• Қоғам
  • 05 Маусым, 2009

ГЕНОЦИД (немесе миллиондаған қазақты аштан қатырған қызыл империя саясаты)

"Ана тілі" газетіАманқос МЕКТЕП-ТЕГІ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті, филология ғылымының кандидаты: “Орда босап орнынан, Болмай қалды сапамыз. Тау ұшқандай орнынан, Босап қалды ортамыз...” (Халық жоқтауынан) Қазақтың аяусыз қырғынға ұшыраған аса қасіретті, тарихи қаралы кезеңі, ұлт ретінде тұтастай жойылып кету қауіпі төнген ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қызыл империя ұйымдастырған “аштық саясат” (Мұстафа Шоқайұлы) – нәсілшілдік геноцид. Мұстафа Шоқайұлы айтқандай, қазақ ұлтын “коммунистің “балғасымен” жаншып, “орағымен” орып тастау” көзделді. Қазақ жері сияқты географиялық ұлан-байтақ кеңістікті мыңдаған жылдар бойы игерген, климатына, ауа райына сәйкес шаруашылығы мен тұрмыс-салт дәстүрі қалыптасқан көшпелі елдің мәдени дүниетанымы мен кәсіби күн көріс жүйесін эволюциялық жолмен емес, революциялық жолмен бірден өзгеріске түсіру – ұлтты саналы түрде орны толмайтын шығынға душар етті. Ресей империясы өз мүддесі тұрғысынан ХІХ ғасырда Қазақ Даласын ғылыми зерттеген Щербина, Л.К.Чермак, А.В.Переплетчиков, Кузнецов, т.т. “есебіне” сүйеніп, қазақтың санын кемітіп жазуға, “артық жер” үлесін көбірек алуға жан таласа кірісті. 1896-1903 жылдардың аралығында Щербинаның экспедициясы құрамында болған Әлихан Бөкейхан егін салуға қолайлы құнарлы жерлердің топырағын аударып жыртудың ауа-райының жағдайына байланысты табиғатқа зияндылығын дәлелдеді. Өйткені Сарыарқаның соққан жел екпінің күштілігі сондай – аударып жырту әдісін қолданған жағдайда тың жердің жоғарғы қабатындағы 15 сантиметр қара топырақты ұшырып әкету қауіпі барын, егер бұл шарт орындалмаса, таяу жылда Дала табиғаты құлазып, жердің құнарлы бетін ұстап тұрған өсімдік әлемінен ажырап, эррозияға ұшырауы әбден мүмкін екендігін Әлекең ғылыми уәжбен тұжырымдаған еді. Қазақ Даласының соқа тимеген тың өлкелеріне патша үкіметі ішкі Ресейден келімсектерді шегірткедей қаптатып, қоныстанушылар арқылы отарлау саясатын тереңдете түсуді қарқынды жүргізді. Қоныс аударушылар үлесіне тиген аудандардың егіске жарамды-жарамсыздығына қарамай жыртып, қысқа ғана мерзім аралығында жердің түгін кетіріп, ақ топыраққа айналдырып сақараның сәнін қашырды. Көздің жауын алатын құба жон, жапан түздің табиғи көрік келбеті мен өсімдіктер әлемінің танауды қытықтап, ерекше сезімге бөлейтін жұпар иісі, аққу қонып, қаз ұшқан мөп-мөлдір көлдері, жыртылып-айырылған аң-құстары қандай ғажайып сурет еді! Даланың ажарын кетіріп, сүреңін қашырған жаттың пейілі мен ниеті, сұғанақ көзі мен қиянат қолы тигеннен киесі мен берекесін қашырды. Жайылым тарылып, төрт түлік мал азайды, қазақтың күннен күнге күйі тайды. Қызыл империя Орта Азияда ең әуелі көшпелі қазақтарды, ішінара қырғыздарды аштан қатыруды мұрат тұтты. Көшпелі елді отырықшыландыру барысында коммунистер “қазақ пен қырғыз тосын жағдайға бейімделе алмай, ұжымдасып өмір сүруге көндікпей қырғынға ұшырады” деген қауесет таратып, билік өзін жауапкершіліктен ақтап алудың амалын алдын ала ойластырып қойды. Оған салыстырмалы мысал арқылы өз топшылауын дәйектеуді де көшпелілердің ауыздарына салды. “Орта Азиядағы өзбек, тәжік ағайындар аштан неге өлмеді?” деген сауал тастап, оған берер жауабы да дайын еді. Өйткені ол халықтар ежелден жерді емген диқаншы, еңбекпен жанын бағатын жасампаз, ал қазақ пен қырғыз малдың соңында жүрген “дайын асқа тік қасық” масыл дегенге сайды. Сондықтан бұл ұлысты мәдениетке тартып, отырықшыландыруға мәжбүрлеп едік, тағылыққа үйренген жабайы жұрт еңбек еткеннен аштан қатқанын тәуір көрді. Қазақ, қырғызға көрші отырған төрүк тектес ұлт пен ұлыстар да аштық деген болған жоқ, – деп қызыл саясат бар пәлені қазақ, қырғыздың өзіне аударып салды. Империя орыстың түбі бір туысы славяндар ішіндегі өзінен кейінгі сан жағынан басым ұлт украйндарды да аяған жоқ. Украйндардың саясаттағы белсенділігі мен азаттық аңсаған ұстанымы өзін гегемон санаған революциялық қозғалыстың ұйытқысы орыс шовенистеріне ұнаған жоқ. Сондықтан туыстық жақын, тарихи тағдыры бір, тілдік ара жігі шамалы ұлтты әкімшілік-билік ресурсын пайдаланып ассимиляцияға түсіріп, орыстандырып жіберуді көксегендер оп-оңай деп жорыды. Қазақтың ұлт ретінде тірі сақталуы – алаш арыстарының төккен қасиетті қаны мен терінің қайтарымы. Оны бүгінгі ұрпақ ешқашан естен шығаруына болмайды. Өйткені Алаш ұранын көтерген көсем тұлғалар тарих құрсағы мың жылда бір толғататын ұлтын өрге сүйреген ақыл-ой қазынасы еді. Бұл білімпаз жандар ат үстіндегі көшпелі елді бас-аяғы оншақты жыл ішінде ұлттық құндылықтары таласқа түскендей дүрмекте ешкімге дес бермейтін саясат сахнасында белсенді, рухы өжет азаматтарды тәрбиелеп өсірді. Қызыл империяның этникалық-рухани отарлауды мақсатты жүзеге асыруға кешенді қауырт кіріскен өткен ғасырдың 20-30-жылдары алаш арыстарының тәлім-тәрбиесін бойына сіңірген шәкірт буын оқығандар ұлт мүддесіне лайықты қорғаныш бола білді. Кеңестік идеология бұрынғы Алашорда өкіметіне мүше болғандар мен әйтеуір оған қатысы барлардың азаматтық көзқарасына саяси сенімсіздікпен күдіктене қарады. Әкімшілік-билік мүмкіндіктерін асыра қолданған кеңестік идеологтар қазақ қоғамын, жергілікті коммунистерді “ескішіл көзқарастағы, түп төркіні, тегі бай-манаптан тарайтын зиянды элементтерден, алашордашыл, ұлтшылдардан” тазарту деген большевиктердің нұсқауын сылтау ғып, ел-жұртына шын жаны ашитын отаншыл азаматтардың арасына от жағу, арына тию, “әшкерелейтін қарсы деректер” жинау, жалған айып тағу, алдап-арбау, өсек тарату, басқан ізін аңду, қудалау, нақақ жазалау, арандату, т.т. адам құқын аяққа таптаған заңсыздықтар арқылы қырғидай тиіп, сағын сындырды. Кеңестік саясат қалыптастырған қоғамдық ахуал ұлттық мүддемен тіпті де санасқысы келмей ашық жаншып тастауды көздеді. Мемлекет жазалаудың адам төзгісіз жабайы, тағы әдіс-тәсілдерін қолданса да алаштың ардақтылары идеялық ашық айқаста қарсыластарына мойынсұнбай ұлы мақсат жолында адалдығын танытты. Алаш оқығандары кеңестік идеология саласындағы қызметтің барлық түрлерінен шеттетіліп, абақтыдан абақты, жер аударылу, концлагерьлердегі азаптаулар, атылу жазасына кесілген ақырғы сәтінде де дұшпанына басын имей, еңсесін тік ұстап, қасқайып қарсы тұрды. Қоғам өмірінде үстемдік еткен төтенше жазалау жүйесінің қалыптасқан бақылауына қарамай алаштың арыстары жергілікті билік орындарындағы сенімді серіктері арқылы астыртын идеялық ақыл-кеңес беруді тоқтатқан жоқ. Әлбетте, 20-жылдардағы қазақ даласындағы кеңестік “аштық саясатының” зардаптарын жою мен елді аман сақтап қалуға алаш арыстары тікелей атсалысты. Бұл ретте қызыл коммунистердің орталықтан жүргізген билігінің ықпалымен 1918 жылдан бастап қазақтың Сырдария облысы (оның құрамына кәзіргі Қызылорда, Шымкент, Жамбыл, Ташкент облыстары енетін) мен Жетісу облысы (кәзіргі Алматы, Шығыс Қазақстан облысының бірсыпыра жерлері және Қырғызстан толық енетін) Қазақ автономиясынан бөлініп, Түркістан автономиясының құрамына енді. Бұл біріншіден, Кремль басшыларының өте белсенді қазақтың жақсысы мен жайсаңдарының негізін құрайтын бұрынғы алашордашыларды бөліп тастауды көздесе, екіншіден, қазақ жерінің аумақтық меншігін саяси кесіп-пішу мүддесі алдағы күн тәртібіндегі жоспары еді. 1924 жылы Түркістан автономиясын таратып, жаңадан межелеуге байланысты бес ғасыр бойы қазақтың бас қаласы атанған Ташкентті Мәскеу саясаткерлерінің ұйымдастыруымен өзбектің иелігіне бергізді. Қазақ автономиясы басшыларының бірі, коммунист Сейітқали Меңдешұлы бұған ішкі наразылығын ашық білдіріп: “Ташкенттен айырылу – қазақтың басынан айырылғанмен пара-пар”, – деуі соның нақты айғағы. Мұны айтып отырғанымыз кеңестік “бөлшекте де билей бер” саясаты – ұлт мүддесінің органикалық бірлігін бұзумен қатар қоғам өмірінің әлеуметтік-шаруашылық, мәдени-рухани саласының барлық буынында авантюралық іріткі салып, адастырумен болды. Алайда қайда жүрсе де алаш азаматтарының жүрек түкпіріндегі алаңдатқан маңызды мәселе – ұлт тұтастығы, ұлт мүддесі болды. Сондықтан қазақ жеріндегі “қолдан жасалған аштықты” олар ұлттық апат деп түсінді. Ажал құрсауындағы ел-жұртын құтқаруды перзенттік парызы санаған Ташкенттегі Халел Досмұхамедұлы бастаған алаштың айтулы тұлғалары “Ақ жол” газетінде үндеу жариялап, көмек қолын созып, атқа қонды. Ол үндеуде былай делінді: “АРДАҚТЫ АЗАМАТТАР! Бұл күнгі мына сұрапыл ашаршылықтың жұртты жан алқымға алып, састырып тұрғандығын өздеріңіз де білетін шығарсыздар. Бұрынғы тарихтарда мысалы көрілмеген бұл ашаршылық, жұрттың қолын байлап, танауын тарс бітіріп отыр. Аштық аудандағы бауырларың босуда, қырылуда, ашаршылық құрығына іліккен бұл бауырларыңды осы күйі қоя бергенде жұрт болып ел қатарына кіреді, баяғыдай болып үйірге қосылады деуге болмайды. Сондықтан бұл бәленің алдын алып, ерте бастан қамын жеп, тың тұяқ, тоқшылық жердегі бауырлары туысқандық, елдің қайырымын жоғалтпас, ыңырсып өлімнің құшағында жатқан ағайындарын ескерер, жәрдем қолдарын созар деген үміттеміз. Бұл туралы ел ішіндегі ақсақал, жұрт ағасы азаматтар елді түсіндірер, үгіттер деп сенеміз. Ал енді ардақты ақсақалдар, ел ағасы азаматтар: 15-інші майдан бастап Арқадағы ашыққан қазақ, башқұрт бауырларымыздың пайдалары үшін ұдайымен екі жетілік жәрдем аптасы болады. “Өле жегенше, бөле же” деп айтқан бабаларының мақалын қазақ-қырғыз ұмытпас деген ниетпен сіздерге жүзімізді салып, сөзімізді айтып отырмыз. Ендігісін жұрт өзі білер. Халел Дос-Мұхамедұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Жаһанша Дос-Мұхамедұлы, Иса Қашқымбайұлы, Қоңыр Қожа Ходжықұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Санжар Асфандиарұлы, Мырзағазы Есполұлы, Кәрім Жәленұлы, Сәдуақас Сейфуллин, Әшім Омарұлы, Уәлихан Омарұлы һәм басқалар”. Қазақтың досы – қазақ, қазаққа – қазақтың ғана жаны ашитындығын қиын-қыстау шақта алаштың оқығандары ісімен дәлелдеп, қыр өлкесіндегі ауыл-ауылдың тұрғындарын ажал ауызынан құтқарып, елге ес болды. Олар Түркістан азық-түлік комитетін құрып, автономияға қараған ауқатты қазақтың сезіміне тиіп, аштық жайлаған аудандардағы хал үстінде жатқан бауырларына қайырымдылық көмек беруін жария етуі мұң екен, аянып қалған ешкім болмады. Түркістан азық-түлік комитетінің ұйымдастыруымен жауапты азаматтарды ел ішіне арнайы жіберіп, жиналған астық пен аяқты малды аштық жайлаған аудандарға дереу жеткізу жолдарын қарастыруды қатал қадағалау тапсырылды. 1921-1922 жылдары Жаһаншаһ Досмұхамедұлы Түркістан азық-түлік комитетінің тапсырмасы бойынша Қарақол (Пржевальск) қаласында болып, Қазақстанның ашаршылыққа ұшыраған солтүстігі мен батыс облыстарына жиналған ішім-жем, ас-ауқат жіберумен айналысты. Ашаршылық дерті кең өрістеген әрбір өлкеге ас-су, талғажау етер тамақ жеткізетін жауапты азаматтар бөлініп, қандастарының шығынын азайтуға, шыбын жанына араша түсуге орасан зор септігі тиді. Алаш арыстары ашыққан қырғыз бен башқұртты алаламай, бірдей көмек беруді туысқандық парызы санады. Аштық тұтқынындағы қазақтың мейілінше титықтаған, арыған, аянышты халі, ақыл-есінен айырылған құбыжық кейіпі – кеңестік қызыл империя саясатының шектен шыққан “зұлымдығы” екінші дүниежүзілік соғыстағы фашистік концлагерь азабынан асып түскендігіне дәлел. 1921 жылғы қазақ еліндегі аштықты көзі көрген Ахмет Байтұрсынұлы сұм дүлейден соры қайнаған жұртының тартқан азабын бірге шеккендей күй кешіп, жан дүниесі аласұрды. Ел басына төнген қайғы-қасірет ұлттың ары Ахаңды өңінде де, түсінде де еш маза бермеді: “Ауру адамның, аш адамның есі, ақылы орнында болмайды. “Мастық не дегізбейді, аштық не жегізбейді” деген қазақта мақал бар. Өткен қыс аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мегілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті. Мұның бәрі аштық әсерінен адамның есі шығып, ақылы қалмайтындығын көрсетеді. Аштық ақылын алмаса, адам аң дәрежесіне жетіп, хайуандықтан да асып, бірін-бірі жер ме еді? Анасы баласын жеуге келгенде, ол анада ақылдан түк қалды деуге болар ма? Міне, тән сау болса, жан да сау болатындықтың сипаты. Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті...”. Бұл Ахаңның 1922 жылғы “Қазақ календарына” жазған “Тәні саудың – жаны сау” атты мақаласынан алынған үзік. Оқығаныңды көріп тұрғандай жаншошырлық сұмдық жағдайды дұшпаныңа да тілемессің. Жан-жүйкеңді біз сұғып алғандай дір еткізер қорқынышты көрініс. Қазақтың басына түскен қайғы-қасіреттің түпкі себебін білімпаз жанның тереңірек талдап, астарын ашып жазуына ерік бермегені байқалып-ақ тұр. Оған әрине күш алған кеңестік билік басындағы коммунистердің Орынбордағы баспасөз құралдарын түгел өз бақылауына алуы – баспа жүзін көретін жарияланымдардың мұқият сүзгіден өтіп, сараптама жасалып тұрғандығы. Екіншіден, Ахаң 1920 жылдан бастап Қазақ Кеңестік Социалистік автономиялық Республикасының Үкіметі – Халық Комиссарлар Кеңесінің құрамына еніп, Оқу-ағарту комиссары (министрі) болып сайланған еді. Ол 1922 жылдан Оқу-ағарту комиссариаты жанындағы академиялық [ғылыми] орталықты басқарды. Сонымен қатар ол Бүкілресейлік Орталық Атқару комитеті мен Қазақ Республикасы Орталық Атқару комитетіне мүше болды. Осы құзырлы қызметтері мен лауазымын Ахаң туған ұлтының асыл арманына жетуіне жұмсаймын деген дәмесі зор еді. Алайда оның ол үміті көңілінен шықпай, күдер үзгені аян. Оның үстіне Ахаңның 50 жасқа толу мерейтойы қарсаңында дәл осы қайғылы оқиғалардың қат-қабат келуі көңіліне қаяу түсіргені күмәнсіз. Ол туған елі – Торғайдағы алапат аштықтан талай адамның ажал құрығына іліккенін естіп, ресми биліктің де, ынталы алаш азаматтарын нақты көмек беруге ұйымдастырып, жатпай-тұрмай әрекет етумен басы қатты. Сондықтан “Бұған толық жауап беру үшін бірнеше том кітәб жазу керек. Бұл жазылып отырған кітәб емес, кәлендәр болғандықтан, жауап толық болмай, қысқаша ғана беріледі”, – деуінің мәні осында еді. Әрине Ахмет Байтұрсынұлы қол қусырып қарап отырған жоқ. Ол ауызы жеткенше қазанның құлағын ұстағандарға ықпал етіп, қалам қайратымен ұлтқа жасалған бұл қаскүнемдіктің құныкері кеңестік саяси көрсоқырлық екенін тайға таңба басқандай көрсетті. Ахаң “Партия десек, Ленин дегеніміз” деп пір тұтқызған “күн көсемнің” өзімен бұл мәселеге байланысты жүзбе-жүз, ауызба-ауыз тілдесіп қызыл саясаттың ұлтына жасаған шектен шыққан қатыгездік қиянатын бетіне басып, тиісті мемлекеттік шара қолдануды мәселе етіп қойды. Қайран елін қынадай қырған коммунистік зорлық-зомбылықтың күйігі қысқан Ахаңның сүйектен өтетін ащы сауалынан В.И. Ленин жауап қатуға дәті жетпей, тайғанақтап, сырғанақтай берді. 1920 жылы 24 маусымда Ахмет Байтұрсынұлы А.З. Валиди, Ф. Ходжаев, Т. Рысқұлұлы бірге Ленинге жолдаған хатында ұлт республикаларындағы колонизаторлық бейбастақ жүгенсіздікті, жергілікті билік арқылы елді тонау мен қанаушылық саясатты түбірімен өзгертуді талап етті. “Қымбатты Ленин жолдас!” деп басталатын хаттың мәтінінде метрополиялық пиғылды Ахмет Байтұрсынұлы: “Боқты сідікпен жуып болмайды”, – деп, саяси көзбояушылықты, шовинистік астамшылықты қадап тұрып жазды. Ахаңның осы пікірі “пролетариат диктатурасы”, “интернационализм”, т.т. жалған ұран жамылған лениндік саяси платформаға берілген әділ бағасы еді. Ол 1919-1920 жылы “Жизнь национальностей” газетінде “Қазақтар және революция”, “Тағы да аштық туралы” атты мақалалар жазып, коммунистердің өтірікке құрылған “қырып-жою” саясатының астарын ашып берді. “1921 жылғы қарашаның 16-сында Берлинде шығатын “Новый мир” журналының 244-нөмірінде А. Байтұрсынұлының шағын мақаласы (сірә, көшіріп басқан) жарық көрді, – деп жазады шет елде эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқайұлы. – Соған қарағанда, қазақ жеріндегі қазіргі ашаршылықтың себептері мынада: 1) жұт, малдың көктайғақтан қырылуы; 2) 1920 жылы қатал қыстың ерте түсуі; 3) пішеннің жетіспеуі, жайылымның тақырлығы, өйткені мұның алдында бірнеше жыл қатарынан шөп шықпаған болатын. Басқаша айтқанда, қазақ халқының бұл қырылуы табиғаттың қолайсыз құбылыстарының кесапаты деп көрсетілді”. Мұстафа Шоқайұлы бұл жазылған жайға сын көзімен қарап, ондағы деректерге бірсыпыра толықтырулар жасайды. Онан әрі ол: “1918 жылы бүкіл жаз бойы және 1918-1919 жылғы қыста мен Торғай, Орал және Закаспий облыстарындағы қазақтардың ортасында болдым. Бұлар (Торғай және Орал облыстары) кеңес газеттерінің мәліметтеріне қарағанда, және өз көзіммен көргенімді айтсам (мен қазақтардың ең шалғай қоныстарына дейін бардым), сол жылғы жазда шөп бітік шыққан еді. Пішен молынан дайындалды. Қазақтар бір ғана нәрседен қорықты: 1917-1918 жылдардың қысында “тәжірибе” бойынша жергілікті большевиктердің малды Қызыл армияның пайдасына алу пиғылы және ақтөбелік Скулкин дейтін уездік халық комиссары сияқты заңсыз тартып алу ниеті елді қатты алаңдатуда... ”. Демек, әлгі “Новый мир” журналындағы келтірілген дәйектің шындыққа мүлдем жанаспайтын қисынсыздығы аңғарылады. Саяси күрестің қазанында қайнаған Мұстафа Шоқайұлы дос пен дұшпанын сөз ләмінен ажырататын сұңғылалығы тәнті етеді. “Мен большевик Сафаровтың айғақтарына сүйенемін, – дейді Мұстафа Шоқайұлы. – Ол – ВЦИК-тің Түркістан істері жөніндегі арнаулы комиссиясының мүшесі. Сафаров былай деп жазады (“Правда”, №133, 20-маусым, 1920 жыл): “Бұл жерде социалистік декреттер” қабылданғанымен (бұл хұқ барлық атқару комитеттеріне берілгенді) олар сөз жүзінде қалған, ал іс жүзінде “национализациялау”, “конфискелеу” деген сылтаумен жер-жерде малды халықтан зорлықпен тартып алу орын алған. “Перовскіде (Сырдария облысы) патша жендеті Гержот деген билік етуде. Ол тұтас бір халықты – қазақтарды қырғынға ұшыратты. Соның кесірінен бір миллиондай қазақ аштан өлді”, – дейді одан әрі Сафаров...”. Большевик Сафаровтың жазғанына қарағанда, бір ғана Сырдария облысында 1920 жылы миллион қазақ аштан өлді. Бұл дегеніңіз бес жылға созылған екінші дүниежүзілік соғыста опат болған қазақтардан екі есе көп. Демек, тек қана Сырдариядағы ашаршылықтан бір-ақ жылда қаза тапқандар саны осындай болса, сол тұстағы қалған жеті губерния бір уездегі қазақтың шығынын көзге елестетудің өзі жантүршігерлік оқиға. Сонда екінші дүниежүзілік соғыстағы мерт болғандардан кеңестік аштықтың бізге тигізген зауалы жүздеген есе зор екен. Осы миллиондаған қазақтың көз жасын бір жерге жинаса кәдімгідей ащы көл пайда болар еді. Қазақты миллиондап жалмаған саяси тапсырыс Құдайдан да қорықпады. Малы жоғалса іздеу салатын қазақтың қисапсыз шашылған мәйіті көмусіз, сұрауы жоқ, жабулы қазан жабулы күйінде ұзақ уақыт қала берді. Мұстафаның Ахмет туралы пікірінің кіршіксіз тазалығы, қоспасыз мөлдірлігі сондай – елден жырақта, жат жерде жүрсе де, алдағы тағдыры не боларын сезсе де, адамгершілік ар-ұжданына қылау түспейтін ақ-адал екендіктеріне мәңгі сенген, осы кісілік қасиеті – олардың биік парасатының, даналық жаратылысының, көреген көсемдігінің айғағы. Оған Мұстафаның “Ол [А. Байтұрсынұлы – А.Мек.] қандай лагерьді жақтаса да, біздер қазақ зиялылары, оның көзқарастарының мөлдір екеніне күмән келтірмейміз”, – деп алыстағы Еуропада жүріп шын жүректен ақ жарма сырын ақтарып салуы куә. Кеңестік идеологияның ақиқатты бұрмалауға шебер, дағдылы машығына бұрыннан қанық Мұстафа қорыта келе: “Ал қазір “Новый мир” журналында жарияланып отырған “Қазақ жеріндегі ашаршылық” деген мақаланың авторы – шынайы Ахмет Байтұрсынұлы емес. Оның мақаласын кеңестік цензураның 99 процентке өзгертіп жібергені аңғарылып тұр, өйткені Ахмет Байтұрсынұлы ешқашан айтқан фактілерге қарама-қайшы келмейді”, – деп түйіндейді. Аңызға айналған Мұстафаның ішкі интуициясы, терең білімпаздығы, көкірек көзі – Ахаңның шығармашылық қолтаңбасын жаулары теріс айналдырып басқанмен оның айнытпай танитындығын және тіл ұшына оралған пікірін сабақтап қағазға түсіруі қандай ғанибет. Күллі төрүк жұртын құшағына сыйғызған дархан, нағыз отаншыл, ержүрек кемеңгердің осы пайымдауларынан сол сәттегі ішкі жан дүниесіндегі сапырылысқан сезім ағымдары мен қиялындағы қым-қуыт ой-армандарын аңғартатын ірі тұлғасы, күрескерлік кесек бітім-болмысын кескіндейтін бейнесі сомдалып тұр. Ұлтын аман сақтаудың жолын іздеп, басын тауға да, тасқа да ұрып аласұрған Ахмет Байтұрсынұлы бір жылдай мүше болған коммунистік партиядан әбден түңілді. Ол миллиондаған бейкүнә жанның қанын жүктеген коммунистік партия қатарынан 1921 жылы өз еркімен шығып, баспасөз бетінде жария етті. Ахмет Байтұрсынұлы кеңестік әкімшілік-билік жүйесінің Қазақ еліндегі жүргізген кез келген әділетсіздігін дер кезінде әшкерелеп, дұрыс шешімін табудың жолын көрсетуден танған жоқ. Ит жылы мамыр айының аяқ шенінде Орынбордағы Оқу комиссариаты Халық ағартушылардың құрылтайын өткізеді. Форумға елдің барлық түкпірінен 40 шақты өкіл қатысады. Бұл мәртебелі жиынға Ахаңнан басқа екі-ақ қазақ шақырылған болып шығады. Оның өзі орысы жоқ Бөкей губерниясы мен губерния есебіндегі Адай уезінен екен. Ұяттан жерге кірердей қызарған Ахаң иісі қазақтың намысын қамшылап, сыбағасын қолдан берген жігерсіздігін айыптап мақала жазады. “Билеп әдеттеніп қалған үлкен ауылдың балалары, өзгеріс болған екен деп, қалай бірден өзгере қойсын? Оқу бөліміне бастығы болса да, өз қолында болғанын тәуір көріп, қазаққа қия алмаған көрінеді. Бастық болып үйренген әдет қандай күшті болса, бағынып үйренген әдет сондай күшті. Орыс қазаққа бастықтық қылса, басып көктеп, басынып, хәкімшілігін жүргізеді. Ол орып жатсын, қырып жатсын – бірде ерсі көрінбейді. Бәрі дағдылы, қалыпты нәрсе болып көрінеді. Қазақ мойынсұнып бас иіп, құлдық дегеннен басқаны білмейді. Қазақ орысқа бастықтық қылса, тіпті үйлеспей, келіспей тұрады. Байлап қойған қасқырдың қасына әкелгенде қабағы жасып, еңсесі түсіп, құйрығын қысып, үрейі ұшып тұрған ит сияқты болып көрінеді. Қимылдаған амалының бәрінде де бата алмағандық, қаймыққандық, жасқаншақ болып қалғандық білініп тұрады. Оны орыс жолдастар жақсы біледі. Сондықтан орысы бар губерналарда “қазақ бастықтық қылып істі жөндеп апара алмайды” деп әкімшілік біткенді өз қолдарында ұстауға тырысады. Орысы бар губерналардан кілең орыс жолдастар, орысы жоқ губерналардан ғана қазақтар сиезге келуінің мәнісі осы”, – деп “рухани көсем” (М. Әуезов) ұлт қорғанышының бек сенімді құралы оқу-ағарту саласындағы басқару тізгінін уыстан шығармай, азаматтық сергектік пен айырықша өткірлікті талап етті. “Ауру қалса да әдет қалмайды” деген Қазақ Елінің тәуелсіздік алғанына он сегіз жылға аяқ басса да әлі конституциялық мемлекеттік тілі салтанат құра алмауы құзырлы билік басындағылардың ескі үйренген дағдысы мен орыстың мысы басқан үрейшілдігі істің оңға басуына құлықсыз боп тұр. Ендеше, Ахаңның зілді ойлары дәл бүгінгі күні де өзектілігін әлі жойған жоқ. Оның: “... қазақ жолдастардың ақты-қараны айырып білмегендігін, оң қолымен сол қолын танып жетпегендігін көрсетеді; дақпыртқа еріп, далақтап шаба беруге ғана жарайтындығын білдіреді. Әйтпесе, орыс жолдастар орынсыз жерде ұлық болуға ұялса керек еді, қазақ жолдастар жылқыға сиырды қалай қосақтаймыз деп ойланса керек еді. ... Мұны істемей, қазақты қалың қараға қосып жіберіп, қарасына мәз болып, арасына келгенде қазаққа істелген істі таба алмай отырсақ, қазақ сыбағасына орысты оқытып, өзіміз түк білмей қалатынымыз шексіз. Осы күймен бара берсек, қазақ оқу оқып, білім ала алмай, орыс оқып оза беру болады. Қазақ құр қарасына ере беру болады. Ондай ере берудің ақыры не болатыны мағлұм”, – деуі нақ тарихи шындыққа айналды. Кәзіргі қазақтың ғылыми шығармашылық зияткерлік күші егіздің сыңарындай орыстың көшірмесі екенін несіне жасырамыз. Яғни өмірімізге енген нарықтық экономикалық қатынасқа сәйкес қазақтың миын ұлттық мүдде тұрғысынан қайта құруға ғылыми-технологиялық жетістікті тиімді пайдаланған жөн. Демек, еліміздің жаңа тұрпатты ұлттық мемлекет ретінде жаңғыруы мен түлеуіне, ғаламдастыру дәуірінде бәсекеге қабілеттілігіне ғылым-білім саласында атқарылар іс алда шаш етектен. Қыз Жібектің көшіндей сән-салтанатымыздың шырқын бұзып, ел-жұрттың алдындағы малын, қолындағы барын тәркілеп, аттан түсірген, қарсылық білдіргенін аямай, табан астында сотсыз, үкімсіз атып тастаған кеңестік биліктің қаһарлы жазасынан тентіреген ауыл-аймақ көтеріле көшіп, мінерге көлігі, ішерге асы жоқтар жаяу-жалпылап басы ауған жаққа жан сауғалады. Қызыл сөзден қуырдақ қуырып, сорпа қайнатқан кеңестік алаяқтарға сеніп қалған аңғал жандарды аштық бунап титықтатқан, әбден тарыққан, ісініп-кебініп, әлсіздік меңдеген, күңіренген азалы үнін тас керең өкімет естігісі түгіл елегісі де келмеді. Үндістер: “Әр адамда Құдайдың бейнесі бар”, – дейді. Бейкүнә жандарға зәбір жасап, тірілей көзін жоюды ұйымдастырған мейманасы асып-тасқандардың жазасын Құдай береді. Жаманат хабар ел ішінде жата ма? Мерзімді баспасөз бетінде қазақтың аштан өлуін ресми саясат “табиғаттың қолайсыз құбылыстарының кесапаты” деп ақиқатты бұрмалауға тырысты. “Жұрт жұтағанда, сен шарпыл” деген ата-баба өсиетін орындауға алаштың арыстары жан-тәнін салды. Егер олардың жазғандары сақталмағанда, тоз-тозы шыққан, шілдің қиындай шашылған миллиондаған қазақтың қайғылы тағдырын, қан қақсатып, жер қаптырған саясаттың солақайлығын білер ме едік!? Бұл тарихтың ащы сабағы бүгінгі тәуелсіздікке жетудің қаншалықты ауыр болғанын безбендеуге және бұл қасіреттің енді қайталанбауы үшін ұдайы еске салып тұрудың қоғамдық ой-сананы сауықтырудағы маңызы ерекше. “Газет жүзінде жалпы Қазақстанда аштық бар, Қазақстан қазақтары қырылып жатыр деген сөзден басқа осы күнге шейін аштықтың мөлшері санмен көрсетілген емес. Соның үшін аз да болса, халық алдына Қазақстандағы аштық[ты] санменен баяндап өтуді мақұл көрдім, – дейді Мұхамеджан Тынышбайұлы. – Қазақстанда шойын жолдың жоқтығы соғыстан кейін халық арасында пошта қатынасының да үзілуі әркімге мәлім. Әлі неғұрлым қатынас кем болса, соғұрлым ол халық туралы мағлұмат та аз болмақ. Сондықтан менің санмен көрсететін мағлұматтарымда бірінші уақыты өткен, екінші осы күні ескірген. [Оқи]ға ескі һәм көп жері дұрыс емес деуге болады. Сонда да мүлде жоқтан бар жақсы деген оймен жазып отырмын”, – деп баяндайды ол. Оның билік жүйесіндегі аштық жайлаған өлкеден жіберілген жедел ақпардың ресми қорытынды дерегіне сүйенгендігі байқалады. Мұхамеджанның өзі ескерткендей бұл ауқымды әлеуметтік кеселдің географиялық аумақтық шеңбер аясы мен сандық шамасын білмей, оған жасалатын тиісті шаралардың бағыт-бағдарын анықтау қиынға соғады. Дегенмен Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Бөкей губерналары мен Адай уезінен алынған бірнеше есе кемітілген аштықтың ресми дерегінен шындықты тап басқан Мұхамеджанның топшылаған пікірі назар аудартады: “...көректік көмек жалпы аштардың жүзден бүтін екі ондық (9,2%) бөліміне ғана жетіскен болып табылады. Бұл болып жатқан көмектер қай халықтың арасында болып жатыр деген сұрауға жауап бермекші болсақ, көмек қалаға, шойын жолға жақын арасында ғана болып жатыр дейміз. Қазақ халқының қаладан, шойын жолдан алыстығы айтпай-ақ мәлім. Олай болса, ашыққандардың жартысындай (Анық есеп жоқ, мөлшер – автордың ескертпесі.) қазақ арасында ешбір көмек болмағаны өзінен өзі ап-айқын...”. Тынышбайұлына сүйенсек, үкіметтің азын-аулақ көмегі темір жолдың бойындағы қалалы мекендерге жеткізілген, яғни жіберілген азық-түліктің қызығын тек басқа ұлттың өкілдері көрген. Аштықтыққа ұрындырған, қазақтың дәрменсіздігіне мәжбүр еткен саяси-әлеуметтік құбылыстың себебін, Халел Досмұхамедұлы тарихи түп-тамырынан қозғап, қоғамдық сананың даму үдерісін киношежіредей бейнелеп өтеді. “1723-інші жылы қазақ қалмақпен соғысты. Жеңіліп қалды. Адам көп қырылды, ел шабылды. Қатын-бала шулады. Қонысын тастап ел босты. Ақтабан шұбырынды болды. О заманда қазақ тегіс көшпелі еді. Аууы оңай еді. Бүтін ел тегісінен әскер еді. Босқан ел көршілерін ығыстырып қоныс тапты. Ешкімнен жәрдем сұрамады, ешкім жәрдем бермеді. Ел өз күшімен, өз еңбегімен жуығ арада-ақ жетісіп кетті. Әрбір зор оқиғаның соңынан зор салдары болашақ. Ақтабан шұбырындының салдары бөтен жұртқа бағыну болды. Жатқа бағынудың толғағы тым ұзақ созылды. Ел амалсыздан еркінен айырылды. Жел жақты күзету қолдан кетті. Ел тынышайды. Қорасы мықты қойдай болды. Күзетші күшті болды. Жарақтың керегі жоқ болды. Темірқазық жастану, бес-алты малта асы қылу қалды. Сүйек егілді, жүрек босады, жігер құм болды. Жарақ ұстаушылар жойылды. Күзетшіге сеніп ел ұйқыға салынды. Майлы тамақ, ашшы қымыз, мамық төсек көңілді бөлді, күзетшінің әлдиі ұйқыға сеп болды. Жауыңгер халық құл болды. Қазақтың басына “рахат” дәуірі туды…”. Бұл ұлтының маңдайына жазған тағдыры осылай болғанын, тарихтың қалауын өзгертуге Халекеңнің қауқары жоқ қайрансыздығына налыған іштегі шер-шерменді тарқатқан толғанысы. Көсемсөздің көсемі ұлттың ғасырларға созылған күрес жолының диалектикалық даму сипатының тұжырымды қисынын ащы ішектей шұбатпай екі ауыз сөзбен түйген. “Түркістанның жыланы Арқаға мешінде келді. Қой жылы ен далаға симаған қара құрымдай көп мал бір қыс да жоқ болды. Ит жеді, құс жеді, кім болса, сол жеді. Қазақ жұтады, ашықты. Мешін өтіп тауық келді, екі қанатын жайып келді. Адам мал болып далаға жайылды, атшоңқай мен көсік жеді, тышқан аулап, мысық жеді. Жүрерге жол таппады, барарға жер таппады. Теріс тондылар күзетші болды. Алысқа сөз жетпеді, жақынға қол жетпеді. Қалтаман-қарылар ел шапты, азаматты қырды. Күзетшілер сөйлеуді білді, ел жылауды білді. Өштіп бір кінә қазақдан тауық өшін алды. Тауық кетті, ит келді. Шөп таусылды, тышқан бітті, ет құрыды. Атасы баласын, анасы қызын жей бастады. Ел қырылды. Жүрерге жол жоқ, барарға жер жоқ. Келген тағы жәрдем жоқ. Бұ қиыншылықтың түбінің неге соғарын айталмаймыз. Аштықтың тоқтығы, қайғының қуанышы болады деген. Бес жылдан бергі қазақ-қырғыздың басына түскен зор оқиғалар бос өтпесе керек. Бұның салдары алдымызда білінер. Бұндай қиыншылықты қазақ-қырғыз жұрты Ақтабан шұбырындыдан бері көрген жоқ. Бір-ақ кәзіргі Сары-арқадағы әңгіме шұбырынды болмай, тек сұлама болып тұр. Сұлаған елге итті шығарып салу қиын болып тұр. Ит кетсе доңыз бен тышқан тұр. Бұлардың қалай боларын сұрап келген кісі жоқ. Құлағанды көтеру адамшылықтың белгісі! Сұлағанды көтеру ағайыншылықтың белгісі! Қарны тоқ ағайын, ашыққан тумаңа қарасар күнің осы күн!”, – деп Халекең қабырғасы сөгіле, аза бойы қаза боп, көпшілік қауымның көңілін демеді. Оның жүйке тамырыңды қозғайтын тебіренісі соқыр көзден жас шығарардай әсер етті. Қиналған ел-жұртының жаны алқымға тірелген арпалыс азабын көріп оның дегбірі қашты. Телеграф хабарындай қысқа да нұсқа Халекең тілінен ұлт қауіпсіздігі шұғыл шешім мен әрекетке көшуді талап еткен әмірдей азаматтық жауапкершілік жүктеп тұр. Қасіреттің себебі мен салдары ұлы тұлғаның жан күйзелісіндегі өксік қысқан ар-ұждан буырқанысы шолақ қайырылған әрбір сөйлемнің астарынан сезіліп тұр. Баяндау тәсілі екі, үш, төрт-ақ сөзден тұратын синтаксистік конструкция – ел басына күн туған сын сағатта тілі мен жағына сүйенген ділмарсынудан, аштықты жеңуге бар күшті жұмылдыруға жұмсаған азаматтық рух қуаты есіледі. Ресейде билікке қолы жетісімен қызыл коммунистер қазақты отарлаудың стратегиялық құпия жобасын жасады. Ең әуелі қазақты соңынан еріткен саяси-рухани жетекші интеллектуалдық күшінің ықпалын әлсіретіп, олардың ұлт алдындағы абыройы мен беделін түсіру мақсатында өмірдің барлық саласында кешенді қарсы әрекеттер жүргізу, алаштың пәрменді тұлғаларына ақпараттық соғыс ашу көзделді. Арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, соңғы доңғалақ солай жүреді. Сондықтан алаштың бас адамдары салған сара жолды өскелең ұрпақтың мүлдем жадынан өшіру мақсатындағы идеологиялық ұстанымды әкімшілік-билік жүйесі орындауға бар күшін салды. КСРО-ның жоғарғы басшылығы және Саяси Бюро мүшелері қоғамды кеңестік идеологияға көзсіз сенетін сананы қалыптастыру “ұлы құрбандықсыз” әсте болмайды деп ақталды. Бұл ретте жоғарыдан басқарылған ерекше нұсқау бойынша жергілікті әкімшілік-билік пен атқарушы органдар бұқара халыққа террорлық қысым жасаудың барлық шараларын қолданып, зорлық-зомбылықтың, жазалаудың не түріне ерік берді. Сөйтіп, бейкүна ел-жұрттың қолындағы бар дүние-мүлкін, азын-аулақ дән-дақылы мен жан баққан малын шырылдатып тартып алып, арытып, жұтатып, өлгені өліп, тірі қалғанына үрей мен қорқынышты билетіп, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс кеңес өкіметінің талаптарын сөзсіз орындауды талап етті. Қоғамдық өмірдегі болмыстың бетін бүркемелеу, жалған ақпарат тарату – ғылыми теріс пайымдау жасауға, зерттеушілік қабілетті, табиғи таланттарды ақиқат жолдан тайдырып, жетпіс жылдан астам ұрпақты шатастыруға мәжбүрледі. Алайда “алмас кездік қап түбінде жатпасы” аян. Күндердің күнінде шындық алмас кездіктей жарқ етіп, жарып шығарына шүбә жоқ. Ауруын жасырған өледі. Қанға малшынған қызыл империяның “қылмысын жасырып, жалған мифті” саясатқа айналдырған ұстанымы ақыры түбіне жетіп, жалп ете түсті. Қазақтың талантты жастарына сапалы білім беруді желеу етіп, ілкі әзірде Мәскеуде оқуларына жағдай жасаудың мақсаты кеңестік құрылыстың идеологиялық мүддесін қорғауға жергілікті ұлт өкілдерінен кәсіби мамандар даярлау мен іске тарту еді. Мәскеуде білім алған Ғаббас Тоғжанұлы, Ілияс Қабылұлы, [...], т.б. жастар қазақ елін “кеңестендіру саясатына” жан-тәнімен үлес қосып, алаш зиялыларын, ұлт басына төнген қиын-қыстау аумалы-төкпелі, аласапыран заманда өмірін құрбан еткен ақ-адал перзенттерін Айдың, Күннің аманында кір жағып, қаралап, опасыздық пен сатқындық жасап, ары мен қаны төгілген қасіретке ұрындырды. Қанша жерден жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ деп әлгілердің қылмысын ақтағанмен қазақтың тарихи танымында жуылмайтын дық қалып қойды. Қазақтың ойлау жүйесін, ұлттық қадір-қасиетін, этникалық ерекшелік белгілерін жоюға барын салған идеологиялық ұстаным қайткенде де көшпелі елді дәстүрлі тіршілік үрдісінен жаңылтып, империяның айтқанымен жүру, айдағанына көнуге мәжбүрлеуді күшпен істеді. Осы саясатты Қазақстанда жүзеге асыруға өткен ғасырдың 20-жылдары Мәскеуде білім алған “қазақ оқығандары” қолжаулық болды. “Іштен шыққан жау жаман”. Қазақты құртқан өз ішінен шыққан сатқындар. Бұл қазақтың екіжүзді, жалтақ, көріп тұрғанын айтуға жасқанатын санасының қалыптасуына мәжбүр етті. Бір рет ұлтына опасыздық жасаған жан кез келген қиын-қыстау сәтте сатқындыққа психологиялық-моральдық жағынан бейім тұрады. Өйткені “ұрының арты қуыс”, ұлтына опасыздық, сатқындық жасаған “зиялыларды” кеңестік саясат әрқашан марапаттап, биік мансапқа жеткізіп, қызыл империяның дегенін істетудің идеологиялық сенімді құралына айналдырды. Егер айтқанға көнбесе тиісті мекемелер оның “күнәсін” жіпке тізгендей ел алдында әшкерелеп, құрта салу түк те емес еді. Сондықтан ұлтының мүддесіне қарсы әрекет еткен ондайлар кеңес дәуірінде жалғанды жалпағынан басып өтті. Бұған біздің өткен тарихи тәжірибемізде мысалдар жетерлік. Ал кейбір ірі істерге тапсырыс бойынша теріс куәлік бергендердің артында із қалмас үшін тиісті орындар олардың көзін құртып отырған. 1922-24 жылдары кәсіп игеріп, мамандық алу мақсатымен Алманияда (Германияда) оқуда болып қайтқан Ғ. Бірімжанұлы, А. Мұңайтпасұлы, Қазыбекұлы, Битілеуұлы сынды азаматтардың үстінен “шет елге қызмет еткен жансыз” ретінде қуғын-сүргінге ұшырады. Мәскеуде білім алғандардан бұлардың ерекшелігі бар ақыл-ойымен ұлтының кәдесіне жарауға талаптанғандығы үшін жазаланды.

4801 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы