәрін қазақтың жалпақ тіліне салып, шатты-бұтты етіп, тәржімалай берсек түпнұсқасын бір, оның қазақша баламасын бір есте сақтаймыз деп, жас мамандарымыздың тумай жатып шашы ағарып кетпей ме? Сөйтіп, олар үшін ғылымға барар жолды біржола жаппаймыз ба? Әрі аталмыш үзіндідегі «ұғым мен мағына – зат десек, сөз сол зат салынған ыдыс» деуіңізде адамның күлкісін келтіретін өрескел қателіктер бар. Қашаннан бері «ұғым» мен «мағына» зат атанып еді? Ал «сөз – сол зат салынған ыдыс» деуіңізден не түсінуге болады? Бейбіт Жәлелұлы інім, бұл сөзді сізге ғана емес, халықаралық терминдерді қазақшалауға шақырған барша қандастарымызға да арнап айтып отырмыз. «Ана тілі» газетінің 2008-жылғы 17-шілде күнгі 29-санында ҚР Мемлекеттік Терминология комиссиясының мүшесі Байынқол Қалиұлының «Қол көтере алмайтын шоқпар, немесе Жаңақұловтың термин төңірегіндегі «жаңалықтары» атты көлемді мақаласы жарияланды. Тақырыбынан да көрініп тұрғандай бұл да сол Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры Тәуекел Жаңақұловтың жоғарыда біз атаған мақаласына қарсы жазылған дүние. Бұл да терминдерді қазақшалай түсуді жақтап, Жаңақұловты өлгенше жазғырған. Жай жазғырып қоймай, оның намысына тиетін сөздерді айтады. Мысалы, «Жаңақұлов өзінің арам ойын біреудің тасасына тығылып тұрып жүзеге асыруды баяғыдан-ақ меңгеріп алған тәрізді» деп жазғанын қалай түсінеміз? Байынқол Қалиұлы інім, осындағы «арам» деген сөз сіздің мәдениетіңіздің төмен екендігін керсетпей ме? Ал мәдениетсіздік жүрген жерде білімсіздіктің қоса жүретіні пешенеден белгілі. Және де Т.Жаңақұлов өз пікірін біреудің тасасында тұрып білдірген жоқ, «Ана тілі» газетінде ешкімнің бет-жүзіне қарамай, өз тұжырымдарын нақтылы мысалдар арқылы жеріне жеткізе дәлелдеп, ашық айтты емес пе? Байынқол Қалиұлы інім, сіз мақалаңыздың бірнеше жерінде Т.Жаңақұловты өтірікші атайсыз. Ал мына жазбаңызды мұқият оқыған адам ең алдымен сіздің өзіңіздің өтірікті судай сапыратыныңызды аңғарады. Кәне, мысал келтірейік: «Т.Жаңақұлов өзінің жаңсақ пікірлерін шындай ғып айтып қана қоймайды екен, сонымен бірге, ол арасына өтірікті де қосып жібереді екен. Мысалы, ол былай деп жазады: «Миграция термині 3-4 мағынаны қамтиды: 1) адамдардың, 2) жануарлардың, 3) геологиялық элементтердің, судың, желдің, 4) капиталдың және т.б. Ал біз болсақ, осыншама ауқымы кең терминнің аясын тарылтып, адамдардың орын ауыстырып көшуіне ғана қолданып отырмыз», – дейді. Жаңақұлов орыс тілін, сөз мағыналарын С.Ожеговтан артық білмейтін шығар. Біз С.Ожегов сөздігіне қарап едік, онда миграция сөзінің «переселение, перемещение» деген бір-ақ мағынасын беріпті (1990, 353). Сонда Т.Жаңақұлов мырза жоғарғы мағыналарды қайдан алып отыр?» Мына пайымдауларыңызға күлеміз бе, жылаймыз ба? С.Ожегов «миграция» деген терминді бір ғана құбылысқа пайдаланыңдар деп, бізге нұсқау беріп кетіп пе? С.Ожегов қаншама ұлы ғалым болғанмен мұндай терминдер оның жекеменшік дүниесіне жатпайды. Ол халықтың дүниесі. Халық оны қалай пайдаланса да өз еркінде. Әрі «миграция» деген термин адамдардың көші-қонына ғана емес, басқа да табиғи құбылыстарға байланысты баяғыдан бері пайдаланылып келеді емес пе? Келешекте ғылымның дамуына орай бұл терминнің пайдаланылу аясы бүгінгіден де кеңейе түсуі ықтимал. Мысалы, С.Ожеговтің сөздігінде «революция» деген сөз қоғамдық-саяси қатынаста, өмірдің, ғылымның, өндірістің кей салаларында болатын түбегейлі өзгерісті бейнелейді деген анықтама беріліпті. Ал «революция» дегенің осы аталғандарда ғана емес, адамның ішкі жан дүниесінде де болатын құбылыс. Оны солай деп айту үшін менің Ожегов Сергей Ивановичтен рұқсат сұрап әкелуім керек пе екен? Ғылыми термин қай елде, қай ғалымның лабораториясында дүниеге келсе сол қалпында басқа тілдерге көшірілуі керек. Ағылшыншаға да, немісшеге де, орысшаға да, қазақшаға да. Себебі, ол терминнің дәлме-дәл аудармасын табу мүмкін емес. Тіпті оны іздеп жатудың өзі күлкілі нәрсе. «Қолың көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» дегенді сондайда айтқан жөн. Себебі, жоқты іздеген адамның оны тапқанын кім көріпті? Өз тарапымыздан да бір мысал келтірейік. Қазақта «кәсіп» деген сөз бар. Осы бір сөз тап қазіргі таңда неше мағынада пайдаланылып жүр, ойланыңыздаршы: бизнес – кәсіп, бизнесмен – кәсіпкер, профессиональный –кәсіби, профессия – кәсіп, промысел – кәсіп. Бұл жерде «кәсіп» деген сөздің «бизнестің» толық мағынасын бере алмасын дәлелдеп жатудың өзі артық. Әрі бір сөзді онда-мұнда жұлқып, бәріне жапсыра бергеннен не ұтамыз? Ал осындағы «профессия» сөзімен түбірлес «профессор» сөзін неге сол күйінде алып жүрміз? Мүмкін оған да «кәсіп» деген сөзге «жұрнақ» пен «жалғаулардың» бірін жалғап, қазақша балама табармыз. Себебі, терминдерді қазақшалауды жақтап жүргендердің көбісінің «профессор» атағы бар. Ә, бұл сөзді қазақшаласақ ол бұрынғыдай құлаққа жағымды, әрі сұсты көрінбейді екен ғой. Дегенмен, «профессор» атағы барлардың көбісі өз бедел-абыройын сақтаудың амалын біледі, ал басқа сөздерді шатты-бұтты етіп, қазақшалай беруді ұсынады. Т.Жаңақұловты жақтаушы жалғыз біз емес, сол «Ана тілі» газетінің өзінде, басқа да басылымдарда көптеген адамдар халықаралық терминдерді басқа елдер сияқты қазақтардың да сол күйінде алуын құптап пікір білдірді. Әрі Санақ Құлжағаров атаған француз елшілігінің атташесі ғана емес, теледидардан басқа да көптеген қайраткерлер, іс адамдары бірқатар терминдердің зорлықтың күшімен қазақшалануы салдарынан өздерінің әртүрлі қиындықтарға ұшырауда екенін ашына айтты. Және қазақшалағанда қайбір оңдырып қазақшалап жатыр дейсің. Мысалы, Алматы қаласының көшелерін кезіп, кулинария, юрисконсульт, тағы басқа тұрмыстық мекемелер атауларының қалай қазақшаланғанын көрсеңіз орыстың Михаил Жванецкиі мен қазақтың Оспанхан Әубәкіровінің түкке керегі жоқ, оларсыз-ақ ішек-сілең қатып, күлкіге кенелесің. Ал «Заң» газетінде (№102, 9.VП.08 ж.) филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы осы терминдер жөніндегі мақаласында кей жерлерде «генерал-майор» деген сөздің «қыран», «капитанның» «қаршыға» болып аударылғанын келтіреді. Ал күлмей көр!... Мұндай сорақылықтардың біразын бұрынғы мақалаларымызда да атап өткенбіз. Жоқ, ағайындар, терең ойланайық, ақылға келейік! Сау басқа сақина тілеп, бүйректен сирақ шығарып, онсыз да көресіні көп көрген халқымыздың басын шатпайық! Бұл мәселеде біздің қорытынды пікіріміз: Тәуекел Жаңақұловтың «Терминдегі псевдопатриотизм туралы» мақаласы ең дұрыс бағдарда жазылған еңбек ретіңде қабыл алынса. Бұрын да айтқанымыздай халықаралық терминдерді қазақшалауға үкіметтік деңгейде көңіл бөлінсе. Тек таза орыс тілінен ауысқан сөздер болса, онда да олардың ең дұрыс, сәтті баламалары табылған жағдайда ғана қазақшалайық. Ұзақбай Доспанбетов, жазушы

5220 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы