• Ақпарат
  • 12 Маусым, 2009

Мұсылманды мансұқтаған фильм бас жүлде алды

"Ана тілі" газетіДақпырты күллі елді дүрілдетіп «Шәкен жұлдыздары» VII халықаралық кинофестивалі де өтті. Бас бәйге Германия мен Израильдің «Әкем үшін» деп аталатын ортақ туындысының қанжығасында кетті. Режиссері – Дрор Захаби. 96 минутқа созылған фильмде махаббатын кездестірген жас жігіт отан қорғауда әкесіне берген антынан тайқып шығады. Бірақ мәселе тек махаббатта ғана ма? Ендеше бұдан бұрын Палестина тұрмақ, Израильдің өзінде қолдау таппаған туындының елімізде топ жарғаны қалай? Әлде режиссердің «Мұсылманның да адам баласы екендігін көрсеткім келді» дегені базбіреулердің көңіліне майдай жақты ма екен? Әрі бұл мұсылман елдерінің ішінде тұңғыш рет Қазақстанда көрсетілгенін қараңыз!  Фильм Израиль мен Палестина арасындағы қақтығысты сөз етеді. Еврей қыз бен мұсылман жігіттің махаббаты ушыққан жағдайды одан сайын қоздырады. Бұдан бұрын Израильде фильмнің тұсаукесері болып, режиссердің айтуынша жергілікті халық тарапынан жылышырай байқалмаған екен. Фильмде арабтар, яғни барлық мұсылмандардың террорлық әрекетке жақындығы жөнінде сюжеттер орын алған. Тіпті, бас кейіпкерге террорлық әрекеттер Отан қорғаудағы басты міндет болып жүктелген. Режиссер Д.Захаби көкейдегі сауалдың жауабын былай деп жеткізді: «Фильмнің сценарийлік жобасы 4 жылда жазылып, 6 айда түсірілді. Мұндағы идея мұсылмандардың да адам екенін көрсету, олардың да жүрегі мен жаны бар, олар да сүйе алады деген ой тастау». «Сасқан үйрек артымен жүзеді» деген осы-ау! Сонда мұсылман халқы бүгінге дейін адам санатында болмағаны ма? Қош делік, режиссер осындай зор жауапкершілікті мойнына алсын-ақ. Бірақ фильм әлгі идеяға бастан аяқ қарсы шығатыны қалай? Еуропа елдеріндегі мұсылмандарға деген жағымсыз көзқарас өте айқын байқалған туынды құдды қой терісін жамылғандай қасқырдай. Ал мұсылмандық шарттарға келер болсақ тіптен ислам дініне жат қылықтар орын алған. Сонда әділқазылар алқасының бұл туындыға неліктен ғана бүйрегі бұрды дейсің. Дінімізді мазақ еткен киноны төбемізге көтеріп, фильм идеясына тереңірек үңілмей бас бәйгені ұстата салдық. Енді мына жайтқа қараңыз, мұсылманға жаны ашыған режиссер Захабидың әжесі еврей, әкесі поляк, атасы мен анасы болгар ұлтының өкілдері болып шықты. Соңғы уақытта әлемдік деңгейде өтетін кинофестивальдерде бас жүлдені еврейлер туралы түсірілген фильмдер иеленіп жатыр. Режиссер, мүмкін осы мақсатты көздеген шығар деген ой туады. Дегенмен де, Д.Захабиге аталған сұрақты қойғанымызда «Менің бас бәйгені жеңіп алу ойымда болған жоқ. Тек Палестина мен Израиль балаларының бейбіт өмір сүруін қаладым. Мұсылман бауырлардың өмірін көрсеткім келді» деп қысқа қайырды. Кім білсін?! Айтпай кетуге болмайтын тағы бір жайт байқау барысында мән-мағынадан жұрдай фильмдер де көрсетілді. Неге? Сондай-ақ, жабайы эротикалы фильмдер де соңғы жылдары жүлдесіз қалмайтын болды. Неге? Тәуелсіз әділқазылар алқасының төрағасы А.Черненко: «Кинолардың бәрінде психикалық ауытқу бар. Ұсынылған фильмдерді есі дұрыс адам көре алмайды. “Шәкен жұлдыздары” фестиваліне қалай ұялмай әкеліп отыр!», – деген ойын жасырмады. Әлемде киноөндірістен әжептәуір қаржы тауып отырған мемлекеттер бар: Үндістан, Бразилия, соңғы жылдары Түркия мен Корея. Ал бізде Отандық кинематография саласы кенжелеп келеді деп айта-айта жақ талды. Елімізде қазақ киносын дамытуды көздейтін «Евразия» және «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі, міне, бірнеше жыл қатарынан дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мақсат айқын: кинематографистердің басын қосып, шығармашылығына қолдау көрсетіп, туындыларын ынталандыру, сондай-ақ ТМД елдері мен алыс шетелдік беделді киномектептердің байқауын өткізу арқылы отандық кинематографистердің әріптестерімен кәсіби деңгейде тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау. Форумның бас директоры Венера Нығматуллина "Жас кино түсірушілеріміз елге қажет екенін сезінуі үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек", – деген-ді. Бірақ фестивалде мұндай мінез байқалмады. Олай болса, биыл 16-20 мамыр аралығында өткізілген VII Халықаралық Алматы кинофестивалінде бірде-бір отандық кино тиісті бағасын алмады. Әлемнің 30 елінен 466 өтініш түсіп, 65 фильм таңдалынған еді. Әрине, міндетті түрде «шетелдік» киногерлер мен актерлер қазылар алқасына тартылды. Ұлттық киномыздың алтын қорына енген «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» тағы басқа көркемсуретті фильмдер түсірген Шәкен Аймановтың есімі де аталмаған фестиваль барысында қазақ киногерлерінің озо шаппағаны көңілге кірбің ұялатты. Ал, енді осыдан келіп отандық киногерлерді ынталандыруды қайдан көріп тұрмыз? Мәселен, «Сага о сайге» атты 25 минуттық анимациялық мультфильмді тамашаладық. Қандай керемет суреттер берілген, диалогта ұтымды пікірлер айтылады. Бірақ қазылар алқасына бұл да жақпады, қайта өзбек бауырлардың «Екі көрші мен бір қауын» анимациялық фильмі басым түсті. Несімен? Оны да түсіне алмадық. Шетелдік фильмдер тегін көрсетілді, сыйлығы берілді, киногерлер Көктөбеде сайран салып, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасады. Ұйымдастырушы, қаржыландырушы – тағы да Қазақстан. Ал оған қатысқан отандық киноөнімдердің саны бар жоғы тоғыз. Әрі «қайнауы шала» киноларды сыншылар менсінбеді. Құдайға шүкір, қысқаметражды фильмдер бойынша С.Ақышевтің «Мектеп» фильмі жүлделі орынға еніп, алдымыздағы жылы «Қазақфильм» көрсетіліміне ие болды. Шүкір дейміз, бірақ шынтуайтына келгенде, қаймақты өзгеге жегізіп, қаспаққа қарап отырмыз. Айтпақшы, қазақстандық сыншылар қазақ киносындағы қияли үрдістен шетелдік киноөнімдердің басым түсетіндігін алдын-ала болжап қойған болатын-ды. Ақниет ОСПАНБАЙ

3968 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы