• Тіл
  • 05 Маусым, 2009

Қазақ тілі ең алдымен қазақтың өзіне қажет

(Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Жанболат Үмбетовпен сұхбат)

– Жанболат Жұмабайұлы, өзіңіз осы өңірдегі қайтсем мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеремін деп күш салып жүрген азаматтардың бірісіз. Әңгімемізді сіз басқаратын басқарманың қазіргі таңда атқарып жатқан жұмыстарынан бастасақ дұрыс болар еді.   – Өзімді мақтаудан аулақпын. Дегенмен, өзім басқаратын облыстық тілдерді дамыту басқармасының осы кезге дейін тындырған жұмысына қысқаша тоқталып өтейін. Зырылдап өтіп жатқан уақыт емес пе. Оның құрылғанына да бес жыл болып қалыпты. Басқарма 2004 жылы 26 мамырда облыс әкімінің қаулысымен ашылды. Облыста 2001-2010 жылдарға арналған «Асыл мұра» бағдарламасы қабылданды. Басқармаға облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Ол қызметкерлердің толыққанды, алаңсыз әрі тың шабытпен жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызды. Осы арада «Облыстық басқарма не тындырды?» деген сауалдың туындауы да әбден заңды. Ол уақыт талабы да. Бұл тұрғыдан келетін болсақ, тындырылған шаруалар аз емес. Ең алдымен жұртшылық назарына салайын дегенім, Қостанай облысында жалпы 889 мың халық тұратын болса, соның 35,6 пайызы қазақтар. Қостанай қаласындағы тұрғындардың 27,7 пайызына жуығы өзіміздің қандастарымыз. Олар тәуелсіздік алған жылдары шетелдерден көшіп келген оралмандармен, Торғай өңірі мен басқа аймақтардан қоныс аударған қазақтармен толықты. Болашақта да олардың саны арта бермесе, кемімейтіндігі сөзсіз. Облыс орталығымен көршілес жатқан Рудныйдың өзінде қазақтар 19,7 пайызға жетіп қалды. Мен бұл цифрларды босқа келтіріп отырған жоқпын. Өйткені, сол 35,6 пайыз қазақтың жартысы ана тілінде жазып, еркін сөйлесе алмайды. Іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізе білмейді. Біз басқарма құрылғаннан кейін өз жұмысымызды Қостанай мемлекеттік университетінің базасында қазақ филология факультетімен біріге отырып, мемлекеттік тілді үш деңгейлік бағдарлама бойынша оқытудан бастадық. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасымен қоян-қолтық араласа отырып, мектеп пен балабақшаларда мемлекеттік тілді насихаттадық. Олардың санын көбейтуге ұмтылдық. Сонау Кеңес үкіметі жылдары облыс орталығында тек Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернат қана қазақтың ұл мен қыздарына қазақ тілінде білім берді. Содан кейін қаладағы Сырбай Мәуленов атындағы қазақ гимназиясы, 24а қазақ бастауыш мектебі ашылды. Сондай-ақ, №7-ші мөлтек ауданнан бүгінгі уақыт талабына толық жауап беретін зәулім де әсем ғимараты бар орта мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Басқа аудандар мен қалаларда да білім ордалары қазақша дәріс бере бастады. Кейбір аралас мектептер қазақ мектебіне айналып жатқаны да жасырын емес. Бұл күндері облыс бойынша қазақ мектептерінің жалпы саны 142-ге жетті. – Өзіңіз білесіз, облыс орталығын аралап көрсеңіз мемлекеттік тілде қате жазылған «жарымжан» жарнамалар мен «мүгедек» маңдайшалардан аяқ алып жүре алмайсыз. Сіздер осындай келеңсіздіктерге байланысты заңға сүйене отырып, тиісті мекеме мен ұйым басшыларына қандай шара қолданып, пайдалы әңгіме өткізіп отырасыздар? – Оныңыз рас. Қостанай қаласы көшелерінің бойындағы жарнамалар мен маңдайшаларда мемлекетік тілде жазылған қателер өте көп. Сондай-ақ, тек орыс тілінде жазылатындары да аз емес. Бұл заңға қайшы. Қазіргі таңда қалада жарнамамен айналысатын 11 агенттік жұмыс істейді екен. 2007 жылғы желтоқсан айында бұл мәселе бойынша облыс орталығындағы Достық үйінде арнайы дөңгелек үстел басында әңгіме ұйымдастырылды. Оған қаладағы жарнамамен тікелей шұғылданатын агенттік басшылары қатысып, оларға әлгіндей өрескел қателіктерге келешекте жол бермеу жөнінде ескертіліп, түзету жолдары жан-жақты айтылды. Сонымен қатар, былтыр Қостанай қаласы әкімдігінде осы өзекті мәселеге байланысты тағы да басқосу өткізілді. Онда да жарнама мен көрнекті ақпарат жайы сөз болды. Сондай-ақ, әлгі сіз айтқан, яғни біздің де жанымызға аяздай батып жүрген өзекті мәселе – жарнама мен маңдайшалардың жай-жапсарын білу мақсатымен қалалық әкімдік, облыстық тілдерді дамыту басқармасы және облыстық «Қостанай таңы» газеті редакциясы қызметкерлерімен бірлесе отырып, рейдтер жүргіздік. Мұнда да көпшіліктің тарапынан наразылық тудырған жай жөнінде қателікке жол берген кісілерге ескерту жасалды. Алдағы уақытта да бұл аса маңызды мәселеде кемшілікке кеңшілік жасалмайды. – Сіз енді ономастика секілді өзекті мәселеге де тоқталсаңыз. Өйткені, бұл да бүгінгі таңдағы кезек күттірмес жайлардың бірі емес пе? – Сауалыңыз өте орынды. Еліміз үшін ерекше орыны бар бұл мәселе де біздің тұрақты назарымызда. Кешегі тоталитарлық кезеңде ұлтымыздың өткен тарихынан сыр шертетін көптеген жер-су аттары өзгертіліп кеткені ешкімнен де жасырын емес. Қазіргі уақытта сол кеткен олқылықтардың орнын толтыру мақсатында жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Қостанай облысындағы әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын ретке келтіру, елдімекендерді қайта атау және тарихи географиялық атауларды қалпына келтіру мақсатында облыстық тілдерді дамыту басқармасы Қостанай өңіріндегі жоғары оқу орындарының тарихшы ғалымдарымен бірлесіп топонимикалық экспедиция ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Оның нәтижесі бойынша «Қостанай облысының топономикалық картасы» жасалмақшы. Аталған жоба үш жылға арналған. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2008 жылға 2 млн, биыл 2 млн. 400 мың қаржы бөлінді. Осы маңызды мәселеге байланысты алғашқы кітап жарық көрді. Оған облыстағы Меңдіқара, Ұзынкөл аудандары енді. Ал, үстіміздегі жылы шығатын екінші кітапқа Қарабалық, Федоров, Қостанай аудандары кірмек. Еліміз тәуелсіздік алған өткен жылдардың ішінде облыста бірқатар аудандар мен елдімекендердің атаулары қазақыланды. Оны зиялы қауым басылымдардан оқып, теледидарлардан көріп те отыр. Сондықтан оған тоқталып жатпай-ақ қояйын. – Сіздің әңгімеңізден байқағаным, әлі де болса қандастарымыздың тарапынан ана тілін оқып-үйренуге деген талпыныс пен құлшыныс айтарлықтай сезілмейтін секілді. Оның сыры мен себебін қалай түсіндірген болар едіңіз. Жалпы, осы басқарманың басшысы ретінде өзіңізді толғандырып, жаныңызды жай таптырмай жүрген мәселелер жөнінде бірер сөз? – Осы арада ерекше тоқталар жай, өзге ұлттар тарапынан мемлекеттік тілді білуге, оқып-үйренуге, сөйлеуге деген құлшыныс айрықша сезіледі. Тіпті олар біздің басқармамен хабарласып, өздерінің өтініш-тілектерін білдіріп жатады. Василий Смирнов, Эльвира Иванова, Александр Сметановскийлер осы қазақ тілін терең біліп, еркін сөйлеудің арқасында күллі бауырларымыздың арасында үлкен құрметке бөленді. Олар қазақтың төл перзентіндей болып кетті. Бірқатар өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілдің аса маңыздылығын сезініп, балаларын қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшаларға да беріп жатыр. Бұл еш қоспасыз шындық. Ал өзіміздің кейбір бауырларымыз өз ана тілін оқып-үйренуге келгенде кежегесі кейін тартып, сылбырлық танытып отыр. Олардың бойында намыс, құлшыныс секілді ұмтылыс сезілмейді. Әлі де болса ұлтымыздың қыз-жігіттері бір-бірімен орыс тілінде шүлдірлеп сөйлеседі. Қазақ тілі ең алдымен қазақтарға керек екендігін түсінсе ғой, шіркін. Өзімді осы елдің бір патриот азаматы әрі басқарма басшысы ретінде алдағы уақытта жүзеге асырсақ деген көптеген өзекті мәселелер жиі мазалайды. Ең бастысы, қазақ тілін өз тұғырына көтеру жайы. Сондай-ақ, жер-су аттарын тарихи қалпына келтіру, ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу, көшелердегі көрнекі ақпараттарды бір ізге салу, мемлекеттік тілде дәріс беретін мектептер мен балабақшалардың санын көбейте түсу. – Жанболат Жұмабайұлы, өзіңіз басқаратын басқарма қызметкерлері көршілес Ресейдің Челябі облысында өмір сүріп жатқан қандастарымыздың арасында болып, ол жақтағы қазақ тілінен дәріс беретін мұғалімдердің білімін тереңдетуге қолұшын береді деп естіп едім. Осы жайлы да айтып өтсеңіз. – Ол рас, біздің Қостанай облысы мен Ресейдің Челябі облысының арасында достық, мәдени қарым-қатынас орнағанына біраз уақыт болды. Алдағы маусым айында аталған Челябі облысында біздің облыстың қазақ тілі мен мәдениеті фестивалі өткізілмек. Бұл шаралардың онда тұрып жатқан бауырларымызға ерекше рухани ләззат сыйлайтындығына сенімім мол. Жалпы биыл әлгі облыстан 20 бала өзіміздің Қарабалық, Федоров аудандарындағы жазғы сауықтыру лагерлеріне келеді. Олар мұнда демалып қана қоймайды. Сонымен қатар өздерінің ана тілдерін де үйренеді. Осы балалар үшін қазір арнайы тәрбиешілер дайындалып жатыр. Сондай-ақ, биыл көрші мемлекеттен бес мұғалімді жаз айларында шақырып, олар қазақ тілінен сабақ беру әдістеріне үйретіледі. Қысқасы, ол жақтағы бауырларымыз үшін біздің есігіміз бен құшағымыз әрқашанда ашық. Олар әрдайым өздері арқа сүйейтін атамекені мен жанашыр мемлекеті бар екендігін сезініп жүруге тиіс.

Әңгімелескен Оразалы ЖАҚСАНОВ Қостанай

3625 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы