• Мәдениет
  • 05 Қыркүйек, 2013

Кілемге сән берген оюлар

Біз әдетте ою-өрнектерді қысы-жазы пайдалануға келетін, тігуге де, жинауға да, алып жүруге де өте қолайлы киіз үй бөлшектері мен ұлттық киім үлгілерінен жиі көреміз. Ұлттық ою-өрнектің біздің тұрмыс-тіршілігімізде алатын орны ерекше. Қазір қоғамда ұлттық бедеріміздің сәнге айнала бастағаны соншалық қыздардың сәнді сөмкелері, қалта телефондары, ноутбук, нетбук, айфон қаптамаларын да ұлттық оюмен безендіру жиі кездесетін болды. Мәселен, астаналық кәсіпкер Толғанай ЕЛЕКБАЕВА арнайы фаб­рикада тоқылған, ұлттық оюлы кілемдер сатумен айналысады. Кілемдерінің сапасы да өте жоғары, таза қой жүнінен тоқылған. Үш жылдан бері ғаламтор арқылы ұлттық нақыштағы кілемдер сатып жүрген кәсіпкер келіншек Астананың көрнекті жерінен жақында «Қазақ оюлары» атты дүкен де ашыпты. Кілемнің сапасы өте жоғары, кәдуілгі бельгиялық және түрік кілемдерінен бірде кем емес. «Мұндай үлкен іс бастауға қандай ой түрткі болды?» деген сұрақты кәсіпкер келіншекке қойған едік. – Менің туған жерім Ресейдің Алтай өлкесі. Алтай қазағымын. Кішкентай кезімізден білеміз бізде қыз жасауына, құдалардың китіне киізден сырмақ дайын­дайды, – деп бастады сөзін Толғанай. – Алдымен киіз басады, сосын оны бояйды, кейін оюын ояды. Осының бәрін қолдан жасағанбыз, киізді басқанбыз. Менің қызығушылығым сол бала кезде оян­ды. Киіз басудың бүкіл кезеңіне қатысқанмын. Шешем 70-тен асып кетсе де әлі күнге киіз басқысы келеді. Кейін жоғары оқу орнын оқып жүргенде болашақ өмірімді қазақ тілінің лингвистика мәселелерімен айналысуға арнаймын деп ойлағанмын. Бірақ қазақ тілінің кең ауқымына байланысты әдебиетке де, тарихқа да, этнография, қолөнер, жалпы түркі әлемі дүниесіне қызықтым. Мәскеудің аспирантурасын бітірген кезде шын мәнінде өз тақырыбымнан тысқары кеңінен қарауға тырыстым. Өйткені түркі халықтарының өкілдерімен бірге оқыдым. Сондықтан өзге ұлттармен өз дәстүріңді салыстыру болады. Оларға «қазақ деген қандай халық, несімен ерекшеленеді, өзге халықтан қандай айырмашылығы бар?» дегенде «міне, мынадай ерекшеліктері бар» деп мақтанатын дүниені көрсеткім келді. Соның бір дәлелі ретінде аспирантурада бірге оқыған достарыма, жақсы көріп, жақын тартып қалған өзге ұлттық ұстаздарыма оюлы киізден жасалған бұйымдар сыйлай бастадым. Мәскеуде тұрған қазақтардың үйіне барғанда кішігірім ою тұрса қазақтың исі аңқып тұрғандай сезініп қалатынмын. Кейіннен киізбен айналысатын цех ашқым келді. Бірақ тұрмысқа шығып, кішкентайлы болдым, балалы-шағалы болдым да онымен айналысуға мүмкіндік болмады. Әйел заты болғасын ең бірінші орында отбасы, ошақ қасы тұрады емес пе?! Сосын осы ұсыныстарымды «бұл қазаққа керек нәрсе, неге біз қырғыздың оюларын қолданамыз, неге өзіміз жасамаймыз?» деп біраз таныстарыма айтып көрдім. Бірақ олар бірден көп көлеммен мұндай іс бастауды ауырсынды. Әрине, оған жағдай, ниет керек. Көп ақша керек, пайдасы аз деп түсінеді. Шын мәнінде шағын қаржыдан бастаған дұрыс. Ары ұсындым, бері ұсындым, аяғында өзім айналыса бастадым. Негізі бұл іс тікелей табыс үшін емес, тарихи, рухани, дәстүр ретінде үлкен олжа. – Кілемдерді көріп отырмын, сәнді оюлармен басылған екен. Өте әдемі. Мұның бәрін Моңғолиядан арнайы тапсырыспен алғызып отырсыздар ма? Өзімізде жасатуға болмай ма? – Дәл қазір Қазақстанда кілем тоқитын өндіріс жоқ. Кеңес өкіметі заманында кілем өндіретін ірі фабрика болған екен. Өкінішке орай, қазір оның бірі де жоқ. Таза жүннен кілем өндіретін фабрика тек Дағыстанның Дербент деген қаласында ғана бар екен. Қазіргі Италия, Францияның брендтік киімдерінің дені Қытай, Индонезия, Тайланд елдерінен әкелінеді. Ал шикізаттың алғашқы тазалау жұмыстары негізінен Моңғолия, Қытай сияқты мемлекеттерде ғана жүргізіледі. Моңғолиядағы Эрдэнэт фабрикасы құрдымға кетіп бара жатқан кезінде бойында патриоттық сезімі бар моңғол азаматы өзінің қаражатын жұмсап, шетелден кілем өндірудің қыр-сырын оқып, үйреніп, фабриканы қайта жандандырған. Соңғы он жылдың ішінде дүние жүзіндегі 10 ірі және сапа жағынан алдыңғы қатарлы фабрикалардың деңгейіне жеткізген. Олар қазір Америкаға, Қытайға, Еуропаның біраз ірі мемлекеттеріне кілем дайындап береді. Бұл елдердің тапсырыстары мен дизайндары, олардың қалаған сұраныстары бойынша жасалады. Солардың көпшіліктеріне «Made in Mongolia» деп жазылмай, сол тапсырыс берген мемлекеттікі деп шығарып береді. Өйткені олай жазу үшін тапсырыстың көлемі көптеу болуы керек екен. Ал біздің «Made in Kazakhstan» деп жазғызуға тапсырысымыздың көлемі аз. Егер тапсырымыздың мөлшерін 20 есе көп берсек қана олар «Made in Kazakhstan» деп жазуға құқық берер еді. – Ұлттық дизайнды қалай таңдай­сыздар? – Ою қазақтың көркемдікке, сұлулыққа сүйіспеншілігінің бір белгісі ғой. Біреулер ромбиктермен әдемілікті танытып жатады. Ал біздің қазақ қай жерде де қошқармүйіздің бейнесін бейнелеуге бейім. Қазақ қошқармүйізді қай жерде көрсе сол жаққа міндетті түрде мойын бұрып, бір қарамай кетпейді. Соған қарап сүйсініп, іштей елжіреп, көңілі жібіп тұрады. Ал енді қазіргі көзқараста қазақта бірнеше мәдениеттің әсері бар. Мектепте біз гректік миф дедік, одан кейін итальяның модасына әуес болдық, содан барып бүкіл Еуропа, Франция, Англия, Американың, тіпті ислам дүниесі деп Сауд Арабиясының мәдениетіне бейімделіп, оны қабылдап, бүкіл үй-ішін, тұрмысын солай бейімдеген жағдайлар өмірімізде жиі кездеседі. Ал мен керісінше соларға қазақы мән беруді әуендердегі микс секілді аралас­тыруды мақсат еттім. Мысалы, қазір модада жүрген ретро стильмен этно стильді қосу, сосын модерн стильді этно стильге қосу. Дәл осы сияқты киім пішініне байланысты ағымды кілем дүниесіне қолдану. Соңғы кезде Моңғолия фабрикасы өздерінде тұрып жатқан жергілікті қазақ халқына арнап оюлы кілем-сырмақтарын шығара бастады. Сондықтан біздегі кілемдердің жартысында сол жақтың халқына арнап жасалған ою дизайындары, ал қалған жартысында өзіміздің идея мен ою дизайнымыз қолданылады. Міне, осылай жұмыс жасап жатырмыз. – Жақында ашқан дүкеніңіздің жұмысы қалай жүріп жатыр? – Дүкен ашық, интернет сауда қалыптасып қалды. Интернеттен көріп, «үйіме әкеліп берсеңіз екен, жұмысыма әкеліп беріңізші» деген ұсыныстар әлдеқайда көп. Сондықтан біз жұмыстың адам өміріне ыңғайлы, заманға сай, жаңаланған түрін қолға алып отырмыз. Барып, көруге уақыт таппаған адамдарға пайдалы. Тіпті бірден той-томалақтың үстінде сыйлық ретінде сұратып жататындар да бар. Интернет-дүкен біз үшін шын мәнінде тиімді болып тұр. – Бұйымдарыңыздың бағасына қарап отырмын, 10 мыңнан 150 мың теңгеге дейін екен. Мұны қарапайым халық сатып алғысы келгенімен, қалтасы көтермейді ғой... – Иә. Енді шетелден алған дүние­лердің барлығына мемлекеттік алым бар. Ал Моңғолиядан келетін тауар бағасының 40 пайызы үстіне қайта қосылады. Сол себепті бұйымдар қымбат. Мысалы, тауарлар Қазақстан­ның өзінде өндірілген болса 40 па­йызға арзан болар еді. Кілемдердің өзі қажырлы еңбекпен жасалатын дүние. Бұған пайдаланылатын материал­дар да қымбат. Сондықтан біздің кілемдерімізді сатып алатындардың басым бөлігі қалталы азаматтар болып келеді. – Әңгімеңізге рахмет! Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ

62240 рет

көрсетілді

1273

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы