• Білім және ғылым
  • 05 Маусым, 2009

Халық «халалды» іздейді

Халқының 70 пайызы мұсылман деп есептелінетін Қазақ елі «халал» стандартына қол созғалы қашан? Қасиетті Құран Кәрімде: «Әй, адам баласы! Жер жүзіндегі халал, таза нәрседен жеңдер! Және шайтанның ізіне ермеңдер! Өйткені ол сендерге ашық дұшпан» («Бақара»,168), «Сендерге шынайы түрде өлексені (арам өлген малды), қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен бауыздалған дүниелерді арам қылды» («Бақара», 172) деп анық жазылған. Дегенмен, біздің ел әлі күнге «халал» заттарға қарық бола алмай отыр. Бұлай дейтініміз көрші Қытай елінде (басты діні Будда) жан санының бір пайызына жетпейтін мұсылмандардың талап-тілегі ескеріліп, базарға салынатын тауарлар мен асхана маңдайшаларына «халал» немесе «қытай асханасы» деп жазу міндеттелген. Бұл стандарт ең бірінші шошқа етінің мұсылман тағамдарына пайдаланылмауын қадағалайды. Ал біздің мемлекетте бұл стандарттың «жолы» болмай тұр. Яғни қай тауардың «халал», қай асхананың «харам» екенін білу арнайы лабараториялық зерттеудің еншісінде. Бір жолы тәп-тәуір бір азаматтан «шошқа етін жейсің бе?» деп сұрап қалдым. «Жоқ, ей, етін жеп жынды болды дейсің бе? Майын ғана жеймін» деп шын көңілімен жауап берді. Ал бірде самса сататын апайға «сіздің жасаған самсаңыз неге қатпайды? Қашан жесек те езіліп тұрады, бір құдіретіңіз бар-ау» деп әзілдедім. Апайымыз сыңғырлай күліп, «ол да болса ақ қойдың майының қасиеті ғой» демесі бар ма? Ауырып өліп қала жаздағанмын. Ол ол ма? Бір досым тұшпара жемейді. «Неге жемейсің?» деп сұрасам, «көршіміз талай рет арам өлген малын сол тұшпара жасайтындарға сатқан» деген жауап алдым. Ал енді осыдан кейін қалай тұшпара жейсіз? Кейде арып-ашып, көшедегі асханалардан тамақтанғыңыз келеді. Сондайда қайсысы «халал», қайсысы «харам» деп айыра алмай қиналасың. Біз үшін қазірге ас мәзірінде шошқа еті болмаса, қазақтардың асханасы болса болғаны, соған шүкір дейміз. Бірақ кім біледі? «Свининадан» шашлығы бар талай асханаларда қара көздердің қаптап отырғанын көріп жүрміз. Мұның бәрі бүгінгі қазақ елінің ертеңіне тікелей қатысты жайттар. Өйткені, харам жеген адамның иманы әлсіреп, одан ниеті бұзылып, ақыр-аяғы толастамас қылмыстарға жалғасатыны қасиетті дінімізде айтылған. «Халал» төңірегінде ешқандай жұмыстар атқарылмай жатыр дегеннен аулақпыз. Еліміз біраз жылдардан бері Татарстанның, Түркияның, Малайзияның «халал» стандарты жөніндегі тәжірибелерін зерттеп, шұжық, нан қатарлы күнделікті тұтыну бұйымдарына осы стандартты енгізді. Бірақ бұл мұсылмандық тұрғысынан қарағанда тым мардымсыз. Жүрегіне иман үйіріп жүрген халықтың барлық тұтыну бұйымдарына осы талап қойылса көптік етпейді. Денсаулыққа да, дінге де таза нәрселерді істеткеннен ұтпасақ ұтылмаймыз. Біздің тілек – бір кәмпит жесекте «халал» екенін біліп жесек. Яғни халал дүниелерге «халал» деп жазылса. Ал халал еместерге ештеңе жазылмай-ақ қойсын! Халық өзі талдап жейді… Біләл ҚУАНЫШ

3253 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы