• Ақпарат
  • 29 Қаңтар, 2009

Жалған ұран жарға жығады

Күнi кеше ғана Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 17 жылдығын тойлады. Сол күндерi өзiн оппозицияның жаршысымын деп жүрген бiр газеттiң бiрiншi бетiне шыққан (16-желтоқсан, 2008), «Тәуелсiзбiн, тәуелсiзбiн мен бүгiн!» деп басталып, орман, көлiм, далам мен балам тәуелсiз, жаным, қаным, арым, жарым тәуелсiз деп ары қарай судырата беретiн өлеңдi оқып тiксiнiп қалғанымыз да рас. Тiптi, осы ақынның орманы да, көлi де, даласы да тәуелсiздiк алды, маңына жан жуытпай қойды делiкшi. Жаным, қаным, таңым, бағым, әнiм, дәнiм дегенге ұйқасатын, басқа да айтуға ауыз бармайтын «ым»дарына да келiсейiк. Бiрақ, балам тәуелсiз болды, жарым тәуелсiз болды, арым тәуелсiз болды дегенiне екiнiң бiрi қуана қояр ма екен? Ау, тәуелсiзбiн деп бетiмен балаң кетсе, тәуелсiзбiн деп бiлгенiн iстеп, аузына келгенiн айтып әйелiң кетсе, тәуелсiзбiн деп адамды ұятқа, дөрекi iске жiбермейтін арың кетсе адамның басқа жануарлардан қандай айырмашылығы қалады. Мұны келтiрiп отырған себебiмiз, осы бiр ұраншылдық, даңғазашылдық бiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн, тiптi өршiп, бұрынғы арлылықтың, намысқойлықтың орнын құр күмпiлдеу, қай жақтан қауiп-қатер бар деп жанары жарқылдап тұратын қыранкөз қырағылықтың орнын манаураған тоқмейiлсу басты. Сенбесеңiз қараңыз, бiз 1993 жылы-ақ осылайша «Тәуелсiздiк алдық! Егемендiк алдық!» — деп той-тойлап жатқанда сол жылы Алматыға келген В. Черномырдин ұшақтың терезесiнен өзiн қарсы алуға сапқа тұрған құрметтi қарауылды көрiп: «Вот делов наварили. Казахстан — уже заграница!» деп iшiне от түскендей ыңыраныпты. Ал, Мәскеу газеттерi «Егер орыстар Қазақстаннан кететiн болса, Қазақстан ислам фундаментализмiнiң «кереметтерiмен» қоса ескiлiк тұзағына қайта түседi. Ал мұның өзi Ресейге қажет нәрсе деуге келмейдi», — деген әңгiменi талай айтты. Өткен жылдың маусым айында белгiлi солшыл саясаткер Сергей Глазьев деген бiреу ЕурАзЭС-тiң бас хатшысының орынбасары бола салысымен: «Пост-кеңестiк кеңiстiкте билiкке келгендер ұлттық суверенитет үшiн жанын салып жүр. Бұл интеграциялауға өте күштi тұсау болады» — деп ұлттық дербестiк, ұлттық тәуелсiздiк дегендерге қарсы екенiн көрсеттi. Шындығына келсек, ЕурАзЭС қаржылық-экономикалық одақ. Бiрақ Ресей саясаты осы одақтың өзiн де Ресейдiң идеологиясын, Ресейдiң саясатын, орыс тiлi мен мәдениетiн уағыздауға, өздерiнiң орысшылдық басты мақсатына пайдалануды көздедi. Ал бiз соның өзiнде әлгiндей «далам тәуелсiз, балам тәуелсiз, әйелiм тәуелсiз» дегеннен әрi аса алмаймыз. Ресей басшыларына Ресейдегi басқа ұлттарды ұрып-соғып, өлтiрiп жүрген, өздерiң әдейi құтыртып қойған скинхедтерiңдi жойып алмай, ұлтаралық төзiмдiлiк туралы айтуға құқықтарың жоқ деуге де қорқамыз.

Әрине, олай деуге тек қазекемдердiң ғана жүрегi дауаламайды. Өткен жылы көктемде Грузияның жап-жас президентi М. Сакашивили: менiң орныма келген президент аздап орысша сөйлеуi де мүмкiн, бiрақ оның iзбасары орысша сөйлемейтiн болады деп мәлiмдедi. Иә, КСРО құлаған 17 жылдан берi «Тәуелсiздiк алдық» деген сөздi теледидардан түн ортасы ауғаннан тауық шақырғанша жүз қайталап шығатын бiздiң қазекең ғана. Өзге азат республикаларда ұлттық тiл, ұлттық дәстүр, дiн тазалығы туралы проблема деген жоқ, бар болса елдi отарлықтың қалдықтарынан тазарту ғана бар. Қазақстаннан басқа республикалардың көпшiлiгiнде мектептер ұлттық тiлге көшiрiлiп болды немесе аяқталуға жақын. Тiптi, әлi де Ресейдiң құрамынан шыға алмай отырған Чешенстан парламентi өткен жылы 20 мектептiң бастауыш сыныптарында сабақтарды тек чешен тiлiне көшiруге шешiм қабылдады. Оны Чешенстан парламентiндегi ғылым, бiлiм және мәдениет жөнiндегi комитет талқылаудан өткiздi. Ал осы елдiң Бiлiм министрi Анзор Музаев бұл жөнiнде өте қызу жұмыс жүргiзiлiп жатқанын айта келе, алдағы уақытта елдегi бүкiл мектеп чешен тiлiне көшуi керек, бiрақ оған әзiр оқулықтар мен мұғалiмдер жетiспей отыр. Биыл 20 мектеп толықтай ана тiлiмiзге көшiрiледi, деп мәлiмдедi. Ал Чешенстанның президентi Рамзан Қадыров 2007 жылғы 9-шiлдеде халыққа арнаған жолдауында (ол жолдау чешен халқына деп атап көрсетiлдi) бастауыш мектептерде сабақ тек чешен тiлiнде жүргiзiлуi керектiгiн айтып, парламентке тапсырма бердi. Оны да мiсе тұтпай, елдегi ұлықтар чешен тiлiнде сөйлеп, бұл тiл қажет екенiн әрдайым сезiнiп жүретiндей жағдай қалыптастыру керек дегендi қоса айтты. Бұл чешен тiлiнде сөйлемесең күнiңдi бiр уыс қыламын дегенi ғой ерiңнiң! Ел iшiнде әлдекiмдер бұған қарсы пiкiрлер ұйымдастырды. Тiптi, олардың арасында кейбiр ата-аналар да болды. Бұл әрине, Ресей арнаулы қызметтерiнiң астыртын ұйымдастырған iсi болуы да мүмкiн. Ал батыстағылар мен орыстар бiрнәрсе десе ышқырлығы өз-өзiнен босай бастайтын «интернационалист», «глобалист», «тенгрист», «цивилизованный», көп дiндi, үш тiлдi қазақ басшылары өйтпек түгiл балабақшалардағы байғұс сәбилерiмiзге ағылшын, орыс тiлдерiн үйретiңдер, үш тiлде сөйлейтiн болсын деп отыр. Балабақша мен мектептегi бұл әңгiмеге сәл кейiнiрек тоқталайық. Балтық жағалауы елдерiнде, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжiкстан, Армения, Грузияда мұндай мәселе атымен жоқ. Ал Ресей құрамындағы Чешенстан өз ұлты үшiн осындай ұлы iстерге кiрiсiп, олардың ел басқарған азаматтары кеудесiнде ұлттық ар-намысы бар екенiн осылай дәлелдеп отыр. Ал қазақ басшылары ұлттық намыс, ұлттық ар-ұят, ұлттық сана дегеннiң бәрiн дүниежүзiнiң бүкiл дiнiне төзiмдi болу, бүкiл халықтардың тiлiн бiлу немесе құрметтеу, Қазақстанға кiм келсе, бұл жер, бұл байлыққа ол да ортақ деген ұғымдарға айырбастап жiбердi. Олардың қабылдауына барған қазақтың билiкке жақын ақсақал жазушылары, кеше ғана Мағжан Жұмабаевты жерден алып, жерге салып, бүгiн Мағжаншыл бола қалған, академик атағын алған ақ шашты ақсақалдары мен үлкендi-кiшiлi философтары жатып жастық, жайылып төсек болады. Қашанда ұлттың құлдырап, санасыздануы тiлiнен, үрдiстерiнен айрылуы ең алдымен билiк басындағылардан, сосын ақсақалдардан басталады. Сосын барып жүгенсiз, көргенсiз, ұлттық намысы жоқ, көрләт жастар пайда болады. Қазақтың тiлiнен, дiнiнен, айрылуы осының алдындағы Қазақстан басшылығының көзсiз орысшылдығынан, Мәскеуге шектен тыс берiлгендiгiнен басталды. Көршiлес Өзбекстан, Түркiменстан, Әзербайжан басшылары қолдан келгенше өз ұлтының тiлiн, салтын сақтауға жанын салып, алуан түрлi айлакер саясат жүргiздi. Ш.Рашидов қайткенде де өзбек ұлтының санын көбейтудiң амалдарын ойластырды. Оны қойыңызшы, бүгiнгi қазақ шонжарлары мынадай жалпақшешейлiк саясат жүргiзiп отырғанда чешендердiң орыстың қоластында-ақ iстеп жатқаны әлгiндей. Бұл орайда олардың ақсақалдары да елге тоғашы екенiн көрсетуде. Чешеннiң Лечи Абдуллаев, Қати Чоқаев, Ибрагим Аллероев, Муса Оухадов, Шайхы Арсануқаев, Муса Бексұлтанов, Леча Умхаев, Зайнди Жамалханов және басқа да ғалымдары, тiл мамандары, жазушылары, қоғам қайраткерлерi мектептерде тек чешен тiлiнде ғана дәрiс берудi дүрк көтерiп, дуылдап қолдады. Лезгин және қалмақ мектептерiнде шәкiрттер алтыншы сыныпқа шейiн бүкiл пәндi тек өз тiлiнде оқиды. Қазақстанның орыстiлдi басшылары жұрттан жасырып айтпайтын, ғылымда дәлелденген бiр ақиқат бар. Ол мынау: Егер жас сәбидiң көрген-баққанын айтып беру қабiлетi туған ана тiлi арқылы ғана дамыса, ол баланың оқу үлгірiмi, өскесiн ғылымдағы, техникадағы табысы, адамгершiлiгi әр тiлдiң «дәмiн татып» өскен сәбиге қарағанда өте таңғаларлық жоғары дәрежеде болады екен. Олар өскесiн әлгi әр тiлдiң басын шалған немесе өз ана тiлiнде сөйлемейтiн сәбилерге қарағанда өзге тiлдердi де тез үйренiп алады екен. Қазiр Қазақстаннан басқа республикаларда өз ана тiлiнде сөйлеу сәнге айналды. Бұл үшiн олар ең әуелi өздерiнiң ұлттық жазушыларының шығармаларын кеңiнен таратуда. Чешенстанның «Вайнах» әдеби журналының бас редакторы Муса Ахмадов чешен жастарын әуелi еуропалықтарды таңғалдыруға жарарлық туған халқының әдебиетiмен-мәдениетiмен қоректендiру керек дептi. Бiздiң қазақтың ауыз тұшитын бiр шығарма жазбаған кейбiр журналистерi шетел әдебиетiн насихаттап, бiлгiш болып көрiнуге жанын салып жүр. Ал Францияда, Австралияда тұратын армяндар тек ана тiлiнде сөйлеп, ана тiлiнде ғана жазады екен.

Өткен жылы Бавна Дэви деген ағылшын мадамның «Казахстан: этничность, язык и власть» деген кiтабы шықты. Сөйтсек, бiзде «Кеңес заманы өттi кеттi, жаңа заман басталды деуге келiңкiремейдi» екен. Бавна Дэвидiң пiкiрiнше Қазақстанда ағылшын тiлiнiң өрiсi әлі кеңейе түседi, орыс тiлiнiң мәртебесi артпаса кемiмейдi. Билiктегiлер «Халыққа тиiмсiз, әрi түсiнiксiз» саясат жүргiзiп отыр дейдi Бавна ханым. Әрине, ол бұны тiл мәселесiне қатысты ғана айтып отыр. Бүкiл орыс Киевская Русь болып бiрiккен кезден кiндiгi орыспен жабысып өскен Украинаның өзi әуелi аутобус, троллеубус, трамвайларында, қоғамдық орындарда орысша музыка қоюға тиым салды да ендi бүкiл жоғары оқу орындарынан орыс тiлiн мүлде алып тастауға кiрiстi. «Российская газета» осыны айтып еңiреп жазғанына қарамастан (10-сәуiр, 2008 ж.) Украинаның бiлiм және ғылым жөнiндегi уәзiрi Иван Вакарчук осы мәселенi өз мiндетiне алды да оны үш жылда орындап шығуға уағда бердi. Ал, қазекемнiң атқамiнерлерi Қазақстандағы мектептiң нешеуi орысша, нешеуi қазақша, орыс тiлiне қанша, қазақ тiлiне қанша сағат бөлiнетiнiн айтып Ресей журналистерiне, елдегi орыстiлдi ақпаратшыларға есеп берiп жатады. Неткен намыссыздық?! Бiздiң iрiлi-уақты ұлықтарымыз мұғалiмдердiң жыл сайынғы «тамыз конференциясы» кезiнде, өзге де жиындарда

Орыс мектептерiнiң неше жыртығын жамағаны

туралы есеп берiп жатады. Басқа ұлт мектептерiн былай қойғанда Қазақстандағы орыс мектептерiне, орысша балабақшаларға жыл сайын мемлекет қазынасынан миллиардтаған ақша бөлiнедi. Қазақ балабақшаларында мiндеттi түрде орыс топтары құрылған. «Бауырлас, мәңгiлiк дос Ресейдегi» қалың қазақ ұйысып тұрған аудан, облыстарда қазақ мектебi деген атымен жоқ екенiн, айтылып жүргеннiң бәрi қып-қызыл өтiрiк екенiн, ең болмаса қазақтар тұратын сол аймақтарда қазақша бiр минут теледидар, радио хабары жоқ екенiн бiлгенiмiзге де бiраз болды. Бiрақ не Путин, не Медведев Қазақстанға төстеңдей келiп-кетiп жатқанда «бұларың қалай, қазақша ең болмаса бiр-екi мектеп ашпау, күнiге бiр-екi мәрте телехабар жүргiзбеу қазақ ұлтын адам құрлы көрмеу емес пе?» деуге жарайтын бiреу шықпай-ақ қойды. Оның есесiне Ресейдiң бiр мықтысы келсе, телеарна біткен базардан әкесi келгендей жарыса хабарлап жатады. Рас, қазақ бала-бақшаларындағы орыс топтарына қазақ тiлiнен сабақ өткiзiледi. Оның өзi 20-30 минуттан аспайды. Қазақстанның тiл саясатындағы жалтақтықты, үргедектiктi әбден бiлiп алған орыс та, басқалар да балаларын қазақы мектепке, қазақы бақшаға бермейдi! Iлуде бiр өзге ұлттың баласын қазақы мектеп пен бақшадан көре қалса қазақ журналистерi бақыт құсының балапанын көргендей шуылдап жазып, теледидардан жарыса көрсетедi. Қазiр Қазақ балабақшаларында сәбилерiмiзге орысша аз болғандай ағылшын тiлiн үйрету басталды. Бұл қазақ ұлтын жоюға тапсырма алған жоғарыдағы кейбiреулердiң жымысқы әрекетi болуы да мүмкiн. Өйткенi, тiлi орысша, ағылшынша, аз-маз қазақша шыққан сәбиден ертең қазақ шықпайтынын олар жақсы бiледi. Бұл сәбилерiмiздiң ақыл-есiне, миына жасалып отырған қастандық. Мiне, қазақты ұлтсыздандыру саясаты қазiр осылайша бұрын-соңды болып көрмеген қызу қарқынмен жүргiзiлiп жатыр. Мұны қалай тоқтатуды әуелi Алла, сосын қазақтардың өздерi бiлуi керек. Бiрақ қасиеттi Құранда өзiн-өзi қорғамайтын халыққа Құдай да көмектеспейтiнi айтылған ғой. Иә, Қазақстандағы өзге ұлттар баласын қазақшаға емес ағылшыншаға, орысшаға ғана бередi. Оларға жыл сайын миллиондаған қаржы бөлiнедi. Бiрақ Қазақстандағы балабақшаларда тәрбиеленген, осында мектептi, жоғары оқу орнын бiтiрген орыстар қазақша үйренбек түгiл қазақша сөйлегенiңдi естiгiсi келмейтiнiн ашықтан-ашық көрсетiп тұрады. Демек, орыстың «Сколько волка не корми, его все равно в лес тянет» дегенi шындық. Қазiр осындай ренiшiңдi, тiптi, қазақты өзге ұлт өкiлдерi өз жерiнде өлтiрiп кетiп жатқанын айтсаң сенi ұлт араздығын қоздырушы деп жауапқа тарту кең етек алды. Мұндай бейшаралық, сiрә, қазақтан басқа ешбiр ұлтта жоқ шығар деген де ойға кетемiз. Бұлардың мыңнан бiрi болмаса қалғандары қазақшаға қарсы екенiн көре тұра бауырлас, тату-тәттi бiрге тұрып жатқан халықтар деп мәймөңкелеймiз. Парламентте талай ұлт өкiлдерi қазақ тiлiне көшуге қарсы шықты. Жақында Александр Маслинов дегеннiң қазақ тiлiн дамытуға ақша бөлiнiп жатыр, бұл дұрыс емес деп доңайбат көрсеткенiнен-ақ миы бар қазақ кiмнiң бауырлас, кiмнiң дұшпан екенiн түсiнер едi ғой. Ал кiм ойлап тапқаны белгiсiз

Қазақ тiлiн дамыту дегеннiң өзi-ақ...

ана тiлiмiздi қорлаудың бiр түрi емес пе? Оны орыстар «развитие казахского (немесе государственного) языка» деп әдейi мысқылдап айтады. Ал қазақ тiлi онсыз да әбден дамыған, өте бай, шырайы да, райы да өте сұлу, әрi көркем, анау-мынау халықаралық тiл деп аталатынды он орап тастауға қабiлетi жетедi. Ол ешқандай «инновациямен», «интеграциямен», «глобализация», «цивилизациямен», басқа да «ция», «изм»-дермен дамытуды ешбiр жаутаңкөз шонжардан қажет етпейдi. Тiлдiк қоры жетiп артылады. Қазақ тілін дамытудан бұрын, оны «қолданысқа енгізу», «қолданылу аясын кеңейту» керек.

Әңгiмемiздi қазақтың ұраншылдығынан бастадық. Соған тағы бiр мысал. Қазiр кiм көп, оқулық жазғыштар көп. Ол оқулықтардың бiлiм беру сапасына, сөз саптауына қарап, өз тiлiңнен өзiң безiп кеткiң келедi кейде. Қазақша 1-сынып сәбилерi оқитын «Ана тiлiн» ашып көрiңiз. Ондағы «Жусан ащы шөп. Ащы жусан бiздiң елiмiзде өте көп тараған. Оның басқа түрi — жусан» (48-бет) дегеннен сәбиiңiз не ұқты, өзiңiз не ұқтыңыз? Ал, «Түлкі жақсы иіс сезеді» деу де қазақша ма? (Алматыкітап. «Дүниетану», 80-бет). «Алматыкiтап» баспасы шығарған бұл «Ана тiлiнде» де, «Математика» мен «Дүниетануда» да мұндай жаңылтпаштың, бала түгiл ата-ананың түсiнуi қиын сөйлемдердiң талайын көрсетiп беруге болады. Қазақстандағы «Абди Компани» бір дәптердiң мұқабасына латынның «тетрадь» дегенiн жазып қойса, оның ең соңғы бетiнде тек орыс әрiптерi ғана (алфавитi) тiзулi тұр. Сонда олар бұл дәптердiң сыртына қазақтың «ә», «ң», «қ», «ө»,« i» сияқты әрiптерiн жазса ол сұрықсыз болып қала ма? Әңгіме жоқ, айтылмыш компанияның басшысы – ұлтжанды жігіт. Бірақ бір адам күллі шаруаны бақылап, реттеп отыруы мүмкін емес. Мұндайда компания ұжымының жүйежасаушы тобы қазақтілді, не қазақжанды болуы керек.

Иә, бүгiнгi қазекемнiң «жалтаңкөздiгiнде», өз-өзiнен үрейленiп отыратын қорқақтығында, ұраншылдығында шек жоқ. Тiптi, әзiр ағылшын тiлi бiлiм беру стандартына енбесе де ол балабақшаларда оқытылуда. Оған бөлiнген уақыт қазақ тiлiне бөлiнген уақытпен бiрдей. Жалтақтық демекшi, жақында бiр журналистiң «уайымын» тыңдап не надандыққа, не үргедектiкке баларымды бiлмедiм. Оның айтуынша Қазақстанда нан арзандап, Ресейде қымбатшылық болса 6000 шақырымнан астам шекарадан берi қарай қалың орыс қаптап, басып кетуi мүмкiн екен. Сонда деймiз-ау, егер Қазақстан тәуелсiз мемлекет екенi рас болса оның шекарасын қорғау деген болмай ма? Екiншiден, мұндай жағдайға байланысты неше түрлi мемлекетаралық келiсiмдер бар емес пе? Үшiншiден, дүниежүзiлiк алып держава Ресейдiң 150 миллионның ар жақ бер жағындағы халқының күнi Қазақстанға қарап қалып па? Және сол алып держава халқын жан-жаққа тентiретiп жiберетiндей бiр босқындар мен аш-жалаңаштар елi ме? Мұны мысалға келтiрiп отырған себебiмiз, бiздiң билiктегiлер тiл мәселесiне келгенде де, басқа ұлттық мәселелерге келгенде де қазақты «абайлап, байқап сөйлеуге» үйретiп, әбден үргедек күйге түсiрiп қойды. Бiздiң дүкендердiң есiгiнде «Ашық», «Открыто», «Опен» деп тұрады. Орыстар «Вход» деп жазбасаң кiрмей, «Выход» деп жазбасаң шықпай жер бауырлап жатып алар деп қорқа ма қайдам, мекемелер мен қала көлiктерiнiң есiгiндегi «Шығу», «Кiру» дегеннiң тұсына «Выход», «Вход» деп жазып қояды бұл қазекең. Бiздiң бiресе ұлтаралық тiл деп, бiресе үш тұғырлы тiл деп телеарналарымызды, баспасөзiмiздi орыс тiлiне көмiлдiрiп тастауымызға да осы бiр шектен тыс үргедектiгiмiз, жер-жерде астына бетон ат, қолына бетон найза ұстаған батырлардың ескерткiшiн қаптатып қойып, солардың ұрпағымыз деп тойдан той өткiзiп отырып анаған да, мынаған да жалтақтауымыздың кесiрi тиiп отыр.

Мына күйiнде Қазақтың ұлт болып аман қалуы бiр Алланың ғана қолында.

Врезка:

бiздiң билiктегiлер тiл мәселесiне келгенде де, басқа ұлттық мәселелерге келгенде де қазақты «абайлап, байқап сөйлеуге» үйретiп, әбден үргедек күйге түсiрiп қойды.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

3268 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы