• Ақпарат
  • 01 Шілде, 2009

ТҰҢҒЫШ ГАЗ-ХИМИЯ КЕШЕНІ АТЫРАУДА САЛЫНАДЫ

Былтыр Премьер-министр К.Мәсімовтың бұйрығымен ел бойынша жүзеге асырылатын ірі жобалардың тізімі жасалып, бекітілген болатын. Бұл тізімде Атырау облысында бой көтерер жылына 1 млн. 200 мың тонна полиэтилен мен полипропилен шығаратын газ-химия кешені де бар еді. Республикада тұңғыш рет қолға алынып отырған бұл жоба жүзеге асырылғанда ел бойынша тағы да ондаған ірілі-ұсақты кәсіпорындардың өмірге келуіне мүмкіндік туады. Атыраудағы газ-химия кешені құрылысының басталу салтанатына қатысқан Премьер-министр Кәрім Мәсімов былай деген болатын: – Бүгін, Елбасының тапсырмасына сәйкес ең озық үлгідегі зауыттың құрылысын бастадық. Бұған жұмсалатын инвестиция көлемі алты миллиард АҚШ долларынан асады. Мұнда төрт жылда 30 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл – біздің алдымызға мемлекет басшысы қойған міндеттердің нақты орындалуы. Қазір келешек газ-химия кешенінің құрылысы жүретін орын анықталды. Жұртшылықпен өткізілген қоғамдық тыңдаудан соң болашақ нысанға Ескене стансасының тұсындағы бос жатқан 962,2 га жер телімі берілді. Сонымен қатар, алдағы уақытта салынатын Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі үшін еркін экономикалық аймақтың территориясы мен шекарасын анықтау бағытында да жұмыстар жүруде. Кешенді кәсіпорынның негізгі мақсаты – полиэтилен мен полипропилен өндіру. Газ-химия кешенін салу қолданылатын шикізатқа байланысты үш кезеңге бөлінген. Атап айтқанда: 2009-2013 жылдарға есептелген 1 кезеңде этан бойынша тазартылған Теңіз газын пайдаланып бірінші зауыт салынады. 2013-2018 жылдарға шақталған 2 кезеңде этан бойынша тазартылған Қашаған газын пайдаланып екінші зауыт бой көтереді. Ал 2020-2025 жылдарға арналған 3 кезеңде Қарашығанақ газын пайдаланып үшінші зауыт халыққа қызмет көрсете бастайды. Осының нәтижесінде жылына шамамен 800 мың тонна полиэтилен мен 450 мың тонна полипропилен өндіруге мүмкіндік туады. Енді осы мәселені сараптап көрелік. Мұнай-газ өндірудің жалпы көлемінде мұнай-химия саласы ерекше қамқорлықты қажет етіп тұр. Мамандардың тұжырымдауынша, көмірсутегі, шикізатының өндірілуі қалыпты деңгейде екен. Яғни, полимер өнімдеріне аймақтық және халықаралық нарықта сұраныс бар деген сөз. Мұнай-химия кәсіпшілігі негізінен «көгілдір отын» шикізатымен жұмыс жасамақ. Ал, қазақстандық табиғи және ілеспе газ өзінің құрамы жөнінен көршілес Ресейдің шикізатымен салыстырғанда да еш теңдесі жоқ. Қазақстандағы өндірілер газ құрамында этан қоспалары орташа алғанда 13-16 пайыз аралығында. Ең бастысы ол мұнай-химия шикізаты. Осындай алғышарттық болуы мұнай-химия кәсіпшілігін дамытудың басты басымдығы болып табылады. Оның үстіне, мамандардың пайымдауынша, этаннан этилен, одан әрі полиэтилен алу экономикалық әрі технологиялық жағынан тиімді. Мәселен, қазіргі заманғы технологиялық жүйеде бір тонна этилен алу үшін 1,25-1,3 тонна этан жұмсалмақ. Салыстырмалы түрде алсақ, осындай өндірістік операцияға үш және одан да көп бензин, 1,8-2 тонна пропан шығындалған болар еді. Одан әрі этилен мұнай-химия өнімдерінің кең көлемінде пайдаланылған болар еді. Қазақстан үшін, әсіресе, төмен және жоғары тығыздықты полиэтилен шығару экономикалық тұрғыдан өте тиімді болмақ. Қысқасы, барлығы 20 шақты өнім түрін өндіруге мүмкіндік тумақ. Қазір бірінші сатыда жүзеге асырылуы тиіс шаралар аясында Теңіз газ айыру зауытының қорын пайдалану жөнінде жұмыстар жасалуда. «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі кәсіпорны «Атолл» акционерлік қоғамымен 6 млрд. текше метр газ жеткізу жөнінде ұзақ мерзімдік меморандумға қол қойылды. Осы құжат бойынша тасымал мерзімі, көлемі және бағасы анықталды. Ал, екінші сатыда Қашаған мен Солтүстік Каспий өңіріндегі шикізат қолданылатын болғандықтан Аджип ҚКО компаниясымен де сәйкес шарт жасалды. Ел Үкіметі жобаның халықаралық операторы ретінде американдық трансұлттық Basell компаниясын белгілеген. Сөйтіп, мұнай-химия өнімдерін шығару мен газ өңдеуге негізделген жаңа «Казахстан Петрокемикал Индастри» бірлескен кәсіпорны өмірге келді. Жалпы, әлемдік мамандардың пікірінше, Basell дүние жүзінде полипропилен мен полиэтилен өндіру, сондай-ақ осы мұнай-химиялық өнімдерін өндірудің қазіргі заманғы технологиясын жасақтаушы және лицензиялаушы компаниялардың алдыңғы қатарында саналады. Енді Қазақстанда осы саланы түлету құрметі аталмыш компания мамандарына тигелі тұр. Өтеген Нәукиев

3343 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы