• Әдебиет
  • 05 Маусым, 2009

Шыңғыс ханның мазары табылды...(жалғасы, басы өткен санда)

"Ана тілі" газетіҚаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, халықаралық Шыңғыс хан академиясының академигі, түрколог «Әлем Шыңғыс ханды уақ-уақ еске алып, ол туралы сөз қозғап, қалам тартып, оның жақсылығы мен ағаттығын неге безбендей береді?» деген сұраққа біздің сөз еткен жоғарыдағы уәждеріміз жауап береді-ау деймін. Шыңғыс ханның жасап кеткен осы құндылықтары алтын таққа отырған ханды да, қарапайым қарашаны да тыныш жатқызбайды-ау! Иә, тыныштық бермейді-ау, бермейді… Ұлы қаған өмірден өткен кездегі оқиғаны жазба нұсқалар бойынша ой елегінен бір өткізелік. Шыңғыс хан қайта бас көтерген Таңғыд еліне қолды өзі бастап аттанады. Бәйбішесі Бөрте, қағанның қасына Есүй қатынды ертіп жіберді. Ол – өте ақылды, өткір, алғыр әйел-тін. Таңғыд жолында «Алтын гандыр» атты белегірден ұлы қол өтіп бара жатқанда қаған қамшысын түсіріп алады. Көмекшілері жетіп келіп қамшысын алып бермекші болғанда, қаған оларды тоқтатып: - Жатсын! Біраз жатсын. Мен осы жердің аумағына көз шалайын,- дейді. Аса үлкен бел де емес, белегір. Ағаш өспеген, жан-жағы ашық. Жер атауы Алтын мұнара (Алтын гандир) деп аталады екен. Біраз тұрған соң «болды» дейді. Қол алға жылжып жүріп кетеді. Сөйтіп, қаһарлы қағанның қолы Таңғыд елін қайта жаулап алып, тыныштандырып қайтар күні (1227 жылы қыркүйек айының басында) ұлы тұлға бүгінгі ҚХР-дың Гансу өлкесінің Чин Сүн Сян деген жерінде көз жұмады. Қағанның мүрдесін қазақ арбасына артып елге қайтады. Жолда жоғарыдағы қамшы түсіп кеткен Алтын мұнара беліне келгенде хан мүрдесі артылған арбаның артқы екі доңғалағы жерге кіріп кетіп, шығара алмай әуреге түседі. Жер әлпеті белегір әрі құрғақ, жауын жаумаған. Сөйте тұра құдайдың құдіретінше арба доңғалақтары жерге кіріп кеткен. Күштейін десе арба сынады, күштемейін десе ұлы мүрдені жеткізу ісі кешігеді. Қолбасшыларының бірі Тәңірге жалбарынып дұға оқып, осы жерге үш күн аялдайды. Ақыры дұғадан кейін арба доңғалағын жерден шығарып алады. Бұл бүгінгі Ішкі Монғолияның (ҚХР) Зүүн-хошун (Солқол-қосыны) ауданының Ежен-қора деген жері еді. Ұлы қағанның мүрдесі үш күн аялдаған осы жерге қаралы керуен кеткен күннен бастап монғолдар 8 киіз үй тігіп ұлықтап бүкіл халық тәу ететін қасиетті орынға айналдырған. Бүгінгі күні ҚХР-дың Үкіметі ол жерге киіз үй архитектурасымен қазіргі заманның сәнді ғимараттарын тұрғызып, әлем туристерінің көрнекті ордасына айналдырған. Монғол империясының билік басындағылар сол кезде Ұлы қағанның қайтыс болғанын, оның қайда жерленгенін соншама құпия ұстаған. Қағанның жылдығында оның өмірден өткені туралы хабар таратқан. Шыңғыс хан дүниеден өткенімен ұрпақтары оның ұлы ісін жалғастырып алып жүріп кетті. Ұлдары Өгедей де, Толуй да, немерелері Күйік, Мөңке, Батилар да бірінен-бірі асып туды. Шыңғыс ханның орындай алмай арманда кеткен ойларын орнына қойды. Жылдар өтті. Қытайдан Тоғон темір хан 1360 жылы қуылды. Таяу Шығыстағы Құлағудың Илхандығы 1256-1344 жылға дейін 88 жыл, Шағатай хандығы 1241-1350 жылға дейін 149 жыл, Жошы ұрпақтары басқарған Алтын орда 1242-1492 жылға дейін 250 жыл билік құрды. Бағыну, бағындыру деген не екенін білмейтін, үкімет, билік дегеннен хабары жоқ орыс халқының басын қосып, ел етіп орыс княжествосын орнатып берді. Орыс халқына жаны ашығандықтан емес, салық ісін жеңілдетіп, бір орталықтан алып тұру үшін жасалған саясат еді. Ұлы тұлға о дүниелік болғанымен, оның аруағы әлем тарихымен бірге бүкіл континентті сілкіндіріп аунап түсіп, рухы әлсін-әлсін адамзатты ойға батырды. Қасиетті рух бүкіл әлемді түртіп оятып тыныштық бермеді. Ұмытуға, ұмытылуға тиісті емес екенін киелі рух адамзаттың есіне сала берді. Мыңдаған кітаптар мен мақалалар, ондаған кинолар мен пьесалар ойналды. Сөйтіп, Ұлы қағанның мүрдесін іздеу жорығы басталды. Оған да 200 жыл өтті. Соңғы 200 жылда 100-ге жуық экспедиция Орталық Азияны кезіп, басын тауға да, тасқа да ұрды. Сол жолда мерт болғандар да баршылық. Барлығы да сәтсіздікке ұшырады. Атақ шығаруды мақсат еткен алаяқтар бірнеше мәрте ұлы адамның жатқан жерін таптық деп жалған ақпараттарды таратты. Бірақ, бәрі де жалғандықтан аспады. Ұлы тұлғаның мүрдесін іздеген 200 жылда шетелдік бір ғана адам қаған мазарының басына барып қайтыпты. Ол 1903 жылы америкалық кезбе (атын ұмыттым) Кентай жотасындағы Бурхан-Халдун тауына барған. Сонда алты ай бойы тұрып, тұрғын халықпен етене шүйіркелесіп, ішіне кіріп ел аузындағы аңыздарды жазып ала отырып, Бурхан-Халдун тауына шыққан. Сапарын аяқтаған соң еліне барып Шыңғыс ханның мазары Бурхан-Халдун тауының үстінде деген тұжырым жасап жолсапар белгілеуін жариялаған. 1795-1847 жылдары өмір сүрген монғолдың атақты ғұлама тарихшысы әрі жазушы Ванчинбал «Көк судар» (Киелі шежіре) атты тарихи еңбегінде (кейін бұл еңбекті ұлы Инжинаш жалғастырып жазып аяқтаған): «Шыңғыс ханның мүрдесін Онон, Керулен өзенінің бастау алған басы, Бурхан-Халдун тауының төбесіне тас үй орнатып жерлеген. Мүрдені шынар ағашынан жасалған сандыққа әспеттеп орналастырып, сандықты үш алтын белдікпен сақиналап бекіткен. Алтын белдікті сандық арнайы айналмалы механизмге орнатылған деген аңыз бар. Тәңірдің қалауы бойынша қасиетті сандық ғасырда бір рет орнында айналып тұрады-мыс. Алтын құрсаулы сандықтағы Шыңғыс хан мүрдесінің басы шығысқа қараған уақытта мазарды ашса қауіп-қатерсіз болады-мыс. Сол кезде мүрдені шығаруға рұқсат беріледі деп есептейді. Күн шығыстан көк бұқа мініп келген, белуарына түскен сақалы бар қарт адам бастап мүрдені ашуға тиісті дейді. Мүрденің басы күн шығысқа қарамаса табылмайды да, табыла қалған жағдайда ашуға, шығарып алуға болмайды. Ондай жағдайда мүрденің киесі атады-мыс. Табиғат апаты болады, күтпеген алапат соғыс басталады. Адамзатқа емі табылмас індет тарайды-мыс деген аңыз бар» деп жазып қалдырған. Аңыз монғолдар ортасында да ауызша сақталған. Бұл ақпараттардың сыртында көшпелілер әлемінің әйелдері, соның ішінде монғол әйелдері «қасиетті» деп аталған тауға шығуды ұйғармайды. Өйткені «қасиетті» деп аталған тауларда Ұлы адамдардың мүрдесі жерленген. Ұлы мүрдені төмен етекті әйелдер басатын жосын жоқ. Егер ондай жағдай болса бұл аса ауыр күнә деп есептелген. Жоғардағы жазба және ел аузындағы аңыздар мен ұлттық дәстүрге әбден қаныққан Нямаагийн Даваа деген монғол азаматы Ұлы қағанның мүрдесін іздеуге бел буған. Нямаагийн Даваа – Күлтегін, Білге қаған ескерткіштерінің басында туып, сонда ойнап өскен. Оның бабалары Күлтегін мен Білге қаған кешенінің шырақшысы болған екен. Кішкентайынан ұлы әкесінің тәрбиесін көріп, сол кісінің айтқан талай аңыздарын естіп, миына тоқып сусындаған. Ұлы әкесі Күлтегін кешені орналасқан Көшө-Цайдам жазығының оңтүстік шығысында 6 шақырым жердегі Шіветі-Қайрхан тауының басына Давааны ертіп апарады. Таудың үстіндегі тастан арнайы қалап тұрғызған алып кешенді көрсетеді. «Бұны сырт адамға айтуға, көрсетуге болмайды. Мұнда аса үлкен құпия жатыр. Осы құпияны ашуға атсалыс»,– деп атасы тапсырады. Монғолдар өте ішті халық. Біз талай рет сол жерге барып, тұрғын халқымен әңгімелесіп, ішке тартып сырласып жүргенімізде бірде бір рет бұл жер туралы тіс жарып, сыр ашпаған. Сол кішкентай Н.Даваа азамат болып ат жалын тартып мінеді. Бизнеспен айналысып туристік база құрады. «Анод» атты коммерциялық банк орнатады. Ақша бар, дәулет жетеді. Енді ол ата өсиетін орындауға ат салысады. Таудағы кешен Шыңғыс хан мазарын табуға бір себеп болатындай, соған көмектесетіндей болып сезіне береді. Сөйтіп ол Мысырға барады. Ферғаун патшаларын таудың астын тесіп жерлегенін көреді. Тан дәуіріндегі қытай патшаларын таудың ұшар басына таяу астын тесіп дәліз шығарып жер үй орнатып жерлегенін көреді. Сөйтіп ол ең әуелі Күлтегін кешенінің алдындағы Шіветі-Қайрхан тауындағы кешенге тарихшы Ж.Бор, археолог О.Батсайханмен бірге қазуға кіріседі. Кешенді үйметастардан тазалау кезінде Білге қағанның мүсінін табады. Алып кешенді бір-екі жылда қазып біту мүмкін емес екені түсінікті. Алғашқы нәтижесі анықталады. Н.Даваа Білге қаған кешенін қазу үстінде Монғолия Ғылым академиясы мен Үкіметіне мәселе қоя отырып, олардың лицензиясын алып «Тәңір тегі» атты ғылыми зерттеу қор құрып, Бурхан-Халдун кешенін қазу әдістемесін жасайды. Осыдан кейін жоғарыдағы ақпараттарды сараптай отырып, геолог, геофизик, радиофизик, археолог іспетті арнайы мамандармен, қазіргі заманғы техникамен жабдықталған экспедиция ұйымдастырып, Бурхан-Халдун тауының үстіндегі кешенмен екі жыл бойы жұмыс жасаған. Тікұшақпен аэрофотоға түсіріп ғарыштық ақпараттарды пайдаланады. Бурхан-Халдун тауы теңіз деңгейін 2367 метр биіктікте. Кезінде монғолдың тайчуд тайпасы Темүжінді ұстап алып өлтірмекші болғанда, осы Бурхан-Халдун тауына келіп бой тасалап, Түнкіліг-Қорқының (Түңкелі бұлақ) басына жеті тәулік түнеп жаны аман қалған еді. Хорезм шахына жорыққа аттанар алдында Шыңғыс хан Бурхан-Халдун тауының ұшар басына шығып үш күн, үш түн бойы мойнына кісесін салып тұрып Тәңірден тілек тілеген. Қандай бір ұлы жорыққа аттанар алдында осылайша Бурхан-Халдун тауына шығып тілек тілеп бір Тәңірдің алдында уәжін айтып жеңілдеп аттанатын болған. Енді міне, сол Бурхан-Халдун тауының үстінде Ұлы қағанның мүрдесі орналасыпты. Бурхан-Халдундағы кешеннің биіктігі 22 метр, ұзындығы 280 метр, көлдеңеңі 190 метр екені анықталды. Геофизикалық бақылаулар, радиометр мен радиомагниттік әдістемелер арқылы жүргізілген сараптамалардың нәтижесі бірдей шығады. Сараптамалардың нәтижесінде таудың үстіндегі кешеннің астында 30 метр тереңдікте бағалы метал және сүйек орналасқан табыттың суретін шығарады. Осылайша, бұл адам мүрдесі жерленген орын екені анықталады. Жоғарыдағы жазбаша дерекпен ел аузындағы әңгіме бойынша Шыңғыс хан мүрдесі осы деген қорытындыға келген. Шыңғыс ханның мазары табылғаны туралы ресми ақпаратты 2008 жылдың басында жариялады. Тарихшы һәм жазушы Ванчанбал «Көк судар» атты еңбегінде Бурхан-Халдун тауының айналасындағы кіші таулардың үстінде Шыңғыс ханның ұлдары Өгөдей, Толуй, немерелері Мөңке, Күйік төртеуі жерленгенін ашық жазған. Міне, осы төрт ұлы қағандардың төртеуінің де мазарлары түгелдей Бурхан-Халдун маңынан табылып отыр. Ұлы қағанның мазары осылайша табылды. Өкініштісі, Ұлы қағанның сүйегін сырқыратып мазарын қазуды монғол халқы рұқсаттамайды. Бұған монғол үкіметінің үкімі жүрмейді. Себебі, монғол билігі халықтың уысында. Демек мазарды ашуға бүкіл ұлт рұқсат бермегендіктен қаһарлы қаған мазары әлі де 1000 жыл бойы әлемнің ашкөздерінен құпиясын сақтап жата берер. Техниканың соңғы жаңалықтарының мүмкіншілігін сарқа пайдалана отырып, мазар кешенін қазбай-ақ құпиясын ашуға да болатын шығар...

12420 рет

көрсетілді

168

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы