• Ақпарат
  • 12 Маусым, 2009

АРАЛДЫҢ АҚЖАЛ ТОЛҚЫНЫ ( Эссе)

"Ана тілі" газетіСүлейі Сырдың мен едім, Серкесі сөздің сен едің. Сөз маржанын сен теріп, Соңыңнан жырлап келемін. Жарты ғасыр жол жүрдің, Бөгеннен бүгінге дейін. Аралдың ақжал толқынын, Ағажан, саған теңейін... (Берік Жүсіповтің толғауынан)   Балықшының баласы Бұл журфак жалын ұстатпай қойды. Каз ГУ-ден тағы да құлап келдім. Біздің балықшылар ауылында бұлжымас дәстүр бар. Оқудан бір-екі рет жолың болмай, қайтып оралсаң, қолыңа бес құлаш ау беріп, астыңа есік пен төрдей қара қайық мінгізіп, ұлы теңізге айдайды. Сосын атакәсібіңмен армансыз айналысасың. Оқуды ұмытасың. Күндердің күнінде кеудесіне орден таққан озат балықшы болуың мүмкін. Журналист болам деген арманың әдіре қалады. Қайта сол арманына жеткен басқа біреулерге еңбек адамы ретінде сұхбат беріп тұруың ғажап емес. Онда да балықтың орнына балдыр аулап жүретін бос белбеу біреу емес, тәуір балықшы бола алсаң жақсы. Балықшылыққа о бастан қырым жоқ мен соны ойласам, мазам кетеді. Көршілес балықшы ауылдарынан шығып, қаламгер болған ағаларымның бәрі менің идеалым. Солардан артық бақытты жан жоқ секілді көрінеді. Жазуға қабілеттілігінің арқасында балықшы ауылдарынан шығандап шығып кеткен ағаларымның бәрі дүниені дүрілдетіп тұр. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Абдул-Хамид Мархабаев, Жақау Дәуренбеков, Сайлаубай Жұбатыров... Анталап тұрған ауылдастарыма қырындау қарап, жел айдаған қаңбақтай қаңғалақтап келіп қонған шағын ұшақтан түсіп жатырмын. Жыл сайын оқуға ілінбей қайтып келетін маған жұртың көзі де әбден үйренген секілді. Менімен бірге мектеп бітіргендер үшінші курстың студенті атанып, айдарынан жел есіп, Қаратереңнің ирек-ирек көшесінде ойқастап жүр. Ал мен болсам, «Мен де үнсіз қаламын сұрақ берген, Үнсіз мұрнын шұқиды Мұратберген, Туған ауыл дейтұғын тақырыпта, Шығармадан «екі» алып құлап келген» деп жырлаған Есенғалидың кейіпкері сияқты самсозбын. Ешнәрсеге хошым жоқ. «Жазбадың ба?» дегенде «Не жазасың...» деп есінейтін Мұратбергендей емес етім тірілеу сияқты еді... Ауылда көзге күйік болып жүре бермейін деп, бұрын өзім жұмыс істеген құрылыс бригадасына ілесіп, көрші ауылға тартып кеттім. Міне, енді Қосжар ауылында мектеп салып жатырмыз. Құрылыстың да өз қызығы бар. Жұмысшы жігіттер шетінен қу тілді. Кәдімгі теңіз беткей тұрғындарының керікеткен қыршаңқы мінезі тілінен де, түрінен де көрініп тұрады. Бір-бірін кешке дейін қалжыңмен қажайды да жүреді. Әсіресе, Жеңсікбай деген ағамыздың тілі ащы. Бірде Қосжарға Арал балық комбинатының құрылыс бөлімінен ыздиған жап-жас инженер келді. Оқуды жаңа бітірсе керек, күннің ыстығына қарамастан шыртиып костюм-шалбар киіп алған. Мойнында алашұбар галстук. Аптаптың астында қылғынып өлейін деп тұр. Сонысына қарамай бригадирімізге дікең-дікең етеді. Көкқырсық Нұрмырза цементтен босаған қапты әдейі солай қарап тұрып қақты. Сөйтіп, тоңмойын инженердің тұрпайы қылығына ептеп қана әлеуметтік қарсылық көрсетті. — Оқыған итке дауа жоқ, — деп күрсінді бір ағам. Жыл сайын оқудан құлап келіп жүрген менің басым салбырап кетті. Сол кезде қасына Нұрмырзаны алып, науадағы балшықты кетпенмен араластырып, илеп жатқан Жеңсікбай ағам аса бір қапалы бір дауыспен былай деді: — Мен мектеп бітіргелі міне, пәленбай жыл өтіпті. Оқығанымда бүгінде министрдің орынбасары болатын едім. Әйтеуір сонша уақыттан бері бір өсем ғой. Енді, міне, оқымағанның кесірінен бір науаны екі адам басқарып тұрмыз... Нұрмырза кетпенін лақтырып жіберіп, жатып алып күлді. Өзі де демалуға сылтау таппай тұрса керек. Күлуін күлсек те әрқайсымыз әртүрлі ойға кеттік. Уақыт зырлап өтіп барады. Журналист болам деген үмітім жіңішкере бастады. Соны ойлап ұнжырғам түседі. «Сол оқуыңа түсіп, ертерек қараңды батырғаның жақсы еді, — дейді Нұрмырза, — Бәрібір қара жұмыс істеп қарық қылатын адамға ұқсамайсың». Осындай сөзді естіген соң одан сайын еңсем езіледі. Өстіп қамығып отырғаныңда құрылыстың басына газет-журнал келеді. Көсеумен қозғаған қоламта секілді кеудеңде қайтадан от тұтанады. Жалғыз мен емес, газеттің келгеніне бәрі де қуанады. Бұлардың қай-қайсысы да жұмысшы демесең, Қаратереңнің ауылдық кітапханасының бар кітабын оқып тауысқан кісілер. Жалпы, біздің ауыл — оқу өтіп кеткен ауыл. Ертерек жеткеніміз алдымен «Лениншіл жасқа» тап береміз. Бұл жастар басылымының жұтынып тұрған кезі. Тақырыпты ойнатып тұрып қояды. Етектей газетті қарап отырған Ерсейіт деген ағамыз керемет жаңалық айтты. Айтқаны ол үшін әншейін ғана нәрсе болғанымен журфакка барам деп жанығып жүрген мен үшін аса маңызды еді. «Мынау Қуаныш Жиенбаев деген Бөгеннің жігіті ғой, — деді газеттегі әлдебір мақалаға көз салып. — Баяғыда мектепте оқып жүрген кезде аудандық газетке жарысып мақала жазатын едік. Қазір қайдам, бізді танымайтын да шығар... — Қалай, сонда кәдімгі «Лениншіл жастағы» Қуаныш Жиенбаев мына тұрған Бөгендікі ме?, — дедім жұлып алғандай. — Иә деймін. Бөген болғанда да анау Көнебөгеннен... Сол ауылда тұратын балықшының баласы. Бұл газеттің барлық журналистерінің аты-жөнін жатқа білетін едік. «Лениншіл жастың» қызметкерлерінің әрқайсысы «Қайраттың» футболшыларындай танымал. Сол марғасқалардың бірінің дарияның арғы бетіндегі Бөгеннен болып шығуы маған қатты әсер етті. Бөген — біздің Қаратереңге қарағанда қай жағынан да ілгерілеу тұратын ауыл. Баяғыда жиырмасыншы жылдардың басында «Волга бойында аштықтан бұралып жатқан қарттар мен балаларға азық керек» деп Ленин көкем арнайы хат жазғанда, бар шаруасын жинап қойып, бір кісідей жұмылып, бір күнде он төрт вагон балық жөнелткен бөгендіктер тарихтың жылнамасына жазылған. Бұл оқиға анау-мынауға елеңдей бермейтін сырбаз да кербез классигіміз Ғабит Мүсіреповтің «Жиырма төрт сағатта» деген әңгімесіне арқау болған. Бөген — сегіз жасында түйеден құлап мертігіп, өмір бойы төсекке таңылып жатса да, өз бетінше білім алып, тынбай еңбектенген қайсар қаламгер Зейнолла Шүкіровтің кіндік қаны тамған жер. Талайды таң қалдырған ерлігі үшін ел-жұрты ауылдағы екі қабатты зәулім мектепті бастауыш класты да бітірмеген Зейнолланың атымен атаған. Өрімдей жас кезінде «Алыстағы аралдарымен» елді дүр еткізіп, тып-тыныш жүрген талай баланы теңізге қарай өргізген Сайлаубай Жұбатыров та осы елді мекеннің тумасы еді. Ол аз десең, теңізден терген маржаны кеудесіне Алтын жұлдыз боп қонған, мұрты таудай балықшы Төлеген Әлімбетов те сол Бөгеннің перзенті болатын. Осындай ауылдан Қуаныш секілді «Лениншіл жастың» бетін бермей тұрған алымды журналистің, қарымды жазушының шығуы заңды секілді көрінді. Бөгендей болмағанмен біздің Қаратереңнің де өзіне жететін атақ-абыройы баршылық. Балықты ешкімнен кем ауламаймыз. Тіпті Бөгенге қарағанда дарияның теңізге құяр тұсына жақынырақ болған соң, тереңнен тінтеміз. Ленин атам балықты бізден емес, Бөгеннен сұрады. Сұраса, он төрт емес, жиырма төрт вагон жіберер едік. Лениндей әлемге әйгілі болмаса атақ-даңқы жер жаратын атақты украин ақыны Тарас Шевченко бір кезде айдалып келіп, біздің Қаратереңнің құмында жортып жүріпті. Су жаңа киіммен қанша аунасаң да үстіңнен сусып түсетін, қылаудай дақ түсірмейтін шеге құмға Тарас көкем табанын армансыз қыздырыпты. Қуғын-сүргінде көңіл-күйінің бұзылып жүргеніне қарамастан ауылдың шетіне ағаш отырғызыпты. Соған қуанғаннан біз сол кісінің атын орта мектепке бере салыппыз. Ауды жағалаудан аулағырақ барып салып, сары сазанды күнде олжалап жүрсек те, ауылдың маңдайына біткен бірде-бір Еңбек еріміз жоқ. Ал Бөгенде бар. Қаратереңнен Шәкірат және Шәкізат Дәрмағамбетовтер, Бегімбай Ұзақбаев деген белгілі журналистер шыққан. Олардың бәрі де Қызылордада қызмет істейді. Ал бөгендік журналистер шетінен Алматыда тұрады. Бөгеннің Толыбай Абылаев деген кәсіби ақыны бар. Ал біздің Қаратерең ақын жағынан ұятты. Сондықтан бұл ауылдың қаламгерлерінің жазғаны қоюырақ, бір несібесі артығырақ секілді көрінетін. Жас қаламгер ретінде есімі жиі аталып жүрген Қуаныш Жиенбаев та маған сол Бөгеннің бір артықшылығындай көрінді де тұрды. Бір адамның бастығы Келер жылы оқуға түстім. Бірер айдан соң Қуаныш Жиенбаевты іздеп, «Лениншіл жасқа» келдім. Құр бармай, бір мақала жазып әкелгем. Ақсары, ашаң жігіт екен. Күлімсіреп қарсы алды. Ілби басып, именіп кіргем. Жүзінің жылы екенін көрген соң ептеп тілім шыға бастады. — Аға, мен сіздің жолыңызды қуып... Қаратереңнің баласы едім. Журфакқа биыл түстім. Жазғандарыңыздың бәрін де оқып жүрмін... Біздің ауылдағы Ерсейіт... сізді таниды екен. Жалпы, сізді біздің Қаратереңнің бәрі біледі... Қажет нәрсені де, қажет емес нәрсені де сеңдей сапырылыстырып, соғып отырмын. Ол күлді. — Жарайды, дұрыс... Мына мақалаңды... жарамаса да шығарам, — деді содан соң. Әншейін айта салған шығар деп ойладым. Бірақ, ертеңінде газеті қарасам, бірінші бетінде тұр! Бұл «Іске сәт, ихтиологтар!» деген репортаж еді. Сірә, «Нөмірге репортаж» деген күнделікті айдарға орайласа кетсе керек. Бірінші курстың баласына бұдан артық бақыт бар ма? Осыдан кейін мен редакцияға жиі келетін болдым. «Лениншіл жастағы» басқа да ағаларыммен жақынырақ араластым. Сөйтіп, бесінші курста оқып жүргенімде осы басылымға қызметке шақырылдым. Тура Қуаныш ағам басқаратын бөлімге келдім. Сөйтіп, дарияның екі жағына қоңсы қонған балықшылар ауылының екі баласы бір бөлмеде отырып қызмет істедік. Ол кісі бөлім меңгерушісі, мен болсам тілшімін. Ауылдан келген біздің әкей газет редакциясының осы бір құрылымына түк түсінбей, басын шайқаумен болды. — Мен ғой, оқымаған адам болсам да ауылда бригадирмін. Қарамағымда он-он бес адам бар. Әлгілерді қалағанымша жусатып, өргіземін. Айналайын, Қуаныш-ау, мектепте он жыл, университетте бес оқығанда жеткен жерің біздің баланың бастығы ма?! Қуаныш ағам ішек-сілесі қатып күледі. Кейін сол бөлімге мен басшы болғанда әкейдің «Зав. отдел» дегенің әлгі бір адамның бастығы ма?» деп қомсынғаны бар. Бірақ сол бір адамның бастығы маған көп нәрсе үйретті. Мені жеделдікке баулыды. Біздің студент кезімізде жазған ағайынды сегіз механизатор жігіт туралы «Сегіз тұлпар ерттеген сегіз сұңқар» атты очеркін оқып, мұндай соқталы дүниені бір ай бойы әзірлейтін шығар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, Қуаныш ағам кез-келген очеркін бір отырғанда жазып тастайды екен. Ол газетке ұсынатын дүниелерін үнемі жұмыс үстінде жазады. Бастаған дүниесін тез бітіреді. «Арлының алақаны ыстық», «Теңіздей тербелген тағдыр» деген сүбелі дүниелерін менің көз алдымда отырып бастап, екі-үш сағатта аяқтап шықты. «Лениншіл жастың» бөлім меңгерушілерінің бәрі де терезе жақта, ал тілшілері есікке тақау отырады. Мұндағы қалыптасқан дәстүр бойынша, бөлім меңгерушісінің бос тұрған орындығына тілші ешқашан отырмайды. Бұл дағдыны кім орнатқаны белгісіз. Өзің өсіп-жетіліп, сол орынға жайғасқанша жоламауға тиіссің. Бір жағынан бұл бөлім меңгерушісі қызметінің қадір-қасиетін арттыратын үрдіс секілді еді. Шынында да бөлім меңгерушілікке, яғни, әлгі біздің әкей айтқандай, бір адамның бастықтығына журналист көп еңбек сіңіріп барып қол жеткізеді. Қаншама очерк жазады, қаншама жерді шарлайды. Елге әбден танымал болған кезде бөлімнің тізгінін қолға алады. Оны айтасың, бұл қызметке тағайындалар алдында арнайы барып, кіші ЦеКаның батасын алып келеді. Ал сол тұстағы «бір адамның бастықтарының» кімдер екенін қараңыз. Жанболат Аупбаев, Жарылқап Бейсенбайұлы, Несіп Жүнісбаев, Өтеген Оралбаев, Саттар Сапарбеков, Жұмагүл Солтиева... Ал сол бастықтардың қарамағындағы «бір адамдар» да осал болған жоқ. Қонысбек Ботбай, Әділғазы Қайырбеков, Дүрәлі Дүйсебай, Баян Болатханова, Сапарбай Парманқұл және басқаларды «бір адамның бастықтары» жеке-жеке баптап жатты. Қуаныш ағам да сол төрдегі орнында отырып, терезеден көкбазар жаққа көз тастап, сәл ойланып алады да бұрқыратып, жаза жөнеледі. Қатты қызығам. Мен де сөйтіп өндіре сілтегім келеді. Жазуына қарасам, түк түсінбеймін. Жыбырлаған бірдеңе... Содан Қуаныш ағама еліктеп, мен де бір жыбырлатып жазып көрейін. Жыбырлауын жыбырлайды, бірақ өнбейді. Сөйтіп, өгізаяңмен жүріп-ақ ол кісінің тәжірибесін үйрене бастадық. Бұрын секретариатта қызмет істегендіктен кейде арнаулы беттердің макетін өзі сызады. Ұсынылған мақалалардың басылым бетіндегі келбетін әп-сәтте ажарландырып жібереді. Тақырыпты тартымды етіп қоюға бейімдеді. Жалпы, оқырманды шақырып тұратын тақырып табу «Лениншіл жастың» қашаннан қалыптасқан үрдістерінің бірі. Бердіқұлов енгізген дәстүр. Қуаныш аға да осы қағиданы қатаң ұстанады. Ұсынған тақырыбың ұнамаса, ортан белінен бір сызады. Қуаныш Жиенбайдың тақырып қоюға шеберлігін көркем шығармаларының атауынан да аңғаруға болар еді. «Жалғыз желкен», «Теңіздегі бір тамшы», «Паромшының портреті», «Құлан жанарындағы ғұмыр», «Бір машина ақ кірпіш», «Жер сілкінісінен бір жұма бұрын», «Ән салуға әлі ерте»... Осылай жалғасып кете береді. Тақырыптары оқырманды елең еткізеді. Бірден оқуға жетелейді. Бұл да оның талай жыл қорғасын әріптің уын жұтып, газетте қызмет істегенінің жемісі. Біз осының бәрінен тәлім алдық. «Бір адамның бастығы» мені ғана емес, басқаларды да баулыды. Қуаныш Жиенбайдың әр жылдарда басқарған «бір адамдары» Қайнар Олжай, Серік Рәсілов, Гүлзия Пірәлиева, Мұхтар Наушабаевтар елге белгілі қаламгерлерге айналды. Бүгінде қазақ журналистикасы мен әдебиетінің алтын діңгегін бір кездегі «бір адамның бастықтары» мығым ұстап тұр. Теңізбен тамырлас тақырып Қуаныш Жиенбайдың бүкіл шығармашылық болмыс-бітімі теңіз тақырыбын айшықтап көрсетуге негізделген. Жазған дүниелері де, қоғамдық істері де теңіз төңірегінен алыстамайды. Қайда жүрсе де, ми жүйесінің бір мүйісінде Арал тұрады. Бірде бір топ жазушы Аралға баратын болып, жолға жиналды. Еліміздің Балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржанов республиканың Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа түскелі жатыр. Сол кісіге қолдау көрсетпекшіміз. Аралдан шыққан атышулы қаламгер ағаларым бұл жолы жас болсам да қатарларына мені қосты. Ілгеріде Аралда Құдайберген аға басқарған мекемеде жұмыс істеген мен бұл ұсынысты қуана құп алдым. Ол кезде де қазіргідей депутат біткен тізім бойынша тізіліп барып, Парламент қабырғасына сызылып отыра қалмайды. Жан алысып, жан беріскен майдан болады. Демократияның дүрілдеп тұрған тұсы. Үш кандидат үш жақтан атой салды. Ана екеуі де осал емес. Біреуі — облыстық атқару комитетінің төрағасы Виталий Брынкин. Екіншісі — аудандық атқару комитетінің төрағасы Әділбек Әйімбетов. Екі қазақ, бір орыс бір-біріне ежірейе қарап, додаға кірісіп кеп кетті. Біз екі топқа бөлініп алып, ауыл-ауылды аралаймыз. Елден шыққан жалғыз министрге дауыс беруге шақырамыз. Қуаныш ағамыз екеуіміз бір топтамыз. Кешке қарай Көнебөген аулына келіп қонғанбыз. Таңертең оянсам, Серік Байхонов тамағы жыбырлап, темекі іздеп жүр екен. Жерошақтың мойына түнде кептіріп қойған біреудің бір тал темекісін тауып бердім. «Осы жас балалардың маған темекі әкеп беруге жарағанын Мүсекең көрмеді-ау», — деп миығынан күлген Секең сыртқа беттеді. Мен де ілесе шықтым. Қуаныш ағам анадай жерде костюмін желбегей жамылып алып, шашын самалға таратып, аяңдап жүр екен. Серік Байхонов мырс ете қалды: — Әне, қарашы сенің ағаңды... Атақты жазушылар анда-санда ауылдарына келіп, өстіп жүреді екен дегенді бір жерден оқыған ғой... Екеуінің тірлігі осы. Бір-бірін тілі жеткенше қажайды. Сол жолы қанша тырбанғанымызбен Құдайберген ағамызды депутаттыққа өткізе алмай қайттық. Басшыларымен қосыла шапқан Әділбек ағам да жеңіліп қалды. Өліспей беріспейміз деп жанталасқан қос қазақты шаң қаптырып, Брынкин депутат атанды. Осы сюжет кейіннен сол кезде абыройы асып тұрған «Тамашаның» талай қойылымдарына өзек болды. Аралдың екі перзенті де қазір ел ішінде балық өсірумен айналасады. Бұрынғы министр туған ауылы Аманөткелге қайтып оралған. Ал Брынкин қазақ жұртынан әлдеқашан қарасын батырған. Қайран менің Аралым... Теңіздің терістіктен соғатын желі секілді кейде өстетіні де бар. Жалпы, Қуаныш ағам тек журналистік дүниелеріне ғана емес, көркем шығармадағы кейіпкерлеріне де ат таңдаудың да шебері. Көбіне-көп шығармасындағы тұлғалардың аты мен заты үйлесімді болғанына мән береді. Бірде талантты жазушы Жаңабек Шағатев екеуміз біздің «Жас алаштағы» жұмыс бөлмемізде бір-бірімізді қалжыңмен қажап отырғанбыз. Жаңабек бір әңгіменің ретінде «Біз адамдардың бойынан шуақ іздейміз ғой» деп қалды. Сол-ақ екен бөлім бастығы Қуаныш ағам елең етті. Жүзі жайнап, қайта-қағазына шұқшиып, өзімен-өзі болып кетті. Алдында тұнжырап, салы суға кетіп отырған. Кейін білдік, Қуаныш ағам бір кейіпкер қызының мінез-құлқына сай ат таба алмай отыр екен. Сөйтіп, ойда-жақта бөлмемізге бас сұққан Жаңабек сол кейіпкерге Шуақ деп ат қойып кетті. Оны оншақты күн өткен соң осы әңгіме «Қазақ әдебиетінде» жарық көргенде бір-ақ білдік. Ол Аралдың адамдарының боямасыз бейнесін әдебиетке әкелді. Жазушының әңгімелерін оқып отырғанда, теңіздің ақжал толқындарының жағалауды ұрғаны құлаққа келеді, шуда-шауда шалаңның иісі шығады, қораның сыртында дөңгеленіп жатқан қабадан көз алдыңа елестейді. Әрі қарай тереңдей түссең, «Еламан сүйек кетті деп, еліңе сәлем айта бар» деп кәсіби мақал айтып, қауқылдасып отырған балықшылардың ортасынан бір-ақ шығасың. Аралдың атпал балықшыларының өмірі өзгеше бір әлем. Теңіз жағасында өскендер шетінен ірі келеді. Жылымнан олжалы оралғандардың күрек тісі сойдиып, қос бүйірін сабалап, теңізден тапқанын ортаға салып, «бір маған, бір саған» деп балық бөлісіп жатқандары керемет. «Бұл ненің таласы?» деген сұраулы сөйлем Аралдың кәсіби лексиконында «Балық бөлісе алмай жатсыңдар ма?» деп айтылады. Балықшылар балық жеп отырғанда кәсіби шеберліктің көкесін көрсетеді. Бір езуінен балықтың етін сүңгітіп жіберіп, екінші езуінен лездің арасында жылан жалағандай етіп сүйегін шығарып жатқанда анау-мынау станогыңның өзі жолда қалады. Қуаныш Жиенбайдың ерекшелігі де Арал адамдарының осындай табиғи тұрпатын шынайы бере білетіндігінде. Оның әңгімелері мен повестерінің кейіпкерлері — Арал аймағында адал еңбегімен күн көріп жүрген қарапайым адамдар. Шетінен жаны сірі. Шаруаны қолға алса, үлектей жапырады. Қыршаңқы әңгімеге келгенде қамшы салдырмайды. Әзіл айтсаң, көтерудей-ақ көтереді. Бір қарағанда мінездері теңіздің тыншыған сәтіндей момын. Бірақ намысына тисең, Аралдың кәріне мінгеніндей дүлей. Ашуға басса, ат үстінде тұрған жеріңнен жұлып алады. Кейіптеудің шебері Қуаныш, міне, осы адамдардың типтендірілген мінездемесін жасады. Табанынан су кеткен Аралдың жүйкесі жұқарған жұртының шынайы бейнесін шығармаларына мөр қып басты. Танымал журналист, белгілі жазушы атанды. Талай басылымда жемісті қызмет істеді. Енді бүгін аралдықтар «Бір кезде бір балықшының қайығы бос қалып еді...» деп өкінбейтін шығар... Бауыржан Омарұлы

5888 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы